Ұлттық қолөнер – асыл қазына 

Берілген мақалада жатақханада тәрбиеленушілердің бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында жүргізілетін үйірме жұмыстарына тәрбиеленушілердің қызығушылықтарын арттыру мақсатында жүргізілген зерттеу жұмысы ұсынылған. Қыз балалардың жатақханада «Шебер қолдар» қолөнерге баулу,  тұрмыста қолданатын бұйымдарды өз қолдарымен тігіп үйрену және де  қыз балаларды болашақ  өмірге дайындау болып табылады.

Оқушылардың қолөнерге қызығушылықтарын арттыру мақсатында  сұхбат,  пікір алмасу, бақылау әдістері негізінде алынған ақпараттар сарапталып, нәтиже көрсеткіштері қызығушылықтарының артуымен бірге қолөнер бұйымдарын жасап, тіге алатындықтарын көрсетілді. Ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу, ата-бабамыздан қалған мұраны  жаңғырту мақсатында  қыз балаларды  қолөнер жұмыстарына баулу үйірменің негізгі мақсаттарымен ұштасқан.

Тұрмыста қолданатын ұлттық  бұйымдарды қазіргі заманауи нақышта жасау технологиясын меңгертудің қарапайым тәсілдерімен үйрету жоспарланған. Қазіргі ұлттық идеологияны дамыту өзекті мәселе болып тұрған дамыған заманда тәрбиешілердің ұлттық бұйымдармен заманға сай оқушының танымдық қасиетін дамыта тәрбиелеуі аса назар аударатын үдеріс. Осы орайда әр тәрбиеші жылдық жоспар  негізінде өз топтарымен өткен тарих пен мәдениетті заманға сай қолдану қажеттілігін ескеріп, соған жұмыстануы қажет.

Ал, кез келген оқушы тәрбиешінің көздеген зерттеу мақсатына арқылы өмір сүруге бейім тұлға болып қалыптасары анық. Әріптестеріммен кәсіби даму мақсаттарды нақтылауда өткен  талқылау барысында мектеп жатақханасындағы тәрбиеленушілерінің  «Шебер қолдар»  үйірме сабағына деген қатысушылардың қызығушылығы төмен екені туралы мәселе анықталды. Әр топтағы  тәрбиеленушілердің қолөнер сабағына басым көпшілігі қатыспайтындығы байқалды.

Сол себепті олардың қызығушылықтарын қалай арттыруға болатынан анықтау мақсатында  сұхбат жүргізілді.  Сұхбат барысында оқушылардың өздерінің іс тігуге деген уақытта жалқаулық басым екені байқалды. Көбісі ұзақ мерзімді нәтижеге шыдамдылық танытпайды. Кейбір оқушыларда іс тігуге деген икемі бар да, ал күн тәртібін жүйелі пайдалану, яғни уақыт графигі жоспарланбағаны анықталды. Зерттеу жүргізудегі негізгі мақсат – оқушылардың  қолөнерге қызығушылығын арттыру болды.

Аталған кедергілерді оларға мотивация беру арқылы жеңуді жоспарлап, түрлі-түсті моншақтармен, әшекей бұйымдармен көмкерілген заманауи тақиялар мен тұрмыста қолданатын бұйымдардың (тұтқыштар мен құрақ көрпешелердің) өздері өмір сүріп отырған ортадағы сұранысының жоғары екеніне дәлелдемелер таныстырылымдар көрсетіліп, арнайы уақытпен тапсырмалар берілді. Тәрбиеленушілердің  қолөнер жұмыстары бойынша тұрмыста қолданатын жұмыс түрлерімен, қазіргі заманауи техникалық жасалу жолдарымен таныстырып алғашқы сабақтарда қызығушылықтарын арттыруға бағытталды.

Зерттеу жұмысының  нәтижелі болу үшін жылдық жоспар жасақталды. Өнер пәні мұғалімдерімен бірлескен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Өнер пәні мұғалімдерімен «Тұмар жасау технологиясы» тақырыбы бойынша сабақ жүргізілді. Тәрбиеленушілерге тұмар туралы теориялық  мәліметтер бере отырып, тұмардың бірнеше түрлерімен танысып, практикалық сабақтармен толықтырылды.  Қазақ халқы тұмарды үйлерімізге босағада тіл көзден сақтау мақсатында қолданған, жалпы тұмар бұйымына ою-өрнектерінің де өзіне тән қасиеттері бар екендігі туралы да ұғымдарымен де таныстырылып, наным-сенім туралы түсінік жүргізілді.

Бұл ақпараттар балаларға қызықты әрі өз үйлерінің босағасында ілулі тұратынын енді түсініп танымы артты.  Тұмарға ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген, әр түрлі тастармен безендіріп тігу жолдары мен қазіргі заманауи үлгідегі сәндік қолданбалы түрі  ұсынылды. Тәрбиеленушілер сабақтарды ыждағаттықпен қызығушылықпен  жұмыстар жасайтындықтары байқалды. Жасалған жұмыстарын жатақханада өткізілетін дәстүрлі шараларымыздың бірі «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасына келген қонақтарымызға, тәрбиеленушілеріміздің өз қолдарынан жасалған туындылар ретінде тарту етілді.

Бұл шаралар оқушыларымыз үшін мотивация берді. Жатақханамызда ата-аналармен ынтымақтастықта жүргізілетін «Амал – ізеттілік бастауы» дәстүрлі мерекелік шарамызда  оқушыларымыздың қолөнер үйірмесінде жасалған туындыларына арналған  көрме ұйымдастырылды. Ата-аналар  оқушылардың жасаған жұмыстарына ризашылығын білдіруі де оқушыларымыздың қызығушылықтарын арттыруға өз ықпалын тигізді. Жатақхана тәрбиеленушілерінің  бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында сенбі, жексенбі күндері қолөнер сабақтары жүргізілді.

Оқушылармен жұптық, топтық жұмыстар жасалды. Топтық және жұптық жұмыстар бірін-бірінің идеясын қолдап, фантазиясын шыңдауға әсер етті. Себебі, оқушылар өз ойларын толықтырып, әрі достық қарым-қатынасқа, құрметке тәрбиелейді. Оқушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында «экскурсия сабақтарын» жоспарланды. Тігін сән үйлеріне барып, қазақтың ұлттық киімдерінің сән үлгілерін, оларды тігу жолдарының қыр сырларымен танысты. Тігін мамандарымен сұхбат жүргізіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби мамандардан жауаптарын алды. 

Ата-аналармен де бірлікте сабақтар жүргізілді. Серік Зейнеп оқушымыздың әжесі шеберлік сабағын жүргізді. Он саусағынан өнер тамған әжеміз  тігін тігудің қыр-сырларын үйретіп,  қыз балаларымыз күнделікті тұрмыста қолданатын бұйымдарымен таныстырды. Өзінің қолынан тігілген қолөнер туындыларымен де бөлісті. Қыздарымыздың сұранысы бойынша құрақ көрпенің тігу жолдарын, үлгісін таныстырып, шеберлік сабақ жүргізілді. Құрақ тігу өнері туралы да мәліметтер берілді. Құрақтың түрлерімен таныстырылды.

Оқушылар сабаққа қызығушылықпен қатысып, жұмысты жұптаса жасады. Сабақ соңында оқушылардан кері байланыстар алынды. Сабақта барлық оқушылар құрақ тігіп, өз өнімдерін көрсетті. Жуырда ғана қазақша сұхбат берген жапондық қыздың диссертациялық жұмыс тақырыбы «Құрақ көрпелер туралы» екені туралы деректер ұсынылды. Сол туралы мәліметтер оқып, олардың өз тарихы мен мәдениетіне басқа ұлттың да қызығушылығы артып, бағалауы жоғары екенін сезіндіру орын алды.

Баян-Өлгейде екі жыл тұрып, қазақ тілін меңгеріп, мәдениетіне қызығып, қазақтың құрақ көрпесін тігіп үйренген сырмақ пен текеметтің де жасалу технологиясын зерттеп өз еңбектеріне қосып, қазақ қолөнер тарихына ерекше құрметпен қараған Чиеко Хирота туралы деректерді талдады. Ол кесте мен керме, тоқыма тоқуды да терең зерттеген. Оқушыларға бұл сұхбат туралы таныстыру үлкен сұранысқа ие болып жүрген қазақ қолөнеріне деген қызығушылықтарын оята түсті. Сонымен қатар, тұрмыста қолданатын жұмыс түрлері, «сандықша жасау» технологиясы туралы сабақ та жүргізілді.

Педагог-куратор, өнер пәні маманы Аманғали Маратұлымен кіріктірілген сабақ өткізілді. Сабақта  тігін жұмыстарынан басқа да тұрмыста қолданатын бұйым, қыз балалардың әшекей бұйымдары тұратын ұлттық бұйымның бірі сандықша жасау жолдары туралы таныстырылды. Сабақ топтық жұмыс түрінде ұйымдастырылды. Оқушылардың сұранысы бойынша  «8-наурыз – Халықаралық әйел-қыздар күніне» орай  қазіргі заманауи  үлгіде түйреуіштер  жасау жұмысы бойынша әр түрлі  бисерлерден  жұмыстар жасады.

Дайын бұйымдарды өз аналарына сыйлады.  Әр түрлі ұсақ бисерден  әшекей бұйымдар  бойынша да сабақтар жүргізілді. Қыз балалар әр түрлі техниканы меңгере отырып, қолға тағуға арналған түрлі білезіктер жасады. Жасалған жұмыстарын достарына сыйлады. Олардың жасаған бұйымдарын қайырымдылық акциясы бойынша мектеп жәрмеңкесіне сатылымға шығарып, үлкен сұранысқа ие болғаны олардың өз өнерлеріне деген сенімділігін арттыра түсті. Үйірме жұмыстары тәрбиеленушілердің бос уақыттарында қолөнер бұйымдарын жасауға жоспарлай алатын, өзін-өзі басқаратын тұлға қалыптасуы нәтижеге жетелей түсті.

Ұлттық қолөнер бұйымдарын тігіп үйреніп, өздерінің болашақта тұрмыс-тіршілігіне, немесе бірі арнайы мамандығына, не табыс көзіне айналдырып, қажетіне жаратады деген сеніммен бұл үйірменің алда берер нәтижесі өмірмен байланысты әрекетке ұласуы сөзсіз. Қыздар біздің болашақ аналар, болашақ отанасы, сондықтан өмір сүруге бейімдеп тәрбиелеу басым мақсаттарымыздың бірі. Ұлтты тәрбиелеу – қызды тәрбиелеуден басталады. Ұлттық мәдениетті құрметтеу – өркениеттің бастауы. Өркениетті ел болуда өткенімізді жаңғыртып отырсақ ұтылмаймыз!

Гульнара Сарсенгалиева ДЖУМАШЕВНА,
Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі жатақхананың
аға тәрбиешісі, Маңғыстау облысы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий