Жырларымен жұлдызы жоғары: Қысқа ғұмырдың ғибраты

Қазақ поэзиясында ерекше орын алған ақын Төлеген Айбергенов. Қас-қағым сәттей қысқа ғұмыр кешкен ақынның жыр маржандары мәңгілік.
Кемесінде арманның,
Жалау етіп өрнекті.
Ескек етіп ерлікті,
Есіп келе жатырмын…, – деп өрге ұмтылып, өлмес өлеңімен қаламгерлер  қауымының бел ортасында жарқырап жүрген ақын отыздан асқан шағында  дүниеден өтті.

Жұлдыздай ағып түскен қысқа ғұмыр… әттең, халқына берер көп еді деген өкініш ұялайды көкірекке. Ақиық ақын Төлеген Айбергенов 1937 жылы 8-наурызда Қарақалпақ елінің Қоңырат ауданы, Хорезм совхозының Чкалов бөлімшесінде дүниеге келген. Әкесі Айберген – Ақтөбе облысы Н.Байғанин ауданының тумасы. Сонау жиырмасыншы ғасырдың  басында қазақ халқының басынан өткен зұлмат кезінде қаншама отбасы үдере көшіп кетуге мәжбүр болғаны тарихтан белгілі. Айберген атада Қарақалпақстанға табан тірейді.

Ақын жетінші сыныпта оқып жүргенде әкесі қайтыс болған соң апасы Жібектің тәрбиесінде өседі. 1954 жылы Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих-филогогия факультетіне оқуға түседі. Өлеңдегі алғашқы қадамы  осы студенттік кезінде көзге түседі. Алғашқы өлеңдері «Бір шоферге» «Бір қызға» деген атпен Сарыағаш аудандық «Қызыл Ту» газетінде жарияланады.1959 жылы  шілде айында Үрниса Оразалиевамен тағдыр қосып, Қарақалпақстанның Қоңырат ауданына қайта оралады.

Орджоникидзе Қоңырат орта мектебінде 1962 жылға дейін  мұғалімдік қызмет атқарады. Ақынды бәрібір өлең құдіретті алысқа жетелейді, оның үстіне ата жұртқа деген сағыныш алып шаһар Алматыға алып келеді. Туған жерге, досқа  өлең жырға  сағыныш  ақынның жүрегіндегі  алай-дүлей махаббат  патриоттық тәрбие негіздерін қалыптастырады. Туған жері мен жүрген жерін, қала берді ата –бабаларының  атамекенін аңсап, сол  өңірдің барша құнарын аталарының қанымен, аналарының ақ сүтімен бойына сіңірген ақын Т.Айбергеновтің жөні бөлек.

Биыл ақиық ақынның туғанына 86 жыл, дүниеден өткеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтседе  ақын халық  жүрегінде. Ол өзі жырлағандай:
«Бір тойым  болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта  алмаймын,…деген ақын құрметіне біздің білім ордасында әдеби сазды кеш ұйымдастырылды. Басқосуды мектебіміздің директоры Гулдария Тынымбекқызы Абылғазиева  ашып беріп, ақиық ақынның өмірімен еңбектерінің маңыздылығына тоқталды.

Жүздесуге жиналғандар кештің қадірлі қонақтары Төлеген қыздары Салтанат және Құсни Айбергеновалармен танысты. Шара барысында ақынның өмірінен слайд, кітап көрмесі, диафильм көрсетіліп, ақын өлеңдері жатқа оқылды және жауһар жырларына жазылған әндер шырқалды. Кеште ақынның аяулы қыздары Салтанат пен Құсни Төлеген қыздары әкелері туралы естеліктерімен бөлісті.

Филология ғылымдарының кандидаты доцент Салтанат Айбергенова үш жыл бұрын жарық көрген «Тоғысқан тағдырлар» биылғы наурыз айының басында тұсаукесері өткен «Ақын жары» атты кітабын мектеп кітапханасына сыйға берді. Ұзақ жылдар әкеге деген сағыныш, анаға деген құрмет барлығы сөз маржаны болып осы кітапта баяндалған. Кеш қонақтарына сұрақтар қойылып, оқырмандар өз көкейіндегі ойларымен бөлісті. Мәртебелі меймандармен естелік суретке түсіп, кітаптарына қол таңбаларын қойғызды.

Осы кешті ұйымдастыруға бастамашы болған мектеп әкімшілігі мен барша ұстаздарға, «Парасат» бірлестігіне және қазақ тілі  мен әдебиет пәнінің ұстаздары Г. Айтымбаев мен З.Жаңабергенова  тәрбие ісі жөніндегі  орынбасары М Серікбаева алғысым шексіз. Бұл кештің негізі мақсаты «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ақынның өлеңдерін дәріптеу, оқырман санасына  сіңіру.

Ақиық ақынның саналы жырлар ғасырдан ғасырға  халықтың жүрегінде болып, мәңгі жасай бермек. Жақсының жақсылығының айт, нұры тасысын, – дейді халқымыз. Бүгінде қазақ әдебиетінің төрінен орын алған ақын жырлары мәңгі жырлана береді деп ойлаймын. Қалың оқырманы бар, ақын мәңгі халық жүрегінде.

Айша Кавкенова БЕКМУХАМБЕТОВА,
Бауыржан Момышұлы атындағы
орта мектептің  кітапханашысы,
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көлащы ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий