Кәсіби және техникалық білім: Жұмыс беруші күні жоғары деңгейде өтті

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін білім беру ұйымдарында биыл тұңғыш рет республикалық деңгейде «Жұмыс беруші күні» өткізілді. Бұл іс-шараға Алматы экономикалық колледжінің ұжымы да ұйымшылдықпен қатысқан болатын. 

Қазіргі еңбек нарығында сапалы мамандардың қажеттігі айқын сезіліп отыр. Ал сапалы маман даярлауда оқу орны мен жұмыс беруші кәсіпорын арасындағы серіктестік қызметті дамыту аса маңызды. Осы арада колледждің академиялық дербестік шеңберінде жұмыс берушілермен өзара байланысы мен іс-әрекеті айрықша қажет болып отырғанын айта кетуіміз керек. Академиялық дербестік колледжге жұмыс берушілермен бірлесіп маман даярлаудың сапасын арттыру үшін білім беру бағдарламаларының (БББ) мазмұнын дербес айқындау жөнінде өкілеттік береді. Білім беру бағдарламаларын дербес әзірлеу кезінде жұмыс берушілермен бірлесіп жалпыға міндетті білім беру стандарттары (ЖМББС), кәсіптік стандарттарының және болған жағдайда WorldSkills стандарттарының талаптары ескеріледі және оқыту мерзімдері айқындалады.

БББ өзектендіру үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жанынан Индустриялық кеңестер құрылды, оның құрамына серіктес кәсіпорындардың, ұйымдардың бас мамандары енді. Жалпы, мұның кәсіпорын мен колледж үшін де студент үшін де артықшылығы көп. Айталық, жұмыс беруші маманды өз талабына сай даярлауға қатыса алады. Студенттер болса бір мамандық шеңберінде бірнеше біліктілікке ие бола алады, еңбек нарығына қажетті құзыреттер мен дағдыларды меңгереді, еңбек нарығына жылдам шығуға мүмкіндік алады.

Ал колледж болса кадрларды еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, маман даярлауға, жұмыс берушілердің талаптары бойынша қосымша пәндерді (кәсіби модульдерді) енгізуге, еңбек нарығындағы сұранысты игеруге қол жеткізеді. Міне, осы колледж бен жұмыс беруші кәсіпорындар арасындағы серіктестік дуальді оқытуды жүзеге асыруға да, оқу мерзімін ықшамдай отырып, көздеген уақытта сапалы маман даярлауға да әсер етеді. Серіктестіктің осындай артықшылықтарын ескере отырып биыл елімізде тұңғыш рет «Жұмыс беруші күні» енгізілген еді.

Бұл мереке техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында кадрлар даярлау сапасын арттыру, жұмыс берушілермен одан әрі тиімді өзара іс-қимыл жасау мақсатында өмірге келді. 15 қарашада «Жұмыс беруші күнін» Алматы экономикалық колледжі аса жоғары деңгейде атап өтті. Бұл мерекеге колледжбен серіктес кәсіпорындар: «Carlsberg Kazakhstan» ЖШС (Джолдыбаев Алибек Жақсылықұлы), «Galanz bottlers» ЖШС (Сарандаев Денис), «RG Brands Kazakhstan» ТОО (Агыбаев Аскат Ерикжанович), «Line Brew Bottlers» ЖШС (Уразалиев Жандос Үшкемпірұлы) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Рахат» АҚ (Замолутдинов Рашит), «COOKSKZ» ЖШС (Архангельский Алексей Юрьевич), «Sandyk World» ЖШС (Cкак Манас Манақбатырұлы), «Bugin Holding» ЖШС (Куатбаев Айбек), «Халық Банк» АҚ Алматы облыстық филлиалы (Кузенбаев Сабит Дарменұлы), «Банк Хоум Кредит» (Ахметова Асель) және осы сияқты басқа да 22 кәсіпорындар басшылары мен өкілдері қатысты.

Колледж директоры техника ғылымдарының докторы, профессор Жақсыбай Қасымбек қонақтарды оқу орнының базасымен таныстырып шықты. Мұндағы заманауи жабдықтармен жабдықталған зертханалар, аудиториялар, спорт залы, жалпы оқу базасы жұмыс берушілер өкілдеріне қатты ұнады. Колледжбен танысу оқу орнының мәжіліс залында өткен диалог алаңында қайта жалғасты. Колледж директоры профессор Жақсыбай Нұрлыбайұлы Қасымбек биыл құрылғанына 80 жыл толып отырған кәсіптік білім беру ұйымының өткені мен бүгінгі алып отырған асулары және алдағы міндеттері туралы әңгімеледі.

Қазіргі таңда колледжде Есеп және аудит, Банк және сақтандыру ісі, Бағдарламалық қамтамасыз ету, Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндірісі, Сыра, алкогольсіз сусындар және спиртті ішімдіктер өндірісі, Тамақтандыруды ұйымдастыру сияқты мамандықтар бойынша кадрлар даярлануда. Бүгінде бәсекеге қабілетті болу үшін, біріншіден, білім сапасын жоғары деңгейге көтеру қажет, екіншіден, оқытушылардың біліктілігі мен сапалық құрамы талапқа сай болуы тиіс, үшіншіден, оқу үдерісі инновацияға негізделеді, төртіншіден, материалдық-техникалық базасы мықты болуы керек.

Бүгінде колледж басшылығы осы бағыттар бойынша жұмыс істеп келеді. Әсіресе, бүгінгі заманның басты талабы ­­– заманауи инновациялық технологияларды терең меңгеру, ақпарат жүйесін барынша жетілдіру десек, ұжым осы мақсатқа толық жету үшін күресуде. Соңғы жылдары материалдық-техникалық базаны заманауи деңгейге көтеру, оқу үдерісін цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Бұл мамандарды сапалы жаңа деңгейде дайындауға мүмкіндік береді. Қазір колледжде жиырма жаңа мамандандырылған аудитория, 11 компьютер сыныбы. Кітапхана мен мәжіліс залы қайта жөндеуден өтіп, интербелсенді құралдармен жабдықталды, спорт және тренажер залдары ашылды, оқу зертханалары заманауи құралдармен жабдықтаған. Оқу орнының нан және нан өнімдерін ондіру технологиясы зертханасы заманауи техникалармен және қондырғылармен қамтамасыз етілген.

Мұндағы ең таңдаулы нан жабатын, нан өнімдерін дайындайтын пештермен жұмыс істеуге машықтану болашақ мамандарды кәдімгі үлкен кәсіпорын цехтарында жұмыс істеп жүргендей сезімге бөлейтіні сөзсіз. Сыра және сусын дайындау зертханасының техникалық әлеуеті де жоғары деңгейде. Айталық, Алматы экономикалық колледжі кезіндегі мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, республика оқу орындарының ішінде алғашқысы болып Чехиядан мини сыра зауытын алдырды. Әрине бұл зауыт лабораториялық қондырғы ретінде пайдаланылады.

ҚР 30 жылдығы карсаңында колледжде оқу-өндірістік база ретінде студенттік ресторан ашылды. Бұл іс-шараның іске асуына колледж сенімді басқарушысы «РҒПО» Акционерлік  қоғамы және де колледж ресми партнеры, GIZ – «Орталық Азияда кәсіби білім беру» халықаралық неміс жобасы септігін тигізді. Дүниежүзілік банк қаржыландырған «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасы аясында жасақталған ақпараттық коммуникациялық кабинеттер де күшті әлеуетке ие.

«Ақпаратты қорғау және ақпараттық қауіпсіздік» кабинеті де заманауи ақпараттық техникалармен жабдықталып, студенттердің ең қызығып жұмыс істейтін орнына айналған. Бізде CISCO академиясы кабинетінің ашылуы да үлкен жаңалық болды. Колледж асханасы мен оқу наубайханасы үшін жаңа технологиялық жабдықтар алынды, оқу корпусы мен жатақхана еуроүлгісімен күрделі жөндеуден өтті. Мұндағы тұрмыстық техникалар мен жиһаздар толық жаңартылды.

Колледж студенттеріне үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету үшін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен келісім-шартқа отырып, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудеміз. Осының нәтижесінде түлектеріміздің ауқымды бөлігі колледжден кейін, өз мамандықтарына сәйкес, тиісті жоғары оқу орындарында білім алуын жалғастыруда. Алматы экономикалық колледжі педагогикалық ұжымының оқу үдерісін жаңартуға талпынысы техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнының жаңаруымен байланысты.

Колледждің авторлық тобы «Тамақ өнімдері өндірісінің технологиясы» бейіні бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестік ретінде жұмыс жасап келеді. Бұл бейінге «Нан, макорон және кондитер өндірісі», «Сыра, алкогольсіз сусындар және спиртті ішімдіктер өндірісі», «Қант өндірісі» және «Май және май алмастырғаштар технологиясы» мамандықтары кіреді. Осы жиында колледж директордың оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Лысенко Валерия Юрьевна жаңа білім беру бағдарламаларын серіктес кәсіпорындармен бірлесіп жасаудың маңызына, елімізде соңғы жылдары еңгізіліп жатқан  модульді-кредиттік оқу жүйесінің ерекшеліктеріне тоқтады.

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Даулетбаева Жадыра Тлеубайқызы қазіргі жағдайда оқу үдерісін жақсарту жөнінде өз ойларын ортаға салды. Жұмыс берушілер арасында «Беккер и К» ЖШС жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Калиева Насима Махмутқызы Алматы экономикалық колледжімен өз кәсіпорнының көп жылдан бері серіктес болып жұмыс істеп келе жатқанын, бұл оқу орны түлектерінің нағыз маман болып қалыптасып отырғанын сөз етті. Сондай-ақ ол колледжбен бұдан былай да тығыз байланыста жұмыс істеп, сапалы мамандар даярлауға өз үлестіктерін қосатындықтарын айтты.

«COOKSKZ» ЖШС басшысы Архангельский Алексей Юрьевич те колледждің кадр даярлаудағы жетістіктеріне кеңінен тоқталды. «Galanz bottlers» ЖШС жетекшілердің бірі Сарандаев Денис осы колледждің түлегі екенін мақтаныш ететінін, бұдан былай да жаңа технологияларды игеру жайында онымен тығыз байланыста жұмыс істеп, қолдау көрсетіп отыратынын айтты. Бұдан басқа да серіктес кәсіпорын өкілдері оқу орынмен байланысты одан әрі дамытып және маман даярлауда бірлесіп жұмыс істейтіндерін атап көрсетті.

Осы ретте профессор Ж.Қасымбек ҚР Оқу ағарту министрлігіне биыл бірінші рет өткізіліп отырған «Жұмыс беруші күні» іс-шарасын ұйымдастырғаны үшін үлкен алғысын білдірді. Бұл өте дұрыс бастама екенін және де бұл іс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұру керек деген ұсынысын айтты. Әлеуметтік серіктестіктің дамуына, колледж бен жұмыс берушінің өзара әрекеттес механизмдерінің қалыптасуына, кадрлар даярлау сапасын арттыру дуальді оқытуды ұйымдастыру және түлектерді жұмысқа орналастыру, мақсатында колледж бірнеше мекеме басшылармен ынтымастық туралы келісімге кол қойысты.

Колледж директоры профессор Жақсыбай Қасымбек серіктес кәсіпорын басшыларына алғыс хаттар тапсырды, бұдан кейін жұмыс берушілер өкілдері студенттік аудиторияларда өз мамандықтары бойынша шеберлік сыныптарын өткізді.

Мырзахан АХМЕТОВ,
Алматы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий