“ӨРЛЕУ” БАҰО: Ұстаздық жол өрлеу мен өсуге бастасын

ҚР Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайының екінші отырысында: «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратынын» баса айтты. Педагог мамандығы мәртебесін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, осы азаматтарды оқытып, тәрбиелейтін педагогтерді кәсіби дамыту әлі де жетілдіруді қажет ететінін атап өтті.


Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының басты мақсаты – білім алушылардың академиялық үлгерімін жоғарылату, дағдыларын тұрақты қалыптастыру, халықаралық зерттеулерде елдің алар орнын ілгерілету екені баршамызға мәлім. «Алты алаштың басы қосылғанда төр – мұғалімдікі!», – деген кешегі Алаш арыстары халықтың сапалы білім алуы үшін еңбек етті. Ұлттық педагогиканың негізін салды. Мұғалімге қай заманда да үлкен жүк артылып, ұрпақтың ертеңі тапсырылған.

Қазақстан Республикасы педагогтерінің әлеуеті. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында ұстаздар әлеуетін 525 мың 162 педагог құрайды: 96 мың 882 мектепке дейінгі, 388 мың 793 орта білім беру, 39 мың 487 кәсіптік және техникалық білім беру педагогтері. Оның ішінде: педагог – 193 мың 809 (37%), педагог-модератор – 93 мың 77 (17,7%), педагог-сарапшы – 90 мың 393 (17,2%), педагог-зерттеуші – 78 мың 915 (15%), педагог шебер – 4103 (0,8%). Ескі форматтағы біліктілік санатында 64 мың 865 (12,3%) педагог бар.

Санатын дәлелдемеген педагогтердің ішінде тәжірибесін енді ғана бастаған жас мамандар да бар. Өкінішке қарай, ұжымды алға жетелейді-ау деген зерттеуші және шебер педагогтердің саны аздау, олардың ішінде зейнет жасына таяп қалған ұстаздар бар.

Педагогтің үздіксіз кәсіби даму жүйесі. Педагогті кәсіби біліктілігін арттыру курстарымен қамту жайында айтатын болсақ, 2020-2022 жылдары 179 мың 15 – жалпы педагог санының 34%-ы: 20 мың 993 педагог мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, 152 мың 454 – орта білім беру және 5568 – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ұстаздары біліктілігін арттырды. Екі жүз мыңға жуық санаты жоқ педагогті 2026 жылға дейін біліктілікті арттыру курстарымен толық қамту мақсаты тұр.

Үстіміздегі жылы 102 мыңдай педагог оқытылады – бұл еліміздің мектепке дейінгі және орта білім педагогтерінің 21% құрап отыр. Аталмыш көрсеткіш былтырғы жылғы 81 мың 806 тыңдаушыларымен салыстырғанда 20%-ға артық. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері, әдіскерлері, тәрбиешілері, арнайы педагогтері мен музыкалық жетекшілері – барлығы 11 мың 965 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Орта білім берудің 89 мың 877 басшысы мен ұстазы, әлеуметтік педагогтері, түзету сыныптарының педагогтері, мектеп кітапханашылары біліктіліктерін арттырады.

Ауыл баласы мен қала баласы білім деңгейінің арасындағы ауқымды айырмашылық аймақтарды ғана емес, Үкіметті де терең толғандырған мәселеге айналды. Биылғы жалпы тыңдаушылардың 67% ауыл мұғалімдері болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Цифрлық экономикаға өту бағытында ауылдың шағын жинақталған мектептерінің әлеуетін дамыту мақсатында, еліміздің 6 өңірінің 5381 педагогі мен мектеп басшысы курстан өтуде. Бұл тәжірибе 2024-2025 жылдары барлық өңірлерде таратылатын болады.

PIRLS 2021 қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан (534), Солтүстік Қазақстан (532), Қостанай (532) және Жамбыл (532) облыстарының оқушылары республика бойынша орташадан (504 балл) асатын нәтиже көрсетті. Бұл көрсеткіштер Франция (514), Бельгия (511), Германия (524) мен Израиль (510) елдерінің орташа баллдарынан асады. Мұндай нәтиже көрсетудің себебі өңірлердегі педагогтің біліктілігін арттыруға деген сұранысының басқа аймақтармен салыстырғанда көбірек болуында және білім беру бағдарламасы сапасының әлдеқайда арта түсуінде.

2023 жылы ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 73 баллды құрады, өткен жылмен салыстырғанда 7 баллға артты. Сапа көрсеткіштерін көтеруде алға басушылық бар. Бұл өсімді соңғы уақытта мемлекет тарапынан педагогтерге ерекше көңіл бөлініп, курстардың қамту сапасының өсуімен байланыстырамыз.

Педагогтің кәсіби біліктілігін арттырудағы жаңа бағыт, жоспар. 2024 жылы біліктілікті арттырушылардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға артады. Педагог әлеуетінің сапасын арттыру үшін санаты жоқ педагогтермен жүйелі жұмыс жүргізу, біліктілікті арттыру курстарына педагог, педагог-модераторларды тарту көзделген. Халықаралық зерттеулер көрсеткіштерінің нәтижесін ескере отырып, Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстары педагогтерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру жоспарлануда.

2023-2024 оқу жылынан бастап кадр тапшылығын жою мақсатында, әсіресе шағын жинақталған мектептерді сапалы маманмен қамтамасыз ету үшін педагогикалық бағытта оқытатын жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс атқарылады. Қазіргі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетімен меморандум жасалып, «жол карталары» келісілді.

Кәсіби біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламалары. Педагогтің кәсіби біліктілігін арттырудың басты тақырыптарын қамтитын 257 білім беру бағдарламасы әзірленіп, бекітілді: 2021 жылы қазақ және орыс тілдерінде 110 білім беру бағдарламасы жаңартылып, 86 әдістемелік басылымдар (құралдар, ұсынымдар, нұсқаулықтар, жинақтар және тағы басқалар) әзірленді. Негізгі бағыт инклюзивті білім беру, жобалық оқыту (PBL), soft skills, ұрпақтар теориясы, квалиметрия тақырыптарын қамтыды. 2022 жылы 79 білім беру бағдарламасы, оқытушы мен курс тыңдаушыларына арналған 84 әдістемелік басылым (оқу-әдістемелік кешен, монография, құралдар, ұсынымдар, нұсқаулықтар, жинақтар және тағы да басқа) қолданысқа ұсынылды.

Бағдарламалар PIRLS 2021 қорытындысы бойынша, мектептегі
қауіпсіздікті қамтамасыз ету; оқушылар арасындағы қарым-қатынас этикасы; отбасылық оқуды дамыту әдістемесі бойынша; бастауыш, 5-9 және 10-11 сыныптардың күрделі тақырыптарды меңгерту әдістері; мұғалімдердің пәндік құзыреттіліктерін дамытуға; сараланған тапсырмалар мен бағалау құралдарын құрастыруға үйретуге бағытталды. 12 пәндік бағыт бойынша бағдарламалардың тақырыбы іріктеліп, күрделі тақырыптарды меңгертуге ерекше назар аударылды.

ҰБТ қорытындысы мен педагогтерінің сұраныстары да ескерілді. Байқап отырған боларсыздар, жыл сайынғы біліктілікті арттыруды әдістемелік қамтамасыз ету бағыты әркелкі, түйінді мәселелерге сәйкес жүруде. 2023 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың басшылары мен педагогтеріне – 19, орта білім – 45, ТжКБ бойынша – 2, ЖОО оқытушылары үшін – 2, барлығы 68 білім беру бағдарламасы әзірленді.

Білім беру бағдарламаларының жаңа форматы. Бағдарламаның көпшілігі 40-80 сағаттық екені барлығымызға белгілі. Сол 80 сағаттық курсты педагог 3 жылда 1 рет қана өтеді. Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, Сингапур елінде әр мұғалімге жыл сайын 100 сағат Эстонияда педагог қалауынша 3 кредиттен кем емес (кемінде 120 сағат) біліктілікті арттыру міндеттелген.

2024 жылдан бастап кәсіби біліктілікті арттырудың жаңа форматтағы білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұны педагогке күрделілігіне қарай бірнеше деңгейде әзірленіп ұсынылатын болады. Білім беру бағдарламаларының басым көпшілігінің ауқымы 108-160 сағатты құрайды. 36-40 сағаттық білім беру бағдарламасы педагогтердің сұраныстары бойынша белгілі тақырыптар аясында біліктіліктерін арттыруға арналатын болады.

Педагогті курстан кейінгі қолдау. Курстан кейінгі қолдау жаңа формаларға ие болады. Яғни, тыңдаушы курс аяқталғаннан кейін 1-2 апта ішінде өзінің даму жоспарын оқытушымен келісе әзірлейді, виртуалды қауымдастық платформасына тіркеледі. Жасыратыны жоқ, курстан кейінгі қолдау мәдениеті әлі де болса қалыптасуда. Сондықтан, курстан өткен мұғалімнің кәсіби біліктілігінің тиімділігін анықтау үшін негізгі стейкхолдермен кері байланыс жасалатын болады.

Осыны аса назарда ұстап, ойлаған істің нәтижесін бірге көретінімізге сенімдімін. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша мектепке дейінгі білім беру курстарының тыңдаушылары оқу курстарының мазмұны (10-нан 9,89) мен материалдарының сапасын (10-нан 9,84) жоғары бағалады. Тыңдаушылардың басым көпшілігі (97,7%) курстың мазмұнына енгізілген тақырыптардың өзектілігіне қанағат. Тыңдаушылардың 95,6%-ы курста игерілген дағдылар мен материалдарды іс жүзінде толық қолдануға болады деп санайды.

Педагогтің кәсіби біліктілігін арттыру нәтижелілігі. Әр істі сапалы орындау – қоғам талабы. Курстардың тиімділігін зерттеу үшін – білімнің өсуі (бастапқы және қорытынды өлшеулер) яғни, диагностикалық және қорытынды тестілеу деректері қолданылады. Тестілеу нәтижелері бойынша тыңдаушылар білімінің өсуі жоғары сынып пәндеріне (шамамен 30%) тиесілі (7-9 сыныптар пәндері үшін 26 пайыз, 5-9 сыныптар үшін 28%, бастауыш мектеп және мектепке дейінгі ұйымдар пәндері үшін шамамен 20%).

Біліктілік тестілердің қорытындылары да сапа көрсеткіштерінің бірі болып саналады: өткен жылмен салыстырғанда біліктілік тестін сәтті тапсырған мұғалімдердің үлесі биология (35%), қазақ тілі мен әдебиеті (26%), тарих (24%), география (21%) және бастауыш сынып (19%) мұғалімдері арасында ерекше байқалады. Бұл біздің жан-жақты жұмысымыздың жемісі екені сөзсіз.

Дегенмен, біліктілік тестілеуінде шекті деңгейге жетпеген физика, информатика, география және ағылшын тілі мұғалімдерінің үлесі әлі де жоғары (40%-дан астам). Сапа көрсеткіштерінің төмендеу фактілерін анықтау үшін «Өрлеу» ұлттық орталығы, жоғары оқу орындары, әдістемелік кабинеттер, жергілікті басқару органдары бірлесе зерттеу жүргізуіміз қажет.

Жас мамандарды педагогикаға тарту. TALIS халықаралық зерттеуінің деректері бойынша, Қазақстанның мұғалімі Экономикалық ынтымақтастықпен даму ұйымы елдерінің көпшілігінің мұғалімдерінен жас. Орташа жасы-41 жас (ЭЫДҰ – 44). Бұл жағдайда мұғалімдердің үштен бір бөлігі (27%) 50 жастан асқан. Демек, алдағы 10 жылда Қазақстан педагогикалық корпустың кем дегенде үштен бірін жаңартуы тиіс. Табысты бейімделу және одан әрі кәсіби даму дені сау, сауатты ұрпақты қалыптастырудағы мұғалімнің рөлін түсіну дәрежесіне байланысты.

2021 жылы жүргізілген ҚР 10 мыңнан астам жас педагогтерінің сауалнамасы негізінде 68%-ы педагогикалық қызметке кіріскеннен-ақ қиындық туындайтынын көрсетті. Жас педагогтерді қолдау мақсатында мамандыққа кіріспе нұсқаулықтары әзірленді. 2023-2024 оқу жылы қабылданатын жас педагогті кәсіби қолдау бағдарламасын әзірлеу қолға алынуда.

Педагогтің біліктілік дәрежесін анықтау – аттестацияның цифрландырылуы. Білім беру жүйесін автоматтандыру бірқатар өзекті мәселелердің шешімі болмақ. Аттестаттауды жаңғырту жұмысын Оқу-ағарту министрлігі «Өрлеу» ұлттық орталығына жүктеді. Өрлеу миссиясын ескере – педагог біліктілігін арттыру, жаңа технология, педагогикалық озық әдіснамалар арқылы үздіксіз кәсіби білімді дамыту сапасын қамтамасыз ету. Біз педагогтердің кәсіби өсуі мен дамуына мүмкіндік беретін қазіргі білім беру ортасын жасақтай аламыз.

Процессті толығымен автоматтандыруды көздеп отырмыз. Аттестация уақытында қағаз жүзінде портфолио жинақтау, Халыққа қызмет көрсету орталығына барып өтініш беру деген қадамдар жойылады. Барлық қызметті педагог Платформадағы жеке кабинетінен жүзеге асыра алатын болады. Тест сұрақтарының күрделілігі үш деңгейлі және тестті пән немесе қызметі бойынша ғана тапсыратын болады. Педагог-зерттеуші мен педагог-шебер санатын растауда тест тапсырылмайды. Педагог аттестация аралық 5 жыл ішінде квалификациялық талаптарға сәйкес қызметін жүргізуі керек.

Педагог-зерттеуші облыс көлемінде, педагог-шебер республика, халықаралық деңгейлерде танылып, тәжірибесін таратуы тиіс. Педагог қызметін бағалау критерийлері педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жаумбай Амантұрлыұлы Қараевтың әдісімен жүргізіледі. Критерийлер білім сапасы, білім алушылар мен педагогтің жетістіктері, педагог тәжірибесінің санат талаптарына сәйкес деңгейде топтастырылады.

Платформадағы жеке профилінде педагог өзінің дамуын бақылап, сарапшылардан біліктілігін арттыру жөнінде жеке ұсыныстар алу мүмкіндіктеріне ие болады. Педагог қызметі туралы ақпарат платформаға бір мезетте, мысалы оқу жылы аяқталғанда, енгізіледі және қосымша өзгертулер жасалынбайды. Платформаны құру жұмысына: Ұлттық тестілеу орталығы, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» білім беруді зерттеу және бағалау ұлттық орталығы, Ұлттық білім беру дерекқоры, Kundelik, әдістемелік кабинеттер, аудандық, облыстық білім бөлімдері, мектептер және басқа да орталықтар тартылады.

Осылайша, мұғалімнің үздіксіз кәсіби дамуының көрінісі білім беру нарығының барлық негізгі тұлғаларына қолжетімді болады: шашыраңқы көзқарас жоғалады, аттестаттау процесі мұғалімдер үшін де, білім беру ұйымдары үшін де айтарлықтай ашық, қолжетімді болады. Сонымен, платформа елдің әрбір педагогі жөнінде ақпарат алу мүмкіндігін ұсынатын болады. Соның ішінде, платформа бар деректерді талдау арқылы автоматты түрде арнайы марапаттарға ие ең жоғары білікті педагогтерді анықтайтын болады.

Анықталған педагогтер басқа мұғалімдерге шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізуге тартылады деп жоспарлап отырмыз. Педагогтердің ұлттық қоғамдастығы дәл осы платформада Қазақстан Республикасы педагогтерінің ұлттық қоғамдастығы құрылады. Алдағы уақытта жалпы білім саласындағы оң өзгерістер жаңа бағыттағы жұмыс Үздіксіз кәсіби даму ұлттық платформасы арқылы іске асырылады.

Қоғамдастықтың білім сапасын қамтамасыз етуде алар орны ерекше. Ол платформа арқылы тәжірибе алмасуға, білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға, білім беру практикаларын ұсынуға және республикалық деңгейде педагогикалық әдеп-қағидаларын сақтау алаңына айналады деп сенеміз. Педагогтер мен қоғам арасында мемлекеттік деңгейде нәтижелі өзара іс-қимыл құрылады, барлық өңірлердің педагогтері үшін тең мүмкіндіктер жасалып, пән мұғалімдерінің, мамандыққа қайта оралған және қызығушылықпен біріктірілген жас мамандар мен тәжірибелі педагогтердің ортақ кәсіби дамуы қалыптасады.

Біліктілікті арттыру жүйесінің жаңғыртылуы ауқымды жұмысты және уақытты талап етеді. Дегенмен, осы бағыттағы жұмыс өз бастауын тапты. Яғни, біліктілікті арттырушылардың санын жыл сайын жиырма пайызға арттыру. Жыл сайын педагогтердің біліктілігін арттыруға аса көңіл бөлетін өңірлер (Акмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан облыстары, Шымкент және Астана қалалары) тәжірибесі басқа өңірлерге таратылатын болады.

Халықаралық зерттеулер көрсеткіштерінің нәтижесін ескере отырып, Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстары педагогтерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру, курстан кейінгі қолдау жұмыстарын іске асыру қолға алынады. Педагогтің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұны қайта қаралып, жаңа форматта ұсыну.

Педагогті курстан кейінгі қолдаудың жаңа механизмдерін жүзеге асыру. Орталықтандырылған мәліметтер қоры құрылып, әр педагог қызметінің білім беру сапасын арттырудағы ықпалын айқын көру мүмкіндігі ұсынылады. Педагогті аттестаттау автоматтандырылған жүйе – Ұлттық платформа арқылы іске асады. Бұл жүйенің басты қызметі – педагогтің үздіксіз кәсіби даму мәдениетін академиялық адалдық принциптері негізінде қалыптасуын қамтамасыз ету болып табылады.

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», – деген ұлы Абай бабамыз. Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстарыңызға және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толағай табыс тілеймін. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын.

Еламан Қанатұлы АЙБУЛЬДИНОВ,
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру
ұлттық орталығының
Басқарма төрағасы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий