Тарих сабағы: Пассионарлық тұлға негіздерін қалыптастыру жолдары

«Ұлтқа қыз­мет ету білімнен емес, міне­з­ден», – дейді Әлихан Бөкейханұлы. Пассионарлық терминін (лат. passio – құштарлық, ынтықтық) орыс  тарихшысы Л.Н.Гумилев енгізген. Пассионар тұлғалар өзінің адами қажеттіліктерінен әлеуметтік және идеалдық қажеттіліктерді жоғары қояды. Сол арқылы қоғамды саяси-экономикалық, әлеуметтік жағынан дамытады. Қазіргі Қазақстанның саяси-әлеуметтік жағдайындағы халық қолдауына ие пассионар тұлғалардың жоқтығы, жемқорлықтың тамыр жаюы мемлекетке деген сенімді әлсірете түседі.

«Жаңа Қазақстан» идеасына халық мүддесі үшін қызмет ететін тұлғалар қажет. Ал бұл жағдайда тарих пәнінің мүмкіндігі өте зор. Пассионар тұлғаларды үлгі ете отырып, тарих пәнінің тәрбиелік жағын толық пайдалануға болады. Тарихи тұлғаларға қатысты тақырыптарды өткенде «Қазіргі Қазақстанның пассионар тұлғаларын атаңыздар» деген сұраққа оқушылар «Димаш Құдайберген, Генадий Головкин» сынды жауаптар айтады. Көріп отырғанымыздай, бұл тұлғалар – мәдениет пен спорт саласының өкілдері, ал саяси саладағы тұлғаларды атай алмайды.

Тарих сабақтарында пассионарлық тұлға негіздерін қалыптастырудың әдісі: Қазақстан тарихы 9-сынып «Неліктен Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы деп танимыз?» тақырыбын өткенде осы «Ар-намыс кестесі» әдісін қолдануға болады. Тақырыптың оқу мақсаты: Ахмет Байтұрсыновты қазақ тіл білімінің негізін салушы, қоғам қайраткері ретінде бағалау. Оқушылар бейнебаян көріп, тарихи тұлғаның шешімдеріне қатысты берілген кестені толтырады. Кестені толтыру барысында оқушылар тұлғаның шешімдеріне қатысты қоғамдық өзгерістердің байланысын талдап, пассионарлықтың әсерін бағалайды.

Оқушыларға режиссер Мұрат Есжанның «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының 1-сериясындағы 28-29 минут аралығынан 1 минут үзінді көрсетеміз. https://www.youtube.com/watch?v=Q4Ot8tu15tI   Бейне үзіндінің қысқаша мазмұнын баяндайтын болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы Ресей генерал-губернаторынан қазақ халқы үшін газет шығаруға рұқсат сұрап келеді. Қазақ халқына газет ашуға рұқсат берсе, Ресей патшалығының отарлық саясатына қарсы ұлт зиялыларының саяси күші қалыптасатынын түсінген генерал-губернатор Ахмет Байтұрсынұлына: «Сізге газеттің не керегі бар? Одан да біз сізге мол жалақысы бар жоғарғы қызмет берейік», – деп, қазақ зиялысын өз жағына тартқысы келеді.

Ал Ахмет Байтұрсынұлы өз жеке бас мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қояды. Осы сәтті талқылау оқушыларға ерекше әсер береді. Оқушылардың өздерін Ахмет Байтұрсынұлының орнына таңдау жасату арқылы пәннің тәрбиелік мәнін толық қолдануға болады. Үзіндіні талқылап болғаннан кейін сыныпта жұптық тапсырма ретінде  «Ар-намыс кестесін» орындауға беріледі.

Сабақ барысында оқушылардың жиі кездесетін жауаптарының үлгісі:

Ар-намыс кестесі

Пассионар тұлға

Пенде

«Қазақ» газетін шығаруға өз қаражатын жұмысап, халықтан қолдау күтеді. Отаршылдық саясатқа қарсы күрестің бел ортасында жүрді. Кеңестік дәуірде де ұлт мүддесін жеке бас пайдасынан жоғары қойды.

Патшалық Ресей уақытында қазақ зиялыларының артынан тыңшылық орнатып, ұлтжанды азаматтардың түрмеге қамалуына себеп болды. Кеңестік дәуірде қазақ зиялыларының артынан домалақ арыз жазып 1933-1937 ж.ж. ату жазасына кесілуіне себеп болды.

«Қазақ» газетінде отаршылдықты айыптайтын, ұлттық мүддені қорғайтын мақалар жазып, Ресей Патшалығы тарапынан қудалау көріп түрмеге отырады. Кеңестік дәуірде де ұлт мүддесін қорғауын жалғастырып саяси-қуғын құрбаны болады. Қанша қиындық көрсе де адамгершілік қағидаларынан таймады.

Ұлттық мүддеден жеке бас пайдасын жоғары қойды. Кеңестік дәуірде қызмет пен мансап жолында қазақ тілі мәртебесінің төмендетіп, орыстану жолына түсті. Қазақстанның саяси-экономикалық дамуын Мәскеге тәуелді болуына қызмет етті. Ұрпақтары қазақ тілін ұмытты. Негізгі құндылықтары қызметтік мансап пен байлық болды.

«Қазақ» газеті ұлттық саяси ойдың орталығына айналды. Ұлттық тәуелсіздік идеологиясының ғылыми негізі қалыптасты. Қазақ тілінің зерттелуін ұйымдастырып, тіл ғылымын дамытты. Ұлт ұстазы атанды. Ұрпаққа үлгі болар ғылыми еңбектері мен адал бейнесі қалды.

Қазіргі Қазақстанның жемқорлық батпағына батуына себеп болған мемлекеттік қызметкерлердің 80-90 пайызы осы топтың ұрпақтары. Жеріміз қазба байлықтың қазынасына толы болса да ел экономикасын тиімді даму жолына шығара алмай отырмыз.

Осы тәсілді қолданғанда отандық режиссерлердің «Қазақ хандығы», «Көшпенділер», «Ән аға», «Міржақып, оян, қазақ», «Құнанбай» және тағы да басқа кино фильмдері мен ғаламтордағы youtube каналдарынан тарихи деректі фильмдерді пайдалануға болады. Жалпы осы тақырып шеңберінде әр мұғалім өз таңдауы бойынша басқа да әдіс-тәсілдерді қолдана алады.

Жанат Мураткалиевич АМАНГОЖИН,
Семей қаласындағы физика-математика
бағытындағы  Назарбаев Зияткерлік
мектебінің тарих пәні мұғалім-модераторы, Абай облысы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий