Зиялы тұлға: Жаңалық пен даналықтың үлгісі

Ғалам – ғибратты тұлғаларымен ғажайып. Өмір – өнегелі жандарымен өрнекті. Халқымыздың «Жақсының шашқан нұры ортақ» дейтіні осыдан қалса керек. Біздің мақаламыздың кейіпкері де мыңдаған тағдырдың мерейін асырып, өнегелі өмірінде соңы соқпақ салып, бүгінде бейнетінің зейнетіне жеткен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәулеш Дімкешқызы Мұқанова.

Зиялы тұлғаның ғажайып ғұмырдариясына көз жүгіртіп, тереңіне үңіле қалсаңыз тумысынан текті, бар бітім болмысы ұлтым, ұрпағым деген адамның жарқын бейнесі мен алтын көңілін көресіз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін» дегеніндей, ғибратты ғалымның мойнына артылған жауапкершілік жүгі жеңіл болған жоқ. Оның алдында тұтас бір ұлттың білімін биікке көтеретін шәкірт шырақшылары ұстаздар қауымын ұшар шыңға шығару міндеті тұрды.

Тумысынан жаңашылдық пен даралықты жаны сүйетін жоғары пайым – парасат иесі бұл күрделі де құрметті мақсатты қажыр – қайраты мен кәсіби біліктілігінің, шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында межелей білді. «Өрлеу» БАҰО» АҚ құру білім берудің жаңаруы жағдайында педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру саласында мемлекеттік саясат басымдықтарын аймақтарда жүйелі және бірізділікпен жүзеге асыру қажеттілігінен туындаған еді.

2012 жылдың қазан айында «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды филиалын басқару тізгіні Сәулеш Дімкешқызына сеніп тапсырылды. Бұл оның атқарған педагогикалық, ғылыми және сараптамалық жұмыстарының жаңа парағы болып ашылды. Сол сәттен бастап кенді аймақта орналасқан білім ордасының материалдық – техникалық базасын нығайту, педагогикалық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттырып отыру әрі озық инновациялы оқу шаңырақтарымен тәжірибе алмасу сынды жүйелі жұмыстар жандана түсті.

«Қолда бар актив пен институттың беделін пайдалана отырып, жаңару механизмін қалай іске қосуға болады?», «қызметкерлердің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруды бір ағынға түсіру үшін не істеу керек?» деген сауалдарға жауап беру басшының алдына жаңа міндеттерді қойған еді. Қойылған міндеттерді шешу үшін тез арада өзгерістерге шапшаң, өнімді идеяларды ойластыруға қабілетті, Институт оқытушылары мен қызметкерлерін артынан ертіп, көшін бастай алатын жаңа менеджердің қажеттігі туындаған кез болатын.

2013 жылы ұйымның негізгі бөлімшелерін басқару үшін Сәулеш Дімкешқызының тарапынан жоғары оқу орындарынан, облыс мектептері мен колледждерден біліктілікті арттыру жүйесінен мүлде тәжірибелері жоқ көптеген мамандар шақыртылды. Бүгінде өзгерістерді басқару әдіснамасын құру миссиясын шеберлікпен атқара алған А.А. Мухатаев, М.А. Жетписбаева, М.П. Кушнир, А.Н. Сакаева, С.Б. Мукушева сынды менеджерлердің есімдері мақтанышпен айтылады.

Қандай маңызды жоба, жаңа бастама болса да, қайсар мінезімен, қажырлы еңбегімен талай белестерді бағындырды. Нәтижесінде, жаһандану дәуіріндегі бағалы білімнің керуен көшін бастаған бәсекеге қабілетті шетелдік оқу үрдістерін игеру мәселесі бірізділеніп, олармен серіктестік ынтымақтастық байланыс аясында институт оқытушылары мен қызметкерлері Англия, Австралия, Франция, Сингапур, Оңтүстік Корея, Ресей сынды алпауыт мемлекеттерде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алғандығына куәміз.

Білікті басшының айтуынша, өз ісіңнің нағыз маманы болу үшін үнемі ізденіп, біліміңді толықтырып отыруың керек. Үйреніп, ізденбей табысқа жету қазіргі заманда мүмкін еместігін ескергендіктен, оқығаны ғана емес, тоқығаны мол басшы ретінде қашанда қарамағындағы мамандарға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісуден еш жалыққан емес. Басшының басқару стилі көптеген жағдайда ұжымның даму динамикасын және жетістігін анықтайды.

Дана халқымыздың «Басшысы бастай білсе, он кісі жүзді жеңеді» деген ұлағатты сөзі бекерге айтылмаса керек. Шынымен де білікті басшының келбеті өзі бастаған істі жемісті етуі мен ұжымын жеңіске жетелеуінен айқын көрінбек. Басшының «Өрлеу» жастарына ғылым жолына оң бағыт сілтеп, дұрыс жол көрсетуінің арқасында институттың 19 оқытушысы магистрлік бағдарламаны табысты аяқтап, магистр ғылыми дәрежесін алған болса, жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Г.К.Ибрагимова докторантураны аяқтап, PhD докторы ғылыми атағын алды.

Білікті басшыдан – білімді маман шығатыны сөзсіз. Олай дейтініміз, бүгінгі таңда «Өрлеуден» тәжірибе жинақтап, қанаттанған қызметкерлердің бірі ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұлттық орталықтарын, Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығын, Балалар мен жеткіншектер сарайын басқарса, бірі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ құрылымдарында, Педагогикалық өлшемдер орталығында,

Республикалық физика-математика мектебінде, жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде табысты еңбек етуде. Жалпы, С.Мұқанованың бастамашы болуымен атқарылған айшықты істерді бір мақалаға тізіп шығу әсте мүмкін емес. Әр жылдары институт қабырғасында өткен халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар мен мыңдаған маңызды курстар, белді басылымдарға жарияланған жүздеген ғылыми еңбектер кейінгі буынның игілігіне арналған қымбат қазына болып қалатынын мақтанышпен айта аламыз.

Елін емірене сүйген, ұлтын кіршіксіз құрметтеген қадірлі жанның төккен тері мен еткен еңбегі еш кеткен жоқ. Оған ондаған жылдардан астам уақытта «Өрлеу» Қарағанды филиалы республика деңгейінде жүзеге асырылған барлық жаңа жобаларда көшбасшылар қатарынан көрініп, үздік біліктілікті арттыру орталығы атануы айқын дәлел. Дана жұртымыз «Адал еңбек – көнермес құрмет» дейді. С.Мұқанованың да ұзақ жылдар бойы білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, дарынды ғалым, жаңашыл педагог ретінде кенді Қарағанды аймағындағы айшықты істері жылдар өтсе де күн сәулесіндей жарқырап болашақ педагогтердің бағыт – бағдар алатын темірқазығына айналады деп сенеміз.

Өмір деген өлкенің сан салалы соқпақтарынан сүрінбей өтіп, бетке алған биігіне асқақ бітім, аласармас абыроймен жеткен Сәулеш Дімкешқызын өзінің екінші отбасына айналған ұлағатты ұжымының атынан қуанышты күнімен қимас көңілімізді білдіре отыра, құттықтағымыз келеді. Иә, «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алмақ, білікті жан ғана соңында ерген қауымын биіктерге шығармақ» демекші, білім сапасының артуында ұшан – теңіз үлесі мен көнермес қолтаңбасы қалған өнегелі өмір иесі біздің ауыз толтыра айтар асылымыз, мәртебе қылып көрсетер мақтанышымыз.

«Көпшілікке көрсете алсаң өнеге – көпшілікте көтереді төбеге» – деген халық даналығы, ұстаздардың ұстазы, білім мен ғылымның сапасын арттыруға саналы ғұмырын арнаған Сәулеш Дімкешқызына арналғандай. Осынау толқынысқа толы салтанатты сәтте Сізге алдағы уақытта да тұғырыңыздан төмендемей, ғылым мен білімнің дамуы жолында мәңгі жасап, соңыңызда қалдырған ғибраты мол ғылыми мұраларыңыз ұрпақ игілігіне ұласа берсін деп тілейміз!

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды
облысы бойынша кәсіби даму институтының ұжымы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий