Бала тәрбиесіндегі үлестің үлкен-кішісі болмақ емес

Қысқа тіршілікте адам баласының үмітке толы өміріне нәр беріп тұратын үш қана күретамыры бар десек қателеспейміз. Ол күрематырлар: Кеше, Бүгін және Болашақ.  Бұл үшеуі бірігіп тарихты құрайды. Тарих ешкімнің еншісі болмаса да  бірде-бір басы жұмыр пенде тарихқа немкетті қарай алмайды. Бүгінгі болып жатқан жаңалықтар да ертеңгі күні тарихқа айналатыны сондықтан. Бүгінгі  сөз азаттығы да, ой азаттығы да шектелген қоғамда  адамның рөлін ойнауға барынша тырысып жүрген жандар осы мәселе жөнінде ойланар ма екен бір сәт….

«Жоқ» деп аузымызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды.  Қазақ халқының мына аласапыранға шегеленген жаһандану заманында  бір жүйеден екінші жүйеге өтіп бара жатқан сәтінде ұлттың дәстүрлі құндылықтарының бірте-бірте ұмытылып бара жатқанына жаны сыздап, жүрегі ауыра уайымдайтын атпал азаматтар баршылық.  Осынау тарихи дерттің дендемеуі үшін тегеурінді әрекетке көшіп, халықтың ғасырлар бойы қатталған ұлы мұрасын бүгін мен болашақтың  игілігіне айналдыру үшін ұрпақ тәрбиесін басты назарға алу –  ең киелі мұраттардың бірі болуға тиіс екенін санасымен сезіне білген жанның бірі – Нұркен Асанов.

Тарихи дамудың қатал талқысында  қазақи болмысты  сақтап қалудың, келер күндерді төл қадір- қасиетіңмен қарсы алудың  бірден-бір кепілі қоғамды тәрбиелеу екенін жете түсінген азамат дереу іске кіріседі.

– Барынша дендеп бара жатқан  рухани мәңгүрттікке  қарсы күресудің амалы қайсы деген сұрақ жүрегінде иманы бар әрбір азаматты мазалауы тиіс.  Технократтық даму ұлттық  атаулының бәрін кеміріп, жалмап, обып, құртып бара жатқаны жегідей жеді. Ішіңнен шыққан балаңа «біз осындай болып едік» деп  нандыра алмайсың. Ал, өзіндік қасиеттен айрылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениетін сақтап қалған ұрпақ қана. Сондықтан бұл жолда еткен еңбек пен төккен терді Тәңірдің сыбағасына балай жүріп, өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберу қажет-ақ болды. Бірден баланың бас ұстазы  – ата-аналарға арналған ұйым аштық, – дейді Нұркен Жарылқапұлы.

«Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігі осылай дүниеге келді.  Қиял қанатында ғана піскен дүниені жүзеге асыру бөлек әңгіме екендігі тағы бар.  Құрылтайшы қарап қалмады, ол ақ қарда із кескен саятшыдай әр өңірден өзіне серіктес тапты. Алдымен Павлодарда басталған бірлестік идеясы  біртіндеп әр өңірде жалауын желбіретті.  Бір арба қоқымнан бір түйір алтын сүзіп алатын кеншілеріміздей олар ұлттық тәрбиеміздің ұмытылған, тот басқан парақтарын жаңғыртып, көмескі таңбаларын сөйлетуге тырысты.  Олардың бұл саладағы еңбегі инемен құдық қазғандай болды десек қателеспейміз.

Айнаш Әлдибек, журналист:  – Бүгінгі таңда жетпістен астам телеарна жетпіс түрлі насихат жүргізеді.  Оған күндіз-түні афро-америкалық поп-музыканы саңқылдатқан радиоңызды, интернетіңізді қосыңыз. Олар  әлі ақылы толыспаған, асыл мен жасықты парықтай алмайтын жастар үшін жан-жүрегін баурайтын қиял-ғажайып әлемдей көрінері шындық. Сөйтіп ақылы толыспаған жас сана екіге жарылады. Осының бәрі қазіргі адамдар үшін, әсіресе, жастар үшін үлкен психологиялық ауыр жүк. Олар өмірден өз бағытын таба алмай басы қатады, іштей булығады. Нәтижесінде, өзін-өзі өлімге қияды немесе өте ауыр қылмыстар жасайды.

Сөйтіп, біз байлық қуып, тезірек елдің әлеуметтік жағдайын түзейміз деп отырғанда, халықтың болашағы болып табылатын жастар этностың ұлы сабақтастық дәстүрінен қол үзеді, этностың бір мүшесі ретінде бойында болуға тиісті құндылықтардан жұрдай болып шығады. Мұндай жастар өзі тұрғылас өзге елдердің жастарының алдында өздерін рухани жарымжандар сияқты сезінеді. Жалын атқан жастарға тән асқақ сезімдерден ада болады. Сөз жоқ, мұның салқыны елдік сапада да көрініс табады. Қасіреттің көкесі осы болса керек. Айналып келгенде  кімді кінәларыңды білмей дал боласың.

Ата-ана мектепке сілтейді, мектеп ата-анадан көреді. Екі ортада бала зардап шегеді.  Мен осындай бірлестік ашылғанда  шын қуанған ананың бірі болдым. Алматыда өткен іс-шараларына, конференцияларына қатыстым. Ұстанған бағыттары айқын әрі нақты екен – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе, мықты коуч-тренерлерді жалдап, ата-аналарға лекция оқып, ақыл-кеңеспен бөлісу олар үшін үлкен көмек дер едім. Қазір бірлестік те, ұйым да көп. Бірақ сол көптің ішінде топ жарып келе жатқаны «Сенімен Болашақ» дер едім.

Нұрлан Сәрсенбаев, этнограф-жазушы: – Қазақ халқы «Атадан пұл қалғанша ұл қалсын» деп өз ұрпағын ерекше қадір тұтқан. «Бала – адамның бауыр еті», «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деген бала туралы баламалар қазақтардың өмір тәжірибесінен туған ой қорытындысының жауһары. Балаларға жақсы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар қалыптастыру жайлы ұлы Абай «Ғылым, білімді әуелі бала өзі іздеп таппайды, басында зорлықпен, яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі ізденгендей болғанша қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» деген ұлағатты пікір айтты.

Халық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын өз ұрпақтарына «Бесік жырын» айтып сіңіріп отырған. Көшпенді халықтың қоғамдық өмірінен туындаған халық педогогикасының қайнар көзін халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен тамырласып жатқандығынан аңғаруға болады. Халықтың салт-сана, әдет-ғұрыптарын білетін қадірменді ақсақалдардың көбін қара жер құшағына жасырып алса, аз санды көне көздердің білетіндері қағаз бетіне түсірілмеуі саналы азаматтарды ойландырары хақ.

Халықтың салт-сана, әдет-ғұрыптарынан сан тарихтың сорабы, халық дәрігерлігі, математика, химия, биология, тіл, дін, таным тағы басқа толып жатқан ғылыммен біте қайнасып жатқанын байқауға болады. Оны зерттеу өз алдына мүшкіл шаруа. Сондықтан қазақтың балаларға байланысты салт-дәстүрлерін де алдағы уақытта жаңғыртып, қоғамға дендеп енгізу керек сияқты. Аталмыш бірлестік сол бағытта да жұмыс жасаса нұр үстіне нұр болар еді деген ойым бар.

Байырғы бабаларымыздың даналық өсиеті бар: «Егер, сен алыс сапардан қоржын толы алтынмен оралсаң, сол алтынды отыңның басы, ошағыңның қасына ғана төк. Егер, сен алыс сапардан жақсы дос тауып қайтсаң, онда ауылыңды жинап таныстыр. Ал, егер, сен алыс сапардан ұлағатты сөз естіп қайтсаң, онда бүкіл еліңді жинап, айтып беру міндетің». Көңіл көкжиегі, ой дариясы өте кең Нұркен Жарылқапұлы  дүние-тіршілік сапалы адамға, саналы ата-анаға зәру екенін ұғына отырып әрекет еткен азамат. 

Ұлттық тәрбие бағытын дамыту белгілі бір сала өкілдеріне ғана жүктеліп қалмауы керек. Саналы ұрпақ тәрбиелеу ең алдымен әр адамның жеке басының санасына байланысты дер едім. Ата-бабаң сан мың жыл қолданған, ертең болашағыңа азық болар ұрпақ үшін қызмет ету – ардың ісі деп білемін.

Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ, журналист

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий