Тіл мерекелері – тәрбие мен білім беру үрдісінің құрамдас бөлігі

Қазіргі білім беру үрдісі педагогтердің әр баланың толыққанды дамуы үшін жағдай жасауға баса назар аударуын айқындайды. Мектепке дейінгі ұйым педагогінен  баланы дамыту, тәрбиелеу мен оқыту процесстеріне жеке тәсілді қалыптастыруға бағытталған педагогикалық шеберлікті, озық  іс-тәжірибеге басымдық беру қажеттігін күтеді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасында қойылған негізгі мақсат-міндеттердің бірі: әр баланың қызығушылықтарын, ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы адами және ұлттық құндылықтар негізінде оларды толыққанды дамыту мен әлеуетін ашу; мектепке дейінгі білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігі ұстанымдарын қамтамасыз ету, балалардың физикалық дамуы, коммуникативтік, танымдық, зияткерлік,шығармашылық дағдыларын, зерттеушілік қабілеттерін дамыту, әлеуметтік эмоционалдық дағдыларын қалыптастыру.

?

Балаларды қазақ халқының ұлттық құндылықтарына, отбасылық құндылықтарға, отаншылдыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке, мәдени-әлеуметтік нормаларға баулу; балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның күш-жігерін біріктіру, баланың мектепте оқуға физикалық, психологиялық, эмоционалдық, әлеуметтік дайындығы үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді беру.

Осы мақсат пен міндеттерді шешу жұмысы қазақ тілі бойынша ұйымдастырылған іс-әрекеттерден бастау алып, мемлекеттік тілді меңгерту мақсатында күні бойы режимдік сәттерде Үлгілік оқу бағдарламасында айқындалған сөздік минимумды үйрету, түрлі балалар әрекетінде тәрбиеленушілердің ауызекі байланыстырып сөйлеуін дамыту, сондай-ақ,  қазақ халқының мәдениетімен, салттары мен дәстүрлерімен таныстыру, белсенді сөздікті байыту, сөздік нормаларды, мәдениетті қарым-қатынасты игертумен жалғасып,  балабақшаішілік іс-шараларды (мерекелер мен ойын-сауықтар және тағы да басқа) ұйымдастыру мен өткізу арқылы жан-жақты жүзеге асырылады.

Мектепке дейінгі ұйымда өткізілетін тіл мерекелері  – тәрбиелеу-білім беру процесінің құрамдас бөлігі. Бұл іс-шаралар тәрбиеленушінің жеке басының қалыптасуына ықпал етеді, дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді, педагогикалық жұмыстың белгілі бір нәтижесін көрсетеді. Жақсы ұйымдастырылған ойын-сауықтар психикалық процесстердің дамуына: есте сақтау мен зейінді, баланың сөйлеуін дамытуға жағдай жасайды, ұйымдастырылған іс-әрекетте  алған білімдерін кеңейтуге, адамгершілікке тәрбиелеуге ықпал етеді.

Балабақшадағы мерекелер тек көңіл көтеру шарасы ғана емес, сонымен қатар ауқымды, күрделі дайындық жұмыстарын қамтиды. Мысалы, балабақшамызда жыл сайын қыркүйек айында Қазақстан халықтарының тілдері күні қарсаңында жоспарға сәйкес Тілдер апталығы өткізіледі. Осы апталық аясында түрлі форматтағы іс-шаралар жоспарланады: «Қазақ тілі: сіздер үшін» ашық есік күні, «Біз ойнаймыз,  ұйқасты таңдаймыз – Мы играем рифму подбираем» коммуникативтік-танымдық ойын-челлендж (ата-аналармен бірлескен іс-әрекет), «Балдәурен: balabattle»   ашық аспан астындағы ойын-сауық,  «Мияулаған қайсың?» ертегісінен қойылым, қазақ тілі кабинетіне саяхат, поэтикалық батл және тағы да басқалар.

Сонымен қатар орыс тілінде оқытылатын топтарда ай сайын тіл мерекелері ұйымдастырылады. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған   мерекелік іс-шаралар кешені тәрбиеленушілердің  қазақ тілін  үйренуіне,  сөйлеудің дыбыстау мәдениетін, сөздік қорын, тілдің грамматикалық құрылымын, байланыстырып сөйлеуін  дамытуға,  мәнерлеп айту мен дикцияны арттыруға, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы алғашқы білімдерін кеңейтуге, танымдық белсенділіктерінің   қалыптасуына  негіз болып, мектеп жасына дейінгі балалардың мемлекеттік тілді білу деңгейін дамытуға жол ашады.

Кенжегүл Ақанқызы МУХАМЕТКАЛИЕВА,
№4 «Балдәурен» бөбекжайының қазақ тілі
оқытушысы, Абай облысының Семей қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий