Әлеуметтік әріптестік: Мұғалім мүддесі үшін министрлік пен кәсіподақ күш біріктірмек

Астанада Кәсіподақтар үйінде Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының активі ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесті. Әріптестік кездесуге ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министр Шолпан Қаринова мен аппарат жетекшісі Дулат Жекебаев, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының Мәжіліс залына Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының мүшелік ұйымдарының төрағалары түгел жиналды. Сала министрімен кәсіподақ көшбасшыларымен кездесу ашық диалог, еркін форматта өтті.

2022 жылы кәсіподақ органдарына 37 662 шағым түсті, Жиынды ашқан Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы Айгүл Мұқашева Министрлік өкілдеріне кәсіподақ қызметі туралы егжей- тегжейлі ақпарат берді. Айгүл Мақсатқызы кәсіподақ қызметінің басым бағыттары бойынша сандық және сапалық көрсеткіштер жіпке тізілген слайдты назарға ұсынды.

Келтірілген мәліметтерге сәйкес, өткен жылы кәсіподақ органдары барлығы 37 662 шағым қараған. Оның 16 733 еңбекке ақы төлеуге қатысты. Жеке еңбек дауларын шешу жөнінде 32 399 құқықтық көмек көрсетілген. еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылау шеңберінде 4509 еңбек заңнамасының бұзылу дерегі анықталған. Кәсіподақ органдарының талаптары бойынша кәсіподақ мүшелеріне 1,1 млрд. теңге мөлшерінде заңсыз ұсталған немесе төленбеген ақшалай қаражат қайтарылды.

«Еңбекке ақы төлеу бойынша шағым қай өңірлерде көп?» деп сұрады министр. Шағымның басым бөлігі Атырау мен Түркістан облысынан болып шықты, бұл ақпаратты аталған өңірлердегі кәсіподақ көшбасшылары Қ.Сүндетұлы мен Ж.Шайдулла растады.  Бұл ретте Ғ. Бейсембаев кәсіподаққа түскен шағымдардың облыстар бойынша нақты есебін ұсынуды тапсырып, алдағы уақытта білім басқармалары басшыларымен арнайы жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

«Кәсіподақтың орталықтан бастап өңірлерге дейінгі жұмысы әлеуметтік әріптестік аясында нәтижелі жүзеге асып отыр»,-деді А.Мұқашева. Білім кәсіподағының басшысы қолданыстағы әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісім көп мәселені шешудің құқықтық негізі бола алатын кешенді құжат екенін ерекше атап өтті. Айгүл Мұқашеваның кәсіподақ қызметінің жетістіктері мен проблемалық тұстары жайлы жан жақты баяндамасынан соң

Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының басшылары министрге саладағы түйткілдердің түйінін тарқатып, ортақ мәселелер бойынша сауалдарын жолдады. Оның ішінде мектеп директорларының ротациясы, ұстаздардың аттестациясы, білім беру ұйымдары басшылары жауапкершілігінен мемлкеттік сатып алу процедурасын алып тастау,  шаруашылық жүргізу құқығындағы мектептердің мәселесі, білім беру ұйымдарында еңбек ететін экономистер, есепшілер, кітапханашылар және тағы да басқа педагог санатына жатпайтын қызметкерлердің жалақысы секілді күнделікті тәжірибеде жиі көтеріліп жүрген өзге де өзекті мәселелер болды.

«Әлеуметтік әріптестік туралы» Заң қабылдау қажет. Жиынға  арнайы қатысқан ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытында бірқатар бастама көтерді. Оның бірі салалық және өңірлік үшжақты комиссиялардың мәртебесі мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ олардың арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік беретін «Әлеуметтік әріптестік туралы» Заң қабылдауға қатысты.

Федерация басшысы әлеуметтік әріптестік мәртебесін арттырып, еңбек адамдарының мүддесін қорғау бағытында ұйым тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті. «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымдары қатарындағы ең үлкен мүшелік ұйым. Салалық кәсіподақ тарапынан кәсіподақтар мүшелерінің мүддесін қорғаумен бірге, әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытында да үлкен жұмыс атқарылуда», – деп атап өтті С.Дәулеталин.

Әлеуметтік әріптестік институтын дамыту тақырыбын тарқата отырып, федерация басшысы сала министріне: «Құрметті, Ғани Бектайұлы, Сіз кәсіподақ көшбасшыларының ортасына келіп, ашық диалог орнатқан бірегей министрсіз. Кәсіподақ алаңындағы дәл осындай форматтағы кездесуге бұған дейін тек ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Біржан Бидайбекұлы келген еді. Бұл бастамаңыз Сізді «Халық министрі» деп тануға жол ашады, әрі басқа Салалық министрлерге үлкен үлгі болады деп сенеміз» ,-деді.

Ұсыныс тілектер ортаға салынды. Кездесуде кәсіподақ көшбасшылары тарапынан  сауалдармен бірге ұсыныс-тілектер де жолданды. Кәсіподақ ардагері Майра Амантаева педагогтардың еңбек жағдайларын жақсарту бойынша бірлескен шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде сала ардагерлерінің тәжірибесін пайдалануды ұсынды. Кәсіподақ өкілдері қордаланған мәселелерді шешіп, тың бастамаларды жүзеге асыруда Министрлікке үлкен үміт пен зор сенім артылғанын атап өтті.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасы Мұхтар Ибраимов: «Ғани Бектайұлы, Сіз еңбек жолыңызды қарапайым мұғалімдіктен бастаған әріптесімізсіз. Сондықтан сізге білім саласының барлық проблемалары тереңінен таныс. Мемлекет басшысы сеніп  тапсырған жауапты қызметті абыроймен атқарып, ел-қоғам мүддесіне қалтқысыз қызмет ете беріңіз» деген лебізін жеткізді.

«Министрлік әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақпенкүш біріктіруге дайын». Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі  ведомствщо жұмысының ағымдағы басым бағыттарына тоқталып, кәсіподақпен күш біріктіре отырып шешуді қажет ететін мақсат-міндеттерге кеңірек тоқталды. Ведомство басшысы қазіргі таңда қолданыстағы кейбір  нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп жатқанын, бұл құжаттарды жасақтаушы жұмыс топтарына кәсіподақтардың да жұмылдырылатынын жеткізді.

Сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек қатынастарының маңызды мәселелерін шешудегі кәсіподақтың белсенді рөлі ерекше аталды.Министр диалогқа әрдайым ашық екенін, саладағы түйткілді мәселелер бойынша кәсіподақтан ұсыныстар қабылдауға дайын екенін қоса айтты. «Біздің нақты ұстанымымыз – Президенттің мықты және әділ мемлекет құру бағытын қолдау және іске асыру. Міндетіміз – сала қызметкерлерінің игілігі жолындағы ортақ жұмыстарды бірлесе орындау. «Бірлік бар жерде береке бар» деген дана халқымыз. Ұлт болашағы – жас ұрпақ пен мұғалім мүддесі жолында Министрлік әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақпен күш біріктіруге дайын», – деп түйіндеді кездесуді Министр.

 Кәсіподақ алаңындағы әлеуметтік әріптестердің басқосуы 3 сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде қос тараппен саладағы сан түрлі түйткілдердің түйіні тарқатылып, ой-пікірлер сарапқа салынып, бірлесе атқарылатын ауқымды істердің басым бағыттары бағамдалды.

Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым
және жоғары білім қызметкерлері
салалық кәсіподағының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий