Ашық әңгіме: Әлеуеті зор өңірдің білімі де мықты болуы тиіс

Ақтөбе — мықты экономикалық әлеуеті бар, тұрақты дамып келе жатқан өңір. Еліміздің өзге аймақтарына білім саласындағы өзіндік  дәстүрлерімен,  жаңашыл педагогтерімен де үлгі. Оның ішінде тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алу үшін балаларға тең мүмкіндіктер жасау, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюдың ақтөбелік үлгісі қалыптасты. «Білім ALL» атауындағы былтыр басталған жоба – ауылды дамытуға бағытталған бірегей бастама.

Жаңа жоба шалғай елді мекендердегі мектептерді қолдап, ауыл балаларының білім сапасын арттыру үшін облыс әкімі Ералы ТОҒЖАНОВтың ұсынысымен әзірленіп, іске асырылуда. Басты мақсат — ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВтың қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою жөніндегі тапсырмасын орындау. Сондай-ақ елді мекендердегі шағын жинақты мектептердің білім сапасын көтеру.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын  өңірдің ерекшелігіне сай жүйелі жүзеге асырудағы негізгі ұстанымының бірі жергілікті өнімдердерді мектеп асханасына әкелу арқылы оқушыларды сапалы да құнарлы әрі табиғи азық түліктермен тамақтандыру. Жаңа оқу жылының қарсаңында облыстың білім саласындағы оң өзгерістер мен алдағы жоспарларды білу үшін аймақ жетекшісімен арнайы сұхбаттасқан едік.  

Құрметті Ералы Лұқпанұлы, биылғы жеті айдың жуырда нақтыланған қорытындысы бойынша білім саласының көрсеткіші жоғарылап, сапаның арта бастағанын білдік. Бұл жағымды жаңалықтың сыры неде? – Ең алдымен өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілгенін айырықша атап айтқанымыз абзал. Кешенді жоспарды орындау үшін облыстық бюджеттен мүмкіндігінше қажетті қаражат қарастырылды. Білім саласын дамыту мақсатында пилоттық режимде бірқатар өзгерістер енгізуге шешім қабылданды. Біріншіден, орталықтандырылған бұлтты бухгалтерия, екіншіден, бірыңғай сатып алу, үшіншіден, электронды негізде педагог кадрларды жұмысқа қабылдау, төртіншіден, мектеп шаруашылық қызметін жергілікті әкімдіктерге беру.

 

Нәтижесінде бөлінген қаражат тиімді жұмсалып, болжамды есепке сәйкес 5 миллиард теңге шамасында бюджет қаражатын үнемдеу жоспарланған. «Бірыңғай қолдау шаралар пакеті» деп аталатын өңірлік жобаның тиімділігі бойынша жан-жақты сараптама жүргізген тиісті орындардың келісіміне сай мақұлданды. Бұл ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етумен қатар «Білім All» жобасы арқылы ауыл мен қала мектептері арасындағы білім деңгейін теңестіруді көздейді.

Биылғы жаңа оқу жылындағы ерекшеліктерге тоқталсаңыз? Күн тәртібінде тұрған қандай маңызды мәселелер жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен нақты шешімін тапты деуге болады? – Үкіметтің тапсырмасына сәйкес әкімдіктің жан-жақты қолдауы негізінде мектеп оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс аймағындағы барлық білім беру ұйымдарына толық жүз пайыз көлемінде арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары толығымен орнатылды. Полиция департаментінің  жедел басқару орталығына қосылып, бірінші дәрежелі мамандандырылған күзетпен  келісімшарт түзілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс, – деген болатын. 2025 жылы орын тапшылығы мәселесін жою үшін республикалық деңгейде қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс аумағынан заманауи үлгідегі 18 мектеп салу жоспарға енді. Биыл 5270 орынға арналған жиырма екі білім ордасының құрылысы жүргізілуде. Жеке инвестордың қаражатымен қолға алынған екі мектептің құрылыс барысымен өткен аптада барып, танысып қайттым.

Батыс-2 ықшам ауданында салынып жатқан «Smart Білім» мектебі биылғы жаңа оқу жылында ашылады. Екі ауысымда жеті мың оқушыға дейін қабылдай алатын мүмкіндігі бар. Білім беру мекемесі уақыттың талаптарына сай. Инклюзивті білім беруге барлық жағдайлар жасалады. Спорттық залы керекті құралдармен, 1000 орындық концерт залы соңғы үлгідегі жарық, дыбыс құралдарымен жабдықталмақ. Білім ордасы пайдалануға берілсе, ықшам аудандағы №63 және №64 мектептердегі орын тапшылығы мәселесі жойылады.

«Кемел Білім» мектебінде оқу бөлмелері, кітапхана, 2 спорттық зал, бірнеше бағытта балаларды тәрбиелейтін дербес оқушылар сарайы бой көтермек. Мектеп құрылысы келесі жылы қыркүйек айының біріне дейін аяқталуы тиіс. Ауданы 21 мың шаршы метрді құрайтын ғимараттың құрылысына 160 адам тартылған. Жауапты мердігер компаниялардың басшылығына мектеп құрылысын уақытылы аяқтап, жұмыстарды сапалы орындау тапсырылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 18 мектептің 14-інің құрылысы биыл басталып, келер жылы аяқталады. 2024 жылы үш мың бес жүз орынға арналған 4 мектептің құрылысы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Жаңа оқу жылында облыста 428 мектеп, 594 мектепке дейінгі ұйым, 41 колледж жұмыс істейді. Биылғы жылы отыз үш білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізуге 4,8 миллиард теңге бөлініп, кейбір нысандардағы жұмыстар аяқталған. Құрылыс жұмыстары сондай-ақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті базасында ашылған Heriot-Watt университетінің филиалында да қарқынды. Ақтөбе облысында тұңғыш рет ашылған Ұлыбританияның университеті оқу орнының Техникалық және физика-математика факультетінің корпусында орналасады. Тамыз айының соңында оқу корпусы толықтай іске қосылып, оқу жылына дайын болады.

Бұл филиалды ашудың мақсаты – өңір жастары үшін әлемдік деңгейдегі жоғары сапалы техникалық білімді қолжетімді ету, өңірден таланттардың жаппай кетуін тоқтату және Ақтөбе өңіріндегі жоғары білімнің тартымдылығын арттыру арқылы, өңірде елімізде ғана емес, Орта Азияға танымал білім хабын құруға бағытталған. Шетелдік университет – Ұлыбританияның ең ескі техникалық оқу орындарының бірі. Халықаралық рейтингілік көрсеткіштері жоғары. Оқуды тәмамдаған түлектерге Жұбанов университетінен қазақстандық үлгідегі диплом мен шотландиялық Heriot-Watt университетінің дипломы табысталады.

Облыстағы 114 ауыл мектебінің базасы қайта жаңартылғанын естідік. Алдағы уақытта осы жұмыстарды жалғастыру жоспарланған ба? – Иә, әрине. Себебі дәл қазіргі есеп бойынша аймақтағы 404 білім ордасының екі жүз сексен екісі ауылдарда орналасқан. Сондықтан алдағы екі жыл бойы барлығының материалдық-техгикалық мүмкіндіктерін жақсартпай, бұл жұмыстар тоқтамайды. Екі жүз төрт шағын жинақты мектептерде бала саны аз болғандықтан, сынып-комплектілер бір-бірімен қосылып оқытылады. Бұл мектептер әсіресе аудандарда көп (Қобдада — 21, Әйтеке биде — 21, Ойылда — 18, Ырғызда — 17). «Білім ALL» жобасы Қобдадағы 19 шағын жинақты мектеп оқушыларын қамтиды.

Облыста оқу тіліне қарамастан, сапалы білім алу үшін балаларға тең мүмкіндіктер жасау, оның ішінде қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жою бойынша жол картасы әзірленіп, бекітілді. Жол картасын әзірлеу барысында шағын жинақты мектептер жағдайы, ауыл мектептеріндегі білім сапасының көрсеткіші, материалдық-техникалық базасы, педагогтердің сапалық құрамы егжей-тегжейлі зерделеніп, педагогтердің, ата-аналардың сұраныстары, сонымен қатар оқу-тәрбие үдерісіне қоса басқа да маңызды мәселелер ескерілген болатын.

Өңірде білім сапасын теңестіру, әдістемелік қолдау көрсету, педагог кадрлардың сапасын көтеру бағытында ауыл мектептерін қолдауға арналған жаңа шешімдер қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында ауыл мектептері үздік мектептерге шефтік қамқорлыққа берілді. Бұл ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсетуде, бағыт-бағдар беруде, педагогтердің кәсіби біліктілігін шыңдауда, білім сапасын көтеруге өзіндік ықпалын тигізіп отыр. Жан-жақты мониторинг негізінде облыстың 30 үздік ауыл мектебі анықталып, іс-тәжірибесі жан-жақты насихатталып жүр.

«Каникулдық мектеп» білім беру жобасы, сондай-ақ «Шағын жинақты мектеп үшін мобильді мұғалім» жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл мұғалімдеріне ұйымдастырушылық, әдістемелік, ақпараттық қолдау мен кеңес беруді қамтамасыз ететін «Сапалы білім» жобалық кеңсесі іске қосылады. Ауыл мектебінің білім сапасын, педагогтерінің сапалық деңгейін арттыру  және ауылды дамытудың мәдени орталығы ретінде мектептің тұрақты дамуын қамтамасыз ету құралдарын әзірлеуге бағытталған «Ауыл мектептерін кешенді дамыту», «Ауыл мектебі — үздік білім сапасы» бағдарламасы жүйелі түрде орындала бастады.

Ералы Лұқпанұлы ашық әңгімеңізге көп рахмет. Аймақ басшысы ретінде қолға алған бірегей бастамаларыңыздың сәтті жүзеге асырылуына тілектепсін!

Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,
Астана-Ақтөбе-Астана

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий