Ералин Нуртаза – 140: Ауыл мұғалімінен Әділет комиссарына дейін

(Аманқарағай болысының тумасы Ералин Нуртазаның туғанына 140 жыл толуына орай). Бүгінде кейбіреулердің Нұртаза Ералинді 1929 жылы Маңғыстауда қаза тапқан Шәбден Ералиевпен шатастыратыны бар. Кешегі дүрілдеп өткен Кеңес дәуірі тұсында Шәбден Ералиевтың қайғылы тағдырына таптық тұрғыдан кәдімгідей мән беріліп, оның есімі Қазақстан энциклопедиясынан да лайықты орын алған болатын. Есесіне біршама ірі қызметтер атқарған, артында қарама-қайшы пікірлерге толы із қалдырып, 1938 жылдың Сталиндік қызыл террорында мерт болған Нұртаза Ералиннің өмірі мен қызметі туралы деректерді табу қиын.

Н.Ералин мен Ш.Ералиевті шатастырудың сыры – екеуінің де құқық қорғау органы қызметкерлері болғандығынан да шығар. Нұртаза Ералин атқарған қызметтерінің бір тұстарында Қазақстанның Әділет халық комиссары және Республика прокуроры болса, Шәбден Ералиев ұзақ жылдар ішкі істер (НКВД) органының қызметкері болған еді. Нұртаза Ералин туралы бізді біліп ізденуге итермелеген негізінен мына жәйттер: біріншіден, партияның тарихы зерттелген әдебиеттерде Н.Ералиннің есімі Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Ораз Жандосов секілді көрнекті мемлекет қайраткерлерімен қатар аталады [1]. Ендеше ірі саяси тұлғалармен тең тұрған осынау белгісіз адам туралы ақиқатты оқырман қауымның білуі тиіс деп ойладық.

Екіншіден, Н.Ералиннің 1925 жылдары белгілі қазақ жазушысы Жүсіпбек Аймауытовты соттау процесіне қатысы болғандығы тарихи деректерде айтылады. Мәселенің мүмкіндігінше анық-қанығына жету үшін аталған жеке тұлғаның өмірі мен атқарған қызметін анықтап, тануымыз қажет болды. Мұрағатта сақталған мәліметтерге жүгінсек, Нұртаза Ералин 1882 жылы 15 желтоқсанда Қостанай губерниясы, Қостанай уезі, Аманқарағай болысының № 9 ауылында дүниеге келіпті. «Ата-анамнан ерте айрылдым. Әкемнің бейнесі есімде сақталмапты. Жеті жасқа толғанымда шешем қайтыс болды. Сөйтіп туғаным жоқ тұл жетімге айналдым…» деп жазыпты Нұртаза 1920 жылдары өз қолымен толтырған өмірбаянында.

Бір қызығы Нұртаза Ералин жеке істерінде әлеуметтік тегін үнемі пролетариат деп көрсетеді. Алайда, кей деректер Нұртазаның Кіші жүздің ханы болған Ералының тұқымынан тарайтындығын меңзейді. 1924-1925 жылдардағы партиялық тазалау науқандарының барысында тізілген құжаттарда ол туралы: «Иралин тоже происходит из того же рода «султан», из рода потомков быв­ших казахских  ханов» деген анықтамалар бар. Тоқалдан жалғыз туса да, бәйбішеден тараған бауырлары Нұртазаның оқып білім алуына көп көмегін тигізеді. Ол тоғыз жасында миссионерлік мақсатта ашылған орыс-қазақ мектебіне түседі.

Жаз айларында ауыл байы Ж.Сейдалиннің шаруашылығында егін орып, мал бағып жүрген ағаларына қолғабыс тигізеді. Кейін Қостанайдағы қалалық училищені бітірген соң Қостанай уездік басқармасының іс жүргізушісі болып, айына 5 сом жалақы алатын қызметке тұрады. Осы жылдары (1900-1905 жж.) М. Сералин, С. Угжин секілді демократ-ағартушылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, отарлық езгіден құтылудың жолы  ағартушылықпен айналысу, қазақ халқының көзін ашу керек деген байламға келеді. Көп кешікпей 1905 жылы Ресейдегі бірінші ре­волюция тұсында «төңкеріс рухымен уланған» қызметкерлер ретінде бір мекемеде істейтін С.Угжин жер аударылса, Н.Ералин қызметтен қуылады.

Сол кезеңдерді ол былайша еске алады: «Уезд бастығы мені хатшылық қызметтен босатып, Қостанай уезі бойынша жұмысқа орналасу құқымнан айырды. Сол жылдың күзінде Орынбор қаласына барып, төрт жылдық орыс-қазақ мұғалімдер мектебіне түстім. Оқу барысында жаз айлары «Торғай – Орал» Қоныс аудару басқармасында жалданып жұмыс істеп, қыста оқуымды жалғастыратынмын. Қаладағы социал-демократиялық одағының ұйымына катынастық. Оқуды жақсы үлгеріммен аяқтасам да мектеп инспекторы И.И. Бу­товский қоғамға қауіпті саяси күдіктілердің бірі деп, түрлі кінәларды мойныма артып қойды… Сөйтіп мұғалімдік қызметке бөлгенде Қостанай губерниясының ең түкпірі саналатын Торғай уезінің Қаратоғай болысынан бірақ шықтым» – деп жазды.

Бұл 1909 жылдың көктемі болатын. Содан Нұртаза 10 жыл бойы мұғалімдік еңбектен қол үзбей, ағартушылықпен шұғылданады. 1917–1918 жылдары Қазақстанда Кеңес өкіметі орнаған кезде ағарту мәселесі Жұмысшы-ағарту (рабпрос) басқармасының құзырына көшіп, Н.Ералин де жаңа әкімшілікке қарайтын мұғалімнің бірі болып шыға келеді. Жасы қырыққа таяп қалса да Нұртаза Ералиннің ағарту саласындағы қызметі енді өрге басады. 1919 жылдың 18 қарашасынан Қостанай уезінде мұғалім-нұсқаушы, кейін уездік халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болады.

1920 жылы Н.Ералин большевиктер партиясы қатарына өтуге арыз береді. Алайда, сол жылы 6 ай бойы сүзекпен ауырып, жергілікті партия ұйымымен байланысын үзіп алады. 1922 жылдың наурызында жергілікті Кеңестік съездің шешімімен уездегі Азық-түлік комитеті басқарушысының орынбасары болып сайланады. Сол жылдың 1 қыркүйегінде большевиктер партиясы мүшелігіне қабылданып, Қостанай губерниялық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне ауысады. 1923 жылдың 1 мамырынан Қостанай губерниялық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына, қараша айынан губерниялық атқару комитетінің хатшылығына тағайындалды.

Қазақ автономиясы жарияланғаннан кейін мемлекеттік басқару аппа-ратына жергілікті ұлт өкілдерін қатыстыру шаралары қолға алынды. Сол мақсатпен белгілі қазақ демократы Мұхамеджан Сералинді Қостанайдан орталыққа (Орынборға) қызметке алдырту үшін «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы етіп тағайындаған Қазобкомның шешімі сырттай қабылданған болатын. Өкінішке орай, М.Сералин денсаулығына байланысты Орынборға бара алмады. Осы тұста облыстық партия комитеті 1923 жылы Н.Ералинге де мінездеме сұратады. Қос­танай губкомының Н.Ералиннің қыз­метіне берген қорытынды бағасы мәз емес.

Мәселен: «…арнайы марксистік дайындығы жоқ, саяси білімі орташа, тікелей басқарушы болған емес, тапсырмаларды орындаумен ғана жүрді» деп ашық жазады. Сондай-ақ, оның рулық байланысын үзе алмағандығын, осы мақсатта кейде өз қызметін пайдаланып та кететіндігін бадырайтып көрсеткен. Дегенмен, оның жұмысты орындаудағы техникалық деңгейінің (іс қағаздарын жүргізу, заңды білуі т.б.) талапқа сай екендігін де жасырмаған. 1924 жылдың сәуірінде Нұртаза Ералин Орынборға келіп, облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары міндетін атқаруға кіріседі.

Байқауымызша, мұндай үгіт-насихат жұмысынан өткізу  тәсілі мемлекет қайраткерлерін жоғары қызметке жіберер алдындағы сынақ мектебі ретінде пайдаланылған секілді. Оған дейінгі екі комиссар – Мырзағұл Атаниязов пен Нығмет Нұрмақов та қызметтің осы баспалдағынан өткен-ді. Көп кешікпей, 1924 жылдың 9 қыркүйегінде Нұртаза Ералин Нығмет Нұрмақовтан Қазақстанның Әділет халық комиссары және Республика прокуроры міндетін қабылдап алды. Ералин Нұртаза Әділет халық комиссары және Республика прокурорларының арасындағы өз қызметін ең қысқа мерзімде атқарған адам. Осынау аз уақыт ішінде ол өзін толық танытып үлгере алмады.

Дегенмен де Кеңес дәуірінің алғашқы 10 жылдығындағы даулы оқиғалардың біріне айналған Ж.Аймауытов, І.Бәйменов, Қарпықов т.б. тергеу істерін қайта көтеруге оның тікелей қатысы бар. Сонымен қатар лауазымды қызметіндегі екі айдың ішінде ол комисса­риат тарапынан жергілікті прокуратура әрі сот органдарына нұсқаулық бағыт беретін 30-ға тарта құжаттарға қол қойып үлгеріпті. Сол маңызды деген құжаттардың кейбірінің мазмұнына тоқтала кеткенді жөн санадық.

Н.Ералин қызметке келгендегі жасаған маңызды қадамы қазан айында губерниялық соттардың құрамын түгелдей қайта жаңғыртуды белгілеген сайлау науқанын ұйымдастыру туралы Ережені бекітті. Жаңа тәртіптің негізінде губерниялық сот қызметкерлерінің кәсіби деңгейі мен міндетіне сәйкестігіне басты назар аударылып, қайта сайлау өткізуді 1925 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқтау тапсырылды.

Бұл сот қызметінің сапалық деңгейін көтеруге бағытталған бірден-бір маңызды шаралардың бірі еді. Ереже талабын орындау барысында қазақтар губсот қызметкерлерінің басым көпшілігін құрай бастады. Аталған кезеңде мемлекеттік салық, каржы мекемелерінің қызметін ретке келтіретін құқықтық нормаларды қалыптастыруға да айрықша көңіл бөлінді. 1924 жылдың 30 қыркүйегінде губсот, прокурорларға жолдаған нұсқауында Нұртаза Ера­лин қаржы органдарының жергілікті қаржы туралы ережені өрескел бұзу әрекеттеріне қатты алаңдаушылығын білдіріп: «заңды және жеке тұлғаларға заңсыз салықтар салу азаматтық кұқықтың бұзылуы деп танылуы тиіс. Мен Әділет халық комиссары ретінде қаржы әрі салық органдарының бұл әрекетіне қарсы батыл күресті ұйымдастыруды сіздерге міндеттеп отырмын» – деп мәлімдеді.

Соңында, мұндай дәлелдермен тіркелген заң бұзушылардың істерін қысқа мерзімде қарау тапсырылды. Осы тектес құжаттардың мән-мазмұнын терең саралау барысында бүгінгі қөзқарас тұрғысынан салыстыра отырып, Кеңес дәуіріндегі Қазақ Автономиялы республикасының құрылысындағы құқықтық мемлекеттің нышандарын қалыптастыру жолындағы тәуір бастамалары болғанына куә болдық. Қазіргі тәуелсіз еліміздің күрделі кезеңдерінде құбылысқа айналған өзекті мәселелерімен үндесіп жатқан әлеуметтік-экономикалық шаруаларды заң жолымен реттеуге бағытталған Әділет комиссарының және Республика прокурорының нақты іс-әрекеттері осыны аңғартса керек.

Мәселен, жұмысшыларына, қызметкерлеріне уақытылы еңбек ақысын төлемейтін өндіріс орындары мен мекемелерге қарсы күрес тәртібін күшейту мәселесі Әділет комиссариатының кезекті алқасында қаралған. Ізінше 1924 жылдың 8 қазанында «құпия» белгісі соғылып, Н.Ера­лин қол қойған қатынас хатта губпрокурорларға мемлекеттік, шаруашылық органдарының еңбеккерлеріне жалақыны уақытында беруін жүйелі түрде бақылауға алу, сондай-ақ осы мәселе жөнінде кінәлі болып танылғандарды әкімшілік немесе қылмыстық тәртіппен заң жүзінде жауапқа тарту тапсырылды.

Нақ осы жылдарда жаза тағайындау, сот ісін жүргізу, сот билігін басқару салаларында келеңсіз құбылыстар да біртіндеп орныға бастады. Әділет комиссарының 1924 жылдың 25 қазанында губпрокурорларға жолданған қатынас хатында мал ұрлау қылмысын әшкерелеуде таптық принципті (шығу тегіне қатысты заң бұзушылықтың мазмұнын құбылтуға болатын) ұстану қажеттігі ашық айтылды [6]. Немесе атақты соттық емес ұйым «Бестік кеңес» құру туралы облыстық партия комитетінің (кейінгі Өлкеком) шешіміне берілген түсініктемеде губернияларға жолданған мынадай ұсыныс-пікірлер бар: «Біріншіден, ұсақталып кетпеу үшін бестік кеңесті тек губернияларда және облыстық партия комитетінде ғана құрған жөн.

Айына бір рет жиналатын губерниялық бестік кеңесіне губком хатшысы, губпрокурор, губсот төрағасы, губәскери бөлім бастығы, ерекше мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) бастығы енеді. Олардың жұмысын бір орталықтан үйлестіріп отыру үшін обкомдағы бестік кеңес те осындай тәртіппен құрылады. Екіншіден, бестік кеңесте жаза тағайындау тәртібі, сот құрылысы, саяси қылмыс мәселелері және қызмет бабындағы, шаруашылық салаларындағы заң бұзушылық, мал ұрлығы, самогон қайнату сияқты қылмыстық істер талқыға түсуі керек»,– делінген [7]. Құжатта белгіленгені аталған бестікке қожалық жасаушы, есебін тыңдап жұмысының бағыт-бағдарын белгілеуші Қазақ Облыстық РК(б)П Комитетінің хатшысы, губернияларда – губерниялық партия комитетінің хатшылары еді.

Кеңес жүйесіндегі аты-шулы «бест ктер», кейінгі «үштік», «екілік» атты сот құзырын атқарушы әкімшілік органдар осылайша дүниеге келіп, олар әсіресе, 1930 жылдары таптық жаулармен күрес науқаны кезінде нағыз жазалаушы органдарға айналған еді. Осы аталған бестіктің талқысынан өтіп, мәселесі саяси тұрғыдан қаралуға ұсынған сот істерінің ірісі, сол кездегі қоғамдық пікірде айрықша талас тудырған Жүсіпбек Аймауытов бастаған қайраткерлерге қатысты болды. 1924–1925 жылдары Ж. Аймауытов және тағы да басқа сотқа тарту процесі ақ-қарасы әлі күнге дейін ажыратылмаған, шындығы толық айтылмаған оқиғалардың бірі.

Сонда бұл процеске Нұртаза Ералиннің қаншалықты қатысы бар деген сауалға осы іс бойынша айыпталушылардың қатарындағы Ілияс Бәйменовтың (кезінде жауапты қызметтерде болған белгілі қайраткер, соңғы қызметі өлкелік кеңес мектебінің (крайсов-партшкола) директоры еді) хаттарындағы айтылған мәселелермен жауап беріп көрелік. Ол 1926 жылдың наурызында РСФСР Жоғарғы Соты қазақ бөлімінің үкімімен (Қылмыстық кодекстің 113-бабы бойынша) 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Сол жылы І.Бәйменов сот шешіміне наразылығын білдіріп, өлкелік партия комитетіне арыз жолдайды. Машинкамен басылған 15 беттік хатта оқиға бастан-аяқ баяндалады.

1921–1922 жылдары Қазақстан халқы ауыр экономикалық дағдарысты басынан өткеріп, бірқатар губернияларды аштық жайлаған-ды. Бұл қалыптасқан қиындықтан амалдап шығу үшін салыстырмалы түрде жағдайлары біршама жақсы саналатын губерниялардан көмек ретінде жылу ұйымдастырылады. Міне, осындай мақсатпен Семейден басшылық жасап, жинаған (7 мың, кей деректерде 12 мың) малды жеткізетін адам шыға қоймайды. Өйткені аштық жайлаған өңірлерден жүріп өту өте қауіпті, әрі кепілдік беру қиын. Күрделі жағдайда Торғайға малды қазақ халқына есімі белгілі, көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауы­тов өзі бастап жеткізеді. Жолдың аса қауіптілігіне қарамастан ұлтын сүйген азамат қиын-қыстау кезде ел-жұртына осылайша қызмет етеді.

Кейін жеткізілген мал­ды тарату кезінде уездік басшылар өздеріне, туған-туысқандарына көмекті нормадан тыс бөлді деген әңгіме шығып, аяғы дауға ұласады. Бара-бара дауға қатысты сотта іс қозғалып, соңы аяқсыз қалады. Ол кезде Жоғарғы Соттың төрағасы болатын Нығмет Нұрмақов қарауға келіп түскен істің еш абырой әкелмейтінін түсініп істі тоқтатқан болатын. Кешегі жабылып қалған іске 1924 жылы алдын ала тергеудің қалай басталғандығын І.Бәйменов хатында былайша әңгімелейді: «Семейден жеткізілген мал туралы іс Ақтөбе губсоты және Жоғарғы соттың қазақ бөлімінде жылжусыз 1924 жылдың қараша айына дейін жатты. Сол уақытта Домбаев және сол сияқтылардың қосымша домалақ арыз-мәлімдемелерімен аталмыш іс толыға түскен болатын.

Содан 1924 жылдың қарашасында жаңа сайланған Әділет халық ко­миссары және Республика прокуроры Нұртаза Ералин бұл іске қызығушылық білдірді. Сөйтсек, оның бұл іске көңіл бөлуі қызметтік борышын орындау үшін емес, өзінің туғандары Дом­баев, Ысмағұлов және басқа да өтініштерін қанағаттандырып, өзі де қазақ қызметкерлерінің «топшылдық ойынында» абырой жинап алғысы келсе керек. Сондықтан да ол Қазақ Республикасының прокуроры міндетіне кіріскен сәттен Жоғар­ғы сот арқылы істі Ақтөбе губсотына жедел тергеуге жібереді», – деп жазады. Арызға сенсек бұдан әрі нағыз былық басталған.

Істі көтеруге «белсенділік танытқан» Ақтөбе губаткомының төрағасы Ш.Хангереев, «хан тұқымдары» болып келетін Жоғарғы соттың прокуроры С.Нұралыханов, тергеуші А.Сейдалиндердің есімдері аталады. Тіпті Н.Ералиннің басшылығымен олар аталған мәселе бойынша құпия жиын өткізгендігі де айтылады. Нұртаза Ералиннің мұрағаттағы сақталған жеке ісінде прокурор С.Нұралыхановқа берген мынадай мінездеме бар: «Нұралы­ханов Сәлімгерей Зұлқарнайұлы – Жоғарғы Сот қазақ бөлімінің проку­роры. Сұлтандар тұқымынан тараған. Қазан университетінің заң факультетін бітірген.

Саяси білімді, жұмысына берік. Міндетіне сәйкес, әділет саласында ғана пайдалануға болады», – делінген. Нұртазаның өзі Ералы ханның тұқымынан тарайтындығын ескерсек, олардың туысатындығына дау жоқ. Мұндай шығу тегімен ол қызметінен әйтеуір, ерте ме, кеш пе кететін еді. Алайда Н.Ералиннің қызметке келгендегі жасаған үлкен қателігі абырой әпермейтін (дәстүрлі мал дауы мен есімі белгілі тұлғаларға қатысты) даулы істі көтергенде оны қолдай қоятын орта ол кезде жоқ болатын. Нәтижесінде жаңадан тағайындалған Әділет комиссары Қанай Боранбаев бұл істі Ақтөбеден кері қайтарып алды.

Қараша айының соңында (1924 ж.) Н.Ералин қызметінен біржола босатылды. Оның басты себептері мынада: біріншіден, сол кезде Түркістанның құрамында болып келген Жетісу, Сырдария губернияларының Қазақстанға қосылуымен байланысты басшы қызметтегілерді жаңаша орналастыру қажеттігі туған еді. Түркістаннан Қазақ АКСР-іне Қазақ Өлкелік партия комитетінің ІІ хатшысы болып Сұлтанбек Қожанов, Қазаткомның төрағасы – Жалау Мыңбаев келді. Үкіметті Нығмет Нұрмақов, Ағарту комиссариатын С.Сәдуақасов т.б. ұлтжанды басшылар басқарған тұста Н.Ералиннің қызметіндегі ұстанған бағыты көрнекті қазақ қайраткерлерінің наразылығын тудырды.

Ж. Аймауытов бастаған топқа қатысты істің көтерілуі, кейін жоғарғы партия қызметкерлері және үкімет басшыларының араласқан үлкен дауға айналуы да Н.Ералинге теріс әсерін тигізді. Көп кешікпей Сұлтанбек Қожанов Әділет халық комиссары және Республика прокуроры қызметіне Жетісу губерниясының прокуроры Қанай Боранбаевты тағайындау туралы шешім шығарды. Екіншіден, Нұртаза Ералин Әділет халық комиссары және Республика прокуроры қызметіне 42 жасында келді. Ол кезде басшылық қызметкерлер негізінен 20–30 жастың арасындағылар болғандықтан сол уақыттағы орта оны қабылдай алмауы да әбден мүмкін.

Дегенмен мәселенің ақиқатына жетіп, шындықтың бетін толық ашу әлі де ізденуді, тарих беттерін парақтай түсуді қажет етеді. Бұл әрине, болашақтың ісі. Н.Ералин 1924 жылдың қараша айында кеңестік партия мектебіне оқытушылық қызметке жіберіледі. 1925 жылдан Қызылорда сауда меке-мелерінде бастықтың орынбасары, меңгеруші міндеттерін атқарады. 1930 жылдың ақпанынан Ақтөбе құрылысы директорының орынбасары, ал 1934 жылдың қазанынан Қазақ өлкелік мүгедектер кооперациялық одағы бас-қармасының төрағасы болады. Соңғы атқарған қызметі Шу аудандық атқару комитетінің хатшысы. Қорыта айтқанда, Нұртаза Ералинге әлеуметтік тегіне байланысты Кеңес билігінің дәуірлеп тұрғанында өсуі мүмкін емес-ті.

Соған қарамастан ол Қазақстанның жиырмасыншы ғасырдың басындағы саяси тарихында өзіндік із қалдырған қайраткердің бірінен саналады. С.Угжин, М.Сералин сияқты ағартушы-демократтармен серіктес, тілеулес болып, ұлтына қызмет етудің жолын іздеді. Сол көзқарасы үшін патшалық үкімет тарапынан қысым көрді. 1919 жылдан Кеңес өкіметіне қызметке белсене кірісіп, Қостанай губерниясында басшылық міндеттерді атқарған санаулы қазақ ұлтының өкілі болды. Н.Ералиннің ірі қызметке келуі біздің ойымызша, 1924 жылдың күзіндегі билік басындағы аласапыранға түскен өтпелі кезеңімен сәйкес келді. Өкінішке орай, ол қысқа мерзім ішіндегі ұстанған сәтсіз бағытымен ұлтжанды басшылар алдында өзін әшкере етті.

1938 жылы 7 наурызда КСРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясының шешімімен кешегі ірі қызметте болған, бір жағынан кіші жүздің хандары Әбілқайырдың баласы Ералының тұқымы Нұртаза Ералинге «халық жауы» деген айып тағылып, ату жазасына кесілді. Кейін жеке басқа табынушылықтың зобалаңы әшкереленіп, сталиндік саясаттан жазықсыз опат болған қазақ зиялылары ақтала бастағанда кезек Нұртаза Ералинге де жетті. 1960 жылдың қаңтарында тағылған айып негізсіз деп танылып, Қостанай өңірінен шыққан азаматтың бірі – Ералин толығымен ақталды. Өкініштісі, мұрағаттарда Нұртаза Ералиннің жеке отбасы жайлы мәліметтер де мүлдем кездеспеді. Аз да болса құнды мағұлматтар бере алатын үрім-бұтақтары әлі табылар деген ойдамыз.

1998 жылдың күзі болу керек, Қазақстан Әділет министрлігінің тапсырысымен кітап дайындау барысында мұрағаттардан деректерді жинақтаумен жүрген кезім. Университет ауласынын шыға бере Жанұзақ ағаны кездестіріп, жағдайыма қаныққан соң қазақ хандарына қатысты деректер болса бөлісуімді сұрады.

Ол кезде барлығын сөмкеге салып көтеріп жүретін кезіміз, ағамызға Президент Архивінің арнайы мөрі басылған Ералин Нұртаза туралы анықтамасын ұстата қойдым. Арада көп уақыт өтпей Жанұзақ аға менің ұсынған материалымды Қазақ хандары туралы жазған сериялы мақалаларының соңына дерек ретінде газетке бергенін хабарлады. Айтулы газетті тауып, екі бетті алатын көлемді орысша мақаланың аяғында Ералинге берілген бір парақ анықтама қағаз көзіме оттай басылды. Ескерту ретінде «бұл құнды деректі жас зерттеуші Болат Кабдушев ерекше ілтипатпен ұсынған еді», – деп жазғанын маған көрнекті тарихшының берген батасындай қабылдап едім. 

Болат КАБДУШЕВ,
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы
энергетика және байланыс университетінің
әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі,
т.ғ.к.,
Алматы қалалық саяси қуғын-сүргін
құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий