Қызылорда облысы: Ұстаз көштен қалмаса, ұрпақ озады

Тамыз кеңесі білім саласының атаулы жиыны ғана емес. Бұл – бүгінгі заманның заңды айнасына айналған ағарту саласы мен білімнің ой салдырар кешегісі мен алдымыздағы тұрған межесі. Бұл жиын үштік одақ бала мен мектеп, ұстаз бен ата-ана қарым-қатынасының сыртындағы үлкен қоғамдық, мемлекеттік мәселелері мен білім саласының алыс-жақын болашағынан хабар беретін тың ой, жаңа көзқарастармен бөлісетін байырқалы басқосуға айналып отыр.

Ол да болса балаларымызды өз дәуірінің үрдісінен қалмай, ата-анасының шынай қол қанаты, туған елінің тарлан азаматы, әлемнің асыл адамзаты қылып өсірсек деген тілектен туған дүние. Бұл тілек – баршамызға ортақ. Өйткені, білім беру ісі – тамыры тереңде жатқан, ұлтқа бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Адамзатқа ортақ игілік. Тарих қойнауына тағылымымен бірге енген осы жылдардың ішіндегі ең ауыры өткен оқу жылы болғаны жасырын емес.

Тірлікті тұралатқан, тіршілік иелерін қорқыныш пен үрейдің құшағында қалдырған былтырғы жыл қашықтан оқыту жүйесімен білім берілгенімен тағы да есте қалды. Осындай педагогикадағы кемшіліктердің кескінделуі мен қиыншылықтарына қарамастан аймағымызда білім беру сапасы төмендемеді. Бұл ретте ұстаздарымыздың еңбегін ерекше атап өтіп, алғысымды білдіремін. Білім саласының бастапқы сатысы – мектепке дейінгі тәрбие бағытында тиімді жұмыстар атқарылуда. Облыста 677 мектепке дейінгі ұйымдарда 59 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.

Президент тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің жаңа моделі әзірленіп, балаларды ерте жастан дамыту мәселелері ерекше маңызға ие болды. Бастапқыда балаларды қамту мәселелеріне көп көңіл бөлсек, бүгінде министрліктің тапсырмасымен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау мен аттестациялаудан өткізіп, сапа мен мазмұнға басымдық беретін боламыз. Бүгінгі таңда 3 жастан 6 жасқа дейін балалар толық жүз пайыз мектепке дейінгі ұйыммен қамтылса, екі және алты жас аралығындағы балалардың қамтылу көрсеткіші – 90,7 %.

Жеке балабақшалар үлесі – жетпіс үш пайызды құрап отыр. Балабақша тәрбиешілерінің біліктілік арттыру курстарының мазмұны қайта жаңарды. Педагогтар үшін арнайы цифрлық әдістемелік құрал енгізіліп, цифрлық форматта өтетін курстар ұйымдастырылады. Балалардың орталықтандырылған кезегін құру және осы электронды жүйелерді интеграциялау мәселесі оң шешімін тауып, балабақшаға кезекке қою, жолдама беру қызметтері автоматтандырылды.

Балабақшаларға қойылатын талаптарда жыл санап күшейтілуде. Тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданғаннан кейін жаңадан ашылатын және аттестациядан өтпей қалған мектепке дейінгі ұйымдар үшін лицензиялау талабы енгізілетін болады. Лицензиялау кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Орта білім беру бағытында да кешенді шаралар қабылданып, олар нәтижесін беруде. Жаңа оқу жылында 295 мемлекеттік және он алты жеке мектепте 182 мың оқушы білім алады.

Оның ішінде бірінші сыныпқа 18 мыңға жуық  бала қабылданады. Оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту үшін 1,4 миллиард теңге қаржыға 637 313 дана оқулық сатып алынады. Екінші сынып оқулықтары толық көлемде жаңартылса, 1, 3-11 сынып аралығында қосымша сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында барлық жекеменшік білім беру ұйымында оқитын оқушыларды да кітаппен қамтамасыз ету көзделуде. Білімдегі алшақтықты жою – бүгінде басты бағытымызға айналып отыр.

Осы бағытта оқушыларды олимпиадаға дайындау қарқынын күшейтуіміз қажет. Биылғы нәтиже бойынша жалпы командалық есепте үшінші орындамыз. Дегенмен, әлі де бұл бойынша жұмысты жандандыруымыз қажет. Осы мақсатта биылдан бастап «Сыр дарыны» білімділер академиясы жұмысы жандандырылды. Оқыту курстарына  жалпы білім беру ұйымдарындағы 8-9 сынып бойынша  жүз оқушы қамтылды.  Олимпиадаларға дайындық кезеңдері химия, физика, информатика, математика, биология пәндері бойынша өткізілді.

Биылғы оқу жылында академияда жыл бойы олимпиадаға дайындық жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Мемлекет басшысы айқындап берген тағы бір мәселе – қала мен ауыл мектебінің арасындағы алшақтық. Оқуға құштар жастарды тәрбиелеуде білім айырмасын төмендету негізгі міндетіміз. «Мың бала» олимпиадасына үш жылда 38 715 оқушы қатысып, 1200-ден аса оқушы жеңімпаз атанды. Жетпіс білімгер мамандандырылған мектептерге қабылдануға жолдама алып, биылғы зияткерлік олимпиада қорытындысымен үздік үштіктен көрінді.

«Елбасы медалі» жобасында бақ сынаған бір шәкіртіміз «Алтын медаль», он төрті «Күміс медаль», 342 «Қола» медаль иегері атанды. «Елбасы Академиясы» ұйымдастыруымен 14-18 жас аралығындағы «Елбасы медалі» қатысушылары арасында жазғы білім беру лагерінде облыстан тоғыз дарын иесі демалып қайтты. Ауыл мектептеріндегі 8-9 сынып оқушылары арасындағы «Iqanat» олимпиадасына соңғы үш жылда 9198 оқушы қатысып, сексен тоғызы жеңімпаз атанды. Қазіргі уақытта 4 оқушы Бурабайда орналасқан «Iqanat High shсool of Burabai» мектебінде білім алуда.

Биылғы жылға үш үздік жолдама алды. Ресей, Белорусь мемлекеттерінде ұйымдастырылған халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардан 13 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Сонымен қатар, жалпы білім беретін пәндер бойынша президенттік, республикалық, олимпиада және ғылыми жобалардан 88 оқушы жүлдегер атанды. Сейілбек Шаухаманов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ерасыл Сапарбеков Түркияның Стамбул қаласында география пәні бойынша халықаралық олимпиадада қола жүлдегер атанған болатын.

Шахафиддинов Нұрдәулет математика пәні бойынша халықаралық «Жәутіков», «Жібек жолы», «Азия-Тынық мұхиты» олимпиадаларынан «Қола» медальді үш мәрте қатар иеленді. Сондай-ақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың облыстық кезеңінде жеңімпаз 11 балаға жергілікті университеттің білім гранты берілді. Соңғы жылдары өңірдегі демографиялық өсімнің жоғары болуының нәтижесінде жаңа мөлтек аудандар бой көтеріп келеді. Бұл бізге қосымша мектеп салуды сөзсіз қажет етеді.

«Білімді ұлт» ұлттық жобасына енгізілген 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу тапсырмасына сәйкес,  биыл 4 350 орынды құрайтын тоғыз білім ордасы пайдалануға беріледі. Жаңақорған ауданындағы №169 және Арал ауданындағы №71 мектептер жаңа оқу жылында іске қосылатындығы күтілуде. Сонымен бірге, қыркүйек айында облыс орталығында жеке инвесторлар есебінен салынып жатқан Сабалақ мөлтек ауданы 500 орындық, Құлтекенов көшесіндегі 1500 орындық екі жеке мектеп ашылады.

Оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету және апаттық мектептердің алдын алу мақсатында 6 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына екі миллиард теңге, қауіпсіздікті қатамасыз ету мақсатында отыз бес мектептің бейнебақылау жүйесін жаңа талапқа сейкестендіруге 252 миллион теңге, пәндік кабинеттермен қамтуға 403 миллион теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар 47 білім шаңырағы қайта жаңғыртудан өтуде. Бұдан бөлек он төрт білім беру ұйымының жылу жүйесін газ отынына ауыстыруға 393 миллион теңге бөлініп, жылу маусымына дейін іске қосу жоспарлануда.

Қазіргі еңбек нарығында оқушылардың кәсіби бағыт алып, мектеп бітірушілердің мамандық таңдау мен олардың болашақта білім алу траекториясын анықтау биімділігін қалыптастыру уақыт күттірмейді. Біз оқушыларға кәсіби бағыт беруді төменгі сыныптардан бастап жүргізудеміз. Биыл 7 506 бітірушінің 6 570-і, яғни 87,5 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Нәтижесінде құжат тапсырған 5 439 талапкерлердің 4 082-і мемлекеттік білім беру грантына қол жеткізді.

2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша «Алтын белгі» белгісін алған түлектердің жүз алпысы, яғни 41,1 %-ы педагогикалық бағыттағы мамандықтарға оқуға қабылданып отыр. Ерекше оқуды қажет ететін балалар үшін инклюзивті білім беру – қажетті қадамның бірі. Балалар жылына орай аймағымызда 28 мектептен инклюзивті қолдау кабинеті, қырық жеті балабақшадан логопункт және 2 ауданнан инклюзивтік ресурстық орталық пен екі мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру орталығынан аутизм кабинеті ашылады.

Олар балаларға әлеуметтік психологиялық-педагогикалық және түзету арқылы қолдау көрсетіп, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың бұзылысына қарай жағдай жасалатын болады. Биыд жергілікті мемлекеттік балабақшалар арнайы маман және кабинеттермен жүз пайыз қамтамасыз етіледі. Онда ерекше балалармен тәжірибелі арнайы мамандар жұмыс жасайтын болады. Оңалту және психологиялық педагогикалық түзету қызметтері мемлекеттік қызмет болып есептеледі және ол тегін көрсетіледі.

ПМПК желісін елу мың балаға жеткізу мақсатында біреуін ашу жоспарлануда. Осылайша, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау айтарлықтай кеңейіп келеді, бұл балалар мүгедектігінің алдын алуға және азайтуға ықпал етеді. Мұнымен қоса, арнайы білім беру ұйымдарының желісін арттыру жоспарлануда. Бүгінгі күні облысымызда 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, тоғыз психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 3 оңалту орталығы және үш арнайы мектеп интернаттары жұмыс жасаған болса, балалар жылына байланысты биыл бір аутизм орталығы ашылып отыр.

«Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті», – деген ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы отандастарымызға арнаған мәлімдемесінде техникалық мамандар даярлауға басымдық беру керектігін айтқан болатын. Осы мақсатта өңірімізде біршама жұмыстар атқарылып, сұранысқа ие техникалық және жұмысшы мамандықтарға жастар көптеп түсуде. Қазіргі кезде өңірдегі отыз техникалық-кәсіптік білім беретін оқу орынында 97 мамандық, жүз алпыс үш біліктілік бойынша 19 692 студент білім алуда.

Жаңа оқу жылында еңбек нарығының сұранысына сәйкес техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға республикалық бюджеттен 1600 орын, жергілікті бюджеттен 3108 орын бөлінді. Биылғы жылы оқуға қабылдау жаңа тәртіппен жүзеге асты. Білім берудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін және колледжер арасында бәсекелестік арқылы кадрлар даярлаудың сапасын арттыру үшін салалық министрлік «ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлудің жаңа тетігін әзірледі.

Қабылдау емтихандарын, конкурсты колледждер өздігінен өткізбейді, қабылдау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін конкурсты автоматтандырылған жүйе анықтайды. «Жас маман» жобасы аясында биыл 9 колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,7 милллиард теңге қаржы бөлінді. Жоба аясында материалдық-техникалық базасы жаңарған төрт колледжде «Құзыреттілік» орталығы ашылып, жұмысын тиімді жүргізуде.

Облыс аумағында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында студенттер үйі салынуда. 2022-2023 жылдар аралығында төрт жатақхана пайдалануға берілмек. Worldskills байқауының жұмысшы мамандардың еңбек тәжірибесін ұштауда маңызы ерекше. Бүгінгі күні талдау көрсеткіштеріне қарай колледждерге осы бәсекелестіктің  нәтижелерін жоғарылату қажет. Бұл ретте арнаулы және кәсіби білім беру орындарының басшыларына талап жоғарылайды.

Білім – мағынасы жойылмайтын, мәні жоғалмайтын мәңгілік тақырып. Себебі, халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Оның өзінің заманның ағымына, дәуірдің дамуына қарай құрылымы өзгеріп, жүйесі дамып отыруы – заңдылық. Оқу – аса күрделі құбылыс. Ол үшін тынбай іздену, тыңғылықты үйрену қажет. Бұл ретте барлық үміт – Ұстаз мойнындағы міндетте. Халқымызда «Ұстаң көштен қалса, көп болса желімді тостақсыз қаларсың. Ал ұстазың көштен қалса, білімді ұрпақсыз қаласың», – деген өнегелі өсиет бар.

Осы тағылымды ойды санамыздан өшірмеуіміз керек. «Ұстаздық ету – талабы қашанда таусылмайтын, заманы ешқашан ескірмейтін кәсіп», – деген біздің байырғы бабаларымыз мұғалім мамандығына ерекше ықылас танытқан. Сондықтан біз аталар аманатын білімге негіздеп, оны ғылыммен ұштастыруда аянбауымыз қажет. Қадірлі әріптестер, баршаңызды басталуына аз уақыт қалған жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтап, игілікті істеріңізге табыс тілегім келеді.

Мейрамбек Зинабдинұлы ШЕРМАҒАНБЕТ,
Қызылорда
облыстық білім
басқармасының басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий