Менің кейсім: Әдістемелік ой бөлісу

Жадыраған жаз қол бұлғап, күрең күзбен қол ұстасып оқу жылы да келді. Бүгін лицей болып  жаңадан жасақталған 10 “А”сыныбына алғашқы сабаққа кірдім. Кірген бетте түрегеліп құрмет көрсетіп тұрған балаларға көз жүгіртіп, таныс бейне іздеп бөгеліп қалдым. Менің кімді іздеп тұрғанымды түсініп қалған екі оқушы екі жақтан қол көтерді.

Былтырғы 9 «В»-ның кіл жүйріктері Уәли Дамир мен Рысбек Жанель екен, күліп жібердім. Мықты оқушы көрсек пендешілік жасап қуанамыз ғой.  Балаларға аты-жөнімді айттым да, тақтаға маркермен: “Менің кейсім” деп жаздым. Кейстің ішіне бес түрлі сурет салдым, әр суретке жетелеуші қылып ұсақ суреттер қостым да: – Балалар, бұл жерде мен туралы  5 ақпарат бар. Әр ақпаратты екі сөйлеммен түсіндіріңіздер. 1-сөйлем негізгі мәлімет, екіншісі түйіндеуші сөйлем болуы керек, оны әдемі көркем оймен шығарыңыздар, мысалы суретті мақалға айналдырса болады,- дедім, – бұл менімен танысуларыңызды толықтыру болсын.

Балалар мұқият қарап отырып, бірінен кейін бірі қол көтере бастады. –  Апай, екінші суретте ми мен ауыз тұр. Сіз ойланып сөйлейсіз. – Сосын қылыш тұр, “Қызыл тіл – қылыштан өткір“ деген мақал шығады, – деп өжеттеу екі оқушы бір-бірін толықтырды. – Жарайсыңдар! Үнсіз отырған балалар еркінсіп сөйлей бастады. Қол көтерушілер көбейді. – Үшінші сурет – отбасыңыз туралы. Алты адамсыздар,  үйде үш ер, сосын үш қыз -деді бір қыз бала. – Оны қайдан білдің? -деп сұрады біреуі. –  Үйдің ішінде үш шалбар, үш юбка тұр ғой. – Аа, біз екі қабатты үйдің терезе перделері екен десек, – деп күлді біреулері.

– Иә, мен әдейі жаңылдыру үшін шалбарды, терезедегі перде сияқты салдым, енді мақал шығарып көріңіздер- дедім мен жымиып. – Жанындағы қызыл домалақ не, апай? – Инстаграмның логотипі. – Аа, онда “Отбасым – бақыт мекені”. – Өте жақсы. – Сіз Семейде туғансыз.  Себебі бірінші суретте аспалы көпір мен коляска тұр-, деді аспалы көпірдің қайда екені есіне түскен бір бала. – Тамаша,  бұл суретті енді көркем сөзбен жеткізейік. – Туған жерім -Семейім,- деді бір бала. – Семейім – алтын бесігім, – деді тағы бір оқушы.

Осылайша бес суретті де тауып, көркемдеп жеткізіп шықты. (қалған екі сурет оқырманға жұмбақ болсын). – Ал, енді, балалар, сіздер өздеріңіз туралы бір немесе екі ақпаратты осылай ассоциациялап суретпен беріңіздер. Мен де сіздер туралы білейін,- дедім. Балалар кірісіп кетті.  Бір-екі  минуттан кейін Райымбек деген бала қол көтеріп, тақтаға шықты (бұл баланы мектептің олимпиада жүйріктерінің фотосуретінен көргенмін). Қолына маркер алып, қаптаған цифр жаза бастағанда сасып қалдым. Райымбек суретін салып болып, байсалды кейіппен маған барлай қарады.

Балалар іштерін тартып, қатып қалды. Ал керек болса…. (мен де балаларға “суретімді оқыңдар”дегенімде бірнешеуінің сасқалақтап қалғанын  байқағанмын, өзімдікін өзіме жасайды деп ойламаппын) Бойымды жинап, әр детальға үңілдім. Мына цифрлардан баланың ермегі шықпайтынын сездім де күрделі ой іздедім. – Мына жерде бас пен ой салыпсыз, реттік сандар және плюс пен минус тұр.  Сіз әр ісіңізді, әр қадамыңызды ойланып, оң- терісін шығарып таразылап жасайсыз, -дедім. “Ішімнен дәл осылай күрделі болуы мүмкін бе”,- деп ойлап қоямын.

– Дұрыс айтасыз, апай, -дейді Райымбек салмақты дауыспен. Ал, сөйлес… Екінші суреттегі қаптаған рим цифрынан тосылып қалдым. “Формула ма хромосома ма?”деген ой ғана келді. Математикасы жақсы екі қыз бала мені жетелей бастады. Қыздар сөйлесе Райымбек басын изеп қояды. Мен үнсіз тұрмын. Райымбек қыздардың ойын жалғастырып  толықтырды. Формула тілінде өмірлік ұстанымын айтты. Шынымды айтсам, “ол тілді” түсінбедім, бірақ түйінін ұқтым. Бала әр нәрсені ретімен жасайды.

Соңына асықса, орта жолда қате жіберіп қоюы мүмкін. Бірінші қадамы мен екінші қадамының нәтижесінде үшінші қаламы қалай болу  керегін болжай алады. Сонда төртінші қадамы мінсіз шығады. Қысқасы, мұғалім тілімен айтқанда. әр қадамына рефлексия жасайды, соған қарап жоспар құрады. Мен адам ісіне керібайланыс жасау керегін институт бітіріп келіп, сабақ бере бастағанда Абайдың 15- қарасөзінен оқып тұшынғанмын…

– Рахмет, тамаша!- дедім тосылып қалған мен. Балаларға қарап күлдім де – “өте серьёзно” екен, – дедім. Қазақтың қарымды ұстазы Қанипа Бітібаеваның авторлық курсына, семинарларына бірнеше рет барғанмын. Бірде бір мұғалім апайға: – Дарынды баланы қалай оқытсақ болады?, – деп сұрақ қойды. – Дарынды баланы оқыту үшін дарынды ұстаз болуыңыз керек, – деген еді сол кезде ұстаздықтың абызы. Талай жыл Назарбаев Зияткерлік Мектебінде, дарынды балаларға арналған мектептерде қызмет еттім. Алдымдағы партада отырған. Райымбек сияқты балаларды көргенде Қанипа  апайдың осы сөзі есіме түседі. 

Асып-тасқан дарынды болып кетпесем де, қашанда әр бұлақтың көзін ашуға тырыстым. Қазір оқушылардың ғылыми жоба қорғауы туралы мұғалімдер арасында түсінбестік басым. “Мен өзім ғалым болмасам, қалай ғалым дайындаймын?” -дейтіндер де бар. Мәселе – мұғалімнің мақсаты баланың өзін-өзі тануына, мүмкіндігін түсінуіне  бағыт беру.

Әлемді дүр сілкіндірген чемпиондардың бапкерлері қарапайым мамандар.  «Ұстаздан шәкірт озар» деген бар. Тек дарынды баламен жұмыс жасау үшін үлкен жауапкершілікпен дайындалу керексіз. Сонда ғана қазақтың Қанипасы айтқан дарынды ұстаз болмақсыз. Мықты баланы көріп, жұмыста қиналмайтынымызды ойлап қуану – ұстаздығымызға сын.

Марал Оралбековна АНИЯРОВА,
Д.Қонаев атындағы 66 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
шебер-педагог, Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий