Алматыкітап баспасы: Электрондық оқулықтар әлемі

Ұлтымыздың ағартушысы әрі ардақты ұстазы А. Байтұрсынұлы «Білімнің бас құралы – кітап» деп,  жақсы білім – жақсы оқулық арқылы ғана берілетінін нақты айтқан болатын. Жиырма бірінші ғасырда цифрлық технологиялар үздіксіз жаңарып, тоқтаусыз дамуда. Жаңа технологиялар білім беру саласында кеңінен қолданылып, оқу әдебиетінің сапасын көтеру мақсатында қолданыс таба бастады.

Заман талабына сай, елімізде осы бағытта көптеген жұмыс атқарылып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы білім сапасын көтеру үшін қолайлы жағдай жасау, пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу, қажетті оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру, цифрлық оқулыққа кезең-кезеңімен өту бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді.  

Сондай ауқымды іс-шараның бірі Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен білім саласы қызметкерлеріне арналған тамыз кеңесі аясында Шымкент қаласында «Білім беруді цифрландыру» тақырыбында өтті. Ұстаздарға арналған тәжірибе алмасу алаңында білім саласын цифрландыру ісімен белсенді шұғылданып жүрген ең үздік компаниялар, соның ішінде «Алматыкітап баспасы» да қатысып, цифрлық білім беру платформалары, олардың қызметтері мен жаңа мүмкіндіктері, оқытудың инновациялық тәсілдерін ұтымды енгізу және т.б. мәселелер бойынша жаңалықтарымен бөлісті. 

«Алматыкітап баспасы» мектеп оқулықтарын әзірлеуде аталған мемлекеттік бағдарламаларда анықталған міндеттердің табысты іске асырылуы үшін түрлі ізденістер жасап, заманауи мектеп оқулықтарын, соның ішінде электрондық оқулықтар әзірлеудің өзіндік тәжірибесін қалыптастырып келеді. Электрондық оқулықтар – оқулықтың мазмұнын одан әрі толықтыратын, білім беру үдерісін интерактивті ететін мультимедиалық өнім. Күнделікті сабақта электрондық оқулықтар мен веб-платформаларды қолдану оқыту үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды.

Қазіргі оқушы – сандық құрылғыларды еркін қолданушылар. Сондықтан білім берудің жаңа моделі оқыту үдерісін түрлендіруді қажет етуде. Электрондық оқулықтар платформасын тиімді пайдалана білу, білім сапасын көтеруге мол ықпал етеді. Әрбір электрондық оқулық – оқу бағдарламасы мен  пәннің мазмұнына сәйкес құрастырылған, түрлі интербелсенді тапсырмалар, аудио-бейне материалдар, анимациялар, виртуалды зертханалар, шағын мультфильм, зияткерлік ойындар және ертегілермен толықтырылған.

Бұл өнімді нәтижелі пайдалану әрбір сабақ мазмұнын қызықты әрі сапалы ету міндетін атқарады.  Платформадағы электрондық оқулықтар арқылы мұғалім бүкіл сыныпқа, шағын топқа немесе жекелеген оқушыларға тапсырмалар тағайындап, орындалу деңгейін қадағалай алады. Яғни тапсырма тағайындау мен оның нәтижесін бағалау қызметі мұғалімнің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Оқушы тапсырманы орындап, нәтижесін анықтау үшін бағалау, қайта орындап көру қызметін пайдалана алады.

Демек, оқу нәтижесін бағалау арқылы оқушының білім алуға, қабілетін дамытуға сенімі артады. Электрондық оқулықтардың тиімділігін анықтау мақсатында баспамыз «Leader topiq» республикалық конкурсын ұйымдастырып келеді. Аталған конкурсқа ұстаздар, оқушылар, педагогикалық мамандық студенттері, кітапханашылар және ЖОО мен педагогикалық колледждің оқытушылары қатысып, өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісуде. Нәтижесінде электрондық оқулықтар платформасын қолданудың маңызын түсініп, білім берудің тиімді құралы ретінде оң бағасын беруде.

Электрондық оқулықтар платформасы оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар мен мектепке көптеген жаңа мүмкіндік береді. Ол мүмкіндік:  оқушы үшін – оқуға ыңғайлы уақыт пен кеңістік; өзіндік оқу қарқыны; барлық құрылғыға 1 веб-интерфейс; ақпаратты қабылдаудың түрлі арналарын пайдалану; электрондық оқулық –  жеңіл портфель. Мұғалім үшін: – оқу процесін шынайы уақытта қадағалау; сабақтың барлық кезеңінде қолдану мүмкіндігі; электрондық журналмен жұмыс; мұғалім қызметіндегі кеңейтілген әдістер; шынайы бағалау мен тиімді кері байланыс орнату; білім берудің жеке траекториясын құру.

Ата-ана үшін: оқыту мен оқу үдерісінің ашықтығы; ата-аналар білім беру үдерісіне белсенді қатысушы; балалардың үй тапсырмасын орындауға  сенімі мен ынтасының артуы: балаға дер кезінде қолдау көрсету. Мектеп үшін: барлығына қолжетімді цифрлық білім беру ортасы; бір терезе қағидаты іске асырылады (Күнделік жүйесімен кіріктірілген) және сапалы контент. 

«Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыратын құрал» деген педагогикалық тұжырымның қазіргі білім беру ісінде де өзекті екеніне куә болып отырмыз. Олай болса, «Алматыкітап» баспасы әзірлеген TOPIQ.KZ электрондық оқулықтар платформасы – оқыту, оқу және бағалау үдерісін кешенді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи білім баспалдағы.

Әсима РЫСҚҰЛБЕКОВА,
«Алматыкітап баспасының» цифрлық
контент департаментінің басшысы,
педагогика ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий