Бейімбет Майлин: “Қара шелек” әңгімесін оқытудағы көлденең жоспарлау

Бейімбет Майлиннің «Қара шелек» әңгімесін өткенде оқу мақсаттарына сай шығарма сюжетінің құрамдас бөлшектері талданды, шығармадағы эпизодтар мен бейнелер салыстырылды, кейіпкерлердің типтері жасалу тәсілдері тұрғысынан анықталды, көркемдегіш  құралдарға талдау жасалды, тарихи және көркемдік құндылығына баға берілді, ұлттық құндылығы тұрғысынан талданып, әдеби эссе жазылды.

Осы оқу мақсаттарына сай тапсырмалар құру арқылы шығарманы талдатуға, кейіпкерлерді, эпизодтарды салыстыруға, кейіпкерлердің мінезін анықтату арқылы мінездеме бергізуге, құндылықтар тұрғысынан баға бергізуге болады. Дәл осы шығарманың көлемінде талданғанда оқушылар ауыл адамдарының колхозға бірігу жолындағы алғашқы қадамдарымен танысады, колхозға бірігу жолындағы қиындықтарды байқайды.

Ауыл адамдары өз еріктерімен малдарын ортаға салғысы келмейді, оны автор кейіпкерлердің жиналыстағы сөздері арқылы шебер жеткізеді. Аяқ астынан Айша артель бастығы болып сайланады. Өзі білмейтін іске араласқанын сезіп қобалжиды. Шығармада, әсіресе, Айша мен қара тоқалдың қара шелекке таласқаны оқушының есінде жақсы сақталады, олар оны күлкілі түрде елестете де алады. «Қара шелек» дегенде Айша мен қара тоқалдың шелекке таласқаны әңгімеленгендей болуы мүмкін.

Расында, әңгіменің астары нені жеткізгісі келді? «8.Т/Ж1.Әдеби шығарма сюжетінің құрамдас бөлшектерін талдау» деген бастапқы оқу мақсатына сабақ құраған кезде әр түрлі үзінділер талданды. Мысалы: «Жиылыс ашылды. Өкіл баяндама істеді. Баяндама коллектив туралы болды. – …Сонымен, жолдас, берекесіз ұсақ шаруашылықты бітіріп, коллективтескен ірі шаруашылық құрамыз, социалдық шаруаға көшеміз! – деді өкіл» немесе «– Сен қосылсаң, нең кетіп барады, жан қиналып тапқан мал емес, конфискенің малын қосасың да жібересің.

Басқалар айтсын, – деді Құсайын» деген үзінділерді талдату кезінде «коллектив», «коллективтендіру» дегеннің не екенін оқушылар білген жөн. Ал «коллективтендіру» деген сөздің мағынасын білмесе, шығарманың мазмұнын ұғуы екіталай. Осы орайда, тарих пәнінен мәлімет керек болды. Коллективтендіру тарих пәнінде қай сыныпта оқылады? Оған қатысты қандай тақырыптар бар? Жалпы осы тақырыпты 8-сыныптың жас ерекшелігіне сай қалай түсіндіруге болады?

Осы сауалмен тарих пәнінің мұғалімі Е.Б. Туминмен әңгімелестім. Коллективтендіру туралы 9-сыныптың тарих пәнінде  «Неліктен ұжымдастыру саясаты ұлы нәубетке әкеліп соқтырды? Ұжымдастыру дәстүрлі құндылықтарға қалайша әсер етті?» деген сұрақтар арнайы тақырып ретінде талқыланады екен. Олай болса, қазақ әдебиетінде Б. Майлиннің «Қара шелек» әңгімесін өткенде, аталған оқу мақсатын жүзеге асырған кезде тарихшылардан коллективтендіру туралы мәлімет алып оқушыға түсіндірілу керек.

Бұл көлденең жоспарлауға жатады. Мен өз сабағымды жоспарлау кезінде Еркебұлан Бауыржанұлынан мынадай мәлімет алдым: «1925 жылы қазақ басшылығына ұлты еврей Филипп Исаевич Голощекин жіберіледі. Ол қазақ жерінде «Кіші Қазан» революциясын жасауды ұсынды. Оның негізгі мәні қазақ байларын кулактар деп айыптап, малдарын тартып алып, өздерін Итжеккенге (Сібірді қазақтар солай атаған) айдап әкеткен.

Байларды тәркілеу 1928 жылдан бастап жүргізілді. Салдарынан 1931-1933 жылдары елде аштық  басталады». Б. Майлиннің «Қара шелек» әңгімесі – коллективтендірудің әдебиеттегі көрінісі. 9-сыныпқа келгенде, оқушыда бұл ұғым туралы түсінік болады және тарихи мағлұматтармен білімдерін толықтырады. Кейбір оқушылар шығарманы оқыған кезде алған қосымша мәліметін одан әрі кеңейтіп қарау үшін өз бетімен ізденуге мүмкіндік алады.

Ақмарал КАМЕНОВА,
Атырау қаласы химия-биология
бағытындағы Назарбаев Зияткерлі
мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті
пәні, мұғалім-сарапшы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий