Ғалым ұлағаты немесе Әділет Қабылов туралы бір үзік сыр

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, нағыз ұстаздар шынында қанша жасқа келсе де, жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеуден шаршамайтыны анық екен. Оның жарқын дәлелі ретінде ғылымда парасатты, өмірде ұлағатты ұстаз педагог, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, Қазақстан Журналистер одағының және Қазақ авторлар қоғамының мүшесі Әділет Дыбысұлы Қабылов туралы толық айтуға болады.

Текті елдің тәлімі мен тәрбиесін бойына сіңіре отырып, маңғаз Маңғыстаудың кең байтақ даласында білім мен ғылымды дамыту үшін Әділет ағай аянбай еңбек етіп келеді. Өмірден көргені мен түйгені көп, кәсіптік білім беру саласынан тәжірибесі мол, ғылымда бекзаттық болмысы көрініп тұратын, болмысынан тектілік, зиялылық байқалатын, көрнекті ғалым ұзақ жылдан бері облысымыздағы іргелі оқу орынында қызмет етіп, оның дамуына мол үлес қосып келеді.

Міне, осындай халқына қалтқысыз қызмет еткен қадірлі ұстаз, ағарту саласын­дағы көрнекті тұлға – Ә.Дыбысұлының еңбегі әр кез аталып өтіліп, лайықты бағасын алып келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен үш мәрте, 2019 жылы «А.Байтұрсынов атындағы алтын медальмен», 2011 жылы «Ы.Алтынсарин», 2013 жылы «Үздік қызметкер», 2020 жылы «Ана тілі» төсбелгілерімен марапатталған.

2012 жылы ҚР БҒМ «ЖОО үздік оқытушысы» атағының, 2016 жылы Маңғыстау облысы әкімінің «Жыл адамы» атағының «Жыл ғалымы» номинациясының иегері болды. Білімі мықты, білігі жоғары, кәсібіне адал, шәкіртінің психологиясын жақсы түсінетін, ортамен қарым-қатынас жасауда алғырлығы басым, рухани тұрғыда бай, адалдық жағынан келгенде таза, жауапкершілік жүгін дер кезінде сезінетін мықты мұғалімдер қатарында ағайымызды мақтанышпен айта аламыз.

Өрімі әдемі, өресі биік зерттеулерінде әдебиеттанудың, сатираның, иронияның, әдебиет теориясының маңызды тақырыптарын тілге тиек ете білді. Ғылымда сатира, ирония табиғатын та­ным­дық үлгіде тарамдап жүйелеген зерделі ғалым. «Әдебиет теориясы», «Қазіргі дәуір әдебиеті» пәнінен студенттерге дәріс оқитын Ә.Қабылов шәкірт көңілін әдебиет әлеміне ынтызар етіп, ұш­қыр қиялын, ой-арма­нын, тілек-мақсатын, кө­ңі­­­ліндегі кө­кей­­­кесті құпия сы­р­ларын, қуа­ны­шы мен ренішін, кү­йініші мен сүйінішін сөз бай­лығы арқылы әсермен жеткізетін.

Джули Ривкин, Майкл Райанның авторлығымен шығатын «Әдебиет теориясының» антологиясын студенттерге түсіндіруінде әдеби болмысты, теориялық ұғымдарды, қазіргі қазақ әдебиеті ауқымынан аса түсіп, орыс және әлем әдебиетінің ғажайып туындыларымен байланыстыра баяндағанда, өн бойынан шынайылық пен өрелі білімнің иесін көз алдында көріп отырған студенттер қапелімде тосылып қалатын. Ағай оқыған дәрістер студенттердің әдебиетке ынтызар көңілінде ұялап, көкірегінде тоқылғаны даусыз.

Өзінің байсалды сөйлеу мәнерімен оқыған лекция­ларында шеберлік, шешендік стиль тыңдаушысын қашан да жалықтырмайтын. Маңғыстаудың, қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті тұлғасына айналған Әділет Дыбысұлының ғалымдық таланты, зерттеушілік қа­білеті, сыншылық өресі өз алдына бір төбе. Сонау студент кезінің алғашқы жыл­дарында-ақ ғылым-білімге деген ынтасын, қабілет, дарынын бірден байқатып, ол қазақ әдебиеттану ғылымының қайсар қайраткері, дана ұстаздар академик С.Қирабаев, профессорлар Н.Ғабдуллин, Н.Келімбетов, Ф.Мусабекова, Н.Қалиев, С.Мақпыров, Т.Әбдірахманов, Т.Сыдықов, Т.Рақымжанов А.Әбіқаев сынды ұстаздарының назарын өзіне аудара білген шәкірті.

Кейіпкеріміз 1961 жылы 11 қаңтарда Маңғыстау облысы Форт-Шевченко қаласы Баутин кентінде дүниеге келген. 1968-1978 жылдары А.Е. Баутин атындағы (қазіргі Ж.Мыңбаев атындағы) орта мектепте оқыған. Жоғары оқу орнына дейін «Маңғыстау балық тоңазытуфлоты» басқармасында кеме жөндеуші, сантехник, автотранспорт кәсіпорнында жүргізуші болып жұмыс істеді. 1979-1981 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметте болған. 1982-1986 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетінде оқып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік белгімен бітірген.

Еңбек жолын 1986-1988 жылдары Қарақия ауданы Қарақұдық орта мектебінде мұғалім, 1988-1995 жылдары Форт-Шевченко қаласы С.М.Киров атындағы (қазіргі Е.Өмірбаев атындағы) орта мектепте мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1995-2001 жылдары Ақтау қаласындағы №11 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуден бастаған. 

Оның қаламынан туған «Сатира сардары» (2013), «Кәусар. Ә.Кекілбаев шығармаларындағы күлкі құбылыстары» (2013), «Мұхтар Мағауин прозасындағы ирония» (2019) монографияларының, «Оспанхан Әубәкіровтің сатирасы» (2007), «Әдебиеттануға кіріспе» (2010), «Әдебиет сабақтары» (2010), «Әдебиет теориясы» (2012), «М.Мағауин прозасындағы иронияның стильдік қызметі» (2010), «Әдебиетті оқыту әдістемесі» (2014), «Салт-дәстүр және қазақ тілін оқыту» (2013), «Қазақ тілінің лексикасын оқыту» (2015), «Зиялылық және қарым-қатынас мәдениеті» (2017), «Тіл мәдениеті және шешендік өнер» (2018), «Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті» және тағы басқа ғылыми еңбектері мен «Киелі мекен, құтты орда», «Обитель науки и знания» (2011) деректі-публицистикалық туындыларының қай-қайсысы да өз кезіндегі бұрын көтерілмеген мәселе бойынша жаңалығымен, бұрын айтылмаған тұжырым, ашылмаған тұстар төңірегіндегі соны ойлармен, тың тақырып, соны бағытымен құнды.

Әрі бүгін де таптырмайтын кітаптарға айналған, келер ұрпаққа мағлұмат жеткізетін, қазақ әдебиеттану ғылымындағы көп жаңа көзқарас, идея­лардың бастау көзі болғандығын көрсете алатын, көркемдік қуаты мол, ғылыми деңгейі жоғары, философиялық ой-тұжырымдары терең, мәнді еңбектер. Отандық және шетелдік ғылыми басылымдар мен жинақтарда екі жүзден аса ғылыми мақалалары жарық көрген. «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Tenge monitor» республикалық газеттері мен «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдарында, облыстық «Маңғыстау», «Маңғыстау мұғалімі» басылымдарында көптеген мақалалары жарияланған.

Ол өз мамандығы саласында Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» басқармасы төрағасының орынбасары ретінде жыл сайын жастар арасында шығармалар конкурстарын, ақындар мүшәйраларын, конференциялар ұйымдастыруға мұрындық болып жүр. Білім­паз ғалымдығына орай, облыс мектептерінде оқушыларды ғылыми жобаларға дайындауға жетекшілік етеді. Бірнеше шәкірті облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегер атанды.

Республикалық басылымдарда жарияланған бірнеше оқу бағдарламаларының авторы, Халықаралық біліктілік арттыру және ғылыми ақпараттар орталығында (Дюссельдорф қ., Германия) ғылыми тағылымдамадан, «Өрлеу» АҚ (Алматы қ.) және НЗМ ПШО (Астана қ.) ұйымдастырған республикалық біліктілік арттыру курстарынан өткен. Әділет Қабылов ҚР БҒМ жанындағы мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі жұмыс тобының, ҚР БҒМ «Білім» тобындағы мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік секциясының мүшесі ретінде ұлт мүддесін көздейтін, ұрпаққа қызмет істейтін сан алуан озық идеялардың, жақсы бастамалардың ұйытқысы болып, оның жүзеге асуы үшін барынша тер төгіп, мол қажыр-қайратын жұмсады.

Әділет Дыбысұлы – шебер аудармашы да. Ол әлемдік классиктердің шығармаларын ана тілімізге аудару ісіне үлес қосып, ағайынды Гримдердің «Ертегілерін», Артур Конан Дойлдың «Жоғалған әлем» романын, Джек Лондонның «Ақ Азу» повесін қазақ тіліне аударған. Әділет Дыбысұлының дүние­танымдық мәні зор аудармаларының шо­ғырлана дүниеге келуі соны да, тың бас­тамалардың іске асуының айқын көрінісі еді. Кейіпкеріміздің ақындық қырын да бірі біліп, бірі білмеуі мүмкін. Ол белгілі сазгер М.Ордабаевтың «Ақтауым – ару, әз мекен», «Бақытты балалық шақ», «Астанам», «Сол кездер-ай» әндерінің сөзін жазған.

Ағайдың үнемі күлімсіреп жүретін жарқын-жайдары мі­незі, ақкөңілдігі, тазалығы, адалды­ғы, әділдігі, сабырлы-салмақты сөзде­рі төңірегіндегі жандардың бәрін өзіне тартып тұрады. Реті келген мезгілде әдемі әзіл айтып отырады, әзілдерінің өзінде тәрбиелік мән-мағына бар. Ағай отбасында да сүйікті жар, аяулы әке. Зайыбы Әбілғазиева Сәруа – мұғалім, педагогика және психология магистрі. Үлкен қызы Ләйла – заңгер, ұлы Бекзат – инженер-технолог, кіші қызы Әлия – эколог.

P.S.: Әдебиет – үздіксіз жүріп жататын жанды құбылыс. Әр кезеңнің өз әдебиеті мен әдеби қайраткерлері болады. Әдебиетті жасаушы ақын-жазушылардың шығармашылығын кәсіби сыншылар бағамдаса, ал әдебиеттанушылар ғылыми тұрғыда әдеби процесті талдап-таразылайды. Осы тұрғыда Әділет Дыбысұлының әдебиеттанудағы маңызды мәселелер жөнінде ойын білуге тырысқан едік, сол сұхбатын өзгеріссіз назарларыңызға ұсынамыз.

* * *

ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті дегенде ойыңызға не оралады? Біздің әдебиеттің артықшылығы мен кемшілігі неде? Бұл күнде сізді не толқытады? – Әр кезең әдебиет пен өнерге де өз талаптарын қояды. ХХІ ғасыр әдебиеті дегенде, оны қазіргі жаһандану жағдайымен, қоғамның даму ерекшелігімен, шұғыл өзгерістер кезеңімен байланыстыра қарауымыз керек. Қазір бұрынғыдай кең отырып, көсіле баяндайтын заман емес. Бүгінгі әдебиетке қысқалық пен шымырлық тән. Оқырман ұзақ мәтінді оқуға бара қоймайды, жалығып кетеді, уақыты да жетпейді.

Сондықтан көркем мәтін де барынша ықшамдыққа ауысуда. Ой иірімдері, түрлі шарттылықтар, астарлылық секілді ішкі мүмкіндіктер көркемдікпен астасып жатуы лазым. Постмодерндік сипаттар да бірте-бірте шығармашылық тәжірибеге еніп келеді. Сонымен қатар, шығарманың көркемдік деңгейі төмендемеуі керек. Әсіресе, қазақтың көркем әдеби тілінің жұтаңдап бара жатқаны алаңдатады. Бізде тарихи тақырыпқа жазу үстем болып тұр. Ол да қажет. Әйтсе де, қазіргі заманның проблемаларын көтеретін, замандастарымыздың санасындағы өзгерістерді ашып, тығырықтан шығар жол көрсететін шығармалар керегірек деп ойлаймын.

Сіз әлем әдебиетін талдайсыз, аударма жасайсыз. Осы еңбектердің құндылығын студенттер сезіну үшін іздену үшін қандай ақыл кеңестер, бағыттар ұстанасыз? – Өткен ғасырда өзінің жан-жақты әлеуетімен танылған қазақ әдебиеті бүгін де қалыпты дамуда. Бәлкім, қазіргі кезде ол бір елді елең еткізер, дүниені дүр сілкінтер шығарма туғыза қоймаған да шығар, бірақ жарыққа шығып жатқан тәп-тәуір дүниелер де жоқ емес. Сондықтан әдебиетіміз тоқырауда деп айтуға болмайды. Әсіресе, біздің поэзиямыздың даму қарқыны жақсы келе жатыр. Дәстүрді дамыта отырып, жаңашылдыққа ұмтылумен қатар, заманауи ағымдар мен әдістерге құлаш ұру да байқалады, жастар жағы әдеби экспериментке де барып жүр.

Анар БҮРКІТБАЕВА,
Шахмардан Есенов атындағы Каспий
технологиялар және инжиниринг университетінің
профессоры, филология ғылымдарының кандидаты,
Маңғыстау облысының Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий