Кәсіптік бағдар және мансап жаңа ғасырдың ақпарат кеңістігінде

Қазіргі уақытта оқушыларды еңбекке баулу және мамандықтарын дұрыс таңдауға кәсіптік бағыт беру, маңызды істердің бірі. Саналы түрде таңдалған мамандық жеке тұлғаның болашақ өміріне әсер етеді. Болашақтағы кәсіби мақсатына дұрыс бағыт алған оқушы бойындағы қарым қабілетін шығармашылықпен дамыта білсе, сапалы маман ретінде қалыптасатыны белгілі. Сондықтан да түлектерге кәсіби бағдар ұсынып, кеңес айту үлкен маңызға ие.

Кәсіби бағдар беру – шешімі табылуға тиісті өте күрделі кешенді мәселе. Өзінің әдістемесі және мазмұны жағынан оның психологиялық, педагогикалық, физиологиялық және әрекеттік аумағы жағынан әлеуметтік сипаты болады. Нәтижесі қоғамның экономикалық өміріне әсер етеді. Сонымен қатар, кәсіби бағдар беру қоғамның жұмыс күшін қайта өндірудің маңызды құралы саналады. Білім саласындағы кәсіби бағыттың ауқымы кең және алуан түрлі.

Бұл істің жүргізілуі кадрлар даярлауды жоспарлаумен, білім беру жүйесін одан әрі жетілдірумен тығыз байланысты екендігі сөзсіз. Қазіргі заман талабына сай мамандықтарды игерген жастарға сұраныс өте жоғары. Нарықтағы бәсекелестік күн өткен сайын артып келеді. Бүгінгі заман талабы кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекшеліктеріне сәйкес мыңдаған мамандықтар мен кәсіптерге дайындау – кезек күттірмейтін талаптардың бірі.

Кәсіптік бағдар беру жұмысы бүгінгі таңда ең көп талқыланатын тақырып және жиі көтерілетін өзекті сұрақтардың қатарында. Кәсіптік бағдар беру жүйесінің құрамды бөліктеріне; кәсіптік ақпарат, кәсіптік ағарту жұмысы, кәсіптік ақыл-кеңес және кәсіптік іріктеу (профотбор), кәсіптік бейімделу жатады. Кәсіптік ақпарат — орта мектептегі кәсіптік бағдар берудің ең негізгі нысандарының бірі.

Кәсіптік ақпарат арқылы оқушылар әр түрлі мамандықтардың маңызы мен мәні туралы түсініктер алады. Мамандық бойынша адамға қойылатын талаптармен таныстырылады. Мамандықтың ерекшелігі, оның қоғамда алатын орны туралы түсініктер беріледі. Кәсіптік ақпарат өте қиын, жан-жақты жұмыс. Ол әрбір экономикалық ауданның мамандарға қажеттілігі мен оның даму келешегі ескеріле отырып жүргізіледі. Кәсіптік ақпараттың мазмұны, ұйымдастыру мен әдістері әр жас кезеңінде әр түрлі болады.

Сондықтан да мектеп оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып жүргізу керек. Мәселен, бастауыш класта мамандық таңдау емес, еңбекті сүю,құрметтеу бағытында жүргізілу керек. 5-8 сыныптарда оқушылардың политехникалық ой-өрісін кеңейту, оларды сол экономикалық ауданға қажетті кең тараған мамандықтың түрлерімен таныстыру керек. Ал 9-11 сыныптарда әрбір мамандықты терең оқытуға көңіл бөлініп, белгілі бір кәсіпке қызықтыру қабілеттілігін дамыту керек болып табылады.

Бұл кездегі оқушылармен жұмыстың негізгі түрлері – факультативтер, техникалық үйірмелер, әр түрлі мамандық таңдауға бағытталған клубтар және тағы да басқа. Мамандық таңдау өте жауапты қадам. Мамандық таңдау- үлкен өмірге қадам басардағы ең жауапты сәттердің бірі. Себебі осы бағыт бағдар адам ғұмырының алдағы болашағына өз әсерін тигізеді. Дұрыс жол тапсаң дүниеге пайдасы бар кірпіш ретінде қалануды мүмкіндіктеріне қол жеткізесің.

Кемеңгер дана Абай атамыздың «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан», –  деген қасиетті өлең жолдары өз мақсатына жету үшін жастарға зор мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан жастарды бар күш- жігерлерін білім жолына салуға шақырамын. Президентіміздің өзі әр жолдауында болашақ тек жастардың қолында екендігін айтқан.

Әйгерім МОЛДАШЕВА,
“Ақтөбе  – Дарыны” өңірлік ғылыми
тәжірибелік қосымша білім беру
орталығының әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий