Гарвард университетінің профессоры Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ студенттеріне білім береді

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлегеннің шақыруымен Amanzholov University Қазақстан тарихы және Рухани жаңғыру кафедрасының магистранттары мен докторанттарына Гарвард университетінің “Fairbank” зерттеу орталығының профессоры Нұрлан Кенжеахметтің “Шығыс дереккөздеріндегі Қазақ хандығы және Еуразияның тарихи картографиясы” тақырыбындағы дәрістер оқылады.

Айта өтейік, Ph.D докторы ҚХР, Шыңжаң ауданы, Қарабұқа ауылында дүниеге келген. Докторлық дәрежесін тарих саласы бойынша 2005 жылы Мәскеуде, археология саласы бойынша 2007 жылы Бейжіңде қорғаған. Орталық Азия археологиясы, тарихы және тарихи географиясы бойынша көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Қазақстанға келген соң Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтында және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет етті.

2003 жылы Пекин университетінде оқып жүрген кезде картографиямен айналыса бастап, Жібек жолының картасын зерттеуді бастайды. 2007 жылы Жапонияға сапары барысында жапондардың карталарды зерттеу барысында қателік жасап жатқанын байқайды, өйткені Нұрлан Кенжеахмет көне қытай тілін білетін. Сол кезде карталарды зерттеуге бекінген.

Германиядағы Гумбольт қорының ғылыми грантына ие болған соң, Бонн университетінің Шығыстану институтында Орталық Азияның тарихи карталары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізе бастайды. 2022 ж. сәуірде Германияда ғалымның «Eurasian Historical Geography as Reflected in Geographical Literature and in Maps from the 13th to the Mid-17th Centuries» (“XIII ғ. бастап XVII ғғ. ортасына дейінгі географиялық әдебиетте және карталарда көрініс тапқан Еуразияның тарихи географиясы”) деп аталатын ғылыми монографиясын таныстырды.

2021 жылдан бастап ғалым Гарвард университетіндегі «Fairbank» зерттеу орталығына ауысқаннан кейін де ғылыми зерттеуін жалғастыруға зор мүмкіндік алады. Нұрлан Кенжеахмет Гарвард университетінің базасында Абылайхан тұсындағы қазақ хандығының шекарасы туралы ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр. Оның айтуынша, қазіргі қазақ елінің шекарасы сол Абылайхан тұсында қалыптасқан. Ол туралы нақты деректер бар. Картографиялық мәліметтер де кездеседі. Әзірге бұл мәселе зерттелуде, жарты жылдың ішінде жарық көреді.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий