Ұлт ұстазының тағылымды ойларын оқу – тәрбие үрдісіне енгізу

Өмірі мен өнегесі аңызға айналған, XX ғасырдағы қазақ тіл білімі көшбасшыларының бірі де, бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы еді. Қазақ тілінің ғылым ретінде қалыптасуына қосқан зор үлесін айтпағанда, ақынның қазақ әдебиетіндегі мол мұрасының  өз алдына  үлкен маңызы бар. Халқының жанашыр перзенті өзінің туған халқына деген сүйіспеншілігін толассыз еңбегімен, маңдай тер қызметімен көрсеткен. “Сары маса” болып “ызыңдап” қараңғылық тұңғиығынан халқымды көкке шығарсам деп жан-тәнімен қазақтың қамын ойлаған адал перзент, кемеңгер ғалым.

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың- деп жырлаған Ахмет Байтұрсынұлы өз сырын өзінің көркем шығармасында осылай жырлап кеткен еді. Саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына арнаған, тәлімі мен тағылымы шексіз мұра қалдырған ағартушы, ұлы ұстаз. Бала кезінен тағдыр тауқыметін көріп өскен Ахметтің ересек өмірі де қиыншылыққа толы болды.

Ауыртпалықтың бәріне мойымаған қайсар ғалым алған бетінен қайтпады, халқы үшін ғылым мен мәдениетті алға сүйреп, ерен еңбек етті. Ұлт маңдайына біткен тұлғаның туған тіліне деген құрметі аса жоғары болды. Ұлтжанды педагог ұрпақ тәрбиесінде құнды ой-пікірлерін ортаға салып кетті. Оны ары қарай дамытып, тәжірибе жүзінде іске асыру бүгінгі күннің еншісінде. Ғалымның тіл біліміне қосқан үлесімен қатар ағартушылық, сондай-ақ аудармашылық қызметі әрқашан оның танымдық-тәрбиелік мақсатын айқындап тұрады. Дидактикалық сарындағы шығармалары оқырманына өмірлік сабақ алатын тәлімімен құнды.

А.Байтұрсынұлының  “Қырық мысалға” енген аудармалары өзінің ескертуінше 1901-1904 жылдары тәржімаланған. Мұндағы өлеңдердің дені аударма болса да, ақын тәрбие мәселесіне келгенде жан-жақты қырынан танылады. Ақынның аударма саласындағы басты міндеті басқа елдердің жақсы шығармаларын тілге тиек етіп, халқына таныстыру, жаманнан жиреніп, жақсыға үйрету болған. Қазақ ұғымына сай етіп аударған еңбектері қай заманда болмасын өзінің бағасын жойған жоқ.

Ақынның шығармаларының тақырыбы әр алуан. Ол оқырманын білімге, ғылымға, адалдыққа, бірлікке, мейірімділікке шақырады. Ғибратты өлеңдерінің өзегінде жақсылыққа үгіттеу, ақыл-насихаты айқын көрініп тұрады. Мысалы:  Жігіттер, сақтаныңыз надан достан,
Досыңнан, надан болса, артық дұшпан.
Белгілі жаудан кісі күтінеді,
Тиеді достың оғы қапылыстан. Бұл “Кісі мен аю” өлеңіндегі автордың өзіндік ой-толғауы. Надан болмау, надандықтан сақтануды жазды.  

Аю адал дос болса да ақымақтығынан опық жеді, досына зиянын тигізді. Қоғамда осындай аю секілді адамдардың кесірі басқалары тиіп жататынын Ахмет Байтұрсынұлы тұспалдап әдемі келтірген. Келесі “Есек пен бұлбұл” өлеңінде ақын надандықпен қоса, көреалмаушылық секілді жаман қылықтарды әшкерелейді. 
Есектей қалпы кейбір адамдардың,
Көзі тар, көңілі соқыр жамандардың.
Асылды жасық пенен танымайтын
Сынынан сақта, Алла, надандардың. Есектің “көзі тар, көңілі соқыр” болу себебі – бұлбұл секілді табиғи таланты бар адамдарды көре алмай іштарлық танытуында.

Қазақтың бойында кездесетін осындай кертартпа мінезді ақын өткір сынай отырып, мұндай кереғар құлықтан арылуға шақырады. Ахмет Байтұрсынұлының тәлімдік ой-пікірлерін оқу-тәрбие үрдісіне енгізу бүгінгі педагогикалық әдістеменің негізгі міндеттерінің бірі болып отыр. Осыған орай, адами құндылықтар мен жеке тұлғаның қалыптасуына сөзсіз әсер ететін ғалымның еңбектері жан-жақты зерттеліп келеді. Қанатты сөзге айналып, көп қолданылып жүрген Ахметтің тіл туралы тағылымды ойларын зерделеп, мәні мен маңызын ашып көрейік.

“Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.” Ғалымның айтпағы бүгінгі күннің өзекті мәселесімен астасып жатыр. Олай дейтініміз, жетпіс жыл орыстың боданында болып, тілімізді, мәдениетіміз бен әдет-ғұрпымызды ұмыта жаздадық.

Енді егеменді ел болғалы отыздан астам жыл өтсе де ана тілімізді таза саф қалпында ұстау үлкен мәселе тудырды. Ауызекі сөйлеу тілі шұбарланып, бұл індеттен құтылу ұлттық проблемаға айналды. Олай болса, Ахметтің пікірінің астары кең, айтпағы орынды екеніне көз жеткіземіз. Қазақша сөзімізді ұмытсақ, онда ел болып қалу қаупінің алдында тұрғанымызды ұмытпау керек. Осы мәселені ұрпақ санасына сіңдіру тіл мамандарының жұмысы ғана емес, жалпы отбасынан, тіпті жөргектен басталатынын баса айтуымыз қажет.

Ахмет келесі түйінінде былай деген: “Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгерді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп…соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады.” Өте орынды айтылған құнды пікір. Тәлімдік мәні де зор. Ана тілімізде өз өнеріміз болмаса, шет елге еліктеп не керек. Алдымен, өз тіліміз арқылы салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді өркендету керекпіз.

Сонда ғана басқа халықтардың өркениетімен тереземіз теңесе алады. Осы орайда қазіргі жастардың шет елге еліктеушілігі басым болып отырғанын айта кету орынды. Ағылшын немесе орыс тілін араластырып сөйлеу, солардан тойлайтын мерекелерін тойлау, киім үлгісі, сән мәселелері де ұлттық колориттен ауытқып бара жатқан тұстары қынжылтып отырғаны рас. Бұл проблема бүгінгі қоғамның ұлттық тәрбие мен отансүйгіштік тақырыбы аясында, кең ауқымда көтерілуі тиіс. Бүтін ұлт болып күресуіміз қажет. Көреген Ахмет айтқандай “көршілес күштің” ықпалында қалмауымыз керек.

Ахмет Байтұрсынұлының тіл туралы тағылымдары мыналар: Қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға тағы жақсы, үйрету жағынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы. Тіл білімі ереже жаттату түрде үйретілмей, сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тану түрде үйрету керек. Сөздің тұлға, мағына жағын тануға керегі жоқ нәрселер тіл білімінің сабағына кірмеске тиіс. 

Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап, тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады. Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз зейін тілі. Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек.

Ахмет Байтұрсынұлы –  оқу-ағарту идеясын өзінің азаматтық борышы санаған, туған халқына жан-тәнімен беріле қызмет еткен ерен тұлға, қазақтың біртума перзенті. Осы орайда белгілі ғалым Рәбиға Сыздықтың: “А.Байтұрсынұлы – ұлттық рухымыздың ұлы тіні”-деген пікірі оның ұлтжанды азаматтық тұлғасын аша түседі.

Салтанат Оразханқызы ЖОЛШЫБЕКОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ «Түркістан облысы және
Шымкент қаласы бойынша КДИ» филиалы
«Жаратылыстану және гуманитарлық
пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының
аға оқытушысы, филология магистрі

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий