Ақтөбе облысы: Сапалы білім мен саналы тәрбие басым бағыт

Жаңа оқу жылында облыста төрт жүз жиырма сегіз мектеп, 594 мектепке дейінгі ұйым, қырық бір колледж жұмыс істейді. Биыл 33 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізуге 4,8 миллиард теңге бөлініп, кейбіреулеріндегі жұмыстар аяқталды. Бірінші сыныпқа 18 459 бүлдіршінді қабылдаудың барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Негізгі міндеттердің бірі – білім ордаларын оқулықтармен қамтамасыз ету болғандықтан осы мақсатта он алты баспаханамен 176 келісім шарт жасалды.

Сұраныс берілген оқулықтар кітаптарды сатып алуға 1,9 миллиард теңге бөлініп, облыс аумағына тасымалдау жұмыстары қарқын алды. Қыркүйек айының біріне дейін кітаптар барлық мектептерге жеткізіліп, балаларға үлестірілетін болады. Және биылғы оқу жылында 1-4 сыныптардың 72,8 мыңнан астам оқушысын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 2,6 миллиард теңге қарастырылған. Бұдан өзге, жалпыға міндетті оқыту қоры есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардан шыққан 15,1 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылады.

Қазіргі кезде өңірде 22 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның алтауы жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Облыс бойынша үш ауысымды, апатты және шамадан тыс жүктелген мектептердің қордаланған мәселесін шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында барлығы 44 жаңа мектеп салу жоспарланған. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен және жан-жақты қолдауы бойынша ауылдардағы шағын жинақталған мектептердегі білім сапасын жоғарылату мақсатындағы арнайы жоба жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар былтырғы қараша айында басталса да қысқа мерзім аралығында тиімділігімен педагогтер қауымының көңілінен шыққаны көңіл қуантады.

Басты идея – қаладағы ең озық, тәжірибелі отыз мұғалім бес пән (химия, физика, биология, ағылшын тілі және математика) бойынша ауылдық жердегі мұғалімі тапшы мектептерге онлайн стримингпен сабақ береді. Жалпы бұрынғы бағалау бойынша қала мен ауыл арасындагы білімнің сапасында он бес пайыздық айырмашылық болған екен. Қазіргі кезде жүргізілген ішкі мониторингтің есебіне жүгінсек көрсеткіш 12,5 пайызға төмедегенін білдік. Бұл айырмашылықтың алшақтауында өңірлік білім алу жобасының қосқан үлесі бары даусыз. Сарапшы мамандар мен қатысушылардың ұсыныс пікірлері бойынша жаңашыл жобаны уақыт ағымы мен аймақтың ерекшеліктеріне сәйкес жетілдірудің жұмыстары жүргізілуде.

Биыл Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен аймақта алғаш рет «Цифрлы технологияларды қолдану арқылы Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерін дамыту» жобасын жүзеге асырып жатыр. Нәтижесінде 12 аудан орталығындағы тірек мектептерді жабдықтау қолға алынды. Содан соң бір жүз отыз төрт шағын білім беру ұйымдарына қолдау көрсетілетін болады. Осы мақсаттарда қоғамдық қордың тарапынан 5 миллиард теңге бөлінбекші. Жаңа оқу жылының қарсаңында осы мақсатта ұйымдастырылған республикалық семинарға облыстағы жобаға қатысып жатқан 134 шағын жинақты мектептің жеті жүзден астам мұғалімі жиналды.

Ұстаздар екі күн бойы қиын математикалық есептерді шешу машығын, физика, химия, биологиядан практикалық және зертханалық жұмыстар жүргізу, пән бойынша сөйлеу машығын дамыту бойынша тренингтерге өтіп, оқуды Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушылары жүргізді. Білім беру нысандарындағы басым міндеттердің бірі — қолайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыру. Осыған орай Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 IT мектеп-лицейінде «Alaqan Мektep» жүйесі енгізілді.

Бұл жүйенің идентификаторы алақан биометриясына негізделген, ол саусақ ізімен салыстырғанда күрделірек және өзіндік ерекшеліктері бар. «Alaqan Мektep» — білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және оқу процесін цифрландыруға мүмкіндік беретін бірыңғай экожүйе. Ақтөбелік білім ордасы әзірге қанат қақты жоба жүзеге асырылған еліміздің аумағындағы алғашқы мектеп. Бұл білім шаңырағында алақанды сәйкестендіру жүйесі тегін енгізілді. Мектепте турникеттер орнатылып, балалар ғимаратқа арнайы карталар мен білезіктермен кіреді.

Жаңа жүйеде мектепке қажетті сервистің барлығы бар. Бұл жүйеде оқушылар алақанын сенсорға қою арқылы кітапханадан кітаптар алып-тапсырып, асханада төлем жасай алады. Ал ата-аналар баланың мектепке қашан келіп-кеткенін біліп, мобильді қосымшасы арқылы асханада балаларының мәзірі мен шығындарын бақылай алады. Сондай-ақ ата-аналарға мектеп ауласымен және ішіндегі камералар арқылы балаларын көру мүмкіндігі берілді. Бұл жүйенің  көмегімен кітапхана жұмысын автоматтандыру арқылы оның қызметін жаңа деңгейге шығаруға, мектептер арасындағы кітаптар қозғалысының процестерін цифрландыра отырып, өңірдегі барлық мектептердің бірыңғай кітап қорын құруға мүмкіндік береді.

Ақпараттық жүйе алақан тамырларының үлгісін цифрлық кодқа айналдырады. Шифрланған цифрлық код жүйеде тіркелген пайдаланушылардың арасында сәйкестендіріледі. Шифрланған цифрлық код табылған жағдайда  жүйеге кіріп төлемдерді жасай алады. Сканерлеу 0,3 секундта жүргізіледі. Жүйе ыңғайлы әрі қауіпсіз. Жоба тиімді жүзеге асып жатса, оның ауқымын кеңейту мәселесі қарастырылатын болады. Ұлттық жоспарға сәйкес биыл жергілікті 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді  қамту – 82,8 пайыз, 3-6 жас толық жүз пайыз көлемінде орындау жоспарланған. Бүгінгі таңда қаладағы 587 балабақшада 1-6 жас аралығындағы кезекте тұрған 84 677 баланың тоқсан бір пайызы (76 859 бала) мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қатматасыз етілгенін атап айтқан абзал.

Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 59 954 бала жүз пайыз, 2-6 жас аралығындағы 78 388 баланың 93% (72 863 бала) қамтылған. Алдағы қыркүйек айынан бастап қосымша 2 945 орынға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін жергілікті бюджет есебінен 2 845 орындық отыз балабақша ашылатын болады. Тамыз айының оны күні облысымызға ресми сапармен ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысқан болатын. Жиын барысында Үкімет мүшелерінің назарына жүзеге асырылып жатқан білім саласындағы жобалармен таныстырдым.

Себебі цифрлық технология білім сапасын арттыруға зор мүмкіндіктер ашатындығымен де маңызды. Әлихан Асханұлы біздің облыста негізін қалаған озық тәжірибені еліміздің барлық аумағында жүзеге асыруды қолдайтындығын жеткізді. Сондықтан жоғары атқарушы биліктің осы қолдауы аймақ жетекшісі Ералы Лұқпанұлының бастамасымен қолға алынған жаңа жобаларды одан әрі тиімді жүзеге асыруға тың серпін беретіндігі даусыз.

Жайық Исаұлы СҰЛТАН,
Ақтөбе облыстық білім
басқармасының басшысы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий