Оқырман отбасы: Бірегей байқаудан түйгенім

Білім саласында жоспарлы түрде түрлі шаралар тоқтаусыз қолға алынып жатады. Соның кейбіреуіне қатысып, енді бірі туралы ақпаратқа бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінен қанығып, іштей тілекші болып жүремін. Ал енді кешегі күні өткізілген байқау көптің көңілінен шыққан, қанаттандырған шара болды десе, артық емес.

Облыстық білім басқармасының бастамасы бойынша жергілікті оқу-әдістемелік орталығы Бір отбасы-бір кітап» облыстық акциясы аясында «Оқырман отбасы» байқауының ақтық кезеңін ұйымдастырған болатын. Байқаудың өткізілуі бірінші рет емес. Қоғамда кітап оқу дәстүрін қайта жаңғыртып, отбасылық құндылыққа айналдыру мақсатында қолға алынған шара дәстүрге айналғандай.

Қазылар алқасының мүшесі ретінде қатыса отырып, ертегілер еліне тап болғандай күй кештім. Байқауға қатысқан 15 отбасының ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы мысалдарының негізіндегі сахналық қойылымдары театр қойылымынан кем болмады. Бұл – менің ғана жеке пікірім емес, тұтастай алқа мүшелерінің пікірі десе болады. Осы шарада біз неге қуандық, неге марқайдық?

Өйткені шараның атауына сай болғанына; әкесі, анасы, әжесі болып, тіпті бала бақша жасындағы сәбилер, көрші-қолаң болып тайлы-таяғына дейін қатысқанына; әке бейнесінің биіктегеніне; әр отбасы жауапкершілікті сезініп, сахнаны әдемі безендіріп, реквизиттердің эстетикалық талғаммен ұсынылғанына; алыс ауылдардан қатысқан отбасылардың талғам мен өнері жөнінен қалалықтардан қалыспайтынына, тіпті артық болғанына; «Қырық мысалдағы» идеясы терең, мазмұнды шығармалардың сахналануына; байқауға қатысушылардың басым бөлігінің өзі сомдаған образдың жүгін түсініп, жұртшылықты сендіре алғанына; залдағы жанкүйерлер қарасының мол болғанына.

Біз – кітап оқып өскен буынның өкіліміз. Бала кезімізде кітап оқу біз үшін, біздің замандастарымыз үшін шынымен де отбасылық дәстүр болатын. Кітап атты сиқырлы әлем баурап алып, ата-анамызбен қоса тәрбиеледі.  Қиялдадық, армандадық. Кітап кейіпкеріне ұқсағымыз келді. Кітап арқылы сөз төркінін таныдық. Жетілдік. Өстік. Әлі де сол. Біздің буын керегін кітаптан іздейді. Кітапты жанына жақын көреді. Кітаппен сырласады.

Осы «Оқырман отбасы» байқауы арқылы жастардың кітапқа оқуға деген ықыласын байқадым. Сөзімнің дәлелі, байқаудың іріктеу кезеңіне 12 мыңдай отбасы қатысыпты. Жұмыстан қолы тимей, қолы тисе де, ұялы телефонын қимай, қонақжай қазақтың той-томалағынан қолы босамайтын ата-ананың кітап оқуға бет бұрғанын байқадым. Отбасында кітап оқылады деген сөз – тәрбие түзеледі деген сөз. Мейірімге шөлдеген бала ата-анамен қауышады деген сөз. Ертеңіміз үмітімізді ақтайды деген сөз. Олай болса, бәріміз кітап оқиықшы!

Жұпар ЖАҚАН,
Қарағанды облысының тілдерді дамыту
жөніндегі басқармасы жанындағы ресурстық
тіл орталығының бөлім меңгерушісі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий