Ұлттық жүйе: Білім сапасы басты назарда
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бастамасы бойынша «Қазақстанның ұлттық басымдығы: балалар және білім» тақырыбындағы биылғы республикалық тамыз конференциясының шеңберінде өткен аптаның бейсенбі күні салалық ведомства жетекшісі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВтің қатысуымен «Білім сапасын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесі» тақырыбында панельдік сессияның пленарлық отырысы ұйымдастырылды.
Алқалы басқосуға министрлікке қарасты құрылымдар мен облыстық білім басқармаларының басшылары, білім беру ұйымдарының жетекшілеріне қоса сарапшылар және еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды. Жиынның модераторы ретінде ең алдымен сөз алған ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім беру, техникалық және кәсіби білім, қосымша білім беру құрылымдарын қамтитын білім берудің барлық деңгейіндегі білім беру сапасын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесіне тоқталып, жиналғандарға салалық министрліктің бұйрығымен бекітілген білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықтың мазмұнын ұсыну барысында сапаны қамтамасыз етудің ұлттық моделінің деңгейлерін баяндады.
– Академиялық сапаның шыңына жету үшін сапа мәдениеті болуы керек. Білім беру үдерісіне тартылған барлық адам сапа мәдениетінің жақтаушысы болуы тиіс. Білім сапасы туралы айтқанда әркім бұл туралы ұғымды түрліше түсіндеретіндігін білеміз. Сондықтан бұл бағытта тәжірибесі бар сарапшы мамандардың талқысына салып, ортақ мақсаттағы пікірлесулер арқылы халықаралық тәжірибелерді ескерудің нәтижесінде отандық білім сапасының басты қағидаттары анықталған болатын.
Барлық тараптардың ұсыныс-пікірін ескеру арқылы айқындалған басты ұстаным ресми түрде мақұлданды. Барлық білім беру ұйымдары басшылыққа алатын нұсқаулық әдістемнің қабылданған нұсқасы бойынша түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізіле бастандығын баршаңыз білесіздер, – деді Гүлзат Ізбасарқызы.
– Бұрыннан бар бақылаудан білім сапасын бағамдайтын жаңа тәсілдерге бет бұрудың да қиындықтары жоқ емес. Бұл әрине біріншіден уақытты талап етеді, екіншіден кемшіліктерді түзсетуге көмектесетін арнайы мамандар тобын құруымыз қажет. Сондықтан да күрделі. Десек-те маңызды мәселелерді жазалау сияқты қатаң шараларды қолдану арқылы шешудің орнында қолдау білдірілетіндігін түсінген білім беру ұйымдары бұл бағыттағы жұмыстардың не үшін қолға алынғандығын түсінетін болады, – Асхат Қанатұлы.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева мектептер мен колледждердегі білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингтік (ББЖМ-МОДО) нәтижелері туралы баяндама жасап, мектептердегі оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бойынша контекстік факторлардың әсерін ұсынды.
– Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу қағидалары салалық заңнамаға сәйкес әзірленді және бастауыш пен негізгі орта білім, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейінде білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды. Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (ББЖМ) білім беру ұйымдарынан тәуелсіз және салалық министрліктің бұйрығымен бекітілген тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына (МЖБС) сәйкес білім алушылардың білім сапасын жүйелі бақылау болып табылады.
ББЖМ кейіннен әдістемелік көмек көрсете отырып және білім беру сапасын қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлей отырып, тестілеу нәтижелерін дайындауды және жүргізуді, өңдеуді және жүйелі талдауды қамтиды, – деді Мадина Ағланқызы. – Бізде білім алушылардың оқу жетістігін мониторингілеу бар. Бұл жүйені ары қарай дамытамыз. Өйткені, білім алушылардың оқу жетістігін мониторингілеу PISA сияқты құрал болуы керек. Екіншіден, білім алушылардың оқу жетістігін мониторингілеуден ешкім қорықпауы қажет.
Үшіншіден, білім алушылардың оқу жетістігін мониторингілеу және аттестациялау өткізгеннен кейін оның ешқандай жазалаушы ықпалы болмау тиіс. Аттестациядан өтпедіңіз бе, онда бірінші рет ол көмек сияқты болуы қажет. Адам ауырып қалғанда оған ешкім «ауырып қалдың» деп ұрыспайды ғой. Егер мектепке барып, тексеріс жұмысын жүргізіп, кемшіліктерді анықтасақ, онда «мынадай мәселелер бар, оған осындай көмек керек» деп айтуымыз керек. Сол көмекті көрсету үшін Білім академиясынан, «Өрлеуден» бір топ шығып, алты ай немесе бір жыл көмектесуі қажет. Сонда мектептер оларды түсінетін болады, – деді Асхат Қанатұлы.
Салалық министрдің мәлімдеуінше жекеменшік балабақшаларға лицензиялау енгізу мәжбүрлі іс-шара. Бұл міндетті жүзеге асыру кезінде мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға бірдей талап қойылатындығы көзделген. – Жеке ұйымдар қауымдастықтарының басым көпшілігі бұл бастаманы толық қолдайды. Amanat партиясы жанындағы комиссияның жақында ұйымдастырылған отырысында ицензиялауды енгізу мәселесі қаралды.
Осы басқосуға қатысқан мүдделі тараптар мемлекет осы рәсімге жауапкершілікпен қарап, енгізілуі тиістігін нақты айтқан болатын, – деді Асхат Аймағамбетов. – Аттестация бес жылда бір рет өткізіледі. Қазір мынадай мүмкіндік ойлап тауып алыпты. Олар «ештеңе етпейді, төрт жыл жұмыс істедік», – дейді де бесінші жылы жабылады. Содан кейін қайтадан жаңа мерзімге ашылып, «бәріміз жаңа субъектіміз», – дейді. Бірақ бұл әрекеттен ең алдымен кім бәрінен бұрын зардап шегеді? Әрине баларлығымыздың балаларымыз, яғни тәрбиеленуші, – деді ведомства жетекшісі.
ҚР Оқу-ағарту министрінің айтуынша жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес барлық оқушы дене шынықтыру сабағын да, басқа пәнді бірге оқиды. – Еліміздің біраз мектептеріндегі спорт залдарда бір уақытта бірнеше сыныпқа дене шынықтыру сабағы қатар болады. Егер әр сыныпты екіге бөліп, бір-бір мұғалімнен беретін болсақ, бір сәтте 6 мұғалімге дейін жүруі керек болады. Меніңше ұстаздар қауымына қате ақпарат таратылған. Дене шынықтыру пәні бойынша сағаттардың қысқармайтындығын министр ретінде ашық мәлімдеймін.
Яғни, әр сыныпқа аптасына үш сағаттан болып қала береді. Жыл сайынғы дәстүрге сәйкес, елімізде 500 мың сағат дене шынықтыру пәніне бөлінеді, – деді Асхат Қанатұлы. – Былтырдан бастап балаларға мемлекеттік тапсырыс арқылы үйірмелерге, спорт секцияларына баруға қосымша мүмкіндік берілген. Дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне үш сағаттық спорт секциясын өткізгені үшін жалақысына қосымша 100 пайыз төлем қосылады. Бұл оқу жоспарларының шамадан тыс жүктемесін болдырмай, балалар арасында бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасайтын қолайлы қадам.
Білім сапасы – білім беру үдерісінің жағдайы мен нәтижелілігін, тұлғаның азаматтық, тұрмыстық және кәсіби біліктілігін дамыту мен қалыптастырудағы оның қоғам сұраныстары мен мүддесіне сәйкестігін анықтайтын әлеуметтік санат. Білім сапасы мониторингінің басты мақсаты – білім беру үдерісі мен оның қызметінің негізгі көрсеткіштерінің жағдайы туралы ақпаратты қорытуға және талдауға, сапалы білімге жету жөнінде басқарушылық шешім қабылдауға, оның даму қарқынын болжауға арналған негіздеме құруға бағытталған.
Негізгі міндеттері: оқу-тәрбие үдерісінің жағдайы мен жүзеге асырылатын мамандықтар бойынша маман дайындау сапасын жүйелі және жан-жақты зерттеу; білім беру үдерісінің барлық кезеңдегі жағдайы, ұйымдастырылуы, мазмұны мен нәтижелері туралы нақты әрі толыққанды ақпарат алу; мониторингтік зерттеу механизмін құру; ақпаратты жүйелеу үші, оның жеделдігі мен қолжетімділігін арттыру үшін, ақпарат ағымдарын оңтайландыру үшін құрылымдық бөлімдердің жергілікті ақпараттық желісін құру; мониторингтің барлық субъектілерінің қызметін үйлестіру; заманауи жетістіктер негізінде ақпараттық-талдамалы қызмет технологиясын жетілдіру; білім беру кеңістігіндегі өзгерістерді дер кезінде анықтау және жұмыс жоспарына түзетулер енгізу.
«Ақпараттық-талдау орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағжан Аманғазы секция қатысушыларына халықаралық зерттеулер призмасы арқылы білім мен дағды сапасын бағалау әдістерін ұсынып, қазақ және орыс тілінде оқитын білім алушылардың арасындағы алшақтықтың азайғандығын айрықша атап айтты. – Қала мен ауыл оқушылары арасында оқу сауаттылығындағы алшақтық 22 балға қысқарған. 2018 жыл бұл көрсеткіш 37 балды құраса, 2021 жылдың зертеу нәтижесіне сәйкес 15 балл болды. Бұл алшақтық негізінен ауыл мектептерінің оң динамикасы негізінде орын алды.
Оқыту тілі бойынша, яғни, қазақ және орыс тілінде оқитын білім алушылардың арасындағы алшақтық 21 балға қысқарды. Бұл жерде де алшақтық қазақ тілінде оқитын оқушылардың анағұрлым оң динамикасы нәтижесінде қысқарды, – деді Мағжан Заңғарұлы. – PISA-ның төрт жыл бұрынғы көрсеткіштерімен салыстырғанда былтырғы сараптамадан барлық үш бағыт бойынша оң динамиканы байқап отырмыз. Сонымен қатар функционалдық сауаттылығы төмен білім алушылардың да үлесі қысқарып отыр. PISA зерттеуіне еліміздің атынан 270 мектеп пен колледж қатысты.
PISA-ның мектептерге арналған аппробациялық зерттеуінің ерекшелігі тест нәтижесі мемлекет деңгейінде ғана емес, әр қатысқан мектеп пен колледж бойынша есептеледі. Қазақстан әлемнің 14 елі қатысып отырған пилоттық зерттеудің валидациялық кезеңінен сәтті өтті. Оқу сауаттылығы бойынша нәтиже – 30 ұпай, математика бойынша – 24 ұпай және жаратылыстану бағытының қорытындысы 11 ұпаймен ілгері даму қарқынын көрсетті.
Оқу сауаттылығы бойынша екінші деңгейден төмен нәтиже көрсеткен білім алушылардың үлесі 18,3 пайызға азайды. Математика бойынша – 10,2%, ал жаратылыстану бағыты бойынша 2,2% төмендеп отыр. Панельдік секцияның жұмысына облыстық білім басқармалары мен аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, сала министрлігіне қарасты ведомстволық бағынысты ұйымдар мен мүдделі тараптардың өкілдері қатысып, тақырыпқа қатысты ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...