Ел болашағы: Білімді ұрпақ тәрбиесімен тұғырлы

Әлемдегі өркениетті елдердің даму көшіне ілескен әрбір мемлекет азаматтарының сапалы білім алуын басты орынға қояды. Оның үстіне қазіргі ақпараттық даму қарқыны өте жоғары дәуірде өскелең ұрпақтың білім деңгейіне қойылар талап өте күшті. Дегенмен қанша жерден ғылым мен ілімді меңгерсе де, тәрбиесіз берілген білім тиімді болмайды. Бұл туралы ғұлама ғалым, әл-Фараби бабамыз да: «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы» деп тегін айтпаса керек.

Сапалы білім алып, өмірдегі өз орнын табу – әр саналы адамның асыл мұраты. Сол жолда табандылық, ізгі мінез-құлық сияқты адам баласына тән қасиеттерге негізделген тәрбиенің маңызы ұшан теңіз. Тәрбиені адам баласы алдымен өскен отбасынан алса, екіншіден білім алатын оқу орындары, араласатын ортасынан алады. Соның ішінде өмірінің маңызды бөлігі саналатын оқу ордаларындағы кезеңінде алған тәрбиенің орны бөлек. Бүгінгі таңда елімізде арнаулы орта білім беретін орындар, яғни колледждерде біліммен қатар тәрбиеге бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізіледі.

Колледждегі тәрбие жұмысы  – білім беру процесінің ажырамас бөлігі. Осы орайда өзім қызмет ететін колледжде дебат клубтар ашылғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар студенттің өзін өзі басқару жобасы іске асырылуда. Бұл жобалардың кәсіби маман ғана емес, бойына адами қасиеттерді сіңірген азамат қалыптастырудағы маңызы басым. Сол жұмыстардың аясында студенттерге кәсіби дағдылардан бөлек адами қасиеттері жоғары, шешендік өнер қабілеті дамыған, көшбасшылық қыры зор, командамен жұмыс істей білетін маман даярлау көзделеді.

Өзім де осындай жобаларға студенттерімді қатыстырып жүрмін. Осы тұрғыда тәрбие жұмысының міндеттерін де айқындап алу керек. Ұлттық сана-сезімі, мәдениеті, парасаты, ар-ожданы мол, еңбекқор, бойына игі қасиеттер жиған азаматтар тәрбиелеу – ең басты міндет. Тәрбие дегенде соған қоса  студент жастардың арасында діни экстремизмге қарсы шаралар мәнін күшейту де маңызды рөл ойнайды. Себебі колледждегі жастар мен студенттер әлі де қоғамдық ой-санасы қалыптаспаған, әр түрлі жат ағымдарға еріп кетуге әзір тұратын кезеңдегі балалар.

Сондықтан олардың өзін-өзі басқаруын жан-жақты дамыту, студенттердің жеке қабілеттері мен интеллектуалдық мүмкіндіктерін бүкіл қоғам мүддесі үшін дамытуға жағдай жасау керек. Біздің оқу орнында да барлық іс-шаралар студенттердің күшімен ұйымдастырылып өткізіледі. Студенттердің өзін-өзі басқаруына, клуб жұмысына көп көңіл бөлінеді. Осылайша колледжде жүргізілетін тәрбие жұмыстарының нәтижесінде жоғарғы кәсіби білікті, адамгершілігі мол, әлеуметтік белсенділігі жетілген, мақсат-мұраты биік жеке тұлға қалыптасады.

Жастар мұнда адамгершіліктің асыл қасиеттерін бойға сіңіріп, азаматтық құндылықтарды меңгереді. Өз мамандығының әлеуметтік маңызы мен мәнін нақты түсінеді. Ішкі жан дүниесінің бай болуына мән беріп, қабілетінің дамуына, үздіксіз жетілуіне үнемі қызығушылық танытады. Адам өміріндегі ең ажырағысыз бөлігінің еңбек екеніне көзі жетіп, таңдаған мамандығына іскерлікпен кіруге әрқашан даяр болады. Бастысы, олар бәсекеге қабілетті тұлға ретінде ең бастысы тәуелсіз мемлекетіміздің ілгері дамуына сүбелі үлесін қосатын отаншыл азаматтар болып тәрбие алады.

Жаннур Бейбитовна КАЛИМОВА,
Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы атындағы
Маңғыстау индустриалды техникалық
колледжінің арнайы пәндер оқытушысы,
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий