Тәуелсіздік: Қастерлі ұғым, ең қымбат қазына

Ата-бабаларымыз сан жылдар бойына армандап кеткен азаттық таңы атып, еліміз тәуелсіздік алғанына да отыз жылдан асты. Егемен ел болу жолында қаншама қазақ зиялылары мен батырлары, батыл ұл-қыздарымыз жанын пида етті. Сондықтан да тәуелсіздің ұғымы – қазақ үшін ең қасиетті де қастерлі ұғым. Міне, сол арман орындалған сәтте енді осы елдігімізді ұстап қалу, егемендігімізді тұғырлы ету үшін – ел ертеңі жастардың білімді болуы керек.

Осы ұлы мақсат жолында тер төгетін ұстаздың ұлағатты қызметі қазіргі таңда одан сайын маңызды бола түсті. Тәуелсіз елдің білімді, әрі отансүйгіш ұрпақтарын тәрбиелеуде педагогтың атқарар рөлі өте зор. Ұстаздың білім саласындағы атқарып жүрген ағартушылық еңбек жолы ұшан-теңіз десек болады. Себебі білім мен ғылымды бәрінен биік қойған ел ғана барлық салада өркендеп дамиды. Баласына сапалы білім берген әрбір қоғам өкілі тек өз отбасының ғана емес, мемлекеттің де мықты іргетасын қалайтынын түсінуі тиіс.

Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әр Жолдауында ғылым мен білім саласындағы маңызды аспектілерге тоқталып, қазіргі таңда өскелең ұрпақ үшін ең басты қажеттілік білім екенін, білімді ұрпақ баулуда бөбекжайдың, тәрбиешілердің еңбегінің зор екенін айтып келеді. Балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін олар қолайлы жағдайда тәрбиеленуі керек. Бүгінгі заманның талабы – осы.

Оның үстіне әлемнің алдыңғы қатарлы бәсекеге қабілетті елдерімен иық теңестіру үшін қазіргі білім беру сапасына қойылар талап та күшейді. Осыған орай мықты білім беру үшін елімізде «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң қабылданып, ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітілді. Соның арқасында төмендеп кеткен мұғалімнің мәртебесі қайта көтерілді, нәтижесінде ұстаздық жолды таңдайтын жастар қатары көбейді.

Осылайша адамзат қоғамының даму сатысының қайсысында болмасын ұстаз мамандығының атқарар рөлі зор екеніне тағы да көз жетті. Бүгінде атқарылып жатқан осы жұмыстардың бәрі отандық білім беру жүйесінің дамуына қызмет ететіні сөзсіз. Бөбекжай тәрбиешілері мен тәрбиеленушілерге қамқорлық көрсету арқылы біз болашақтың жағдайын жақсартып отырмыз.

Сонымен қатар шығыс ғұламасы әл-Фараби бабамыз айтып кеткендей: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас – жауы», демекші, балаға тек білім берумен ғана шектелмей, бойына адамгершілік негіздеріне сүйенетін ізгі қасиеттерді сіңіру керек.  Ғалым, әнші, ғарышкер, қандай мамандық иесі болмасын ұстаздың алдынан өтіп, тәрбиеші-мұғалімдердің  арқасында үлкен өмірге қанат қағады.

Бөбекжайдан алған ізгі қасиеттер мен білім баланы еліміздің дамуына атсалысар азамат етіп шығарды. Сондықтан барша ұстаздар қауымына бүкіл адамзат қарыздар. Себебі көп қажырлы еңбекті, түрлі мінездегі балаларды тәрбиелеуде асқан шыдамдылықты қажет ететін тәрбиеші, мұғалім мамандығын ең санаулы адамдар ғана таңдайды деп санаймын.

Қазақтың ұлт болып қалыптасуындағы сан қилы тарихына көз жүгіртсек, қанды қырғын мен небір зұлмат соғыстар, түрлі шайқастар мен қантөгістер, небір боздақтардың жаны қиылған оқиғалар бір ғана мақсатты, бір ғана мүддені көздегенін көреміз. Халқымыздың асыл арманы – ұлттық мақсаты айқындалған, қадір-қасиетімен астасқан ұраны бар тәуелсіз ел атану еді. Сол арманға кешегі «Желтоқсан жаңғырығынан» кейін қол жеткіздік.

Жанат КЕНЖЕГАЛИЕВА,
«Ғарышкер» бөбекжайы» ЖБҚ
МКҚК-ның бірінші санатты тәрбиешісі,
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий