Физика пәні: Академиялық тілдік дағдыларын дамытудағы тиімділігі

«CLIL» ағылшын тілінде Content and Language Integrated Learning немесе пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдістемесі, пәндерді екінші не үшінші /қазақ, орыс, не ағылшын/ тілде оқыту үшін қолданылатын технология. CLIL – тіл арқылы пәнді, пән арқылы тілді кіріктіріп оқыту мақсатын көздейді. CLIL – ді оқу процесінде қолдану 4C құрылымдық блок аспектісінде қарастырылады. Мұғалімдер, оқушылар, жаттықтырушылар және зерттеушілер пәнді (content – мазмұн) оқыту үшін тіл (communication – қарым-қатынас) мен ойлаудың жоғары сапалы деңгейін (cognition – таным) қамтамасыз етеді және жаһандық азаматтық көзқарасты (culture – мәдениет) қалыптастыру үшін олардың арасындағы өзара байланысты бірлесіп зерттейді.

Үш тілді білім беру мақсатына сәйкес мектебіміздің жоғарғы сынып оқушылары болашақ мамандықтарына сәйкес жаратылыстану ғылымдарын таңдап, оларды ағылшын тілінде оқиды. Сондықтан оқушыларға физика пәнін CLIL технологиясының әдістерін қолдану арқылы оқытудың тиімділігін зерттеу жүргізілді. Академиялық тілдік дағдыларын арттыру үшін қолданылатын әдістерді таңдауда  оқушылар көзқарасын білуге арналған сауалнама жүргізіліп, әдебиеттерге шолу жасалды. Сауалнамаға сабақ беретін сыныптарымыздың 27 оқушысы қатысты.

Оқушылар өздерінің ағылшын тілінде ауызша сабақ айту, жазбаша тапсырмалар орындау,  сыныппен талқылау және сандық есептер шығару кезіндегі сенімділігін бірден беске дейінгі сандармен бағалады. Нәтижесінде  оқушылардың басым көпшілігі (21 оқушы) сыныппен талқылау, сандық есептер шығаруда (24 оқушы) өздеріне сенімді болып, ал жазбаша жауап жазуда тоғыз оқушы, ауызша сабақ айтуға 14 оқушы  ғана өздеріне сенімді екендігі анықталды. Алынған мәліметтерді саралап оқушылардың ағылшын тілінде мағыналы диалог орнатуы үшін «Аралас» (Mingle) белсендіре оқыту әдісін таңдадық.

Ережесіне сай әр оқушыға тақырып бойынша сұрақтар жазылған парақ берілді. Оқушы жазылған сұрақтарды өзге оқушыларға қоя жүріп, жауабын білетін оқушыларды анықтайды. Сұрақ қоюда оқушыларға қолдау көрсету мақсатында сөйлемді құрастыруға қажетті фразалар берілді. Мысалы, “Find someone who know/ answer/ explain …” және тағы да басқалар. Диалогтың нәтижесінде оқушылардың ағылшын тілінде ауызша сұрақ қою дағдыcы қалыптасады, контент екі оқушының диалогы кезінде талқыланды.

Олардың бір – бірімен диалогы кезінде ауызша сөйлеу дағдысы, ал жоғары деңгейлі сұрақтарды қолдануы арқылы оқушының когнитивтік дағдылары дамытылды. Сонымен қатар, оқушылардың бірін – бірі бағалауы жүзеге асырылып, әдіс тиімділігі арта түсті. Графиктерді сипаттау дағдысын дамыту үшін кинетматикада қолданылған әдістердің бірі «pictionary», жұптағы екі оқушының бірі графикті сипаттайды, ал екіншісі тыңдауы бойынша графикті сызады. Бұл әдісті қолдануда оқушының тыңдалым таңдысы дамытылып, тіл арқылы пәндік білімі жақсартылады.

Жаңа тақырыпты меңгеруде «Әлемдік кафе» (World Cafe) стратегиясын қолдана отырып, Марзано (2005) ұсынған оқушылардың академиялық сөздік қорын арттырудың алты қадамындағы идеялар пайдаланылды. Бұл әдіс бойынша оқушылар топпен жұмыс жасады, әр топқа теориялық материалдың түрлі шағын бөліктері берілді. Оқушы берілген ақпаратты қысқа уақытта түсініп, қабылдауы үшін оның көлемі үлкен болмағаны дұрыс. Топ ішінде өздеріне берілген теориялық ақпаратпен танысып, кілт сөздерді анықтап, талқылау жүзеге асырылды.

Мұғалімнің белгісімен алғашқы топтардағы оқушылар төртке бөлінді де, жаңадан 4 топ құрылды, оның құрамында алғашқы әр топтардан бір оқушы қатысты. Топ мүшелері өздері алып келген ақпаратпен жаңа топ мүшелерімен бөлісіп, қайта талқылау жүзеге асты. Толық талқылау аяқталған соң, тақырыптың меңгерілу деңгейін бағалау үшін, оқушылардан жаңа ұғымдардың физикалық мағынасын 1-2 синоним сөздермен түсіндіруді және антонимдерді анықтап, олардың ұқсастығы мен айырмашылықтарын салыстыруды сұралды.

Әр сабақта оқушылардың жаңа сөздермен танысу барысында дәптерлеріне «термин – анықтамасы – синоним / антоним» байланысында жазуына талап қойылды. Өйткені, ауызша талдаудан соң ой елегінен өткізіп, ақпаратты жазбаша бекіткенде ұзақ жадыға сақталады. Негізгі тұжырымдамаларды есте сақтап, бекіту үшін сөздер бұлтынан (world cloud) жаңа анықтамаларды құрастыру әдісі қолданылды. Оқушылардың пән мәдениетін түсініп, тақырып бойынша теорияның өмірлік жағдаяттарда практикалық қолданылуы туралы салыстырмалы талдау дайындауы үшін шағын зерттеу жүргізуге тапсырма беріп отырдық.

Зерттеулер нәтижесінде кілт сөздерді әдейі, нақты оқыту стратегиялары оқушылардың сөздік қорын толықтырып, сол сөздерден тұратын мәтіндерді түсінуін жақсарта алатынын көрсетті. Жоғарыда айтылған әдістерді қолдану оқушылардың мазмұнды меңгеріп, ақпарат алмасып, саралау кезінде басқалармен қарым – қатынас орнатуына мүмкіндік туғызды. Ал теорияны өмірмен байланыстырып, практикада қолданылу бағыттарына талдау жасау оқушылардың зерттеушілік мәдениетінің дамуына септігін тигізді.

Асылай Байырғалиқызы ТУЛЕУОВА,
Жанат Рахымбекқызы ШАЛАНОВА,
Астана  қаласы физика – математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
физика пәні мұғалімдері

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий