Робототехника – балалар бойында инженерлік дағдыны дамытады

Соңғы жылдары мамандық таңдау білім алушылар үшін өзекті мәселе. Мамандық таңдауда білім ордаларында қазіргі таңда кәсіптік бағдар берушілер қарқынды жұмыс істеуде. Бұл арада информатика пәні мұғалімдерінің де рөлі ерекше. Оқу үдерісін қарқынды ету негізгі жалпы білімді жаңғыртып, оның рөліне жаңаша көзқараспен қарауды талап ететін саланың бірі – робототехника.

Білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамытудан басталмақ. Демек оқушыларға ғылыми техникалық білім берудің өзекті бір бағыты роботтехника саласы болып табылады. Бұл бағытта оқыту – оқушының ойлау қабілетінің артуына себепші күш. Осының негізінде оқушы математика, физика, информатика және басқа жаратылыстану-ғылыми бейіндер пәндерінде алған білімдері мен дағдыларын жетілдіре отырып, инженерлік дағдыны қалыптастыруға және технологияны оқып үйренуге деген мүмкіндігі жоғары.

Өсіп келе жатқан жас буынмен ауылды елдімекендерде де робототехника саласы дамуда. Соның жарқын дәлелі өзім қызмет ететін білім ордасындағы 9-сынып оқушыларының жұмысын айтуға болады. Дарынды шәкірттер Шалдыбаева Ұлмекен мен Аманбай Нұрсила қоқыс жинайтын робот құрастырды. Жас зерттеушілердің «Қоқыс жинайтын робот» тақырыбындағы зерттеу жұмысын жазу барысында оқушылар бұл саланың өзекті мәселелерін терең зерттеген.

Жастар робот техникасының негіздерін, қолдану салаларын, олардың түрлерін, мүмкіндіктерін зерттеді. Бүгінде роботтар – қарқынды дамып келе жатқан болашақтың жоғарғы технологияларының бірі. Олар өміріміздің көптеген саласына, атап айтқанда, ғарышты игеру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа да салаларға еніп үлгерді, әсіресе өндіріс орындарында көбірек пайдаланылады.

Оқушылар жеке тәжірибе арқылы роботтың жұмыс жасау принциптерін бақылады. Демек бұл бағыттан ауыл балаларынан да күтеріміз әлі де көп. Осы арада информатика пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру да маңызды. Айта кету керек, жақында Алматыда Digital Almaty 2023 цифрлық форумы өтті. Талқылаудың негізгі тақырыбы инновациялық технологиялар саласын дамытудың заманауи жаһандық сын-қатерлері болды.

Оқушылар үшін де форум жұмысы жемісті болды деп айта аламыз. Ендігі кезекте мұндай форумдарға ауыл балаларының да белсенді қатысуын қолға алу қажет. Қорыта айтқанда, робототехника саласын жыл өткен сайын даму үстінде. Балалардың бойында бағдарламалаумен бірге инженерлік дағдыны да қалыптастыратын бағытта жұмыс жандана түсу керек.

Аягөз ЖОРАЕВА,
N2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп
гимназиясының мұғалімі, Түркістан
облысы,Келес ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий