Ұлытау облысы: Ұрпақтың үмітін ақтау – салмақты жауапкершілік
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы наурыз айының 16-ы күні барша отандастарымызға арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» тақырыбындағы кезекті Жолдауында мемлекеттің өркендеуі аймақтардың экономикалық және әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты екендігі айрықша атап айтылып, жаңадан үш облыс құру туралы аса маңызды тарихи шешімді жариялағаны белгілі.
Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығы негізінде (03. 05. 2022 ж, № 887) Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасатын Ұлытау облысы құрылды.
«Ұлттың ұясы» деген тіркеспен қоса айтылатын тағылымға толы бай тарихы бар қасиетті де киелі өлкенің жаңа заман талабына сай уақыт үдерісімен қайта жаңғыру мүмкіндігін иеленуі ересектерге салмақты жауапкершілік жүктесе, жас ұрпақтың санасына зор сенім мен үлкен үміт сыйлағаны даусыз. Білім – бір мемлекеттің ғана емес, әлемнің басты құндылығы. «Білім» ұғымы қоғамда тек академиялық білімдер жиынтығы ретінде ғана емес, «адам қалыптастыру», «адам тәрбиелеу», «интеллектуалды капитал» тұрғысынан мойындалуы тиіс.
Сол сенім мен үмітті ақтау үшін білім саласы дамудың жаңа кезеңіне стратегиялық міндеттерді айқындауда. Білім саласын дамытуда бір-бірінен ажырамайтын үш бағытты айқындап отырмыз: бірінші – сапалы кадрлық әлеует; екінші – құндылыққа негізделген тәрбие және қолжетімді сапалы білім; үшінші – қауіпсіз және қолайлы орта.
Сапалы кадрлық әлеует. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген тұжырымы өзектілігін жойған жоқ. Еңбектің өнімділігі, табыстылығы сол еңбекті атқаратын адами ресурстың біліктілігіне, іскерлігіне, құзыреттілігіне тікелей байланысты.
Қазіргі күні облыста еңбек ететін педагогтердің тек жеті пайызы ғана «педагог-шебер», «педагог-зерттеуші» санатындағылар. Біз осы санаттағы педагогтердің әлеуетін қолдана отырып, әр мұғалімнің кәсіби өсуіне жағдай жасаймыз. Мұғалімді кәсіби дамыту бағытында әлемдік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген педагогикалық серіктестік, дамытушы қауымдастық, бірлесе зерттеу, өзара тәлімгерлік сияқты тәсілдер бар. Аталған тәсілдер педагогтер үшін тың жаңалық емес. Дегенмен, қазіргі бар тәжірибені жақсарту үшін өзгеріске бағытталған шешімдерді деректерге, ғылыми идеяларға негіздеу жұмыстары қолға алынады.
Осы мақсатта өңірлік әдістемелік орталықта «Педагогикалық зерттеу» бөлімі ашылады. Бұл бөлім педагогикалық сұрақтарды педагогтердің өздерінің қатысуымен зерттей отырып, әр педагогтің өз әрекетін өзіндік бағалауына, түзетуіне, сараптауына, дамытуына ықпал ететін болады. Бүгінгі күні оқушылардың бойында қатты дағдылармен (hard skills) қоса икемді дағдыларды қалыптастыру (soft skills) міндеті алға шықты. Дәл осы қажеттілік педагогтерде де бар. Мұғалім үшін пәндік білім өте маңызды.
Сонымен қатар, білімді оқушыға беру үшін, өзінің тәжірибесін жақсарту үшін, оқу мен оқытуды жақсарту үшін сыни ойлау, эмоционалды интеллект, креативті ойлау, коммуникация сияқты дағдыларды да игеруі тиіс. Осы бағытта аймақ мұғалімдерін жан-жақты қолдау мақсатында облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде педагогикалық серіктестікті жетілдіреміз. Аталған жұмысты үйлестіру үшін креативті мұғалімдер лигасын құру жоспарланды.
Қазіргі таңда жергілікті білім ұйымдарына екі жүзден астам педагог мамандарға қажеттіліктің бары анықталды. Өңірде педагогикалық бағытта маман даярлайтын жоғары оқу орындары болмағандықтан Жезқазған гуманитарлық колледжінің түлектерімен қоса, республиканың басқа қалаларындағы ЖОО түлектерін шақырып жатырмыз. Жас педагогтерді қолдау мақсатында «Жас мұғалімнен-жасампаз ұстазға» жобасы әзірленуде. Бұл бағдарлама шеңберінде әрбір жас педагогтің кәсіби өсу маршруты құрылып, менторлық жұмыстар ұйымдастырылады.
Ұрпақтар теориясын ескеретін болсақ, бүгінгі күні біз тәрбиелеп жатқан α (альфа) ұрпақтың сұранысын өтеу үшін менеджменттік тәсілдер де жедел өзгеруді, үздіксіз ізденуді қажет етеді. Мектепті басқарушылардың басқару құзыреттілігі, іскерлігі өте маңызды. Шалғай ауылдарда орналасқан білім ұйымдарындағы басшыларды ғана емес, аудан орталықтары мен қалалардағы басшыларды да үнемі жетілдіріп, ынталандырып отыру қажет. Директорларды және орынбасарларын нормативтік-құқықтық бағытпен қоса, менеджер, көшбасшы ретінде де дамытуды көздеп отырмыз.
Осы бағытта ментор-директорлар институтын құрамыз. Бұл құрылым барлық директорлар үшін бөлісу, талдау, даму алаңы болады. Сонымен қатар, көшбасшы педагогтерді қалыптастыру үшін менеджерлер мектебін жасақтау міндеті тұр. Бұл мектепте арнайы мотивациялық жазба негізінде қабылданған педагогтерге, әдіскерлерге, басшыларға, басшының орынбасарларына заманауи басқару тәсілдерін үйрету, 4К дағдыларын (communication, creativity, collaboration, critical thinking) қалыптастыру арқылы облыс көлеміне қажетті менеджерлер резерві құрылады.
Ұлытау облысында соңғы екі жылдан бері жауапкершілігі шектеулі «Қазақмыс» корпорациясы» серіктестігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ulytau-Ustaz» жобасының да өңірдің педагогтерін кәсіби тұрғыда дамытуға көмегі зор болады.
Құндылыққа негізделген тәрбие және қолжетімді сапалы білім. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды» деген түйіні білім саласының салмағын айқындай түседі. Білім мен тәрбиені біртұтас педагогикалық процесс ретінде қарастыру – баланың индивид ретіндегі тұтастығын сақтаудың алғышарты. Білім берудің барлық деңгейінде «оқыту арқылы тәрбиелеу» және «тәрбиелеу арқылы оқыту» қағидаты маңызды.
Бала өзін барлық ерекшелігімен, артықшылығымен, кемшілігімен қабылдайтын, баланы құрметтейтін педагогтердің бар екенін сезінгенде, ол жердегі балалар арасында достық пен мейірімді көргенде, өзінің қызығушылығы ескерілгенде, оның үні тыңдалғанда, өзіне көмек беретін жандар бар екеніне көзі жеткенде мектепке немесе балабақшаға қуанышпен келеді. Мұндай эмоционалдық-психологиялық жағдай ең алдымен баланың оқуда жетістіктерге жетуіне тікелей ықпал ететіні дәлелдеген тұжырым.
Сондықтан, «мектептің иесі-оқушы» деген түйін облыс педагогтерінің ұстанымы болуы тиіс. Облыс көлеміндегі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында 8879 тәрбиеленуші, жалпы орта білім беру ұйымында 35 854 оқушы және колледждерде 4959 студент бар. Биылғы бірінші сыныпқа қабылданатын бүлдіршіндердің сексен алты пайызы қазақ тіліндегі сыныптарға өтініш берді. Осы 50 000-ға жуық контингенттің сапалы білім алуына, құндылықтар негізінде тәрбиеленуіне жағдай жасау үшін «Bilim 4.0» жобасы әзірленуде.
Аталған жоба инфраструктуралық, материалдық-техникалық, кадрлық мүмкіндіктер негізінде әрбір білім ұйымының мақсатты индикаторларын нақтылауды көздейді. Осы жоба шеңберінде оқу мен оқыту сапасына мониторинг жүргізуді, сабақтың тиімділігін арттыруды, оқу жоспарларының бейіндік мүмкіндіктерін қарастыруды, оқу мен оқытуда цифрлық ресурстарды тиімді қолдануды сабақты және іс-әрекетті зерттеуді іске асыруды, қосымша білім беру желілерін арттыруды, ата-аналармен үйлесімді байланыс орнатуды жалғастырамыз.
Жекелеген пәндер бойынша онлайн кеңес беруді көздейтін «Sabaq+», студенттер мен оқушылардың төменгі сынып оқушыларына жекелеген тақырыптарды меңгертуіне көмек беруін көздейтін «Дипломсыз репетитор» жобалары іске асады. Сонымен қатар, білім берудегі инклюзия бағытына ерекше көңіл бөлінетін болады. Жетекші мектептер тәжірибесі негізінде жетекші бөбекжай тәжірибесін енгізу жоспарланды. Биыл жергілікті және республикалық бюджет есебінен сұранысқа ие мамандықтар бойынша 1723 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді.
Оның 1443-і жергілікті бюджеттен, 280-і республикалық бюджеттен қаржыландырылады (педагогика – 175, медицина-145, инженерлік, өңдеу және құрылыс -950 (оның ішінде 595- жұмысшы мамандық), өнер-174, әлеуметтік қызмет -29, кәсіпкерлік -40, АКТ-75, қызмет көрсету-90, қауіпсіздік -20, көлік қызметі-110). Өңірлік сұранысты қанағаттандыру үшін колледждер кәсіпорындармен, өндіріс орындарымен серіктесе отырып маман даярлау сапасын арттыруға мүдделі.
Колледждердің базасында халықаралық worldskills стандарттарына сәйкес құзыреттіліктер орталықтары ашылады. Білім алушылардың функционалдық құзыреттіліктерін дамыту үшін кәсіпорындармен, бизнес саласымен, үкіметтік емес ұйымдармен және тағы да басқа мүдделі мекемелермен серіктестік орната отырып, практикумдар ұйымдастыру өз жалғасын табатын болады. Облыстағы басым көпшілік мектепте мектеп мұражайлары бар. Алдағы уақытта осы мұражайларды танымдық-зерттеу орталықтарына айналдыруды көздеп отырмыз.
Мектеп театры, мектеп телестудиясы – жасөспірімдер үшін. Сонымен қатар, қабілеті жоғары балалар үшін «Дарын» маусымын, өнерлі, шығармашыл, шебер оқушылар үшін «Муз-Арт» маусымын, спортық маусымды, этнотуристік маусымды, интеллектуалдар маусымын, зерттеушілер маусымын, пікірсайысшылар маусымын, педагогикалық маусымды қамтитын тақырыптық лагерьлер жұмысын жандандырамыз.
Қауіпсіз және қолайлы орта. «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады», – деген алаш ақыны, педагог- ғалым Мағжан Жұмабайұлының нақыл сөзі мектептің балаға қолайлы болуын меңзейді. Бүгінгі күні аймақта үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектеп жоқ.
Орта білім беру ұйымдары мен балабақшаларға жоспарлы түрде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Білімді бойға сіңіру үшін теорияны практикамен бекіту керек, яғни жаратылыстану пәндері бойынша зертханалық құралдарымен жабдықталған арнайы кабинеттердің болуы маңызды. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасындағы осы міндетті білім басқармасы алдағы үш жыл ішінде толық орындауды жоспарлап отыр.
2023-2026 жылдар аралығында облыс басшылығы мектептер мен балабақшаларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, аулаларды абаттандыру, қажеттілікке қарай модульді қазандықтар орнату жұмыстарына басымдық беріледі. Сонымен қатар, мектеп кітапханаларын автоматтандыру, инклюзия кабинеттерін, шеберханаларды, спорттық залдарды, коворкингтерді жаңарту жұмыстары жалғастырамыз. 2023-2026 жылдар аралығында өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленуде.
Бұл құжаттың шеңберінде де көптеген білім беру нысандарының құрылысы қарастырылмақ. Көпшілік қуанышпен қабылдаған жаңа облыстың білім саласы да мемлекеттің қаржылық қолдауының негізінде ілгері дами беретіндігіне сенеміз. Осы жолда жас ұрпақтың үмітін арқалаған әрбір азамат өзіне жүктелген міндетті адал әрі абыроймен атқарғанын қалаймыз. Сонымен қатар, жаңа оқу жылының басталуымен қазақстандық барша әріптестерімді құттықтай отырып, дана Абайдың сипаттамасына сай «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иесі болуларына тілектеспін.
Сапура Сейдуалиқызы ТӨЛЕКОВА,
Ұлытау облысы білім басқармасы
басшысының міндетін атқарушы,
Жезқазған қаласы