Ғани Мұратбаев атындағы гимназия – мүмкіндіктер мектебі

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылындағы гимназия 1972 жылы жалпы білім беретін орта мектеп ретінде ашылып, елу жылдан бері ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Алтын ұяға әйгілі қоғам қайраткері, Қазақстан мен Орта Азия жастар қозғалысының ұйымдастырушысы әрі жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың (3 маусым 1902, Қызылорда облысының Қазалы ауданы – 15 сәуір 1925) есімі берілген.

Тағылымға толы тарихы бар бұл бірегей білім ордасында еліміздің жан-жақты дамуына үлес қосатын білімді де, білікті шәкірттердің бірнеше буыны тәрбиеленген екен. Маңызды мәліметтер мен жақсы жаңалықтарды аймаққа сапар барысында дара ерекшелігімен жергілікті жұртшылыққа кеңінен танылған ардақты алтын ұяның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан кезде көзбен көріп, байқай білдік. Бастапқы жоба бойынша мектеп ғимараты 924 оқушының білім алуына жоспарланған. Дегенмен қазіргі таңда гимназияда 1225 оқушы білім алып отыр. Гимназияда футбол, волейбол, ырғақты би, робототехника, музыка секілді үйірмелердің саны 35-ке жетеді. Шәкірттер үшін ағылшын тілін меңгеруге басымдық берілген.

Оқыту үдерісі екі ауысымнан тұрады. Үш қабатты ғимаратта заманауи құралдармен жабдықталған 41 оқу бөлмесі бар, оның ішінде 1 компьютерлік кабинет, 1 робототехника, екі шеберхана және 1 спортзал бар. «Оқуға құштар мектеп», «Дебат қозғалыстары», «Мектеп парламенті» жобаларын жүзеге асыру мен оқушылардың шығармашылығын қолдау мақсатында гимназияда Coworking, STEM және «Самғау» орталықтары ұйымдастырылған.

Алғашында оқыту үдерісі орыс тілінде жүргізілген бұл мектептің 1977 жылғы зияткер түлектері кеңестік жүйенің нағыз ғылыми орталығы саналатын Мәскеу, Новосібір,  Ленинград және тағы да ірі қалаларындағы жоғарғы оқу орындарында табысты жетістіктерімен дараланғаны үшін аймақтың үздік мектептері қатарына қосылып, ұстаздар ұжымының жетекшісі Гаджиев Шыңғыс Юсуповичтің «КСРО еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісімен марапатталғаны мұрағат жылнамасында сақталған. Кейінірек «Ең үздік мектепішілік бақылау жүйесі» тақырыбындағы бұл білім шаңырағының үлгілі іс тәжірибесі аймақтағы мұғалімдердің білімін жетілдіру және қайта даярлау институтының тарапынан 1984 жылы облыс аумағындағы мектептерге таратылып, сол кездегі ұжым басшысы О.В. Мелентьеваға «КСРО еңбек сіңірген ұстазы» атағы берілген.

Ал, 1993-2003 жылдар аралығында білім саласында биік беделімен танылған директор Хван Роза Алексеевна мектептің әрбір ұстазы мен оқушыларына білім бәсекесінде жоғары болуына ықпал еткен басшы ретінде танылды. Қарапайымдылығымен көпшілікті баурап алған осындай білікті директордың еңбегін бүгінгі күнге дейін ауыл жұртшылығы мақтанышпен айтады.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап мектепте мемлекеттік тілде білім беруге басымдық беріліп, 2001-2012 жылдарға арналған «Табысты мектеп» атты даму бағдарламасы бекітілді және бірінші кезеңнің негізгі мақсаты ретінде гимназия мәртебесін иелену талабы қойылды. Мектептің «Салауатты ұрпақ» тұжырымдамасы облыстағы білім беру ұйымдарына іс-тәжірибе ретінде таратылып, салауатты өмір салтын насихаттау бағыты бойынша аймақтағы тірек мектептердің тізбесіне енді. Осы жылдар ішінде ұстаздар ұжымы бірнеше облыстық педагогикалық инновациялық байқаулар мен фестивальдерге қатысты. 

2003 жылы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектебіне «мектеп-гимназия» мәртебесі беріліп,   Жамбыл облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің басшылығымен және Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық академияның қолдауымен мектепте республика көлемінде «12-жылдық білім беру мектептің ұлттық моделін құру» сынақ алаңы жұмыс жасай бастады. Сынақ алаңы аясында 12 жылдық білім беруге көшу бойынша оқу бағдарламалары сынақтан өткізілді.

Республика көлемінде он екі жылдық білім беретін мектептің ұлттық моделін құруға бағытталған негізгі сынақ алаңы болып қабылданды. Ұжымдық іс тәжірибе облыс көлемінде шығармашылық есеп түрінде таратылуы нәтижесінде сол жылдары оқу ордасын табысты басқарған ҚР Білім үздігі Оспанова Фатима Жұмабайқызының қажырлы қызметі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, кейіннен Ы.Алтынсарин төсбелгісі мен «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

2013-2018 жылдар аралығында білім мекемесін Жаманова Гүлпаш Рамазанқызы басқарды. Гүлпаш Рамазанқызы осы мектептің үздік тарих пәнінің ұстазы ретінде көптеген шәкірттің сапалы білім алуына үлес қоса білген ұлағатты ұстаз, білікті басшы. Жалпы, Ғани Мұратбаев атындағы гимназиясының беделі осында аянбай күш жұмсап, ұрпақ тәрбиелеуде сапалы қызмет еткен білікті ұстаздардың арқасында деп ойлаймыз.

Атап айтқанда білім ордасының 50 жылдық тарихы барысында осы күнге дейін есімі ел есінде қалған мына ұстаздарды атап өтуге тұрарлық деп санаймыз. Олар: Ш.Әбуева, Н.Искакова, Р.Нурмолдаева, П.Базилова, С.Рамазанов, З.Дүзенова, Т.Хан, К.Садуакасова, С.Бисалиева, К.Удерова, Қ.Сейдибаев, Н.Нурбекова, З.Рустамбекова, С.Назарова, С.Цой, Н.Ергожина, М.Дариябекова, Л.Кривулина, А.Салимова, Ү.Байлашева, К.Саулебекова, Б.Исхакова, Г.Сыздыкова, А.Нохайева, С.Сейтханова, Қ.Абдиходжаева, Г.Атамкулова, А.Турапбаева, А.Темірбекова сынды білікті де білімді ұстаздар. 2018 жылы гимназия директоры болып тағайындалған Наметқұлов Мұхит Жанұзақұлы осы жылы мектеп-гимназияға толық «гимназия» мәртебесі берілгендігін және 2019 жылы облыстық Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «Үздік жетекші мектеп» байқауында гимназия жүлделі І орынды, 2020 жылы өңірдегі «Орта білім беретін үздік ұйым» облыс әкімінің грантының иегері болғандығын сұхбат барысында баяндады.

Табысты мектептің іргетасын табысты мұғалімдер қалайтыны анық. Ендеше, үлкен жетістіктер басында үздік ұстаздар жүреді десек, қазіргі күні олардың кәсіби өсуіне үлгі боларлық мақтаныш мұғалімдеріміздің бірегейлері 2019 жылы республикалық «Үздік педагог» байқауы жеңімпазы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күдериева Бақыт Жақсылыққызы мен 2021 жылы республикалық «Үздік педагог» байқауы жеңімпазы Рақметқұлқызы Мөлдір! Есімдері алтын әріппен жазылуы тиіс ұстаздар барлық мектептегі жаңашылдықтың да жаршысы сынды деп ойламыз.

Гимназияда 2020-2021 оқу жылында мектепішілік «E-mektep» инновациялық жобасы енгізіліп, мектепті басқару мен білім беру процесін цифрлық трансформациялау жұмыстары жүргізіле бастады. 2022 жылы облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті ұйымдастырған «Білім беруді мазмұндық және цифрлық трансформациялау жағдайындағы аймақтық әдістемелік қызмет» аталатын республикалық ғылыми-практикалық семинарда «Білім беруді цифрлық трансформациялау: тәжірибе және перспективалар» тақырыбы аясында еліміздің барлық аумағынан шақырылған педагогика саласының мамандарына мектеп іс-тәжірибесімен бөлістік. 2018-2019 оқу жылынан бастап, оқу үдерісіне тәуелсіз бақылау сынағы ретінде «Гимназиялық бақылау сынамасы» тестілеуі енгізіліп, бүгінгі күні гимназия оқушылары ГБС тестілеуін электрондық форматта тапсырып келеді. Мектеп жұмысын цифрлық трансформациялау барысында ГБС тестілеудің қызмет түрлері автоматтандырылып, алдағы уақытта оқушыларды сынама тестілеуге дайындау мақсатында білім тренажерлері мен мобильді қосымшасын әзірлеу жоспарланып отырғандығын айтты.

Бұл гимназия ұжымындағы заман талабына сай өзгерістерді ерекшелік ретінде жоғары бағалаған облыстық білім басқармасының бұйрығымен осы білім беру ұйымының базасында педагогикалық сынақ алаңы ашылғанын білдік. Ғани Мұратбаев атындағы гимназия 2018-2019 оқу жылынан бері облыстық жалпы білім беретін мектептер арасындағы рейтингте «Инновация режиміндегі мектеп» ретінде бағаланып келеді. Электронды мектеп дегеніміз – оқу мен оқытуды басқарудың автоматтандырылуы. Бұл бағытта осы гимназияның «Е-mektep» жобасы жергілікті білім беру ұйымдарының қызығушылығына бөленіп, арнайы басқосулар арқылы жинақталған іс-тәжірибелері көпшілікке кеңінен таратылуда. «Білім сапасын қамтамасыз етуде мектеп жұмысын цифрлық трансформациялаудың ұйымдастыру-педагогикалық шарттары» педагогикалық эксперименті 2020-2023 оқу жылынан бастап нәтижеге бағытталған білім беру моделін тиімді енгізу жолдарын анықтауға арналған. Зерттеудің мақсаты мектеп жұмысын цифрлық трансформациялау арқылы білім сапасын қамтамасыз етудің ғылыми негізделген ұйымдастыру-педагогикалық шарттарын әзірлеу және ғылыми негіздеу.

Педагогикалық эксперимент 2022-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын болады. Жоба аясында жүргізілген педагогикалық зерттеулердің нәтижелері және алынған эксперименттік деректер қазақстандық педагогикалық білім беруді жаңғыртуға және дамуына елеулі үлес қосатындығы күтілуде. Осы гимназияның эксперименттік жобасын талқылау мақсатында ұйымдастырылған «Цифрлық мектеп: мүмкіндіктері мен жетістіктері» тақырыбындағы әдістемелік семинарға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, бірнеше оқулық пен әдістемелік құралдардың авторы, «Жоғары оқу орнының 2017 жылғы үздік оқытушысы» Ошанова Нұржамал Тұрашқызы қатысқан екен. Бұл тәжірибелік алаңға жетекшілік жасау жауапкершілігі жүктелген осы беделді жоғары оқу орнының уәкілетті өкілі жиналғандармен бірге білім беруді цифрлық трансформациялау жағдайындағы мектеп жұмысының тиімділігін арттыру мүмкіндіктерін қарап, жобаны жүзеге асыру кезеңдері айқындалыпты.

Ақпараттық технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамыған жаһандану дәуіріндегі жас ұрпаққа заманауи терең білім мен ұлттық болмысымызға негізделген өнегелі тәрбие беру – отандық педагогика саласының ең басты міндеті. Осыған орай бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру бағытындағы ілкімді ізденістерімен дараланған бұл мектептің ерекшеліктерін зерделеуге туысқан түрік мемлекетінен былтыр Ақдениз университетінің профессоры Арда Арикан арнайы келіп, ұстаздар ұжымы және оқушыларымен кездескен екен. Мәртебелі меймен жүздесу шеңберінде дипломды жас мамандарға әдістемелік тұрғыдағы ақыл-кеңестерін айтып, басқа да маңызды мәселелер жайын талқылау барысында шәкірттерге кәсіби бағдар беріпті.

Гимназияда ағылшын тілі пәні тереңдетіліп оқытылады. Жаңартылған білім беру аясында үш тілде оқыту бойынша білімін жетілдіру курсынан өткен мұғалімдердің саны жетеу. Ағылшын тілін С1 деңгейінде меңгерген дара жас маман Евгений Кравчук. Ол осы білім ордасының он жыл бұрынғы озық түлегі. Мектеп бітіргеннен кейін педагогика саласына мамандандыратын жоғары оқу орнында білімін жетілдірген соң, қара шаңыраққа биология және география пәндерінің жас мұғалімі ретінде дипломмен оралды. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін жаңашыл жас ұстаз шәкірттердің шығармашылығын дамытуға көп көңіл бөледі. Ұлттық рухтағы мультфильмлер жасаудың қыры мен сырын үйретуден жалықпайтын елгезек мұғалімдерін талапты жастар өте жақсы көреді. Мектептің интернеттегі ресми сайтын да оқушыларымен бірге жүйелі жүргізуде.

Гимназияда білім алатын дарынды оқушыларды қолдау, балаларды сөз өнеріне баулу, ақпаратты өңдеу мен командалық жұмыс істеу дағдыларын дамыту мақсатында өткен жылы ұжым жетекшісінің бастамасы бойынша және аудандық білім бөлімі (Мамырбаев Нұрболат Серікұлы) мен облыстық білім басқармасының (Жамангозов Бейқұт Тілебалдыұлы) жан-жақты қолдауымен «ĞM арнасы» студиясы ашылды. Осы медиа орталық пен мектептің жанынан құрылған «Самғау» орталығының аясында шағын көлемдегі электронды газет шығаруды бастағанбыз, – дейді Евгений Анатольевич.

– Ең басты міндетіміз: мектептің өмірін жұртшылыққа жеткізу шеңберінде оқушылар мен ұстаздардың жетістіктерін насихаттау. Және өткен жылы «Айымның ғажайып әлемі» тақырыбында төрт сериялы анимациялық бағыттағы тұңғыш төл өнімімізді талғампаз көрермендер назарына ұсынып, қалың көпшіліктің ризашылығына бөлендік. Мен бұл жұмыстарға басшылық жасап, ақыл мен кеңес айтқаным болмаса камерамен қажетті кадрларды түсіру, бейне жазбаны өңдеу, дыбыстық үйлесім мен  музыкалық әрленуі сынды барлық тиісті шаруаларды бейімі бар оқушылар ұйымшылдықпен бірлесе атқарып шықты. Шығармашылық топтың құрамына талантты оқушыларды іріктеу мақсатында арнайы ұйымдастырылған кастингке қатысушы 27 үміткердің арасынан суырылып шыққан Қалила Самғат, Жаңабай Дамира, Есельбаева Жанель, Жакел Қарақат, Ақжолтай Шапағат және Тураев Айдос пен Пәрімбек Аяна есімді дарабоздар қабылданған еді. Жаңа жобаның негізгі мақсаты – болашақта журналист, режиссер, оператор сынды телевизия мен кино саласының заманауи мамандықтарын таңдайтын жастарға мектеп қабырғасында ерте бастан кәсіби бағыт пен бағдар беруді көздейді.

“Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытудың ерекшеліктері: теория мен практика” тақырыбындағы аудандық әріптестерінің вебинарына қатысқан ол биология мен география пәндерін ағылшын тілінде кіріктіріп оқытудың ерекшеліктерін зерделеу барысында, талқылаушылардың назарына шешудің жолдарын ұсынғанын атап айтыпты. Сабақты жоспарлаудағы нақты төрт қадамын қатысушылардың көбі мақұлдаған екен. Евгений Кравчук ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен 2019 жылғы мауысым айының 4-і күні Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында бір топ белсенді азаматтардың құрамында кездесіп, әулиеаталық жас мамандардың атынан мем­ле­кет­тің жастарға жасап отыр­ған қам­­қорлығы жөнінде әңгі­мелегенін мақтанышпен еске алады.

Ұдайы іздену арқылы білімі мен біліктілігін арттыратын жас мамандар әрбір мектептің мақтанышы. “Дарынды балаларға – талантты ұстаз” тақырыбымен жуырда аудандық білім бөлімі ұйымдастырған жас мамандар арасындағы педагогикалық олимпиадада гимназияның география пәні мұғалімі Көпбосын Амандық Жанысбекұлы бас жүлде иеленіп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды. Және осы мектептің педагог-психологі Төлендібаева Фариза Мақсатқызы үшінші дәрежелі дипломмен марапатталған. Келешекте мәртебелі мамандық иесі атанып, құрмет пен абыройға бөленуді армандамайтын бала болмайды. Сол себепті гимназия оқушыларының мамандық жайлы ойларын білу мақсатында әлеуметтік педагогтар ұйымдастыратын “Мамандық – өмір бастауы” атты бейне байқауын тұрақты дәстүрге айналдыру жоспары бар.

– Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті сөз зергері Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», – дегенін баршамыз білеміз. Әлемдегі ең керемет кинозал — ми. Бірақ сен оны тек кітап оқығанда ғана түсінесің», – дейді ағылшынның қазіргі заманғы танымал кинорежиссері және беделді продюсер Ридли Скотт. Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық аймақтардағы білім ордаларында қолға алынған «Оқуға құштар мектеп» бағалы бастамасының негізінде біздің ұстаздар ұжымы «Кітап оқып, жеңімпаз атан!» аталатын мектепішілік байқаудың ережесін бекітіп, жаңа жобаны ұтымды ұйымдастыруда, – дейді гимназия директоры.

Байқаудың мақсаты: үздік көркем әдебиет туындылары арқылы оқушылардың танымын кеңейтіп, ой өрісін дамыту. Қатысатын оқушылар: бастауыш буын (3-4 сынып оқушылары) 10 кітап; орта буын (5-7 сынып оқушылары) 10 кітап; жоғарғы буын (8-11 сынып оқушылары) 10-нан кем емес кітап оқулары міндеттеледі. Байқаудың өткізілу мерзімі 2022 жылғы қазан айының 1-інен бастап, желтоқсан айының 15-і аралығында жүргізілуде. Қортынды кезеңінде байқаудың ең белсенді оқушыларын бас жүлдемен марапаттап, бірінші және екінші, үшінші орын иегерлерін анықтау жоспарланған.

Жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен орта және шағын бизнес өкілдерінің демеушілік қаржысына алынған жүлде қорымыз да қомақты. Бас жүлдені иеленушіге ең бағалы сыйлық ретінде заманауи үлгідегі велосипед беріледі. Бірінші орынға – скейтбордтар, роликтер, самокаттар. Екінші қатардан көрінгендерге – рюкзактар мен ойын-монополия. Үшінші орын иелерін – ойын пазылдары, оқуға қажетті құралдар күтіп тұр. Байқаудың шартына келсек, қатысушы үміткерлер ең алдымен «100 кітап» жобасы бойынша берілген көркем шығармаларды оқып, талдауы қажет. Содан соң оқыған шығармалары желісінде таныстырылым жасайды. Ең соңында оқыған кітаптар бойынша аннотация жазуы міндет. оқыған кітаптар бойынша аннотация жазуы міндет. Бұл талаптар үлкен әріптермен түрлі-түсті бояуда жазылған хабарламаны мектептің кіре берісіндегі көрнекі жерге іліп, бас жүлдегерге сыйлыққа берілетін су жаңа велосипедтің биік тұғырға арнайы қойылғанын көрген шығарсыздар. «Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында гимназияның “GM арнасында” жас жеткіншектерді оқуға баулу және кітап оқуды насихаттау мақсатында “Сөз өнері және сана” бағдарламасы жүргізілуде.

Әрбір бала бір жұлдыз десек, оның жарқырауына жәрдем жасау ата-ана мен ұстаздардың парасатты парызы. Гимназияда биылғы оқу жылының алғашқы тоқсанының соңында мектепте дарынды оқушылармен жүргізілетін жұмыстарды жандандыру мақсатында «Самғау» интеллектуалдық олимпиадасы бастау алды. Бұл жаңа жоба 4 маусымнан тұрады. Яғни, әр тоқсан соңында ұйымдастыру ұйғарылған. Қатысушы бір оқушы бір пәнді таңдауға мүмкіндігі бар. Жоғары нәтиже көрсеткен балалар мен олардың жетекші мұғалімдері олимпиаданың әр маусымы соңында арнайы «Алтын», «Күміс», «Қола» медальді Грамоталармен марапатталатындығы белгіленген. Олимпиада оқу жылы соңына жалғасатындықтан әр кезеңнің жеңімпаздарына негізгі қорытындаларға сәйкес лайықты марапаттаулар табысталатын болады.

Бұл білім шаңырағында «Азамат» дебат клубы жұмыс жүргізуде, өзін – өзі басқару және «Жас ұлан» ұйымдарына 687 оқушы мүше. Олардың елуге жуығы үйлестіруші және ұйымдастырушылар. “Өзін-өзі басқару” ұйымының президенті ретінде Ұлпан Жарқынбекқызы сайланса, премьер министр лауазымын Жандарбек Курганбаев атқаруда екен. Лесбек Дамира – осы ұйымдағы білім мен ғылым министрі қызметінің тізгінін ұстапты.

– Перзент болашағының іргетасы ата–ананың тәрбиесіне байланысты болатындығы дәлелдеуді қажет етпейтін теорема. Сондықтан үштік одақ шеңберінде атқарылған жұмыстардан жүзеге асырылмағандары қыруар көп көрінеді. Білімнің негізі бастауышта. Сондықтан біздің білім ордасындағы бастауыш сыныптағы бүлдіршіндер де майталман мұғалімдердің ерен еңбегінің нәтижесінде жемісті жетістіктерге жетудің жолдарына бейімделе бастаған. Шәкірттердің шығармашылығын шыңдауды ұтымды үйлестірген бастауыш сынып бірлестігі облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті тарапынан “Бастауыш білім беру саласындағы педагогикалық проблемалардың тиімді шешімдерін анықтау, сараптау және тарату” мақсатында ұйымдастырылған «Үздік бастауыш сынып бірлестігі» өңірлік байқауында топжарып, жүлделі бірінші орынды иеленді.

Сөз соңында айтарым, ұжымдағы барлық әріптестердің ұйымшылдығының нәтижесінде қоғам үшін ұлттық санасы қалыптасқан, заманауи білім дағдыларын меңгерген, тәуелсіз мемлекетіміздің ілгері дамуы мен ел бірлігіне үлес қосатын жаңашыл тұлғаларды тәрбиелеп шығатынымызға сенім мол, – деп сұхбат әңгімесін түйіндеді Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның директоры,  ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі иегері, табысты менеджер, ұлағатты ұстаз Мұхит Жанұзақұлы Наметқұлов.

Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,

Астана – Жамбыл облысы – Астана

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий