Жас маман: Тәлімгер оқытушының кәсіби құзіреттілігі

Қазіргі кезеңдегі ең өзекті мәселенің бірі – бәсекелестікке қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатындай кәсіби мамандар дайындау. Бүгінгі күні жоғарғы оқу орындары әлемдік өркениетке ұмтылып, дүниеге іргелі ел ретінде танылып, білімді, білікті, саналы азаматтар тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл міндет білім алушы жастардың шығармашылықтарын арттырып, өздігінен білім алуға және алған білімін іске асыра білуге үйретуді міндеттейді.

Заманауи оқытушы – әрқашан да кәсіби деңгейі жоғары, педагогикалық дәстүрлі әдістер мен жаңа технологияларды жақсы білетін әрі оларды өз сабақтарында тиімді пайдалана алатын, әрдайым ізденіс үстінде жүретін, білімін үздіксіз толықтырып, шыңдап, шығармашылықпен жұмыс жасайтын, білім алушылардың бәсекеге қабілетті маман болып шығуына қолайлы жағдай жасап, жан-жақты білім беретін, оқу-тәрбие ісін меңгерген тұлға.

Арнайы педагогикалық білімі мен жұмыс өтілі жоқ, оқу орнын енді ғана тәмәмдаған жас мамандардың ұлағатты ұстаз атанып, студенттердің сүйікті оқытушысына  айналуы үшін біраз нәрсені үйренуі қажет. Осы орайда жас маманға әдістемелік, педагогикалық-психологиялық көмек қажет. Жас маман мектебі – арнайы педагогикалық білімі жоқ жас мамандардың кәсіби деңгейін жетілдіру, педагогикалық шеберлігін шыңдау, психологиялық қолдау, бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде атқаратын бірлестік.

Жас маман мектебінің жұмысын ұйымдастыру үшін педагогикалық жұмыс өтілі 20 жылдан кем емес, іс-тәжірибесі мол, озат педагог оқытушы жетекші болып тағайындалады. Оқу жылы басында мектептің жоспары құрылады. Оқу жылы барысында мектеп тарапынан жас мамандарға арналған семинар сабақтар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, конференциялар,озат оқытушылардың іс-тәжірибесімен танысу мастер-класстары, кездесулер, дискуссиялар өткізіледі, өзара сабаққа, ашық сабақтарға қатысу, қатысқан сабаққа әдістемелік талдау жасауды үйрету, педагогикалық этиканы, сөйлеу мәдениетін ұстану жайлы мол мағлұмат беру жұмыстары жүргізіледі.

Биылғы оқу жылында Захан Рауан Нұржанұлына тәлімгер болып бекітілдім. Бекітілген жас маманмен жылдық жұмыс жоспарымызды қарастырдық. Жас маман тәлімгерінен кеңес ала отырып, пәндері бойынша оқу жоспарын саралап, оқу-жұмыс бағдарламаларымен танысып, перспективалық-тақырыптық жоспарларын құрып, жыл бойы жұмыс жүргізеді. Негізгі менің жас маманмен жүргізілетін жұмыс жоспарымның құрылымы мынадай үш кезеңнен тұрады: бейімделу; өзекті – бастысы; бақылау.

Жоспарлау негізінде біріншіден: оның жеке ішкі жан дүниесіне, мінезіне, көңіл – күйіне қарай отырып, оның икемділігін анықтаймын. Қандай да болмасын жұмыс түрін алмас бұрын, бақылау, қатысу арқылы қандай жұмысқа қабілетті екенін байқаймын. Жас маманның студентпен қарым – қатынасын және оқытушымен қызметтестік болуға деген қабілетін аша білдім. Міне енді осылар арқылы тестер, диагностика, сауалнамалар әзірлеймін.

Әрі қарай жас маманға тәлімгерлік жұмысымды былай ұсынамын: бақылау, екі жақты қатынас, сұрақ – жауап, кері байланыс (Kofe-breik, интервью алу әдісі және тағы да басқа),  шағын тапсырмалар ұсыну. Жас мамандардың тәжірибені өз жұмысында пайдалануын қадағалау басты назарымда. Әрбір  жоспарланған  іс- әрекеттің аяқсыз, нәтижесіз қалмауын қадағалаймын, бағыт пен бағдар беріп отырамын.

Топтасқан жас мамандармен кәсіптік деңгейлерін қалыптастыру, әдістемелік көмек беру мақсатында жыл бойы жұмыстар жүреді. Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен «Тәлімгерлік-педагогтің кәсіби дамуының алғышарты» тақырыбында ұйымдастырылған семинардың мақсаты колледждегі тәлімгерлік үдерісті тиімді ұйымдастырудың мүмкіндіктерін ұсыну, тәжірибе алмасуға бағытталған болатын.

Алдағы уақытта колледж жас мамандарының оқу үдерісіндегі қиындықтары мен тың идеяларын еңгізудегі іс-тәжірибелерімен бөлісу, педагогикалық іс-әрекетте кездескен қиындықтар мен проблемаларды зерделеу және оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру мақсатында «Пәнді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы семинар ұйымдастыру жоспарлануда. Осы орайда оқу-әдістемелік орталығының ТжКБ басшысы Исаханова Шынар Кабиевнаға алғыс білдіреміз.

Жарқынай Сарсенбекқызы ШУЛГУБАЕВА,
Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінің
арнайы пәндер оқытушысы, Алматы
облысының Қарасай ауданы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий