Сыныпта қолайлы ахуал туғызу (тренинг)

Жаңа адамды қалыптастырудың негізгі жағдайы ұжым болады, – А.В.Луначарский. А.В.Луначарскийдің айтуынша, адамды тәрбиелеу, демек, ол адам біздің заманымызда ұжымшыл, қоғамдық мүддені жеке басының мүддесінен жоғары санайтын болуы тиіс. Тұлға ұжым негізінде ғана дамиды. Ұжым проблемасын педагогика ғылымының қайраткерлері және халық ағарту органдарының озат өкілдері А.В.Луначарский, А.С.Макаренко, П.П.Блонский, С.Т.Шацкий, В.А.Сухомлинский аса зор көңіл аударып зерттеді.

Біздің елімізде қазіргі қоғамның маңызды ұясы – мектеп ұжымы баланы дамытуда және қалыптастыруда үлкен роль атқарады. Мектептегі оқушылар ұжымы – бұл іс-әрекетімен (оқу, еңбек т.б.) бірігіп топтасқан балалардың мақсатқа бағытталған тұрақты бірлестігі. Оқушылар ұжымы балаларды ұжымшылдыққа тәрбиелеудің маңызды құралы. Ұжымшылдық адам мүддесінің қоғам мүддесімен мызғымас байланыстылығын көрсетеді. Аристотельдің айтуынша, адам баласы қоғамның тірі организмі болғандықтан, тек қоғамда ғана ол өзінің табиғатын дамыта алады.

Олай болса, ол қарым-қатынас жасау барысында өмір сүруге және ғылымға қатысты білімдерді алады, әр түрлі әрекетке қатысты білік пен дағды қасиеттерін меңгереді, қоршаған ортаның тылсым құбылыстарын түсіне бастайды және соған өзгелер де бейімделеді. Адам ұжымда өз күшінің, өз қабілетінің керек екенін түсінеді. Сондықтан оларды үнемі дамытып, жетілдіріп отыру педагогикалық ұжымның оқыту және тәрбие жұмысын шығармашылықпен ұйымдастыруына байланысты.

«Балаға күштеп білім беруден гөрі,  баланың білімге деген құштарлығын  ояту ең маңызды мақсат.»  – дейді К.Д.Ушинский. Осы айтылған сөздің ішінен-ақ балаға білім берудің алдында оның қызығушылығын ояту керек екен. Осыдан қызығушылықты қалай оятамыз? –деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап бермес бұрын сабақтың басындағы психологиялық ахуал дегеніміз не? – деген мәселеге тоқталайық. Ахуал – өзара қарым-қатынас, көңіл-күйін білдіретін психологиялық ұғым. Оқушылар ұжымы – тәрбиенің шешуші факторы және біздің қоғам жағдайында бала өмірін ұйымдастырудың негізгі формасы.

Жеке тұлғаның дамуы үшін ұжымда қолайлы жағдайдың болуы қажет. Балалар ұжымын ұйымдастыру қажеттігі қоғамның өзі біртұтас ұжым ретінде өмір сүретіндігінен туындайды. Оң (жақсы) ахуалға бір қоғамдағы не ұжымдағы адамдардың ынтымағын, бір-біріне деген шексіз сенімін, шынайылық пен сыйластықты жатқызуға болады. Микроклимат топтағы әрбір тұлғаның көңіл күйін, топпен қанағаттанушылығын, қолайлылығын анықтайды. Бұдан басқа, сыныптың психологиялық атмосферасы нақтылы құндылықтарды қамтып көрсетедi және сыныптағы моралдiк сана мен мiнез-құлықтың түрiн анықтауға көмектеседi.

Сонымен қатар, мұндай өзара қатынас балаларды тәрбиелеуде  әдептік пен адамгершілік құндылықтарды жоғарылатуға әсерін тигізеді. А. С. Макаренко пікірі бойынша, мынадай формулаға саяды: «Адамға қайткенде көбірек талап қоюға болады және оны қайткенде көбірек құрметтей аламыз». Талап – ұжым тәртібінің қажетті элементі. Егер сіз балалар ұжымына келіп жұмыс істей бастасаңыз, ешқандай пікір таласын тудырмаңыз, істі өзіңіздің жеке талаптарыңызды қоюдан бастаңыз. Бірақ ұстаз ұжым талаптарымен байланысы жоқ, дөрекі, ақылға қонбайтын, күлкілі талаптар қойып жүрмеуі тиіс. Алғашқы кезеңде талаптар логикасы заң болуы шарт.

Сыныптағы психологиялық климатты реттейтін жәйттер: Жағдаяттар. Дамытушы, іскерлік ойындар. Психикалық тұрғыдан өзін өзі реттеу. Әлеуметтік-психологиялық климатты қалыптастыру жолдары. Ұжымның «асыл ережелерді» (көңіл-күйге байланысты және тағы да басқа) бірлесіп жасауы. Келесі кезекте сыныпта қолайлы ахуал туғызуға арналған мынандай тренингтерге тоқтала кетейік: ұйымдастыру кезеңі (түрлі смайликтер немесе суреттер көрсету арқылы). «Өзіңді тереңірек тани біл» тренингі. Суреттен өзіне ұнаған жемісті таңдайды.

А)Қарбызды ұнататындар орнықты адамдар. Олар шиеленіске, жанжал, дау-дамайға бара бермейді. Еш уақытта еш нәрсеге шағымданбайды. Тұрмыс пен көңіл күйін тек қана өз күшімен жақсартуға ден қояды. Отбасында да үлгілі, артық ауыз сөзі жоқ. Кейде табандылық жағы ғана жетіспейді. Ә) Жүзімді ұнататындар өзінің де, өзгенің де сырын сақтай білетіндер. Бірақ мұндай тұйықтық, кейде шектен асып кетеді де, ел ондай адамдарға сенімсіздікпен қарауы мүмкін. Б) Құлпынай ұнатсаңыз, сіз көңілді, қонақжай адамсыз. Елмен тіл табыса аласыз. Сізге сыпайылық тән, талғамыңыз нәзік. Ешкімге тәуелді емессіз. Дегенмен қызғаншақтығыңыз жоқ емес.

В) Шабдалыны ұнататын адамдар көпшіл, кез-келген адаммен тіл табыса алатын ашық жарқын болып келеді. Сізден сыпайылық пен мәдениетті адамның белгілері айқын аңғарылып тұрады. Тек бір кемшілігіңіз – қиындықтарды ауыр көтересіз, кейде оларды жеңуге дәрменсіздік танытасыз. Г) Алма өте ұнайтын болса, жігерлі, бірақ аздап ескі көзқарастағы адамсыз. Өз бастығыңызға берілгенсіз, оның қандай тапсырмасын болса да, жан сала тиянақты атқаруға тырысасыз. Аздап ақын жанды, өз – өзіңізге риза адамсыз.

Шиені ұнатсаңыз, мінезіңіз жұмсақ, кішіпейілсіз. Өзгеге қуанышпен жақсылық жасау үшін кейде өзіңізге зиян келтіріп алуыңыз мүмкін. Өтірік – өсек сөзге жоқсыз, есесіне анекдоттарды ұнатасыз. Ал махаббат жөнінде сәби тәріздессіз, сізді оп – оңай өкпелете салуға болады. Қара өрікті ұнататындар өз атына айтылған сынды көтере алмайтындар. Олармен достық, жолдастық қарым – қатынас орнату да қиын болады. «Менің көңіл-күйім» тест. Мақсаты: әдеттері жеке ерекшеліктері туралы ойлануына мүмкіндік беру.

Нұсқау: Сіз төмендегі пікірлерге «иә» немесе «жоқ» деп жауап беріңіз. Мүмкіндігінше ашық жауап беруге тырысыңыз. Тест қорытындысы туралы мәлімет, ең алдымен сізге қажет. Ал тренинг жаттығуларына қатысу кезінде өзіңіз, әдеттеріңіз және жеке ерекешеліктеріңіз туралы ойлануыңызға мүмкіндік береді. Егер тестегі мінез-құлық бойыңызда болса, онда «иә» деп жауап бересіз. Тест сұрақтары: Менде жиі нашар көңіл-күй болады, жылаймын. Адаммен кездескенде оның көзіне тура қараудан қашамын.

Жиі ренжіген, қамыққан күйде боламын. Мен білетін және білген адамдардың көпшілігі менің көңілімді қалдырады. Көпшілігіне өмірімде маңызды болып табылатын, мәселелерге қызықпаймын (спорт, жұмыс, айналадағыларғы қатынас). Соңғы кезде кейде ғана көңілді боламын, мүлде күлмеймін. Мен өзімді жиі әлсіз сезінемін, өмірім туралы жақындарыма және таныстарыма шағынамын. Қазіргі уақытта көптеген сұрақтар бойынша менің жеке позициям жоқ. Әңгімелесушілер естуі қиын болу үшін, мен жай сөйлеймін. Кейде әңгімелесушінің сұрағына қалай жауап беруді білмеймін, тек басымды изеймін.

Тесттің кілті. Әрбір «иә» жауабына 1 балл беріп, оны қосыңыздар. 1-2 балл. Кейбір өмірлік қиындықтарға қарамастан сіз өмірді жеңіл қабылдайсыз. Бұл жаман емес, дегенмен, белгілі бір шек болғаны дұрыс. 3-6 балл. Сіздің өмірге деген көзқарасыңыз қалыпты, бірақ қазірдің өзінде скепис пен шаршау байқалады. Ерте емес пе? 7-10 балл. Сіз болғанның бәрін жағымсыз түрде қабылдайсыз. Сіздің өміріңізде қуанышты сәттер жоқ па? «Суреттен өз ағашыңызды таңдаңыз» тренингі. Мақсаты: суреттегі  өзіне  ұнаған  ағашты  таңдау  арқылы  мінезін  анықтау. Суреттен өзіңізге ұнаған ағашты таңдау, артынша ағаштың нөміріне сәйкес келетін жауаптарды оқу:

Кемелділікке ұмтылатын, өте сезімтал әрі мейірімді адам. Аздаған менмендігі бар. Адамдармен бірден сөйлесіп кете алмайды. Еңбекқор. Өзін ренжітпейінше, барлығына жақын адамындай қарайды. Достарын қандай жағдай болмасын қадірлей біледі. Біреу ренжітсе, көпке дейін ұмытпайды. Жауапкершілігі мол, шыншыл әрі айналадағыларға өте қызықты адам. Пысық, өзінен сөз асырмайды. Әңгімелесуші адамның сеніміне бірден ие болады. Ақылды әрі терең ойлайтын адам. Өзі секілді адамдармен ғана жақсы сөйлеседі. Қоғам үшін маңызды әрі көп адам басын қатыра бермейтін істермен айналысады.

Зерек адам. Бұл адамның қылықтарын айналадағы адамдар түсінбей, жүрегіне тиетін сын айтулары мүмкін. Аздаған философиялық ойлары бар, махаббат пен мейірімділікті талап ететін, эмоцияға берілгіш жан. Өзіне сенімді әрі мықты адам. Өте белсенді, басқаруды ұнатады. Өмірде табысқа қол жеткізетін жан деуге болады. Шындыққа тура қарай біледі, өмір қиындықтарынан еш қорықпайды. Бұндай адамдар қорқақ, өтірікші адамдармен бірге болуды ұнатпайды. Мейірімді әрі барлығымен тіл табыса білетін адам. Жүрген ортасының «гүлі» болуды ұнатады. Бұл адаммен сөйлескен өте қызық. Ол айналасындағыларға үнемі жақсылық жасап жүреді.

Бақытты да мейірімді жан. Өзгелерді сөйлесіп отырғанда жүрегімен тыңдай біледі, дос болып, сүйе де біледі. Күйзеліске оңай төтеп беретін оптимист. Алдына қойған мақсатына жетпей тынбайды. Энергияға толы әрі қызықты адам. Қызық оқиғаларға тап болғанды ұнатады. Саяхаттағанды жақсы көреді. Қайда жүрсе де көңілді жүреді. Өзінің хоббиін жиі ауыстырады. Оптимист әрі көңілді жүретін адам. Бұл адамдар өмірдің әрбір тағатын бағалай біледі. Қолында барын өзгелерден аямайды. Әрдайым қуануға асығады. Ситуация.

Жағымды психологиялық ахуал – жетістікке жетудің тиімді тәсілі.  «Шынайы, ашық, көз жеткізілген, отты да, мықты, шешімді талаптарсыз ұжым тәрбиелеу ісіне кірсуге болмайды, кімде кім мұны екі ұшты қадаммен, жағынып көндіру сипатында жүргізетін болса, сөз жоқ, қателікке ұрынады.» – дейді А. С. Макаренко. Психологиялық климат тәрбие ұжымының берік психологиялық жай-күйі болып табылады. Ол әр түрлі қызмет саласында әр түрлі деңгейде қалыптасады және түрліше реттеледі. Жағымды психологиялық ахуал тудыру үшін:

А) Жағдаяттар; Ә) Дамытушы, іскерлік ойындар; Б) Психикалық тұрғыдан өзін өзі реттеу; В) Ұжымның «асыл ережелері» (көңіл-күйге байланысты т.б.) көмекке келеді. Тренингтің келесі кезеңінде топтық жұмыс орындауға берілді. І топ: «Болашақтың мектебі» моделі; ІІ топ: «Мінсіз мұғалімнің» моделі; ІІІ топ: «Мінсіз оқушының» моделі; ІV топ: «Мінсіз оқушының ата-анасының» моделі. Әр топ постер жасап, пікір алмасып, өз модельдерін құрып, әңгімеледі. Рефлексия «Суретті тест» жаттығуы.

Қатысушыларға  күннің, бұлттың, жаңбырдың, жасыл шөптер бейнеленген парақ таратылады. Тренингтен алған әсерін, бір-біріне тілектерін сол берілген суреттердің біреуіне жазады. Талдау. Күннің суреті – тренингке қатысушының толық қанағаттанғаны, көңілденгені. Бұлттың суреті – алған әсері төмен. Жаңбырдың суреті – ешқандай  әсер алмаған. Жасыл шөптер – көңілді, жақсы әсер алғаны. 

Қорыта айтқанда ұстаздың ең басты парызы – сабақта көңіл қанағаттанарлық жағдай, көтеріңкі көңіл-күй, жалпыға бірдей өзара сыйластық кеңістігін қалыптастыру. Сондықтан, сабақты бастамай тұрып, психиологиялық ахуал тудырып, балаларды оятып, сыныпта жағымды ахуал туғызып барып басталған сабақ өз нәтижесін беретіні даусыз.

Рахиман Айтбаевна АБДРАИМОВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО гимназиясы, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий