“Ізгілік педагогикасы” – бүгінгі күннің сұранысы

«Мына заман қай заман? Азулыға бар заман, Азусызға тар заман! Тарлығының белгісі: Жақсы жаннан түңілген, Жаман – малдан түңілген, Мұның өзі-зар заман»  деп сол кездегі адамдардың ниеттерінің өзгеруін, жаманшылыққа қарай бет алғандығын суреттеген ақын Шортанбай Қанайұлының өлеңін қайтара оқып,  бүгінгі күннің келбетін көргендей әсер алдым.  Өйткені мына алмағайып заманда ақпараттық технология қарыштап дамыған сайын  адамның бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттерінің төмендеп бара жатқанын күнделікті өмірде көріп жүрміз.

Тастанды бала, қарттар үйі, қатыгездік, бірін-бірі аямау,  алдап соғу, жемқорлық, өлтіріп кету, өз- өзіне қол салу және тағы да басқа толып жатқан зәрезап жаңалықтан көз ашпайтын болдық. Адамзаттың ең асылы –«адам» деп айтушы едік, ендеше сол адамның азғындауына не әсер етуде? Көпшілігі «заманына қарай адамы» деген ұстанымды алға тартады.  Ал, заманды құрайтын адам емес пе? Міне, сонда барлығы қайтадан адамға келіп тіреледі. Адам дүние мен нәпсінің құлы болған жағдайда ізгілік пен мейірімнен жұрдай болып,  рухани азғындайтынын уақыт өзі дәлелдеп, алдымызға тартып отыр.

Енді қайтпек керек? «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп қарап отырудың реті тағы келмейді. Өйткені сол қоғамда өмір сүріп жатырмыз, ертең сол қоғамда балаларымыз, немерелеріміз  өмір сүреді. Кері кетсек ұрпақ та, тарих та кешірмейді. Ендеше қоғамдық сананы тәрбиелеуді қалай, қайдан бастаймыз? Әрине отбасынан бөлек ұстаздардың беріп жатқан білімі мен тәрбиесіне жүгінеміз. Тәрбиенің ішінде аса маңызды болып табылатын рухани-адамгершілік тәрбиесіне көңіл бөлетін білікті тұлғалардың біліміне жүгінеміз.

Қоғамның осындай қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі игі бастаманы қолға алды. Бірлестіктің ұйытқы болуымен қазақ тіліндегі кітаптардың қатарына  «Ізгілік педагогикасы» атты таптырмас  құнды еңбек  қосылды. Әлем педагогы, гуманды педагогиканың негізін қалаушы, академик Шалва Амонашвилидің  кітабы тұңғыш  рет қазақ тілінде сөйледі. Идея авторы –  қоғам қайраткері, бірлестік құрылтайшысы Нұркен Жарылқапұлы.  Бақытын бала болашағынан іздейтін ұстаздар қауымына ғана емес  жалпы кітапсүйер қауымға арналған еңбекте автордың педагогикалық үрдісті ізгілендіру қажеттілігі, сол ізгілік арқылы  адами құндылықтарды бойына сіңірген тұлғаның қалыптасатыны жайлы дара ойлары айтылады.

Автор жайлы аз-кем ой. Шалва Амонашвили 1931 жылы 8 наурызда Тбилиси қаласында дүниеге келген. Амонашвили психология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей білім беру Академиясының академигі, Ресей Федерациясының Мемлекеттік сыйлығының Лауреаты, Украина педагогика ғылым академиясының шетелдік мүшесі, Сәуегей Климент Охридский (Болгария) атындағы София университетінің құрметті докторы, Мәскеу Мемлекеттік педагогикалық Университетінің еңбегі сіңген профессоры, әр түрлі мемлекеттердің бірнеше университеттерінің құрметті профессоры. Білім беруді ізгілендіру технологиясының негізін қалаушы Ш.А. Амонашвилидің еңбектері және оның негізгі идеясы 20-ғасырдың өзінде ғана емес бүгінгі күні де маңыздылығын жоймай, классикалық педагогиканың басты негізі болып келеді.

Педагогикалық процестің ізгілікті болуын жақтаушы жəне оны дамытушы педагог көп жағдайда өз өмір жолындағы экперименталды-педагогикалық процеске жəне оның нəтижесіне сүйенеді. Сондықтан да ол көптеген ізгілікті  идеялардың, бастамалардың дамуына себепкер  бола білді. Əр бала туылғаннан бастап белгілі бір миссиямен туылады деп санайды, яғни əр бала өзіне тəн нышан, белгілермен туылады дейді. Сол ерекшеліктерді дамыту үшін авторитарлы білім беруді жойып, ізгілендіру арқылы жүргізу керек деген гуманды педагогтың ойларымен келіспейтін жан болмас.

Кітап не жайлы? «Педагогикалық оқулықтар бұдан жүз  жыл бұрын да сүреңсіз болатын. Ғылым өз шекарасын кеңейтсе де олар әлі сол құрғақ,  тұнжыраған, қызықсыз, өрескел, қатаң, талапшыл күйінде». Кітапты аша қалсаңыз  педагогтың осы қуатты сөзі қарсы алады. «Бұл кітаптың басқадан өзгешелігі неде?» деген күмәнді, бәлкім сенімсіз сауалдың жетегімен парақтай бастайсыз. Автордың алғысөзінен кейінгі  «Қуанышым менің, қайдасың?» атты бірінші бөлімдегі автор толғаныстарын бастағаныңыз сол еді, қалай құнығып кеткеніңізді білмей де қаласыз.  Жаңа заманның балаларына үлкендердің абырой-беделі емес, олар ересектердің шынайы құрметі мен риясыз жылулығына мұқтаж екендіктерін ұға отырып, «Мен қандаймын өзі?» деген сауалға жауап іздейсіз.

Оны өзіңіз де байқамауыңыз мүмкін, бірақ ақиқаты сол. Ол сұрақтың жауабы түк те күрделі емес. «Ізгілік педагогикасы» алдыңызға жайып салған жауап та қарапайым, жай ғана – күлімсіреу. Иә, иә, адамдардың бір-біріне күлімсіреп қарауы үлкен қиындықты шешеді. Күлімсіреу – көркем мінезділіктің белгісі екенін ата-бабаларымыз да айтып кеткен ғой. Ал Шалва Амонашвили оны «Жүректі, махаббатты, руханиятты ештеңемен өлшей алмайсың, олар материалдық дүние емес, яғни ғылыми сынаққа көнбейді» деген бір сөйлеммен таразылайды. Осыдан келіп қоғамдық дамудың қазіргі үрдісіне сай жан-жақты дамыған ізгілікті тұлғаны тәрбиелеу мәселесі шығады.   

Сондықтан да болар көптеген мұғалімдер бүгінгі күні өз практикаларында педагогикалық үрдісті ізгілендіру қажеттілігімен бетпе-бет келуде. Ізгілік ол адами құндылықтардың тұлға ретінде танитын көзқарастар жүйесі. Ал біз сөз етіп отырған  «Ізгілік педагогикасы» осындай мұғалімдер үшін таптырмас көмекші құрал бола алмақ. Кітапты оқи отырып баланы табиғи ерекшеліктерімен қабылдауға үйренесіз. Әрбір бала-керемет рухани күш иесі екендігін, кез-келген мұғалім әр балаға рухани күш иесі ретінде қарау керектігін білесіз. Мұғалімнің мұндай көзқарасы баланың белсенділігін арттырады. Білімге деген құштарлығын көбейтеді. Балаға сеніммен қарау баланы тек қуаттандыра түседі.

«Қуанышым менің, қайдасың?», «Ұстаз», «Балаларды қалай сүю керек?» деп  жіктелген үш бөлімдегі жеке сапаларға тоқталсақ мына қорытындыға келеміз: – Біріншіден,  баланы қандай болса да сүйе білу. Сотқар, ерке, тыңдайтын, тыңдамайтын, ақылды, ақылсыз, еріншек, тәртіпті болсын, барлығын бірдей сүйе білу қажет; Екіншіден, балаларды түсіне білу. Балаларды түсіну- оны өз билігіңізге көндіру емес, олардың бүгінгі өміріне қарап, ертеңгі өмірінің өскінін өсіру.

Баланың жаны мен жүрек толғанысын, талпынысы мен сезімін түсіне білген педагог баланы тереңдете тәрбиелей алады; Үшіншіден, тәрбиенің өзгерту күшіне деген сенім қажет. Бұл жерде балаға  қай уақытта ақыл кіреді деп күтпеу керек. Баланың ішкі әлеміне терең үңіле, оны әрі қарай тәрбиелеу, оқыту мен дамыту жолдарын іздестіруі туралы болып отыр. Төртіншіден, мұғалімнің тұла бойы тұнып тұрған ең жақсы игі қасиеттерден тұруы қажет: ол- жадыраған келбет, ол- жарасымды қаталдық, ұстамдылық пен қарапайымдылық, сезгіштік, шынайылық, зиялылық пен көпшілдік және өмірге деген үлкен сүйіспеншілік болмақ.

Яғни гуманды педагог Шалва Амонашвили балаларды: тәрбиесіз тәрбиешілерден, дөрекі ұстаздардан, бос үйретулерден, қажетсіз үй тапсырмалардан, қорқыныш туғызатын бақылау мен тексерулерден, оқулық қиянатынан, сенімсіздіктен қорғау керектігін айтады. Бұл тізім өте ұзақ. Осының барлығынан балаларды қорғай білсек балалар өмірге қажетті құндылықтарды бойына сіңіріп  өсе алады. Ал ондай кемел ұрпақ – ел болашағы, «Мәңгілік ел» тізгінұстары. Бір сөзбен айтқанда, бірлестік ұйытқысымен оқырманға ұсынылған   «Ізгілік педагогикасы»  адамгершілік педагогикасына қарай жол ашатын құнды дүние деп толықтай айта аламыз.

Қазақ педагогикасы да қалыс емес. Қазағымызда да  жас ұрпақ тәрбиесінің педа­гогикалық идеялары мен  тәжірибесінің тарихи дәстүрлері тереңде. Отандық педагогика ғылымы ғасырлар бойы бала – ең жоғары құндылық, адам өмірінің жалғасы, адамзат қоғамын жалғастырушы деген ізгілікті ойдың негізінде дамып келеді. Қай кезде де бала тәрбиесі сол қоғамның басты міндетінің бірі болған. Ағартушы, ақын М.Жұмабаевтың «…Әр­бір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өзі үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деген тұжырымдамасы өзекті.

«Аталар сөзі – ақылдың көзі» демекші, ұлттық тәрбие беруде ел ішінде құндылығын жоймаған даналық сөздерді де орынды пайдаланудың ерекшелігі мол. Абыз баба Қорқыт атамыздың «Анадан өнеге көрмеген – қыз жаман, атадан тағылым алмаған – ұл жаман», «Жақсы бала ана үшін екі көздің сыңары», «Ұлың өсіп жетілсе, отбасының мерейі, бас көзі» деген тәлім-тәрбиесі мол сөздерінің берер тағылымы жоғары. Махмұт Қашқаридың «Атасынан ақыл алса, тентек ұл да жөнделмек» деген өсиетін әлі күнге дейін өнеге етіп келеміз. Осылай жалғаса беретін даналық ойлар халқымызда том-томымен.

Солай бола тұра өзгеде неміз бар деуіңіз мүмкін.  Қазір қоғам жаңарды, заман басқа. Педагогика ілімінің негізін салғандардың идея­ларын жүзеге асыратын уа­қыт жетті. ХХІ ғасыр ұстаздары үшін маңызды мәселенің бірі — ұлтжанды азамат тәрбиелеумен қатар  заман талабына сай интеллектуалды, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу. Әрине,  бұл – алдағы күннің еншісіндегі жұмыс. Десе де, балаң жүректің жақсылыққа ұмтылысы мен мейірімділігін бүгіннен бастау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Ал ол жолда Шалва Амонашвилидің еңбегі мен идеялары үлкен сұранысқа ие. Бір оқып, көкейіне тоқып шыққан әр ұстаз әр күнін ізгілік сабағын бастары даусыз. «Ізгілік педагогикасы» –  бақытын бала болашағынан іздейтін ұстаздар қауымына  басты темірқазық.

Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ,
журналист, Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий