Нұр-Сұлтан қаласы: Білім – өркениет баспалдағы

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып, әлемді алақандағыдай көріп, төрткіл дүниенің жаңалығын біліп отыратын кезеңге жеткеніміз білім мен ғылымның жетістігі екені рас. Әлемде шекара болғанымен білімде шекара жоқ, білсем, көрсем, үйренсем деген адамға шектеу қойылмаған. Керісінше еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақтың өркениет талаптарына сай, жан-жақты  білім  алуы үшін елімізде барлық қажетті жағдайлар жасалған. Еліміздің жүрегі саналатын Елордамыздағы жас өркендердің жеке тұлғалық жағынан қалыптасып, ұлттық құндылықтар негізінде байыпты білім алуына жасалып жатқан жан-жақты қаржылық, мәдени, рухани  нақты қолдау  шаралары соның жарқын дәлелі деп білеміз.

Мектеп – мемлекеттің іргетасы десек, оның айбынын асыратын, жас ұрпақты өнегелі жолға бастайтын, бәсекеге қабілетті білім мен тәрбие беретін  ұстаздар қауымы екені анық. Бүгінде елордада 149 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде тоқсан тоғыз мемлекеттік, 43 жекеменшік және жеті республикалық. Орта біліммен 215 832 оқушы қамтылған. Өткен оқу жылымен салыстырғанда білім алушылар саны 20278 оқушыға артты.

2022-2023 оқу жылында күтілетін контингент – 232 мың бала. Қазіргі уақытта қаланың білім беру ұйымдарында қызмет ететін педагогтердің жалпы саны жиырма мыңнан асып отыр. Демографиялық және көші-қонның өсуіне байланысты жыл сайын білім алушылар контингенті де өсуде. Оқушы орындарының тапшылығы, мектептерде үш ауысымда оқыту проблемасын шешу мақсатында 2021 жылы қалада 31 432 мың оқушы орнына арналған он бес мектеп (екі ауысымда) пайдалануға берілді.

Сондай-ақ 2022 жылы  23580 оқушы орындық 11 мектеп, 2023 жылы 34 600 орындық он алты мектеп, 2024 жылы 32640 орындық 17 мектеп, 2025 жылы 42 900 орындық он тоғыз мектеп салу жоспарланған. Уақыт талабына сәйкес кейбір мектептерде оқушылардың тығыздығы мәселесін шешу үшін қызмет көрсету аумағы, оқыту тілі қайта қаралады. Бақыт кілті – білімде десек, білімнің кілті ұстаздардың қолында. Жас өскіндерді білікті, парасатты, танымды, тағылымды, елжанды етіп  тәрбиелеу міндетін саналы түрде жүзеге асыратын педагогтердың иығында үлкен жауапкершілік жүгі бар.

Мұғалім – қоғам айнасы дейтініміз сондықтан. Қазіргі кезде қоғам алдында мұғалім беделі күн санап артып келеді. «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заң да бар. Осы орайда педагогтердің беделін және олардың кәсібилігін арттыру мақсатында нақты іс шаралар көптеп жүзеге асырылуда. Мәселен  әкімдік тарапынан 300 АЕК (918 900 теңге) біржолғы ақшалай сыйақысы бар «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогы» медалі тағайындалды. Бұл марапат елордамыздың білім саласының дамуына айрықша үлес қосқан ұлғатты ұстаздарға беріледі.

Бұл ұстаздардың өз жұмысына деген ынтасын арттыру, қоғам назарын аудару деп  білеміз. Осы уақытқа дейін, атап айтсақ 2021 жылы аталған медальмен марапатталғандардың саны – 4 адамды құрап отыр. Сондай-ақ, жыл сайын “Үздік мектеп”, “Үздік колледж”конкурстары аясында білім беру ұйымдарына шамамен 27 миллион 336 мың теңге бөлінеді. Жыл сайын педагогтер жалақысы жиырма бес пайыз кезең-кезеңмен артып отыр. Бұның барлығы да ұстаздар еңбегін дәріптеудің, бағалаудың нәтижесі емес пе?

Білім беру саласына қойылатын талап артып отырғандықтан әлемдік деңгейде тәжірибе алмасудың, озық білім беру әдістерін енгізудің  маңызы зор. Елордалық ұстаздар тәжірибе алмасу мақсатында алыс-жақын шет елдерге  шығармашылық іссапарларға барып келіп жатыр. Олар барып көріп, біліп келгендерін өзге де әріптестеріне таныстырып, алдағы жоспарларымен бөліседі, жаңа жобаларды айналымға енгізеді.

Сондай-ақ 2019 жылдан бастап  елордалық ұстаздар Ресейдің Пермь аймағындағы Пермь мемлекеттік гуманитарлық–педагогикалық университетінің магистратурасында арнайы меморандум аясында аталған мемлекеттің білім гранттары негізінде білім дәрежелерін жетілдіруде. Осы уақытқа дейін Премь университетін 29 педагог бітірсе, қырық сегіз ұстаз білім алып жатыр. Биылғы жылы білім алуға 41 мұғалім өтініш білдіріп, оның отызы арнайы грантқа ие болды. Елордамызға жан-жақтан жұмыс істеуге ниетті білімді жастар көптеп келіп жататыны белгілі.

Көбі пәтер жалдау мәселесінде қиындықтарға кезігіп жатады. Осындай тұрмыстық кедергілерді жою мақсатында елордамызда жұмыс істеуге ниет білдірген жас ұстаздарға арнап «Жас ұстаз» жатақханасы тұрақты жұмыс істеуде. Онда тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Жалдау құны да қолжетімді. Әлеуметтік, экономикалық және өндірістік салалардағы жаһандық өзгерістер белең алған қазіргі заманда, мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі артып, ақпараттық-технологиялық революцияның күшейген кезінде интеллект пен жасампаздық уақыт өткен сайын жоғары бағаланып, шығармашыл адамдар мен дарынды балалар көбейіп келеді.

Биыл 15 жылдық мерейтойын атап өткен «Астана дарыны» орталығы бұл бағытта жүйелі де жемісті жұмыстар жүргізуде. Орталық жұмысының нәтижесінде олимпиадалық қозғалысқа қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Мектептегі олимпиадалық қозғалыс та спорт сияқты «бұқаралық қозғалыс – ұлы жеңістердің іргетасы» деген қағидаға бағынады. Елордалық білім беру жүйесі барлық балаларға тең дәрежеде өз дарындылығын жүзеге асыруға мүмкіндіктер беріп, дарынды баланың даңғыл жолының іргетасын қалауға барынша үлес қосуда.

2021-2022 оқу жылында «Астана дарыны» орталығы 32 мыңға жуық баланы қамтыған жүз отыздан астам зияткерлік олимпиадалар мен жарыстар өткізді.  Биыл Нұр-Сұлтан қаласының олимпиадалық командасы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиадада медальдардың рекордтық санын жеңіп алды. Біздің құраманың қоржынында 93 медаль: жиырма төрт алтын, 29 күміс және қырық қола медаль бар. 2021-2022 оқу жылындағы республикалық олимпиадада өнер көрсету қорытындысы бойынша: 11 елордалық мектеп «Қазақстанның 100 үздік олимпиадалық мектебі» тобына кірді.

Қандай жағдайда жетістікке жету үшін денсаулық мықты болуы қажет. «Басты байлық – денсаулық» дейтініміз сондықтан. Шын мәнінде дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Балалардың денсаулығы басты назарда. Денсаулықтың кепілі – нәрлі, құнарлы тағамдар. Мектептерде бұл мәселе басты назарда.  Тегін ыстық тамақпен 1-4 сынып оқушылары жүз пайыз сондай-ақ жеке санаттағы 5-11 сынып оқушылары (8545 оқушы) (жетім балалар, АӘК алатын және алмайтын балалар, басқа отбасыларда тұратын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және тағы басқалар) қамтылған.

«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға демеушілер тарапынан көмек көрсетіледі. Мәселен, мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер беріледі. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруда өзара тәжірибе алмасу өте маңызды. Ұстаздар үнемі ізденіс үстінде еңбек ету керек. Заман ағымына ілесіп отыруы қажет.   2020-2021 оқу жылынан бастап «Цифрлық педагогика: оқыту және практика» әдістемелік қолдау көрсетудің ашық онлайн алаңы құрылды.

Сайтта http://online-metod.kz/ қашықтан оқытуды өткізу үшін сабақтарды тиімді жоспарлау, білім алушылар мен олардың ата-аналарына кері байланыс түрлерін ұсыну, бейне редакторларда өз сабақтарын құру бойынша ең өзекті онлайн-семинарлар мен шебер-сыныптар топтамасы ұсынылды. Педагогтерге арналған 13536 бейнесабақтар орналастырылды. 2020 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының Білім беруді жаңғырту орталығы «Елордалық электронды мектеп» («Столичная электронная школа») электрондық платформасын әзірледі.

Онда қысқа мерзімді сабақ жоспарлары, бейнесабақтар мен сабақтар, білім берудің сандық ресурстары және тағы басқа көптеген әдістемелік пайдалы материалдар орналастырылған. Бүгінгі күні осы сайтты қолданушылар саны 27 мыңнан асып отыр. XXI ғасыр – жаһандық жаңалықтар мен білімнің дəуірлеу ғасыры. Сондықтан осындай айтарлықтай маңызды жаңалықтарды ескере отырып,  білім берудің тиімділігі мен сапасын арттыруға әсер ететін инновациялық процестерді қолдау және дамыту мақсатында Білім беруді жаңғырту орталығы жанынан  педагогтердің әр пән бойынша 44 қауымдастығы құрылды.

Осы ұжым үздік педагогикалық тәжірибені тарату және білім беру сапасындағы алшақтықты азайту үшін мектептерге қолдау көрсету бойынша іс-шаралар жоспары қабылданды. Қауымдастық мүшелері жаһандану заманның тың өзгерістерін білім саласына енгізу үшін оқуға деген ынтасы әлсіз білім алушылар үшін қосымша контент әзірледі (практикалық жұмыстар жинағы, түрлі деңгейлік жаттығу және тексеру жаттығулары, таңдау мүмкіндігі бар шығармашылық тапсырмалар, интерактивті жұмыс дәптерлері жасалды).

Бүгінгі таңда қозғалып жатқан ең өзекті мəселелердің бірі сандық білім беру. Оқушылардың сандық сауаттылығын арттыру үшін білім беру ұйымдарында инновациялық жобалар енгізілуде: «Сандық мектеп», «Сандық оқулықтар», «Окоо «Онлайн платформасы», «Google сынып» тағы да басқа. Жаңа педагогикалық технология және соған лайықты ауқымды жобалар түрлері өте көп. Оларды оқытуда тиімді етіп пайдалануда ұстаздың рөлі ерекше.

Жобалар оқушылардың бірыңғай оқу ортасында барлық сандық оқу материалдарына қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы білім беру жүйесі білім беру қызметтерінің жоғары сапасына қол жеткізуді басым міндет етіп қояды. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес ерекше қажеттілігі бар балаларға байыпты білім беру мәселесі басты назарда. Елордамызда 13 597 баланы қамтитын он алты (ПМПК – 6, КППК – бес, арнайы мектеп – 3, оңалту орталығы – екі) арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді.

Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалардың елу пайызы психологиялық-педагогикалық түзетумен қамтылған. Тоқсан төрт жалпы білім беретін мектепте ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар 1219 оқушы үшін жағдай жасалған. Жалпы білім беру ұйымдарының алпыс бес пайызы осы балалар үшін кедергісіз білім беру ортасын құрды. Елордада 314 баланы қамтитын үш арнайы балабақша және 26 балабақшада түрлі мүмкіндігі шектеулі 609 балаға арналған арнайы топ жұмыс істейді.

Аутизм спектрі бұзылған 120 бала үшін он балабақшада арнайы топтар құрылды. Елу бір мектепке дейінгі ұйымдарда жалпы 573 баланы қамтитын инклюзивті білім беру топтары жұмыс істейді. Сонымен қатар балабақшаларда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылды. Бүгінгі таңда инклюзивті білім беруді қолдау бағытында жалпы білім беретін мектептерде белгілі себептермен ақыл – ой дамуында ауытқуы  немесе психикалық кемшілігі бар оқушыларды дамыту бағытында жұмыстар жасалып жатыр.

Сондықтан инклюзивті білім беруді дамытудағы ерте кәсіптік бағдар беру мәселесі назардан тыс қалмайды. Бүгінгі күні ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың кәсіптік бағдарлануына мониторинг жүргізілді. 2021-2022 жылдары орта білім беру ұйымдарында осындай жүз тоқсан үш түлек бітіреді деп күтілуде. Оның ішінде 11 сынып базасында – 33 оқушы, тоғызыншы сынып базасында – 160 оқушы. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін мемлекеттік қызметтер аясын кеңейту мақсатында қазіргі заманғы талаптар мен стандарттарға сәйкес ПМПК желісі 2025 жылға дейін үш бірлікке ұлғайтылатын болады.

Алғашқысы биылғы сәуір айында ашылды. Алдағы қыркүйектен бастап №88 мектеп базасында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 4 арнайы сынып, арнайы білім беру ұйымдарының желісін кеңейту мақсатында «аутизм» диагнозы бар балаларды қолдау орталығы ашылады. Білім саласындағы алдағы уақытта да атқаратын жұмыстар өте ауқымды. Өскелең ұрпақты заманның озық үлгілерімен қатар ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу басты мақсатымыз болмақ. Жаңа Қазақстанның іргетасын берік ететін жасампаз ұрпақ бүгінгі мектеп партасында отырғанын әрқашан естен шығармайық.

Қасымхан Сенғазыұлы СЕНҒАЗЫЕВ,
Нұр-Сұлтан қалалық білім
басқармасының басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий