Шығыс Қазақстан облысы: Балалар жылы: үйлесімді даму мен бақытты балалық

Бала – біздің болашағымыз! Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңі жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді денсаулығы мықты азамат өсіру және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау еліміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, нақты шаралар қолға алынуы керектігін баса тапсырды.

Осы орайда Мемлекет басшысы: – Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес, бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз,– деп, бұл жылда істелетін жұмыс нәтижесін нақты іспен көрсету керектігін ескерткен болатын.

Аймақта  жыл басынан бері балалар жылында бірқатар жұмыстар атқарылды. Облыс бойынша балалардың зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін сексен беске тарта іс-шара ұйымдастырылып, 334 927 мың бала  (60% аз қамтылған отбасындағы тәрбиеленушілер) қамтылды. Жаңа оқу жылында мектепке дейінгі тәрбиемен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100%, 2 жастан 6 жасқа дейінгі қамту 97,7% құрайды.

2021 жылы мектеп жасына дейінгі балалар үшін 2150 орындық он бір балабақша ашылса, биылғы жылы тағы мектепке дейінгі тәрбие беруге арналған үш орталық 875 бүлдіршіндерге есігін ашпақ. Биылғы оқу жылында 342 мектепте 95 138 оқушы, оның ішінде бірінші сынып оқушылары 9715. Балаларды сапалы білімімен қамтамасыз ету, жеке тұлға ретінде дамыту, оқу-тәрбие процесін күшейту үшін жыл сайын облысымызда жаңа балабақша, мектеп, қосымша білім беру ұйымдары, спорт нысандары салынып, жөндеуді қажет ететіндері қайта жаңғыртылып, облыстық әкімшілік тарапынан қолдау тауып келеді.

Апатты және үш аусымды мектептер жоқ. Биылғы жылы бес жаңа мектеп 1370 орындық іске қосылады. Қырық мектепке 1 миллиард қырық бір (1 041) миллион тенгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Он жеті мектепке 129,6 млн. теңгеге 22 жаңа модификация кабинеті сатып алынды. Барлық оқушы 456 млн. теңгеге оқулықпен қамтылды. Облысымызда 10 053 бала ерекше білім беру қажеттіліктері бар, оның 7 337 мектеп оқушылары.

Ұлттық жоба аясында жаңа оқу жылында 276 орынға мемлекеттік тапсырыс арқылы қолдау жасалатын болады. 90,5 пайыз оқушы қосымша біліммен қамтылған. Шығыс Қазақстан облысында 42 колледжде 16 215 студент оқиды. Олардың сегізіне WorldSkills стандарттары бойынша бағалау жүйесі енгізілген. Төрт колледжде «Жас Маман» жобасы аясында ашылған құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Биыл тегін оқытуға жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс 3705 орынды құрады.

ШҚО бойынша ішкі туризмді дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, балалардың өлке тарихына деген қызығушылығын дамыту мақсатында тарихи мекендерге экскурсиялық іс-шаралар үнемі ұйымдастырылады. Балаларға рухани құндылықтарды танытуда, тәлім-тәрбие беру мақсатында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына, Шілікті жеріндегі «Елеке сазы» қорымына, «Ақ бауыр» тарихи ескерткішіне, Өскемен, Семей, Риддер қалаларындағы және Зайсан, Тарбағатай, Шемонаиха аудандарындағы өлкетану музейлеріне саяхаттар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар балалар жылын іске асыруға оқу орталықтары, жергілікті органдар, үкіметтік емес білім беру ұйымдары да белсене қатысуда. Балаларды жазғы демалыспен қамту және сауықтыру мақсатында облыста балалар жылына орай бес демалыс орны ашылып, бүгінгі күні 995 нысан жұмыс атқаруда. Аталған демалыс орындарына бес мың бала көпбалалы және аз қамтылған отбасынан қамтылды.

Облыста жүйелі түрде өтетін әлеуметтік осал топтарға көмек акциясына Tylek.kz сайты, меценаттар, қамқор азаматтар тартылып, ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен жасөспірімдер, аз қамтылған және көп балалы отбасының тілектері мен мұқтаждықтары жолданған 6 794 хат бойынша көмек жүзеге асырылды. 2022 жылы «Барлық білім беру қоры» аясында аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 21 мың балаға облыстық бюджеттен 1,9 млрд. теңге әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

Осы санаттағы балаларға мектепте тамақтандыру, мектеп формасымен қамтамасыз ету, аяқ-киім әперу қарастырылған. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 3800 баланы мектепке дейінгі мекемелерге тегін қабылдау қамтамасыз етілген. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Саналы ата-ана» жобасы жоспарланған. Дарынды мектеп оқушыларын, халықаралық, республикалық зияткерлік олимпиадалардың, шығармашылық байқаулар мен спорттық сайыстардың жеңімпаздарын қолдау мақсатында облыс әкімімен кездесу өткізіліп, отыз төрт жеңімпазға дипломдар мен 100 мың теңгеден ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Сондай-ақ, Worldskills республикалық чемпионатының 32 жеңімпазына ноутбук сыйға тартылды. Халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздарына облыстық және республикалық жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама табысталды. Жыл сайын халықаралық олимпиадада жүлделі орын алған оқушылар мен оларды дайындаған педагогтерге облыстық жергілікті қаражат есебінен тамыз кеңесінің аясында облыс әкімінің сыйақысы беріледі.

Бүгінде еліміздің экономикасының барлық салаларын цифрландыру күн тәртібінің басты тақырыптарының бірі. Осы бағытта облысымызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, 5-11 сынып оқушылары арасында «Бағдарламалау», «3D модельдеу» және «Робототехника» құзыреттері бойынша «Skills for Geeks» чемпионаты өтті.  Ағымдағы жылдың мамыр айында IX аймақтық «Жаңа ұрпақ» ІТ-фестивалі өтіп, онда облыс оқушылары өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды.

ІТ-фестивальде білім саласындағы жаңа инновациялық технологиялар ұсынылып талқыланвп, мектеп оқушылары ІТ-жобаларды әзірлеу бойынша тәжірибелерімен алмасты. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ және STEM Academia ғалымдары шеберлік  сағаттарын өткізді.  Ең үздік деп танылған он үш оқушының жобасы облыс әкімінің 13 миллион теңге грантымен ынталандырылды. «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасы аясында балалар арасында оқырмандар қозғалысы жүйелі жұмыс атқаруда.

Мектеп кітапханаларының кітап қоры 77,6 мың дана жаңа көркем, балалар әдебиетімен жаңартылды. Оның алпыс бес пайызы мемлекеттік тілдегі  көркем  әдебиеттер.  951 буккроссинг  желісі жұмыс атқарды. Биылғы жылы жаңа мектептер есебінен жеті кітапхана іске қосылды. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспарын бекітті.

Аудандар мен қалаларда «Балаларға жақсылық сыйла!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасына көмектеседі: баланы мектепке жинайық!» атты акциялар ұйымдастырылуда. Акция кәсіпкерлерді, меценаттарды, мемлекеттік органдарды акцияны өткізуге көмек көрсетуге және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға көмек көрсетуге шақырады. Балаға инвестиция салу – аймақ пен елдің табысты және тұрақты дамуының сенімді кепілі. Себебі өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы үшін атқарып жатқан бұл жұмыстар өз нәтижесін береді деп сенемін.

Сайрангүл Ахметкәрімқызы ЖУМАДИЛОВА,
Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының
басшысы, Өскемен қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий