Жолдаудан – Жолдауға дейін: Мемлекет білім мен ғылым салаларын дамытуға басымдық береді 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ кеше «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысына қатысып, депутаттар алдында ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВтың жолдаулары бойынша жүктелген тапсырмалардың іске асырылуы туралы айтып берді.

– Мемлекет басшысының бастамасымен биыл алғаш рет жеңіске жеткен партия Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынды. Біз жаңа саяси маусымның қарсаңында тағы бір дәстүрді бастағалы отырмыз. Алғаш рет фракция отырысында Президенттің жолдаулары мен сайлауалды бағдарламаларының орындалуы жөнінде Үкімет басшысын ақпаратын тыңдайтын боламыз. Сондықтан басым дауысқа ие болған партия ретінде фракция отырысына жоғары атқарушы биліктің басшысы Әлихан Асханұлын арнайы шақырып отырмыз, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан ҚОШАНОВ.

Үкімет жетекшісі сөйлеген сөзінде барлық бағдарламалық құжат халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруды көздейтіндігін еске салды. –  Бұл тапсырмалар қиын кезеңде, үнемі туындап отыратын сыртқы және ішкі сын-қатерлер жағдайында іске асырылды. Дегенмен жалпы қойылған міндеттер жүзеге асырылды, ал ұзақ мерзімді және жүйелі тапсырмалар орындалу барысында, — деді баяндамашы. Әлеуметтік салада жүйелі шаралар қабылданып, осы саланың жаңа кодексі бекітілгені белгілі. Биылғы қыркүйек айының бірінен бастап жалпы білім беретін мектептердің 1-4 сыныптағы балалары тегін тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 97 мың баланың балабақшаларда тегін тамақтандыру мәселесі шешілді. Осылайша, мемлекет осы санаттағы балалардың мектепке дейінгі білім беру шығыстарын өз мойнына алды, деді баяндамашы. Премьер-Министр ұсынған ресми мәліметтерге жүгенсек 1,2 миллион азаматтық қызметкердің жалақысын екі есеге арттыру міндеті қойылған. Осыған байланысты жыл сайын мұғалімдердің жалақысы жиырма бес пайызға артып, орта білім беруді қаржыландыру тек соңғы бес жылдың өзінде 2 еседен астам немесе екі триллионнан 4,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған.

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды, осы мақсатта еліміздің аумақтарында заманауи үлгідегі 369 білім ордасы салынады. Бұдан басқа білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды. Осы қорда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар шеңберінде мемлекетке қайтарылған қаражат жинақталады. Бүгінде бұл қорға 120 миллиард теңге түсті. Оның тоқсан жеті миллиард теңгесі 62 мектеп салуға жұмсалды. Жыл сайын отандық университеттерде білім беру гранттарының саны көбейіп келеді. Биыл бөлінген 88 мың гранттың жетпіс үш мыңы биылғы мектеп түлектеріне берілді. Жаңа оқу жылынан бастап 380 мыңнан астам студенттің стипендиясы өседі. Тек соңғы үш жылда бір студентке жұмсалатын шығыстар орта есеппен 420 мыңнан бір миллион теңгеге дейін өсті, — деді Әлихан Смайылов.

Студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету де – маңызды мәселе. Соңғы үш жылдан бері жыл сайын жатақханаларда 10 мың орын пайдалануға беріле бастады. Жатақханалар құрылысын мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде қазірдің өзінде 99 жатақхананың игілігін студент жастар тиімді пайдалануда. Жыл соңына дейін тағы отыз екі ғимараттың ашылатындығы жоспарда бар. Бұл ретте қыркүйек айының 1-інен бастап халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарынан шыққан, басқа қаладан келген студенттерге жатақханада тұру шығындары өтеу бойынша нақты шешім қабылданды. Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақысы жиырма пайызға артатын болады.

Үкімет басшысы республикада ғылымды басқару моделі қайта ретке келтіріле бастағанына тоқталды. ҚР Президентінің жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес пен Ұлттық ғылым академиясы құрылды. Бұл ретте қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін коммерцияландыруға ерекше назар аударылады. 2023-2025 жылдар аралығында ғылымды қаржыландыру көлемі 643 миллиард теңгені құраса, биылға 149 миллиард теңге бөлінген екен. Бұл көрсеткіш былтырғы қаржы көлемімен салыстырғанда 3,5 есеге көп. 

– Өткен жылы 1 700 жетекші ғалымның жалақысы жетпіс пайызға өсті. Жыл сайын жас ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін 500 грант беріле бастады. Сонымен қатар іргелі зерттеулермен айналысатын он бір ғылыми-зерттеу институты тікелей мемлекеттік қаржыландыруға ауыстырылды, — деді Премьер-Министр. Үкімет басшысының айтуынша, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері – ерекше бақылауда. Атап айтқанда, неврологиялық аурулары бар балаларды оңалтуды қамтамасыз ету мәселесі шешілді.

Бүгінгі таңда 55 медициналық ұйым осындай қызмет түрлерін көрсетеді. Оның жиырма жетісі соңғы екі жылда ашылған. Саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін резидентурада мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырыс жетпіс пайызға ұлғайып, биылғы грант саны бір мыңға көбейгенін білдік. Оған қоса мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін пайдаланудың негізінде жоспарланған сегіз облыстық көпсалалы және университеттік клиниканың екеуінің құрылысы басталған.

– BIgpharma топтағы үздік елу шоғырдың құрамына кіретін ірі әлемдік фармацевтикалық индустриямен ынтымақтастықты нығайту отандық ғылым мен өндірісті дамытуға қуатты серпін бере бастады. «Pfizer» және «Roshe» компанияларымен отандық препараттарды әзірлеу бойынша нақты уағдаластықтар мақұлданды. Мемлекеттік қолдау шеңберінде қазіргі уақытта 36 отандық тауар өндірушімен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу бойынша тоқсан сегіз ұзақ мерзімді келісім шарт бар. Биыл сатып алынған 1,6 мың дәрілік заттың тоғыз жүз қырық жеті түрі немесе 61 пайызы қазақстандық компаниялардың үлесінде, – деді Әлихан Асханұлы.

Ұлттық қордың жинақтау мүмкіндігін күшейту мақсатында трансферттерді алып қоюды және бюджет шығыстарының ұлғаюын шектеу бағытында жаңа қағидалар қабылданғаны белгілі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес келесі жылғы қаңтар айының 1-інен бастап «Ұлттық қор – балаларға» бастамасының енгізілуіне байланысты бұл қадамның мәні ерекше. Себебі бұл жоба жинақталған қаржыны 18 жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалана алатын еліміздегі 6,7 миллион баланы қамтитындығымен де әлеуметтің әлеуетін одан әрі арттыруды көздейді.

– Үкіметтің қазіргі уақытта барынша жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Ең бастысы, Президент жүктеген міндеттер орындалып жатыр. Азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша оң қарқын байқалуда. Фракция депутаттары Үкіметпен бірге Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жолында осы қарқынды сақтап қалуы қажет, – деп қорытындылады алғашқы басқосудың соңын Мәжіліс төрағасы, «AMANAT» партиясының жетекшісі Ерлан Жақанұлы.

Арнайы бетті ресми ақпараттардың
негізінде дайындаған Нұрлан САБЫРБАЙТЕГ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий