Ұлыстың ұлы күні: Наурыз –  мерекем, наурыз – берекем

Көгілдір көктемнің тамаша самалымен келетін дәстүрлі мерекеміз, ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін халықтың ерекше күтетіні белгілі.  Бар асылын киініп, бар ас мәзірін дайындап, бір – бірінен амандық – саулық сұрасып, халықтың қаужаңдасып, жадырап сала беретін осы мезгілі кім – кімге болсын қуаныш сыйлары анық. Бабаларымыздан келе жатқан осы дәстүрлі берекелі мерекемізді жаңғырту, ұрпақтан – ұрпаққа жеткізу ата – аналармен, педагогогтарға тікелей жауапты деген ойдамын.

Осы ретте біздің білім шаңырағында Ұлыстың ұлы күні жыл сайын танымдық деңгейде ұйымдастырылып келеді. Биыл сынып жетекші әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болғандықтан, ұлттық мейрамымызды мектеп қабырғасында қалай өткізуге болады,  балалардың бойына рухани құндылықтарды қалай дарытамыз, ата – анамен қалай тығыз қарым – қатынасқа түсе отырып, ұлт болашағы бала  бойына ұлттық тәрбиені қалай сіңіруге болады деген сұрақтар төңірегінде  көп ойландым.

Жетекшілік жасайтын алтыншы сынып оқушыларымен ақылдасып, «Наурыз –  мерекем, наурыз – берекем»  мектепішілік мерекелік кешке ата-аналарды қатыстыруды жоспарладық. Шәкірттердің жас ерекшелігінің өзі қалай бағыттай алсаң, сол жаққа иілетін шағы, демек осы кезеңде бала тәрбиесінде жүрген кез – келген адам, баланың ынтасына қарай көбірек еңбектенуі қажет. Себебі, осы жаста ортаның балаға деген ықпалы орасан болғандықтан оқушы,  ата – ана, мектептің ынтымақтастықта бірлесе жұмыс жасауы өте тиімді.

Кешті ұйымдастыру мақсатында бұл жастағы ұл-қыздарымызды не қызықтыруы мүмкін деген ойға келдім. Білімгерлермен әңгімелесу барысында ұлттық ойындар: асық ату, арқан тарту, қол күрестіру, қазақ күресі, тоғызқұмалақтың дене шынықтыру сабақтары мен спорттық үйірмелерден белгілі екендігін ескеріп, ұлттық салт – дәстүрімізді таныстыра отырып, бесікке салу мен тұсау кесу бойынша әдеби – музыкалық қойылым дайындауды жөн көрдік.

Кештің бала көкейінде қалу жағдайын ескере отырып, тәрбие сағаттарына ата – аналарын, әжелерін шақырып, сол кісілердің аузынан барлық оқушыларға бесікке жатқаны бар, жатпағаны бар бесіктің тарихы мен құрылысы, бесік жырының әсері туралы естеліктерін тыңдаттым. Балалар түбек пен шүмектің не үшін керектігін түсініп, бесіктің атадан  балаға мирас болып қалатын қасиетін түсінді. Сонымен қатар тұсау кесу дәстүрі туралыда ойлар айтылды. Осы бас қосу балаларға көп әсер етті.

Нәтижесінде сыныптың бірлесе алған жауапкершілігін оқушы да ата – анада сезініп,  рөлдерді де бірлесе ойнауға келісті. Осы шарада таңдап алынған дәстүрлерімізден үзінді көріністер қойылуымен қатар күй тартылып, би биленді. Қатысушы ата –  аналар жанды дауыста халық әндерін орындап, мерекелік кешімізге шынайы көрініс берді. Аға буын өкілдері арнайы дайындап әкелген наурыз көженің құрамы мен жасалу жолы туралы аналар балаларға байыппен түсіндіре отырып, дастархан мәзірлерінен дәм татқызады.

Бұл өскелең ұрпақты береке мен бірлікке шақыруға негізделген еді. Сахналық қойылым мәні мен мағынысы жағынан жиналғандардың ризашылығына бөленді. Осы сәт оқушылардың жүрегінде ұмытылмас әсерімен сақталып, өмірлік тәжірибелеріне сүйеу болары анық. Ұлтымыздың ұлылығын сақтайтын, салт – дәстүрімізді қастерлейтін саналы ұрпақты қалыптастыру қоғам алдындағы адами  борышымыз.

Сондықтан баршаға ортақ ұрпақ тәрбиесінде мүлт кетпейік, жіті жұмыс жасап, ата – ана, мектеп болып бірлесіп, мақсаты мен мұраты бір арнаға тоғысатын, мәдени – парасаты жоғары, адамгершілік қасиетті бойына сіңірген саналы шәкірт тәрбиелеудің маңызы зор.

Кулшара Тлекбергенқызы ШАЙХИНА,
№ 152 мектеп – гимназияның мұғалімі,
Алматы қаласы, Алатау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий