Тәуелсіздік – ең қымбат қазынамыз

Тәуелсіздік – бұл біздің ата – бабаларымыздың сан – ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы, ол «Үйде туып, түзде өлген» бабалардың табанды күресі мен жан қиярлық ерліктің ұлы жеңісі. Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан, бұл біздің еліміздің ең үлкен, ең ұлы қасиетті ұлттық мерекеміз болып табылады. Бұл күннің ел тарихындағы алатын орны ерекше. Тәуелсіздік жолында бабаларымыз ұрпағының қамы үшін күнді – күн, түнді – түн демей, үзеңгімен алысып, көк бөрідей дала кезген.

Бел жазып ат үстінен түспеген жау жүрек ер түріктің ұрпағы алты жаста ат құлағында ойнаған. Он бес жасында Отанын, жерін қорғап, шейіт болған. Қара басының қамы емес, ұрпағының қамы, болашағы үшін. Осындай ұлан – ғайыр байтақ даланы, ұрпағына аманат етіп қалдыру үшін, бүгінгі бостандықтың ғайыптан келіп, басымызға қона қалмағанын азаттық үшін миллиондаған адамдардың қаны төгіліп, жазықсыз жала арқалағанын тарихтан білеміз.

Оның қан тамырында бостандық жолындағы күреске үндеген бабаларымыздың сазды үні жатыр. Талай қиын заманды басынан өткерген бабаларымыз, елім – ай лап жүріп, тағдырын жазған. Бар қасіреті мен қиянатын қанына біткен шыдамдылықпен артқа тастап, қара басы емес халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін не қияметтерді көрмеді. Тәуелсіздік жолындағы қақтығыстардың түйіні – 1986 жылы өткен ызғарлы желтоқсан көтерілісі болды. Тәуелсіздік бейбіт жолмен келген біреудің бізге берген сыйы емес. Ол бостандық жолында халқымыздың аяулы ұлдары мен қыздарының көз жастары мен қанына суарылған тәуелсіздік.

Қазақ халқы күрескер халық, бұғауға басын имейтін, құлдықтың қамытын кимеген, бойында көк бөрінің өр қасиеті бар. Көк бөрі бұғауға мойын ұсынбайтын, қақпанға түссе аяғын тастап кете беретін, өжет түз тағысы. Тарихын білмеген халық болашағын болжай алмайды. Осындай байтақ даласы, кең жері бар халықтың, жау жүрек батырлары, дана қариялары, ұлы хандары болғаны сөзсіз. Сол ұлы хандардың бірі үш жүздің басын қосып, қазақ халқын бір тұтас ел еткен Абылай ханның үш арманы болыпты.

Біріншісі, қазақ халқын егін егіп, отыршылдыққа үйрету. Екіншісі, халқының сауатты болып, техниканы, білім – ғылымды меңгергені. Үшіншісі, қазақ халқының тәуелсіз ел болғанын армандапты. Ұлы бабалардың арманы бірнеше ғасырдан кейін орындалды. Бабалар аманаты, тәуелсіздіктің тағдыры, мемлекет басшысының мойнында тұрды. Елбасы үшін ауыр жүк үлкен сынақ еді. Одақтан шыққаннан кейін республиканың жағдайы өте ауыр болатын. Тұралап қалған экономика, тоқтап қалған өнеркәсіптер, жұмыссыз қалған адамдар.

Үш ғасыр бойы Ресейдің отары болған құлдық сана бойына сіңген халық әлі де болса жалтақтап, «Ресей не дер екен?»  дегендер, Қазақстан өз бетінше өмір сүре алмайды деп байбалам салған басылымдар, басқаны қойғанда өз ұлтымыздан шыққан заты қазақ, рухы орыстанып кеткендер «Біз Ресейсіз өмір сүре алмаймыз» дегендер болды. Біздің елімізде отаршылдық саясаты ғасырлар бойы жүрді. Басқа республикаларға қарағанда біздің жағдайымыз күрделі еді. Одақтың құрамында тағы жиырма жыл тұрғанымызда, қазақ деген ұлт жер бетінен жойылар еді.

Орыстандыру саясаты бізде өте қатты жүрді. Ұлттық мектептер 90 пайызға жабылды, ана тілін білмейтіндер 90 пайызға жетті. Қазақ халқы өз тілінде сөйлеуге, қазақпын деп айтуға ұялатын халге жетті. Саналы түрде ата – тегін орысшалап Андреевна, Петровналар белең ала бастады. Бір сөзбен айтқанда ұлттық рухтан жұрдай болдық, мәңгүрттендік. Ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» шығармасын оқысақ, қандай күйге жеткенімізді түсінеміз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов қырғыздың «Манас» жырын жанын салып қалай қорғаса, Айтматов қазақ халқының болашағына алаңдап, «естеріңді жиыңдар» деген жан айғайы еді.

Тілінен, дәстүрінен, ұлттық рухынан айрылған халық ешқандай соғыссыз, өзінен – өзі жойылып кетеді. Біздің республикамызда қазақ халқынан басқа түрлі ұлттар басым болды. Жүз жиырма түрлі ұлт шоғырланған жер нағыз ұлтаралық қақтығыстың ошағы, өрт тұтану қаупі басым еді. Көп ұлтты республика халқын бір тудың астына біріктіріп, шекарамызды заңды түрде айқындап, бекітіп, одақтан шыққан республикалардың алдына суырылып шығып, Қазақ деген халықты Қазақстан тәуелсіздік мемлекетін бүкіл әлемге танытып, терезесі тең түрде, өзін әлемге мойындатқан, мықты саясаткер, қазақтың бір туар перзенті, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтің тағдырына жазылса керек.

Тәуелсіздік алғаннан бері көптеген жұмыстар атқарылды, алайда қол жеткізілген нәтижелермен шектелуге болмайды. Ынтымағы жарасқан, бірлігі берік халық ғана бақытқа кенелетіні белгілі. Сондықтанда әрбір қазақстандық тәуелсіздіктің қасиетін барынша сезініп, бостандықтың әр азаматқа жауапкершілікпен жүктелетінін азаттықтың әр таңы, жаңа міндеттер ала келетінін үнемі естен шығармауымыз керек. Ежелден еркіндікті аңсаған әр қазақтың, ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Ежелден елім деп еңіреген ақындарымыз  «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлайтын еді.

Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін, елбасы «Болашақ» бағдарламасын енгізді, «Жастар одағы» құрылды, барлығы жастардың игілігі үшін. Еліміз дер кезінде патриоттық тәрбиені қолға алды. «Тәрбиесіз берген білім, адамзаттың қас жауы» – деген. Сондықтан да біз жастарымызды жан – жақты сауатты, бойына ұлттық тәрбиені сіңірген, саналы азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Жастарымыз тәуелсіздіктің қадір қасиетін біліп, бағалай, қастерлей білуі тиіс. Тәуелсіздік мерекесі шын мәнінде ұлы мереке. Оны барынша насихаттап, түрлі іс – шараларды өткізіп, жастардың жанына, санасына құюымыз керек.

Өкінішке орай кейбір жастарымыздың түсінігі ішіп – шегіп, көңіл көтеруден аспайды, өйткені санасының жеткен биігі сол. Біз ұрпағымызды патриот етіп тәрбиелеу үшін «Жау жүрек мың бала» сияқты тарихи фильмдерді көбірек шығаруымыз керек. Бұл фильм жастарымызға бір серпіліс берді. Ұлттық нақышта берілген нағыз патриоттарды тәрбиелейтін кино. Нағыз патриоттарды тәрбиелеу үшін дәстүрімізді, тілімізді, ұлттық рухымызды жандандыруымыз қажет. Бұл үшін тек мектеп мұғалімдері ғана емес, бүкіл ел, ата – ана ат салысуы тиіс. Тәрбие бесіктен басталады, ананың сүтімен, атаның қанымен келеді.

Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін, ата – ананың ықпалы өте үлкен. Ата – ана баласына бір мезгіл ұлттық құндылықтарымыз жайлы, салт – дәстүрімізді, үлкенді сыйлау, ата – ананы қадірлеу, бауырмалшылдық жайлы бай әдебиетіміз, батырлар жыры, хандар, билер жайлы білгендерін айтып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Халқымыздан шыққан ұлы адамдардың бәрі ұлттық тәрбиеден сусындағандар, ұлттық тәрбиеден сусындаған бала еш уақытта теріс ағымдардың жетегінде кетпейді. Біраз жыл біз патриоттық тәрбиені ақсатып алдық. Оған Жаңаөзендегі оқиға куә.

Жастарымыз теріс ағымның жетегінде кетіп, ішіп шегіп, азғырушылардың айдақтауымен туымызды таптап, киіз үйді, шаңырақты ойрандап, талқандағанда жағамызды ұстап, жүрегіміз қан жылады. Бір елдің патшасы ұлы бабамыз Әл Фарабиден елімнің болашағын болжап бер дегенде, бабамыз «еліңнің жастарын көрейін, жастарыңа қарап еліңнің болашағын болжай аламын» деген екен. Қазақта «Туыңды құлатпа, шаңырағыңды шайқалтпа» деген киелі сөз бар.

Біздің халқымыз шаңырақты киелі санап, туымызды жанымен, қанымен қорғаған. Ту бір елдің ар намысы. Ту арқылы бір ел екінші елді таниды. Туын құлатпау үшін бабаларымыз жан беріп, жан алған. «Көк байрағым, байрағым, қозып кетер қайдағым» деп жыраулар жырына қосып, жауынгерлерді жігерлендіріп, арқаландырып отырған. Осылай бар қазақ бір тудың астына жиналған.

Тудың, шаңырақтың қадір – қасиетін білмегені жастарымыздың дәстүрден қол үзіп, ұлттық рухтан жұрдай болғандығы, санасы төмен, шала сауатты, дәстүрін тегін білмейтін жастар, кез – келген теріс ағымның жетегінде кетеді. Ішкілікке, нашақорлыққа салынатындар да осылар. Патша үкіметі отаршылдық саясатын жүргізер алдында қазақ жеріне жан – жақты зерттеу жүргізеді. Зерттеушілер қазақ халқының үш жақсы қасиетін атап көрсетеді. Бірінші, ата – ананың балаға деген ерекше сүйіспеншілігі, ұрпағы үшін өмір сүретін халық.

Екінші, жастарының ата – анасын қадірлеп, қастерлеуі, үлкенді сыйлау, ақсақалдарға құрметі, елдегі мәселелерді ақсақалдар шешетіні. Үшінші, салауатты өмір салты, ішпейді, шекпейді. Саясаттың мақсаты ата – дәстүрді жою, тексіз етіп, мәңгүрттендіру. Дәстүрдің бәрінен айрылдық, ұмыт қалды. Дәстүрдің бәріне ескінің сарқыншағы деп қарайтын болдық. Ғасырлар бойы жүргізілген саясат дегеніне жетті. Бабалардың рухы көз жасымен аман есен жұрнағы ғана қалдық.

Біздің бабаларымыз шегу, ішу дегенді білмеді. Тіл, дін дәстүріне берік рухы биік, бекзат ақсүйек болды. Жігіттер намысын ту етіп тіккен батыр, жайсаң еді. Кез – келген ағымның жетегінде кетіп, көрінгеннің мазағы болған жоқ. Әр заманның өз ағымы болған. Бабаларымыз қара шаңырақты, отбасын өмірімнің өзегі, намысым деп санаған. Бір жігіттің артында бір әулет, бір ру, біл ел тұрды. Бір жігіт бір рудың қамын ойлаған. «Жеті атасын білген жеті рудың қамын жер, жеті атасын білмеген жетесіз» деген сөз осыдан қалған.

Қазақ даласында жетім – жесір болмаған. Жетімнің қамын бір ру болып жеген. Осының бәрі қазақ халқының ешбір елге ұқсамайтын ерекше құндылығы. Кез – келген ұлттың өзіне тән ерекшелігі, дәстүрі, тілі, діні бар. Сол ерекшеліктерімен ұлт – ұлт болып қалыптасады. Біздің басқа ел таң қалып, тамсанатын өзімізге тән ерекше дәстүріміз, бай тіліміз, ұлттық тәрбиеміз бар. Сөз қадірін білген, сөзге тоқтаған, үлкенді сыйлау, ата – ананың алдын кеспеу, бір – бірімізге деген бауырмалшылдық, кең пейіл қонақжайлылығымыз.

Осының бәрі қазақ халқының құнды баға жетпес байлығы, ұлттық ерекшелігі. Біз жастарымызға тілімізді, дәстүрімізді дәріптей отырып, ұлы бабаларымызды мақтан тұтып, Отан, жер елді халқын сүйюге үйрете отырып, патриоттық рухта тәрбиелеуіміз керек. 1. Отан. 2. Тіл. 3. Дін. 4. Дәстүр. Осы төрт қағиданы бойына сіңірген ұрпақ ешқандай ағымның жетегінде кетпейді. Саналы білімді халықты жахандану да жұта алмайды. Халқымыздың, жастарымыздың рухы биік болса, тәуелсіздігіміздің іргесі сөгілмейді.

Тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы өзімізге байланысты. Бізге ұлттардың татулығы, оның ішінде қазақ халқының ауыз біршілігі жер – жерге бөлініп жік шығармай, бас басына би болмай, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау алауыз болса ауыздағы кетеді» Тұманбай Молдағалиевтің «Әр қазақ менің жалғызым» дегені біз үшін ұран болу керек. Бірлік етіп тірлік жасау керек.

Ұлы Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос. Көрмесең, істің бәрі – бос» дегенін естен шығармағанымыз жөн. Еліміздің тәуелсіздігіміздің болашағы жастарымыздың қолында. Мағжан Жұмабаев айтқандай «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін». Иә, біз жастарға сенейік, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы, баянды болғай деп тілейік!

Лаззат Жусипгаликызы КАМБАРОВА,
А.Навои атындағы № 11 жалпы білім беретін
мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Шымкент қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий