Жетісу облысының Талдықорған қаласы: “Айналайын” балалар үйі – бақыт мекені

Жетісу облысына арнайы сапар барысында Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйіне барып, тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті. Аймақ басшысының арнайы шешімімен  (№79, 01. 07. 1996 ж) Талдықорған қаласына ауыстырылған Сарқан балалар үйі «Айналайын» атауымен жаңаша жұмысын жүйелі түрде қайта жалғастырған екен. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі экономика мен әлеуметтік саланың түрлі қиындықтарына кезіксе де жергілікті атқарушы биліктің тиісті қолдауына сүйенген ұйымшыл ұжым қызметкерлері берекелі бірліктің нәтижесінде жемісті жетістіктерімен елге танылды.

Сейсембаева Жадыра

– Біздің негізгі мақсатымыз жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздарға қажетті қамқорлық көрсетуге бағытталған. Олар мемлекет тарапынан жасалатын жақсылықтарды барынша толық сезінуі үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Және ең бастысы барлық жастағы тәрбиеленушілерді үлкен өмірге дайындау барысында сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыруға міндеттіміз.

Жиырма алты жыл аралығында біздің қолымыздан 458 оқушы түлеп шықса, қазіргі кезде 76 баланы тәрбиелеудеміз. Олар еліміздегі әр түрлі этнос өкілдерінің перзенттері, – дейді осы балалар үйінің директоры Сейсембаева Жадыра. – Жалпы санын есептегенде ұжымды сексен  адам құрайды (педагогикалық сала бойынша 45 ұстаз, медицина мамандары алты  және 29 кіші қызметкер бар). Материалдық техникалық базамыз да жыл ұзаған сайын жақсара түсіп, мүмкіндіктеріміз артты.

Балалар үйі ғимаратының сыртқы көрінісі

Бүгінгі таңда ғимаратта он төрт жатын бөлме мен демалатын орындар бар. Тәрбиеленушілердің игілігі үшін кітапхана мен музыкалық зал және спорт алаңдарына қоса дәрігерлік блок қызмет көрсетеді. Оқушылар 72 орындық асхана мен кір жуатын блок пен 25 орындық моншаны тиімді пайдалануда. Ескелді ауданында 100 орынға арналған балалардың жазғы демалыс-сауықтыру лагері орналасқан. Ұл-қыздардың түрлі саяхаттарын ұйымдастыру бағытындағы тасымал үшін отыз бес орындық автобус пен 13 адамдық газель және бір жеңіл автокөлік қызмет көрсетеді.

Жадыра Еркінбекқызының айтуынша балалар үйінде он жеті үйірме тұрақты жұмыс жүргізуде екен. Және қала аумағындағы сегіз үйірмеге барып қатысатындардың да қатары көбейген. Сабақтан тыс уақытында өзі қалап, таңдаған үйірмелерінде шығармашылық шеберлігін дамыту арқылы қарымы мен қабілетін арттыратын озық ойлы оқушылар қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен мәдени байқаулар және спорттық жарыстарда бақ сынап, биік белестерді бағындыруда.

Ұйымшыл ұжым қызметкерлері

Әр жыл сайынғы наурыз айының 1-інде республика бойынша ризашылық күні айрықша аталып өтетіндігі баршамызға белгілі. Соңғы кезде тұрақты түрде дәстүрге енген осы ізгілік пен құрмет мерекесіне байланысты былтыр “Ризашылық – мейірімділік бұлағы” тақырыбында ұйымдастырылған жалпыұлттық жобасы аясындағы “Қазақстан – менің алтын бесігім” республикалық балалар фестивалінің “Ризамын халқыма!” театр байқауына қатысып, бас жүлдені иеленген “Пана” театрының өнерпаздарына сыйлық ретінде экшн видеокамера табысталғанын білдік.

Осы балалар үйіндегі тәрбиеленушілерден құралған шағын театр соңғы үш жылдан бері бас жүлдені басқаларға бермей тұрғанын ерекше ризашылықпен әңгімелеген ұжым жетекшісі жергілікті жас өнерпаздарды облыс орталығының мәртебелі мақтанышы екендігін жеткізді. Жетісу өлкесіндегі балалар үйі арасында ұйымдастырылатын «Ең үздік интернаттық мекеме» байқауының әлденеше дүркін жеңімпазы атанып, жүлделі бірінші орынды иеленіп жүрген бұл іргелі ұжымның қызметкерлері мен тәрбиеленушілері 2021 жылы республика аумағындағы жиырма екі ұйымның арасындағы бірегей байқауда ең үздік білім беру мекемесі атағын жеңіп алған екен.

Жамал Қасымбекқызы

– Біздің балалар үйіндегі тәрбиеленушілер әрдайым аялы ала­қанның жылуын тұрақты сезінумен келеді. «Айналайын» деген құдіретті сөздің тек жылы жүректен, ыстық көңілден шығатыны белгілі. «Адам қандай сөзді пиғылымен айтса, сон­шама қуат үйіріледі», – дейді ха­лық даналығында. Қа­йы­рым­ды­л­ық пен мейірімділік ша­ңыра­ғы­ның астына біріктіруді мұ­рат еткен, көңілі жетім, тағдыр тәл­кегіне бұ­ға­насы қатпай жатып ұш­ыраған ба­ла­ларға арналған үй­дің «Айналайын» деп аталуының мәні осында екенін түсінесіз.

Бала көңілі – шыныдай мөлдір. Абайламасаң шытынатып аласың. Ал, ата-анасыз баланы тәрбиелеу үл­кен шеберлікті, төзімділікті қажет етеді, – дейді жиырма алты жылдық саналы ғұмырын осы балалар үйінің қызметі қалыптасып, ілгері дамуына арнаған тәжірибелі тәлімгер, майталман маман, ұлағатты ұстаз әрі осы балалар үйінің әдіскері Жамал Қасымбекқызы Баймадиева. – Менің педагогикалық пайымым бойынша балалар үйінде ерекше жандар жұмыс жасауы тиіс. Себебі олардың жүрегінде ең алдымен балаларды шуаққа бөлейтін жанашырлыққа толы үлкен махаббат пен адамгершілік қасиеті өте жоғары болуы қажет.

Балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің бір тобы

Өйткені балалар үйінің басқа білім ордаларынан өзіндік ерекшелігі көп. Осы орталықтың қызметкерлеріне келген ұл-қыздарды қайта тәрбиелеудің аса ауыр жүгі міндеттеледі. Білген адамға тәрбиелеу мен қайта тәрбиелеудің айырмашылығы өте зор. Сол қайта тәрбиелеудің күрделі де қиын жұмыстарын абыроймен адал атқаруға шыдамы жететін, төзімді жан балалардың ең сүйікті әрі өмір бойы ұмытпай құрмет тұтатын тау тұлғасына айнала алады. Балалар үйіне келетін тәрбиеленушілер жас тәлімгердің білімі мен білігінің аздығына және тәжірибесінің жоқтығына қарамастан кейбір кемшіліктерін аса елемеуі мүмкін. Бірақ олардың кіршіксіз көңілі өтірік пен жасандылықты кешірмейді. Демек олар тәлім мен тәрбиеде жан жылуына толы жүректен шыққан нағыз шынайылыққа толы бауырмалдыққа мұқтаж.

– Менің жасым сегізде. Үшінші «а» сыныбын қазақша оқимын. Орыс тілінде жақсы білемін. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде білім беріп, тәрбиелеген ұстаздарыма алғыс айтамын. Республика күніне орай мына тақпақты сынып оқушылары болып, бәріміз бірге жаттадық.
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің. Абай атамыз Құнанбаевтың мына өлеңін үнемі жатқа айтып жүремін.

“Үміт» тобының тәрбиешісі Мамырова Гульден мен тәрбиеленушісі Людмила

Ғылым таппай мақтанба.
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба.
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда, – дейді қазақ тілі, математика, музыка, дүние тану пәндерін жақсы көретіндіктен мұғалім мамандығын таңдауды армандайтын болашағынан көп үміт күтуге болатын қабілетті қыз Ступакова Людмила Александровна.

Жетісу өңіріне сапар барысында жергілікті үздік білім беру ұйымдарының жұмысымен жете танысуды ұтымды ұйымдастырған білім басқармасының басшысы Айжан Маманқызы Адамбековаға, облыстық басқарма мен аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін.

Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,
Астана – Жетісу облысы – Астана

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий