Астана қаласы: Білім мен тәрбие – егіз  ұғым

Тәуелсіздігі тұғырлана түскен еңсесі биік еліміздің қазіргі мынау алма-кезек заманда өркендеп өсуіне, әрине білім қажет. Егемендігіміздің тұрақтылығын, мәдениеттілік пен көрегенділігін паш ету үшін тәрбие қажет. Ата-баба қалдырған ұлттық құндылықтарды білім мен тәрбие арқылы биікке көтеру, оны ұрпақтарға сабақтастыру баршамыздың басты парызымыз.

 

Қазақ халқының халықаралық қауымдастықтағы абыройы мен беделін жоғары көтеріп, өркениет өріне шығаратын жан-жақты білімді, білікті де жүректі, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Сан түрлі ақпараттар мен білім, тәрбие, мәдениет құндылықтары біте қайнасып жатқан кезеңде ұлттық құндылығын жоғалтапаған ұлт қана жетістіктерге жетіп, өз ерекшелігімен бағалана алады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, жаңа білім саласында қандай жаңалықтар, өзгерістер орын алып жатқаны бес саусақтай белгілі.

Әлемді шарлаған техникалық үдеріс қарқыны адамзаттың даму бағытын жаңа арнаға бұрды. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алатын заман қоғамдық санаға сілкініс тудырып, экономикалық, мәдени-тұрмыстық өмір салтына жаңа леп әкелді. Бұл білім мен ғылымның жетістігі және барша адамзат ақыл-ойының жемісі. Күн сайын өзгеріп, түрленіп отыратын ақпараттық ғаламда әр ұлт өзінің болмысын сақтап қалу үшін білім беру саласына айрықша назар аударуда. Қазақстандық білім беру жүйесі жаһандық даму бағытын басшылыққа ала отырып, жаңа жолға түсуде.

Білім, ілім, ғылым, тәлім-тәрбие жолындағы бізге қалдырған құнды асыл мұралар аз емес. Заңғар жазушы, ұлтымыздың ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезов «Ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін білім», – дейді. Шындығында да солай. Білім беру жүйесі дұрыс жолға қойылған мемлекеттер қазір әлемде көш бастап отыр. Еңсесін тік көтерген егемен елімізде басты назарды сапалы білім мен саналы тәрбиеге аударуда. Дамыған жұрттың озық тәжірибелерін сараптамалық зерделеулерден соң өзіміздің ерекшеліктерімізге сәйкес бейімдеу арқылы қолданысқа енгізе бастадық.

Өйткені еліміздің білім моделі ұлттық идея мен халықтық құндылықтардың негізінде, отандық мүддеге сай дамытылуы тиіс. Бәрінің бастауында халық педагогикасы тұру қажет. Жасөспірімдерге берілетін білім мен тәрбие мазмұны, ұлтымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі даналығынан, тарихи-мәдени мұраларынан, дәріпті дәстүрлерінен нәр алуы керек. Білімі мен технологиясы қарыштап дамыған, экономикасы әлеуетті Жапония, Франция, Финляндия, Швеция сияқты елдердің өнегесі өзгелерге үлгі болып отыр.

Алпауыт мемлекеттерден алатын үлгіміз қандай көп болса, өзгелер қызығатын өнегеміздің де азаймағаны абзал. Осындай мақсатта көптеген біоегей бағдарламалар мен жаңаша жобалар жүзеге асып келеді.  Елорда мектептерінде «IB үрдісін енгізу» халықаралық жобасын жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат: білім беру бағдарламалары халықаралық стандарттарды жүзеге асыруға бағытталған халықаралық мектеп мәртебесін алу және осы талаптарға сәйкес білім беру ұйымдары басшылары мен педагогтардың біліктілігін арттыру.

Әлемдік білім кеңістігіндегі жалпы білім берудің басымдылығы – өзгермелі өмір жағдайына тез бейімделетін, өз жолын дұрыс таңдай білетін, оң шешім қабылдай алатын тұлға дайындау болып отыр. SHARE жобасы қалалық білім басқармасының қолдауымен әдістемелік орталықтың үйлестіруімен қолға алынған еді. Кембридж университетінің білім факультетімен осы орайда әріптестік байланыс орнатылды. Екі жақты педагогикалық ізденістер нәтижесінде анықталған оқыту мен менеджментке өзгерістерді қолданысқа енгізу арқылы, білім беру сапасын арттырудың мүмкіндіктері жасалуда.

Астана қаласы мен Кембридж педагогтерінің ортақ командасы құрылып, білім беру ұйымдарының жұмысын жақсартуға арналған бірлескен зерттеулер жүргізіліп, ақпараттар алмасып, маңызды мәлеметтер алып келеді. Тәрбие мәселесі қай уақытта да аса маңызға ие жауапты мәселе. Қазіргі таңда да бұл өз маңыздылығын жойған емес. Тәрбие тұжырымдамасы бойынша бүгінгі таңда жергілікті білім беру мекемелерінде сезіз бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл бағыттардың әрқайсысы ұрпақ тәрбиесінде алатын орны жоғары болғандықтан жан-жақты қарастырылып, мектеп бағдарламасында, соның ішінде тәрбие саласында жан-жақты қарастырылып келеді.

Атап айтсақ, мектеп өміріндегі әр сыныптан тыс шаралар, әр мерекелік, танымдық кештер барлығы оқушы бойына рухани-адамгершілік, патриоттық, ізгілік, эстетикалық қасиеттер мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналатыны сөзсіз. Адам санасына тәрбиені сіңіру – ең көп күшті, ұзақ уақытты қажет ететін үрдіс. әл-Фараби бабамыз тағы бір сөзінде: «Адамның тоқымашы не хатшы болып тумайтыны тәрізді, қайырымдылық пен қайырымсыздық та жаратылыстан бойға өтпейді», – деген болатын.

Демек ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруда қырағы көзқарас қажет. Біздің алдымызда тұрған басты міндет тілімізді және ұлттық құндылықты – өскелең ұрпақтың санасына толық жеткізіп, жетік үйрету. Бүгінгі біздің әдістемелік орталық осыдан бес жыл бұрын білім беруді жаңғырту орталығы ретінде ұйымдастырылған еді. Қазіргі кезде таңдап алынған бес басым бағыттың (талдамалық, ұйымдастырушылық, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызмет, педагогтердің біліктілігін арттыру) негізінде жоспарлы жұмысын ұтымды үйлестіруде.

2020-дан бастап бірнеше жоба жүзеге асырылуда: «ALTYN URPAQ» ұлттық жобасы, «Абай кіші академиясы» ашық білім беру алаңы, «Дала заңы», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы «Asyl sóz», «Pedagogıkalyq tájіrıbe alańy» жобасы, «Үздіктен үйрен» жобалық жұмыс, «Академиялық ұтқырлық», «Цифрлық педагогика: оқыту және практика» (айына бір рет),  «Órkendeý» ұлттық жобасы, «Online әдіскер»,  «Elordalyq elektrondy mektep» пен «Elordamektep.kz» сапалы білім мен тәрбие беруде үздік тәжірибелерді топтастыру, оқушылардың, ұстаздардың, ата-аналардың қол жетімділігін қамтамасыз ету педагогтерге пәндік бағыт бойынша қашықтан әдістемелік көмек көрсетуге арналған «Әдістемелік десант» жобалары бар.

Құндылыққа негізделген білім беру бойынша 2021 жылдың күзінен бастап жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, заманауи білімдерді меңгерген, бәсекеге қабілетті, салауатты ұрпақ тәрбиелеу мақсатында елорданың 15 мектебінде №№ 2,8,9,15,37,54,56,67,76,82,29,86,87,4,88 «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы мектептің оқыту және тәрбиелеу процесіне енгізілуде. «Профессор сабағы» биылғы көктемнен басталған «Көшбасшы сабағы», «Бірыңғай педагогикалық кеңес» жобаларына да қатысушылардың қызығушылығы жоғары және қаладағы ұстаздар қауымы және оқушылардың қатысуымен басқа да ауқымды жобалар жүзеге асып келеді.

Сонымен бірге педагогтерге психологиялық тұрғыдан көмектесу мақсатында біздің орталықта «Психологиялық тынығу бөлмесі» жұмысын бастады. Оқу-әдістемелік қызметті жүзеге асыру мақсатында пәндер бойынша семинарлар, оқыту семинарлары, нұсқаулық-әдістемелік кеңестер, педагогтерге қатысты мәселелер бойынша кеңес ұсынылып, аптасына 2-3 күннен әдістемелік күн өткізілуде. Орталық әдіскерлері білім беру ұйымдарының өтінімдері бойынша, сондай-ақ жекелеген педагогтерге әдістемелік көмек көрсетуді жақсы жолға қойды.

Осы уақыт аралығында қаншама кездесулер, әдістемелік көмек төңірегінде жұмыстар атқарылатындығын айрықша атап айтсақ, алдағы кезде де заман талабына сай жаңартылған бағдарламалар бойынша әлі де көптеген жобаларды тиімді жүзеге асыру жоспарда тұр. Әдістемелік орталық қызметкерелері мен жауапты мамандарының басты мақсаты білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, қазақ халқының ұлттық қадір-қасиетін, ой-арманын, тұрмыс-тіршілігін және салт-дәстүрін бағалау. Осы орайда, біздің алдымызда тұрған межелі міндет осы құнды қазынаны атадан-балаға мирас ретінде жүйелі жеткізу.

Сындар Мұратқызы ДАУЕШОВА,
Білім басқармасындағы әдістемелік
орталықтың басшысы, Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий