Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы: Тәуелсіздікте ашылған ауданның білім жүйесі

Қарт Каспий жағасындағы, киелі өңір Маңғыстауда 2007 жылы тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың жарлығымен  жаңа – Мұнайлы ауданы құрылғаны жұртшылық есінде. Бұл ауданның құрылуы – тәуелсіздік жылдарындағы еліміздегі оң өзгерістердің бірі болды. Ол кезеңде ауданның халық саны елу үш мың болса, ауданымыз бүгінгі таңда 180 мыңнан астам тұрғыны бар, өңірдегі ең үлкен және халық тығыз орналасқан мәуелі мекенге айналды.

Тұрғындар санының өсуімен қатар, ел ертеңі-шәкірттерді тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздар қауымының қатары да тоғыз есеге ұлғайды. Жергілікті білім ордаларында барлығы 3283  мұғалім жұмыс жасайды. Оның ішінде 3199-ы мемлекеттік және бір жүз сексен төрті жекеменшік мектептерде. Аудан құрылған кезеңде 374 педагог ғана болса, бүгінгі таңда олардың саны 3283-ға жетіп отыр. Он бес жыл ішінде білім беру ұйымдарының саны бес есе өсті. Қазір ұстаздардың сексен екі пайызы жоғары білімді.

Құрамында 136 магистр дәрежесі,  жиырма екі педагог – шебер, 313 педагог – зерттеуші, алты жүз қырық жеті педагог – сарапшы, 850 педагог – модератор бар. Бұл көрсеткіштер – уақыт ұзаған сайын ұстаздардың ізденістері мен тәжірибесінің артып отырғандығының айғағы. Осы жылдар ішінде 1554 мұғалімге «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы тағайындалса, 627 мұғалімге бюджеттік несие берілуі – ұстаздар қауымына жасалған қамқорлық.

Ауданда 25 жалпы орта білім беру ұйымы (он жеті мемлекеттік жалпы білім беретін, 1 мемлекеттік кешкі жалпы білім беретін, жеті жекеменшік) бар. 1-11 сыныптар бойынша отыз алты мыңнан астам ұл мен қыз оқыса, мектепалды даярлық топтарында 2400 баланың білім алып отырғандығы – соңғы үш жылда шәкірттер саны 5384-ке артқандығын, яғни жыл сайын оқушылар саны 1500 – 2000 дейін өскендігін көрсетеді. Аудан жас болғанымен табиғи өсім мен ішкі, сыртқы миграцияның есебінен жұртшылықтың қатары қалың.

Бұл өз кезегінде мектептердің сыйымдылығын арттыру қажеттілігін күн тәртібіне шығарды. Қазіргі кезде бес білім ордасы үш ауысым бойынша оқытуда. Бүгінде мемлекеттің қолдауымен 1200 орынды құрайтын екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандардың биыл және келесі жылы пайдалануға берілетіндігі күтілуде. Үш кезеңде оқытуды жою мақсатында жекеменшік мектептердің үлесі де басым. Үш жыл бұрын ауданда ең алғашқы болып 550 орындық «Smart – ilim»  мектеп – гимназиясы ашылса, қазіргі таңда жекеменшік білім ордалары жетіге жетті.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылында үш жекеменшік мектеп: 520 орындық «Зерек» жекеменшік бастауыш сыныптарға арналған мектебі және үш жүз оқущыға арналған жекеменшік «I.Altinsaryn атындағы қазақ ұлттық мектеп лицейі»,  250 орындық бастауыш сыныптарға арналған «ALT мектеп лицейі»  жұмысын бастады. Биылғы жыл тағы 1 жекеменшік мектеп ашу ниетімен болашақта жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыруда кәсіпкерлер тарапынан тиісті шаралардың атқарылуы қуантарлық жайт. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда алты мектеп құрылысын бастау жоспарда тұр.

2022-2023 оқу жылында 600 орындық №16 жалпы білім беретін мектеп іске қосылды. Білім  ғимараты – толықтай қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Заманауи үлгіде салынған ғимаратта ерекше қабілетті және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жедел сатысы бар. Бұл алғашқы мектептің ашылуы тасымал мен үш ауысымда оқыған 1400-ге жуық оқушының қолжетімді білім алуына мүмкіндік туғызды.

Алдағы оқу жылында әрқайсысы 1200 орындық екі мектептің құрылысы аяқталса, үш ауысымдағы 2 білім ордасының көптен күткен маңызы мәселесін шешеді. Білім ордаларына қажет кадрлармен қамтамасыз ету бағытында 27 мұғалім арнайы байқау бойынша жұмысқа қабылданды. Аудан құрылған кезеңде жалғыз мемлекеттік балабақша жұмыс істесе, қазір 69 жеке меншік, он мемлекеттік орталық ашылуы себепті мектепке дейінгі білім ұйымдары сексенге жетті.

Осы мекемелерде қамтылған барлық бала саны – 7910, оның ішінде жеке меншік  ұйымда – 5645 бала, яғни 3-6 жастағы балаларды қамту толық жүз пайызды құраса 1-6 жастағы бүлдіршіндердің қатысуы 86%. Осы мерзімге дейін 1-6 жастағы 1735 сәби ата-аналарының өтініші ресми тіркелген. Білім беру ұйымдарында «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы», «Математикалық прогрессия», «Әріптеске көмек!», «Ойшылдар.Тапқырлар!», «Lingua Peak» (Білім шыңы), «Менің жеке үлесім»,  «Ізденіс.Нәтиже», «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыз», «Эверест», «Домбыра дастан», «Оқуға құштар мектеп» тақырыбындағы жобалар іске асырылуда.

Нәтижесінде оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да жақсы жетістіктерге жетіп жүр. «Математикалық прогрессия», «Менің жеке үлесім», «Ізденіс.Нәтиже» жобаларының жетекшілері осы бағытта авторлық құқықтарын сәтті қорғап шықты. Жаратылыстану–математикалық бағыттағы пәндері бойынша Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінде екі үмітеріміз бақ сынап, №6 мектептің 11-сынып оқушысы Сағыныш Қарақат жүлделі үшінші орынды иеленді.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада №3 мектептің 11-сынып оқушысы Төлегенова Гүлнұр, Шоғы Мұңалұлы атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Розымова Кундыз көшбасшы атанды. №3 мектептің 10-сынып оқушысы Назарходжаева Жулдыз, №7 мектептің 11-сынып оқушысы Сейсенова Дина, Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 мектептің 10-сынып оқушысы Турсунбаева Ақгүлзы, №14 мектептің 10-сынып оқушысы Клычев Темурлан, Қызылтөбе лицейінің 11-сынып оқушысы Омар Данияр жүлделі үшінші орынға қол жеткізді.

Ең жоғары деп есептелетін осы білім бәйгесінде сенім артқан шәкірттеріміз 2 алтын, 5 қола медалмен аймақ бойынша жоғары саптан көрінді. Екі білім ордасы республикадағы 100 үздік олимпиадалық мектеп құрамына енді. Ауыл мектептеріне арналған iQanat пәндік республикалық олимпиадасына 11 оқушы республикалық кезеңіне қатысып, нәтижесінде №8 мектептің 8-сынып оқушысы Жарылхан Нұрдаулет, Қызылтөбе лицейінің 8-сынып оқушысы Садық Ерасыл жүлделі үшінші орынды иеленді.

Қызылтөбе лицейінің 8-сынып оқушылары Юрьев Алдияр мен Садық Ерасыл, №9 мектептің 8-сынып оқушысы Азизжанова Диана Iqanat high school of burabay білім ордасында 10-сыныпты жалғастыруға жолдама алды. 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының «Зерде» республикалық байқауында №1 мектептің 5-сынып оқушысы Мырзабек Бекзат пен №15 мектептің 4-сынып оқушысы Жолдасбай Гүлдана екінші және №3 мектептің  4-сынып оқушысы Аймұрат Інжу Азаматқызы жүлделі үшінші орынды иеленді.

«Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық ғылыми жарысында №10 мектептің 11-сынып оқушысы Фатима Орунбасарованың үшінші орынмен марапатталғаны мәртебелі мәрейіміз болатын. ҰБТ қорытындысы бойынша былтыр ең жоғары 133 балл жинаған біздің аудан аймақтағы алдыңғы қатарға шықты. 1145 түлектің бес жүз алпыс бірі мемлекеттік (тапсырушылардың елу пайызы) грантты иеленді. Өңірлік білім беру саласына қосқан үлесі үшін арнайы төсбелгі мен 500 000 теңге сыйақыны Қызылтөбе лицейінің биология пәні мұғалімі Қ.Давишова мен №3 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі И.Умаров, Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 білім ұясындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Муфтуллаев үшеуі ұтып алды.

«Үздік педагог-2022» республикалық байқауында Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алдабергенова Замира Арғынгазиевна мен №6 жалпы мектептің математигі Актилевов Абай Аманбергеновичке арнайы төсбелгі және 1000 АЕК тең қаржылай сыйлықтың сертификаты табысталды.

Қарағанды қаласындағы жаратылыстану–математикалық бағыттағы пәндері бойынша Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысқан №6 мектептің 11-сынып оқушысы Сағыныш Қарақат үшінші орын алса, жлпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 38 оқушының жеңімпаз атануы арқылы облыста командалық үшінші сапқа орныққан ауданымыздың Шоғы Мұңалұлы есмін иеленген бірегей білім шаңырағы «Ең үздік ауыл мектеп-2023» аталымына лайық танылды.

Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысушылардың арасында осы мектептің 11-сынып оқушысы Турсунбаева Ақгүл «Ең үздік ауыл оқушысы – 2023» аталымын иеленіп, №6 мектептің 11-сынып оқушысы Сағыныш Қарақат Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің жүз пайыздық грантымен марапатталды. Бүгінгі күніміз – ертеңгі тарих. Құрылғанына он бес жылдан асқан ауданымыздың білім саласындағы толағай табыстарын еселеу үшін ұйымшылдықпен еңбек ету басты міндетіміз.

Батырбек ДЕМОКРАТҰЛЫ,
білім бөлімінің басшысы, Маңғыстау
облысының Мұнайлы ауданы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий