Тағзым: Ерлікпен өрілген өнегелі өмір…

Ұлы Отан соғысы  патриоттық  рухтың теңдесі жоқ көрінісі болған тарихи үдеріс. Соғыс басталған күннен қазақстандықтар шынайы патриотизм мен   ерлік істерімен көзге түсті. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің қоры өлкеміздің тарихы туралы деректерге толы. Жастарға өнегелі өмірімен үлгі болатын тұлғалардың өміржолына қатысты құжаттар сақталып отырған бірден бір орын. Қазіргі таңда жастар бойында еңбек адамына деген құрмет, Отанымызға деген  патриоттық сезімді тәрбелеу күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе.

Еңбекке  жастайынан араласып, ел басына күн туған кезде Отан қорғау жолында өшпес ерлік көрсеткен батырларымыздың  өнегелі  өмірлері қоғамымыздағы  өскелең ұрпақ тәрбиесіне оңды әсерін  тигізері хақ.  Ақтөбе қаласының  әскери комиссариятынан соғысқа аттанған талай боздақ басқыншылармен ұрыста қасық қандары қалғанша соғысып,ерліктерін айдай әлемге паш етті емеспе. Қан майданда  шешуші ұрыстарда Отан үшін от кешкен тұлғалардың бірегейі Ұлы Отан соғысының батыры Василий Георгиевич Козенков.

Ол 1923 жылдың қазан айында Ресейдің  Орынбор облысы,  Қуандық ауданыҚуандық қаласында дүниеге келген. Козенковтың балалық және жастық шағы Ақтөбе қаласында өтті. Ол Ақтөбе қаласының №45 Теміржол мектебінде оқып, білім алады. Анасынан жасөспірім шағында айырылған батыр 1937-1939 жж. аралығында Домбаров ауданында  Ащебутақ селосында  ағайындарының қарамағында болады. Тағдыр  менің  балалық шағым өткен қала Ақтөбеге қайта келуге мүмкіндік берді, – дейді   батыр  өз қолымен жазылған автобиографиясында.

Ақтөбе облыстық архивінде батырдың жеке ісі сақталған. Онда Ұлы Отан соғысының батыры В.Г. Козенковтың  Ақтөбе комбинатының автотрактор өңдеу зауытынды токарь болып қызмет атқарған анықтамасы, соғысқа алынғандығы туралы Ақтөбе әскери комиссияратының анықтамалары сақталған. Жасынан елгезек еңбекқор жігіт  ұжым   абыройдан кенде емес еді. Жұмысқа қосылғанына үш ай мерзім өткенде ол күрделі жөндеу жұмыстарын өзі атқара беретін. Оның арманы ұшқыш болу еді. Арманы ел басына күн туған сын сағатта орындалып, авиациялық мектепке оқуға түседі.

Жеке қағазында батырдың   жастық шағы  қан майданда жалғасқандығын байқауға болады.  Өскелең ұрпаққа өнегелі өмірін үлгі тұтарлықтай тұлға Ақтөбеден шыққан Ұлы Отан соғысының батыры В.Г.Козенковке үстіміздегі жылы 100 жыл толмақ. Ол ерлікпен өрілген өнегелі  өмірін Ұлы Отан соғысында әлеуметтік – саяси маңызды обьектілерден бастаған болатын. Сталинград майданындағы ұрыстарда ерен ерлігімен көзге түскен ұшқыш  екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыдан, гвардия майоры, эскадрилья командиріне дейін көтерілді.

В. Козенков  Қырым түбегінде, Смоленск, ОршаВильнюс, Растенбург, Кенигсберг қалалары үшін шайқасты. Шығыс Пруссия, З-Беларусь майданында болды, Меденау әуежайына бес  «Ил»  ұшақтарымен ұшып шығып, бомбалады. Нәтижесінде 17 ұшақ өртеніп, біразы зақымданды. Шығыс Пруссиядағы жау тобын жоюға Козенковтың басқаруындағы ұшақтар ерекше көзге түсті . Кенигсберг қаласына шабуыл жасау кезінде Козенков ерлікпен қаза тапты.

Неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен оған қаза болғаннан кейін  Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Вильнюс (Литва Республикасы) пен Кенигсберг қалаларындағы (РесейКалининград облысы) өлкетану мұражайында Козенковқа арналған мүйіс бар. Батырдың еңбек жолын бастаған Ақтөбе қаласындағы ферроқорытпа  зауытының үйінде мемориалдық тақта орнатылған.

Әйтседе,  он бес жастан бастап еңбекке араласып,  арман қуып,  мақсат қоя білген Отан алдындағы борышын өтеуде нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен Ұлы Отан соғысының батыры, жерлесіміз  В.Г. Козенков туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Небары отыз екі жыл өмір сүріп, санаулы ғұмырының әр секундын өшпес ерлікпен өткізген батырдың  1941  жылы басталып,  1946 аяқталған жеке құжаттары жинақталған ісі, өшпес ерліктің үнсіз куәсі болып түрғандай.

Василий Георгиевич Козенковтың жеке іс қағазында жинақталған құжаттары, майданнан әкесіне жазған хаттары оқу-тәрбие үдерісінде пайдалануға болатын құнды деректер. Әлбетте, деректерді пайдалану  тарих, өлкетану сабақтарында және тәрбиелік іс-шараларда жүзеге асады. Сабақта жазбаша құжаттарды қолданудың маңызы зор. Тарихи дереккөздеріне адам қолымен жасалған — оның қоршаған ортамен байланысының нәтижесі, материалдық мәдениет, заттары, жазба ескерткіштер жатады.

Кең мағынада айтқанда, жазба ескерткіштерді тарихи құжаттар деп атайды. Оқу-тәрбие процесінде Тарихи қүжаттарды, соның ішінде архив материалдарын қолданудын маңызы неде? Құжатты сыртқы түрімен танысу арқылы тарихты оқытудын көрнекілік қағидасы іске асады. Құжат мүғалім әңгімесін жандандырады, соның негізінде жасалған тұжырым сенімді шығады.

Құжаттың маңыздылығының бірі — ол тарихи материалды нақтыландырып, өткен уақытты, жарқын бейнесі мен суретін көз алдыңа келтіруге көмектеседі. Құжаттармен жұмыс барысында оқушылардың  ойлау және қиялдау, елестету  процесінің белсенділігі артып, олардың тарихи білімді игеруі және тарихи санасының дамуы жемісті бола түседі. Оқушылардың   дербес жұмыс істеу дағдылары қалыптасады.

Құжатты оқу, талдау және қажетті ақпаратты теріп алу,  бүрынғы және қазіргі қүжаттардьщ маңызын бағалап, талқылау. Оқушылар сабақ барысында құжаттардың, тарих ғылымы үшін маңызын танып, олардан бір кездері өмір сүрген адамдардың ізін андай алады. Олардың өткен өмірлерінен сабақ алады. Оқушы құжаттарды өз беттерімен зерделеуден бастап, өз бетімен қорытынды шығаруға дейін жұмыстанады.

Туған жерінің тарихын, батырларын жақсы біліп өскен ұрпақ кейін сол өлкенің жанашыры болып тәрбиеленеді деген ой мақалаға мұрындық болды. Ұлы Отан үшін жанын қиған ер жүрек батырлардың қаһармандық ісі еш уақытта ұмыт болмайды, мәңгі есте сақталады. Нағыз еңбек адамына деген сыйластық, батырларымызды ұлықтау жастарымыздың рухты азамат болып өсуіне , ел игілігі үшін адал қызмет етуіне жол ашары сөзсіз. Осындай батырларымыздың игі іс- әрекетттерін ұрпағымызға үлгі тұтарлықтай орынды пайдалансақ нұр үстіне нұр болар еді.

Әлібек Еркінұлы РАМАЗАНОВ,
Ақтөбе облыстық мемлекеттік
архивінің қор бөлімі меңгерушісі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий