Жаһандық пандемиядан кейін қалыптасқан экономикалық  жағдай талқыланды

Тұтас түркі әлемінің рухани астанасына айналған Түркістан қаласында «Пандемиядан кейінгі әлемдегі ақша-несие және қаржылық саясат: тәжірибе, мәселе және қиындықтар» атты V Халықаралық экономика, қаржы және энергетика конгресі (EFE’2022) ұйымдастырылды. Әсілінде EFE конгресі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен 2014 жылдан бері екі жылда бір рет дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатыр. Әрбір жиын жаһандық маңызды тақырыптарға арналып, сарапшылар мен ғалымдардың ойын ашық айтып, түрлі идеялар ұсынатын ашық алаңына айналды.

Биыл да бұл дәстүрден танбай, қазіргі уақытта күллі әлем үшін өзекті мәселенің бірі конгресстің басты тақырыбына арқау болды. Ол – пандемиядан кейінгі қалыптасқан экономикалық жағдай. Дүниежүзі халқы екі жылдан астам уақыт бойы есті шығарған пандемияның салдарынан әлі де арыла алмай келе жатқанын мойындау керек. Қаншама елдің экономикасы күйреп, саясаты әлсіреді, адамзаттың өмір сүру деңгейі нашарлады.

Тұрақты дамудағы тоқырау, саяси тұрақсыздық, ғаламдық құн тізбегінің әлсіреуі, саяси тұрақсыздық, ақша мен нарық саласындағы белгісіздік, тәуекел, қаржылық саясаттың дұрыс жүзеге аспауы және тағы да басқа проблемалар  жағадан алды. Мұндай сәтте, сала мамандарының, сарапшылардың пікірлері мен зерттеулеріне иек артуымыз қажет. Сондықтан, биылғы EFE’2022 конгресі пандемиядан кейінгі әлемдегі негізгі экономикалық, қаржылық, саяси және энергетикалық өзгерістерді ғылыми көзқарас тұрғысынан талқылауға бағытталып отыр.

Халықаралық жиынның ашылу салтанатына  Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінің Жоспар және бюджет комиссиясының төрағасы Жевдет Иылмаз, Түркия Жастар және спорт министрлігінің кеңесшісі Селим Жерраһ, V Халықаралық экономика, қаржы және энергетика конгрессінің төрағасы Невзат Шимшек, Нью-Йорк Тирана университетінің Өкілетті кеңес мүшесі Хасан Ташчы, Ибн Халдун университетінің ректоры Атилла Аркан арнайы қатысып, ақ жарма тілектерін айтты. Сондай-ақ, Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек, ректоры Жанар Темірбекова және ректор өкілі Женгиз Томар сөз сөйлеп, шара жұмысына сәттілік тіледі.

Алғашқы сөз кезегін алған Халықаралық экономика, қаржы және энергетика конгрессінің төрағасы Невзат Шимшек бұған дейін өткізілген жиындарға тоқталып, әрбірінің мәні мен маңызын саралады. Ал шараға арнайы келген Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінің Жоспар және бюджет комиссиясының төрағасы доктор Жевдет Иылмаз бауырлас Қазақстан және Түркия мемлекетінің әрбір сала бойынша тығыз қарым-қатынасын сөзге тиек етті. Сондай-ақ, соңғы уақытта әлемде болған экономикалық және қаржылық жағдайларға назар аударып, осы бағытта қабылдаған шараларды Түркия Республикасының мысалында түсіндірді.  

Жалпы саны жиырма бес сессияны қамтыған конгресске Түркия, Қазақстан, Албания, Босния-Герцеговина, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері сынды 16 елден жүз елуден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Бірінші күнгі сессияларда жасалған баяндамалар пандемиядан кейінгі сауда байланыстары, жаһандану мен саяси тұрақсыздық, экономика саласындағы ағымдағы инновациялар, тұрақты жобаларды басқару, еңбек нарығы, жұмыспен қамту сияқты негізгі тақырыптарды қамтыды.

Баяндамалардың барлығы жаңа үдерістер мен түйткілді мәселелер туралы маңызды ақпарат берумен қатар, қазіргі экономикалық мәселелерді еңсерудің шешімдерін де ұсынды. Жаңа үдерістер тұрғысынан алғанда, өмірімізге дендеп еніп келе жатқан криптовалюта, блокчейн технологиясы, метаверс және осы цифрлық әлемге қатысты көптеген баяндамалар EFE’2022 конгресіміздің ең қызықты тақырыптарының бірі болды.

Ал конгресстің екінші күні басты назар энергетика саласына аударылып, жаңартылатын энергия әлеуеті, климаттың өзгеруі, көміртегі шығарындылары, тұрақты даму, мұнай мен табиғи газ бағасы және экономикалық өсу болжамдары сияқты өзекті тақырыптар аясында баяндамалар жасалды. Алдағы 50-100 жылда қазба отынның басым бөлігі таусылатыны белгілі. Сондықтан жаңартылатын энергетика көздерін дамыту және олардың жаһандық жалпыласуын арттыру өте маңызды.

Осыған орай, жаңартылатын энергетика өндіру мен тасымалдауға кедергі болып отырған технологиялық, қаржылық, әкімшілік және дәстүрлі энергетика алпауыттарының (мұнай, табиғи газ, көмір және осыған ұқсас ресурстарды өндірушілер мен сатушылар) әсерінен туындайтын проблемаларды тез арада жою бойынша түрлі идеялар айтылды. Сонымен қатар, энергия өндірісінен туындаған қоршаған ортаның ластануы мен климаттың өзгеруіне байланысты жасалатын қадамдар мен кездесетін мәселелер талқыланды.

Үшінші күнгі сессиялар конгресіміздің үш негізгі тақырыбының бірі болған қаржы мәселелерін өзек етіп, ақша-несие саясаты, валюта бағамы, қаржылық саясат, қаржылық тәуекелдер мен тұрақтылық, жаңа қаржылық технологиялар, неолибералдық саясат, өнімділік, инфляция, адам капиталы және мемлекеттік қарыз сияқты тақырыптарға бағытталды. Бүгінде инфляция жаһандық сипат алып, ең басты мәселелердің біріне айналып отыр.

Сондықтан конгрессте оған қарсы қабылданған шаралардың мемлекеттік және жаһандық ауқымдағы үйлесімділігі талқыланды. Бұған қоса, Еуразия аймағындағы түрлі елдердің валюта бағамына қатысты дөп келіп отырған мәселелердің себептері анықталып, шешу жолы туралы түрлі идеялар ортаға салынды. Сондай-ақ, елдердің мемлекеттік қарызындағы басты мәселелер, жұмыссыздық және өндірістегі өнімділікті арттыру туралы айтылды.

Қазақстандағы экономикалық даму үдерісі де сарапшылардың назарынан тыс қалмады. «Жаңа Қазақстан экономикасындағы креативті өндірістің орны», «Қазақстанда циркулярлы экономика қалыптастырудағы халықтың экологиялық мәдениетін бағалаудың әдіснамалық негізі», «Қазақстандағы еңбек күші артық өңірлердегі еңбек нарығын дамытудың кейбір мәселелері» және тағы да басқа маңызды тақырыптар айтылған сессия жұмысы көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Айта кетейік, EFE конгресі әлемдегі ең таңдаулы ғалымдар мен сарапшыларды бір платформа аясында топтастыруды, сондай-ақ Еуразия, оның ішінде Орталық Азия аймағының экономика, қаржы және энергетика саласындағы үдерістерін жаһандық және аймақтық геосаяси, геоэкономикалық өзгерістер тұрғысынан қарастырып, ғылыми тұжырым жасауды көздейді.

Соңғы жылдардағы әлемдік күш тепе-теңдігін белгілейтін басты факторлардың біртіндеп Азия аймағына қарай ойыса бастағанын ескерсек, аталмыш салалардағы оқиғалар мен өзгерістерді әртүрлі қырынан сараптап, ғылыми ұсыныстарды талқыға салудың маңызы өте зор.  Сондықтан EFE конгресі болашақта да айтулы ғалымдар мен сарапшылардың басын қосатын халықаралық алаң ретінде жұмысын сәтті жалғастырады деп сенеміз.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университетінің
Медиа және PR орталығы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий