Жамбыл облысы: Басты байлығымыз – бала тәрбиесі

Облыста 569 мектепке дейінгі ұйым бар, онда 57888 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі: 1-6 жас аралығында – 91,5%, 2-6 жас аралығында – 94%, 3-6 жас аралығында – 100%. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар саны – 217, онда 22211 бала тәрбиеленеді. Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту үлесін арттыру мақсатында облыста 2022-2025 жылдарға арналған Қадамдық жоспар әзірленген. 2021-2022 оқу жылында облыс бойынша 480 білім беру ұйымдарында 244299 білімгер оқыды.

Жүз жиырма үш шағын жинақталған мектепте 11031 оқушы білім алуда. Шағын жинақталған мектептерде оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында 11 тірек мектебі жұмыс істеп, 35 магниттік мектептер бекітіліп, 4101 оқушы қамтылды. «Оқушылардың білім сапасындағы олқылықтарды жою мақсатында өңірдегі ЖОО бірлескен кешенді жоспар» жасалған. Мектеп басшыларының басқару қабілетін жетілдіру мақсатында облыстық Директорлар кеңесі, педагогтердің озық тәжірибесін насихаттау мақсатында өңірлік Педагогтар ассоциациясы құрылған.

Оқушыларды оқыту мен дамытудың оңтайлы әдістері мен технологияларын трансляциялау мақсатында Адрестік көмек көрсету бағдарламасы қолға алынып, «Күзгі мектеп», «Қысқы мектеп», «Сырттай оқыту мектебі» жобалары жүзеге асырылуда. Дарынды оқушыларымыз биылғы жылы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 187 медальді иеленді. Оның ішінде 44 медальді – халықаралық білім жарыстарында алды.

Республикалық ғылыми жоба жарысында облыс командасы 13-ші жыл қатарынан жүлделі І орынды иеленді.Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернаты республикалық пән олимпиадасының нәтижесі бойынша 16-шы жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанды. Дарынды оқушыларымыз да білім додаларында биік шыңдарды бағындырып, жоғары жетістіктерден көрінуде. Ағымдағы оқу жылында Білім-Инновация лицей-интернатының оқушылары Сапыбек Дінмұхамед пен Салдан Ануар 18-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасында қола медальдарды қанжығаға байлап, Сапыбек Дінмұхамед Қазақ-Британ Техникалық Университетінің 100 пайыздық грантына ие болды.

Ал, Өзбекстанда өткен халықаралық Әл-Ферғани атындағы физика олимпиадасында Сапыбек Дінмұхаммед күміс медаль иегері атанса, республикалық Қ.Сатпаев олимпиадасында Қоршыбек Диас топ жарып, алтын медальді жеңіп алды. Сонымен қатар, Білім-Инновация лицей-интернатының оқушысы Шарел Марғұлан Леонард Эйлер атындағы Халықаралық математикалық олимпиададан Алтын медальді, Халықаралық математикалық «Жібек жолы» олимпиадасынан қола медальды және Математикадан өткен Халықаралық Балқан олимпиадасынан алтын медальді иеленді.

Мәскеу облысы, Королев қаласында Ресей Федерациясының жоғары білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ЮНЕСКО/ХООС кафедра-желісі Департаментінің ұйымдастыруымен офлайн форматта өткен оқушылардың «Адам – Жер – Ғарыш» қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ғылыми – зерттеу жобаларының бүкілресейлік олимпиадасына қатысқан 12 оқушы Алтын және Күміс медаль иегерлері атанды. «Қолданбалы лингвистика» олимпиадасының республикалық кезеңінде Мұстафа Али, Шамшиева Джамиля және Ким Альбина жеңімпаз атанып, І, ІІ дәрежелі дипломдарға ие болды.

Осы олимпиадада Алтын медаль иеленген Мұстафа Али 2022 жылы Ұлыбританияның Біріккен Корольдігіндегі Мэн аралында Ел намысын қорғау құқығына ие болды. «Елбасы медалі» жобасында 208 оқушы Елбасының медальдарын иеленді, оның ішінде 1 алтын, 5 күміс және 202 қола медальдар. Қазір 91 оқушы мамандандырылған мектепке орналастырылса, 110 оқушы «Бірге оқу» онлайн мектебінде білім алуда. TIMSS, PISA халықаралық зерттеулерінің нәтижелері бойынша аймақ оқушыларының республикадағы көрсеткіштері жоғары деңгейден көрінуде.

2018 жылы өткізілген PISA халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша білімгерлер «математикалық сауаттылық» бойынша – 456 балл (республика 423 балл) көрсетіп, республика бойынша І орынды иеленген болатын. Осы көрсеткішті оқушыларымыз 2019 жылы өткен TIMSS халықаралық зерттеуінде тағы да дәлелдеп отыр. Ауыл мектептерінде оқитын оқушыларды қолдауға бағытталған «Айқанат», «Мың бала» олимпиадалары ұйымдастырылуда. Соңғы үш жылда республикалық «Мың бала» олимпиадасына қатысқан 5-6 сынып оқушыларының 258-і жеңімпаз атанды.

Оның ішінде 6-сыныпты аяқтаған 126 жеңімпаз оқушы оқуын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде жалғастыруға мүмкіндік алды. 2020 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Айқанат» олимпиадасында ауыл мектебінің оқушылары белсенді түрде қатысуда. Елу төрт IT сыныптары ашылып, 274 (62%) мектеп робототехника кабинеттерімен жабдықталды. Өңірдің жүз мектебінде «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесі таратылуда, 343 мектеп серіктес мектеп ретінде жұмыс істейді.

«Ауыл мектебі» пилоттық жобасы екі білім ордасына енгізілген. Дарынды балаларды қолдау мақсатында үш жүз орындық IT лицей-интернаты ашылып, бес мамандандырылған білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Биыл он мектеп пайдалануға беріліп 2 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы, 6 тозығы жеткен мектеп мәселесі шешіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, бес жаңа мектептің құрылысы басталып, 2023 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 18 білім нысанына күрделі жөнедеу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа болжаммен 22 мыңға жуық оқушы келеді. Облыстағы мектептердің барлығы интернет желісімен қамтамасыз етілген. Барлық мектеп «Күнделік» ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен толық жүз пайыз қамтамасыз етілмек. Облыс бойынша 40862 педагог қызмет етеді. Қашықтан оқыту жағдайында мұғалімдердің жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында Youtube желісінде 18 канал ашылып, үздік педагогтардың 1349 бейне сабағы жарияланды.

Сондай-ақ, педагогтардың курсаралық кезінде кәсіби шеберлігін дамыту моделі жасалды. Ағымдағы жылы облысымызда «Білім берудің мазмұндық және цифрлық трансформациялау жағдайындағы өңірлік әдістемелік қызмет» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған семинар барысында облыс ұстаздары өз тәжірибелерімен бөлісті. Өңірлік «Ұлағат» педагогтар ассоциациясы құрылды. Пәндер бойынша шығармашылық зертханалар, педагогтердің виртуалды мектебі, «Ізденіс.Тәжірибе.Нәтиже» үздік педагогтер шеберханаларының жұмысы жолға қойылған.

Орта білім беру жүйесінде директорлар корпусының сапасын жақсарту мақсатында «Білім беру менеджерлер клубы», «Директорлар кеңесі» құрылып, жаңадан тағайындалған мектеп директорларына әдістемелік көмек көрсету жұмыстары жолға қойылды. Жыл сайын облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын беруге арналған конкурсы өткізіледі. 2017 жылдан бастап «Табысты менеджер» байқауы өткізіліп келеді. Барлығы 27 орта білім беру ұйымның директоры жеңімпаз атанып, іс-тәжірибесі аймақ көлемінде насихатталып келеді.

Жыл сайын инновациялық бағытта даму үрдісін меңгерген, шығармашылық әлеуеті жоғары мектептерді анықтау мақсатында «Табысты мектеп» байқауы өткізіледі. Барлығы 21 білім беру ұйымы жеңімпаз атанды. Ұстаздардың біліктілігін арттыру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында 2012 жылдан бастап өткізілген іс-шаралар мен оған қамтылған педагогтардың саны да артуда. Республикалық «Үздік педагог» байқауында 2012 жылдан бастап 38 педагог жүлдегер атанды, олардың он алтысы ауыл мектебінің мұғалімдері.

Сонымен қатар, 2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай облыстың бес педагогына «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» атағы және қаржылай сыйақылар берілді. Бұл марапат жыл сайын жалғасын табатын болады. Биылғы оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін 7898 бала анықталған. Оның ішінде 2786 (35,2%) баланың мүгедектігі бар. 7898 баланың 3463-і мектеп жасына дейінгі балалар, 4435-і мектеп жасындағы балалар. Оның 6403-і (81%) біліммен және тәрбиемен қамтылды.

Бүгінгі күні 444 жалпы білім беретін мектептердің 392-де (88,2%), 431 мектепке дейінгі мекемелердің 251-де (58,2%), оның ішінде мемлекеттік 225 балабақшаның 180-де (80%) инклюзивті тәрбие беру үшін жағдай жасалған. Соңғы екі жылда 4239 бала түзету-оңалту көмектерін алды. Тараз қаласынан биыл №2 психологиялық -медициналық-педагогикалық консультация ашылады. Ерекше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу мақсатында облыстың білім беру ұйымдарында 2018-2021 жылдар аралығында «Дара», «Қамқорлық», «Болашақ» және тағы да басқа республикалық қайырымдылық қорларының қолдауымен бес ресурстық және инклюзивті қолдау кабинеттері ашылды.

«Асыл Мирас» қорының қолдауымен облыс орталығынан 300 орындық Аутизм орталығы ашылып, материалдық-техникалық базасы жабдықталды. Демеушілердің көмегімен түзету мекемелеріне қызметтік автокөліктер, қажетті құрал-жабдықтар алынып, материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Аймақта 76 мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері бар. Оқушылардың 83,7%-ы қосымша білім берумен қамтылған. Өткен жылы Шу ауданында «Оқушылар сарайы», Тараз қаласында «Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы» ашылды.

Ағымдағы жылы Тараз қаласында заманауи «Оқушылар сарайының» құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа ашылған оқушылар сарайының базасында республикалық «Қосымша білім берудегі инновациялар: идеядан іске асыруға дейін» тақырыбындағы құрылымдық диалогы ұйымдастырылды. Құрылымдық диалог жүргізу балалар жылына арналған маңызды және біріктіруші іс-шара ғана емес, сонымен қатар қосымша білім беру, атап айтқанда ғылыми-техникалық бағыттар бойынша республиканың білім беру ұйымдарында білім беру қызметтерін ұсыну сапасын одан әрі арттырудың катализаторы болды.

Сондай-ақ, облыста басталған «Жомарт түлек», «Мейірім» жобалары жалғасуда. Өңірдегі қырық төрт техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде 23 618 студент білім алса, 11784 мемлекеттік білім тапсырысы аясында оқуда. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын аясында жастарды талап етілетін мамандықтар бойынша, 2022-2023 оқу жылына 5734 (70%) орын мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Яғни, мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылмен салыстырғанда 2518 орынға артып отыр.

Колледж кәсіпорын арасындағы осындай тандем арқасында білім беру бағдарламалары жұмыс берушінің талаптарын сай дайындалады. Соңғы үш жылда мемлекеттік тапсырыс бойынша оқу орындарын 8 мыңнан астам түлек бітірді, олардың ішінде, тұрақты жұмыспен қамтылғандар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 80% – 84%-ды құрайды. Колледждердің материалдық базасын жетілдіріп, сапалы білім беруге қол жеткізу мақсатында «Жас маман» жобасына облыстағы 11 колледж еніп, 3,7 млрд. теңгеге замануи құрылғылармен қамтамасыз етілді.

2021-2022 оқу жылында 44 колледждің 37-сі (84%) 57 мамандық бойынша 5611 студентті дуальдық оқытумен қамтылып, 8084 студент өндірістік тәжірибеден өткізілді.Бала тәрбиесі – басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы мен мұң, – дейді хакім Абай. Адам бойында рухани құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын баршаға аян. Сондықтан, оқушылардың сыни ойлауын, функционалдық сауаттылығын қалыптастырып, ұлттық құндылыққа тәрбиелеу, білім берудің тиімді жүйелерін әзірлеу басты мақсатымыз.

Бейқұт Тлебалдыұлы ЖАМАНГОЗОВ,
Жамбыл облыстық білім басқармасының
басшысы, Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий