Жетісу облысындағы ауыл мектебі: Үздік ұстаздар ұжымының үлгісі

Жетісу облысының Ескелді ауданынына қарасты Матай Байысов атындағы бір мың үш жүзден астам тұрғыны бар шағын ауылдағы қазақтың ұлттық әдебиетін дамытуға ерекше үлес қосқан тарихи тарлан тұлғалардың тарапынан дауылпаз үнді философ ақын, шалқар шабытымен жұртшылықтың құрметіне бөленген айтыскер атанған Темірғали Рүстембековтің есімін 2006 жылы иеленген білім ордасының биік белестерді бағындырған ұжымдық үздік үлгісі мен пән мұғілімдерінің тағылымға толы тәжірибесі көптеген мектептер үшін ерекше өнеге.

Жеті жыл бұрын осы мектептің директорлығына тағайындалған Нұрсұлтан Мұхасанов білікті басшылығымен бірлігін бекемдеген ұйымшыл ұстаздар ұжымы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқыды бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру мақсатында аянбай еңбек етсе, оқушылардың барлығы пән мұғалімдері мен ата-аналары артқан сенім мен үмітті ақтау жолында үнемі жетістіктерге ұмтылады.

– Жобалық  қуаттылығы 624 орындық бұл мектептің ғимараты 1976 жылы салынған. Бүгінгі таңда 22 сыныбы бар (15 қазақ, 7 орыс). 2019-2020 оқу жылы «Күнделік.кz» электрондық оқыту жүйесіне көштік. Биылғы 1-11 сыныптар бойынша білімгерлер саны 273. Үздіктер шоғыры қырық, оқу екпінділері-101. Жалпы білім сапасы 61,9 пайызға жетті, – дейді Т. Рүстембеков атындағы орта мектебі мектепке дейінгі шағын-орталығымен коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Нұрсұлтан Тастандыұлы.

 

– Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша тоғызыншы сыныптың екі оқушысы үздік аттестат иегері атанып, 11-сыныптың он түлегі ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарында аудан бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, бірінші қатардан көріндік. Педагогикалық ұжымның құрамында  46 ұстаз бар, барлығы жоғары білімді. Сапалық құрамы: педагог – зерттеуші екеу; педагог – сарапшы – 13; педагог – модератор мұғалім – 13. Он үш мұғалім деңгейлік курстарға белсене қатысып, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша ұжым ұстаздарының тиісті курстардан өтуін толық жүз пайыз қамтамасыз еттік.

Мектептің материалдық–техникалық базасы жақсы. 2020-2021 оқу жылында ғимаратқа толық күрделі жөндеу жұмыстары жасалыпты. Жаңаша жабдықталған арнайы және пәндік оқу кабинеттеріне қоса асхана, спорттық ойындарға арналған  және мәжіліс өткізетін залдар бар және барлығына жаңа жиһаздар қойылған. Физика, химия, биология сабақтары үшін зертханалар жарақтандырылып, интербелсенді тақталар қондырылыпты. Әр кабинетке су жүйесі жүргізіліп, қол жуатын раковина орнатылған. Жарық жүйесі заман талабына сай. Ғимараттағы он тоғыз жылы дәретхана жүйелі жұмыс істеп тұр. Директордың кабинеті бірінші қабатта.

Кіре берісте вахтер отыратын бөлек бөлме бар. Мектеп әкімшілігінің кабинеті пластик материалдан жасалынған екен. Жаңадан екі жүз оқушы партасы, 400 орындық, елу үш шкаф және музыкалық аппаратура алынғанын білдік. Шағын орталық жаңа жиһаз және кір жуатын машиналарға қоса төсеніш кілемдермен қамтамасыз етілген. Рекреацияларда түрлі тақырыптағы стендтер ілініп тұр. Кіре беріске турникет орнатылып, фойеде интернет желісіне қосылған теледидар қойылған. Үзіліс кезінде оқушылар мектепте ұйымдастырылған түрлі іс-шаралардың түсірілімін тамашауы үшін.

Ұжым басшысының айтуынша мектптің балансында қазіргі кезде 107 (РБ – 40, жергілікті бюджеттен -67 ) компьютерлік техника бар. 2020-2021 оқу жылында алпыс бір ноутбук, 5 планшет, бес компьютер беріліпті. Барлық оқушылар санына  шаққанда  2,4 оқушыға бір компьютерден келеді. Екі жыл бұр осы мектепке талшықтық-оптикалық байланыс желісі  жүргізіліп, интернет (10м/бит/с) жылдамдығы артқан. Ең бастысы оқушылардың қауіпсіздігі үшін арнайы орнатылған 56 бейнебақылау камерасы үздіксіз жұмыс істеп тұр. 

Мектептің айналасына түгелдей дерлік асфальт төселіп, түрлі әсем гүлдерді өсіретін екі үлкен алаң жасалған. Бұл арнайы жерлерге көгал шөбі егіліп, петунья және раушан гүлдер отырғызылады екен. Ғимараттың төңірегі биік торлы қоршаумен жабылды. Мектептің артқы жағында баскетбол, футбол алаңдары жасалынып, ол жерге арнайы көгал шөп төселген. Дене шынықтыру сабақтары таза ауада ұйымдастырылады. Балалардың бос уақыттарында спорттық ойын алаңдары әсте босаған емес.

Шағын орталық орналасқан жақта кішкентай балаларға арналған ойын алаңы бар. Іргемізде 48 қарағай ағашы жайқалып тұр, – дейді білім ордасының басшылығы. Мектеп оқушылары мен ұстаздар аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға, олимпиадаларға, байқауларға белсене қатысып, биік белестерді бағындыруда. 2021-2022 оқу жылы бақ сынаған үміткерлер бір облыстық, 4 аудандық деңгейдегі жүлдемен оралған екен.

«Ағылшын тілі мен қазақ  тілдеріндегі  зат есімдердің ұқсастықтары мен айырмашылықтары» тақырыбындағы «Дарын» ғылыми-жобасына қатысқан 9 сынып оқушысы Д. Нұрсұлтанқызы жүлделі бірінші орынды иеленіпті (жетекшісі, ағылшын пән мұғалімі А.Мансурова). «Зерде» ғылыми – жоба жарысының аудандық кезеңіне 4 сынып оқушысы Зерде Ерсінқызы «Лимонның  пайдасы» тақырыбын ұсынып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталған (жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі С.Сейдахметова).

«Физика тұрғысынан коронавирустың бір сынып оқушыларының арасында таралуы» тақырыбымен 8 сынып оқушысы Қ.Бердіхан «Зерде» ғылыми – жоба жарысының аудандық кезеңінде алғашқы саптан көрініп, облыс бойынша байқауда екінші дәрежелі дипломға қолжеткізгенін естідік (жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі З.Турдиева). «Сетевое общение подростков» тақырыбымен 8 сынып оқушысы А.Байоразова аудандық кезеңде жүлделі екінші орын алған (жетекшісі, орыс тілі мен әдебиет пән мұғалімі Б.Клышбаева).

«Үздік педагог» байқауында бақ сынаған бастауыш сынып  мұғалімі С.Еспенбетова «Педагог-зерттеуші» аталымының жеңіпазы танылыпты. Бұл білім шаңырағының ең үлкен жетістіктерінің бірі – мектеп түлегі, бала кезінен мүгедек Дамир Нуркежановтың «Роботты техниканы дамыту»  бағытындағы жеке бағдарламасымен республикалық «Жүз жаңа есім» аталымына ие болып, ҚР Президентінің Алғысымен марапатталуы дер едік.

Бүгінгі таңда осы мектептің 7 сынып оқушысы Мырзағали Ескендір Дамирдің шәкірті ретінде роботты техника бойынша республикалық байқауларға қатысып, жақсы жетістіктерімен қуантып жүр. Биыл бітірген он түлектің тоғызы мемлекеттік грантпен ірі қалалардағы жоғары және кәсіби техникалық білім беретін арнаулы оқу орындарының студенті атанса, оның үшеуі педагогика саласын таңдағаны мектеп ұжымы үшін мәртебелі мақтаныш.

Білім бөлімінің ұтымды ұсынысын мақұлдаған аудан әкімдігінің қаржылық қолдауымен бюджетке енгізілген қаражатқа сәйкес соңғы үш жылда оқу жылының қорытынды кезеңіндегі ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарының нақтыланған нәтижесі бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізген бірегей білім ордасы мен биік белестерді бағындырған мұғалімдерге кәсіби мерекеге орай сыйлық беру дәстүрі қалыптаса бастаған екен.

Білім мен біліктілік додасында сексен сегіз пайыздық жоғары баллмен аудандағы он бір елді-мекенде отыз білім ордасы болса он тоғыз орта білім беретін мектептердің арасында оқ бойы озық көрінген осы ұйымшыл ұстаздар ұжымына теледидар мен музыкалық орталық тарту етілгенін білдік. Және талапты оқушыларын жемісті жетістіктерге жетелеген он пән мұғаліміне арнайы ақшалай сыйлықтар ұсынылған. Ұстаздар ұжымы мен жекелеген педагогтерді табысты жұмыс жүргізуге ынталандыратын бұл әлеуметтік маңызы бар бастаманы ұйымдастырушыларға жергілікті жұртшылықтың ризашылығы зор.

Бұл бұл білім ұясына осы мектептің бұрынғы түлектері Ілияс Қадырбекұлы (Абай атындағы педагогикалық университет математика) және Айда Қуатбекова (ЖМУ химия пәнінің мұғалімі) есімді жас мамандар жоғары оқу орындарын педагогика саласы бойынша тәмамдап, туған ауылындағы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрби беру ақылы кейінгі буын өкілдерін бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру мақсатындағы ізгі ниеттері басқа замандастары үшін нағыз үлгі өнеге.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий