Lesson study: Жаңа әдіс немесе ой салған ойлар

Таңдаған мамандығын биік мәртебе санап, мақтан тұтатын ұлтжанды педагогтерге тән қажыр-қайратпен, мысқылдап болса да алға жылжуды мақсат ете отырып сыныптағы іс-әрекеттегі зерттеу жұмысының ерекше түрі  Lesson Study үдерісін ұйымдастыруды жоспарладым. Мектептегі оқуды жетілдірудегі бұл жапондық тәсілдің  оқушы саны аз ауыл мектебінде өтуі біршама тың серпіліс болатынын іштей топшыладым.  

Мұғалімдер топтарының Lesson Study-ді бірлесіп жоспарлауын, оқуын, қадағалауын және талдауын көздейтін бұл командалық жұмыс ұжымдағы мұғалімдердің педагогикалық біліммен қатар, өздерінің пәндік білімдерін де тереңдетуге көмектесетініне, кәсіби біліктілігін арттырудың негізгі тұғыры болатынына сенімді болдым. Негізінен осы үдерісті бастамас бұрын мен әуелі тізбектелген сабақтар топтамасын өзім басшылыққа келген ауыл мектебінде ұйымдастырып, былтырғы оқу жылы барысында жүргізуге күш салған болатынмын.

Әріптестер бұл әдістен оқу мен оқытудағы сыныптың тұтастай оқытылуы мен А,В,С деңгейлі оқушылардың зерттелуі, рефлексиялық есеп жазу, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану, бағалау түрлері жайлы біршама ұғымдармен  қанығып, іс-тәжірибеде көз  жеткізген  болатын. Енді биылғы  оқу жылында мектептегі педагогтарға «Оқыту мен оқу үдерісін жақсарту  мақсатында  Lesson study әдісін  пайдалану» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жасап, оқу  семинарын өттім.

Бұл орайда  мен өзімнің қала мектебінде он жылдан аса оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет еткен жылдарымдағы  мол тәжірибеме сүйендім. Әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру барысында мен әріптестеріммен осы әдіс-тәсілдердің ең тиімді жақтарынан  да, сәтсіз  тұсынан да сабақ алып,іс-әрекет барысында көз жеткізген болатынмын. Сондай-ақ ауыл мектебіндегі әріптестеріммен өткен семинарда тізбектелген сабақтар топтамасын бір ғана пән мұғалімі жоспарлап өтетінін, ал Lesson study үдерісінде командалық жұмыс, яғни топ болып ойластырып, нәтижеге бірге жететіндігі салыстырмалы түрде түсіндірілді.

Әріптестерге талапқа, ережелерге сай жоспарланған әрбір сабақ сайын сынып тұтастай зерттеліп,  оқушылардың белсенділігі мен пәнге деген қызығушылығы арта түсетіндігі айтылды. Осы үдеріске қатысқан әріптестердің пәндік-теориялық та педагогикалық та жетіле түсуге зор ықпалы болатындығын насихаттадым. Зерттелетін сынып  сауалнамалар алу негізінде анықталып, үдерісті жүргізетін пән мұғалімін ережеге сәйкес «Жеребе» арқылы таңдау, бейнетаспаға түсіру қажеттігі, сабақ соңында зерттелген оқушылардан қысқа түрде сұхбаттар алып, ата-аналарды да осы үдеріске тартып, баласының жетістігіне бірге қуанып, көз жеткізуге болатындығы егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Және сабаққа қатысқан сыныптағы оқушыларды бейнетаспаға, суретке  түсіруге, түрлі әлеуметтік желілерде жариялауға  ата-аналардың келісімі алынды. Әр сабақтан соң команда жиналып, міндетті түрде талдап, жетістігі мен орын алған олқы тұстардың себебін анықтау, жетілдіру, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану бағытында кеңесетіндігі, сондай-ақ келесі сабақты да ойласа отырып бірге жоспарлайтындығы айтылды.

Үдеріс аяқталған соң нәтижелерімен ұжымды таныстыру, жетістіктерін саралау, сыныптағы оқушылардың қажеттіліктерін ары қарай дамыту,сондай-ақ қатысқан мұғалімдердің іс-тәжірибесін насихаттап, тарату, үлгі ету жұмыстарын да жалғастыру  қажеттігі түсіндірілді. Адамдарға үйретудің жалғыз тәсілі-ешқашан істеп көрмеген істі тапсыру. Қателік жасау-үйрену үдерісінің ажырамас бөлігі. Иә, ендігі кезекте  алдымызда осы  Lesson study үдерісін жасап, ұйымдастыру жұмысы тұрған еді.

Мектепте  Lesson study үдерісі  әдістемелік жұмыс жоспарына сәйкес  бастауыш пәндері бірлестігінің апталығы аясында ұйымдастырылып, 3-сыныптағы   әдебиеттік оқу пәнінен өтіледі деп келісілді. Команда құрамында  осы бірлестіктегі  пән мұғалімдері, мектеп психологі, оқу ісі жөніндегі орынбасары мен мектеп басшысы әрі әріптес ретінде өзім де  болдым. Талапқа сәйкес жоспарлау үдерісі бейнетаспаға түсіріліп, жеребе тастау арқылы таңдау жасалғанда  сыныптың жетекшісіне осы үдерісті жүргізу мәртебесі бұйырды.

Оқушылардың бейімделген, үйреніскен ұстазына таңдау түскені тиімді болды деп ойлаған болатынбыз. Жоспарлау барысында А,В,С деңгейлі оқушылар таңдалып, оларға кімдердің бақылау жүргізетіні анықталды.Әдіс-тәсілдер таңдалып, бағалау түрлерінен сабақтар топтамасы барысында «Ашық күнделік» жүргізу келісілді. Үдеріс барысында  сыныптағы оқушылардың  топтық, жұптық жұмыстарға толық дағлынбағаны, сыни пікір айту мен бағалау критерийлерімен жұмыс жасау барысында қиналатындығы байқалды.

Және сыныптағы оқушылардың бәрі де деңгейлес екендігі, яғни тоқсандық қорытындылар бойынша «үздік» деп танылған оқушылардың  белсенділіктері мен қызығушылықтары өзгелерден ерекшелене қоймады. Алдағы уақытта осы сыныппен педагогикалық-психологиялық талдаулар жүргізіп, оқыту мен оқудағы әдіс-тәсілдерді жүйелі жүргізу ұсынылды. Lesson study үдерісі сегізінші сыныпта Қазақстан тарихы пәнінен оқушылардың білімін, пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Талапқа сәйкес тізбектелген сабақтар топтамасын жеребе бойынша таңдалған жас маман жүргізді.

Әлия Талғатбекқызы КЕУЛІМЖАЙ,
№238 орта мектептің директоры, Қызылорда
облысы, Қазалы ауданы, Тасарық ауылы                                      

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий