Батыс Қазақстан облысы: Алаш қайраткерінің есімін де, ескерткішін де құрметтейтін білім ордасы

Тәуелсіз қазақ мемлекетінің іргетасын қалауға үлкен үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің еңбегі – ұлт қазынасы үшін ұмытылмас мұра. Қанша жыл мен ғасыр ауысқан сайын олардың есімдері қайта жаңғырып, көше мен оқу орындарына беріле бастады. Сондай бір ұлы тұлғамыздың атын асқақтатып отырған арнаулы білім ордасының бірі – Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі.

Еңселі ғимараттың дәл алдында Алашорда үкіметінің белсенді мүшесі атанып, жұртымыздың дербес саяси және экономикалық бағытта өркениетті дамуы жолында азаттықты аңсаған көрнекті қоғам қайраткерінің батыл бастамаларын жүзеге асыру үшін қылышынан қаны тамған ке- ңестік жүйенің әділетсіз шешімдеріне қарсы тұрған ұлтжанды азаматтың тасқа қашалған тау тұлғасы орналасқан екен. Міне, дәл сол еңселі ескерткіштің жанында тұрып, колледждің директоры Алтынгүл ҚАЙЫРЛИЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.

Алтынгүл Жақсығұлқызы, әңгімемізді әріден қозғасақ. Оқу ордасына ел тарихындағы ең ауыр да ауқымды қозғалыстың белді өкілі болған тұлғаның құрметіне арнайы мүсін орнату кімнің идеясы болды? – Колледжіміз Алаштың ардақты ұлы, Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы болған, заңгер Жаһанша (Жанша) Досмұхамедовтың атында болғандықтан, осы колледжде өткен мен бүгін арасын жалғауды көздейтін «Ұрпақтар сабақтастығы» деген клуб жұмыс істеген еді. Ол клубты құрған – бірнеше жыл осында басшылық қызмет атқарған Шалқыма Хайроллақызы.

Оның құрамында үлкен ардагер ағаларымыз, апаларымыз, оқу ордамызда біраз жыл еңбек еткен педагогикалық еңбек ардагерлері болды. Төрағасы болып белгілі өлкетанушы, тарихшы Жайсаң Ақбай тағайындалып еді. Міне, сол кісілердің қалалық әкімшілікке айтқан ұсынысының нәтижесінде 2004 жылы колледжіміздің алдына Жаһанша Досмұхамедовке арнап ескерткіш орнатылды.

Тамаша. Ендеше ескерткіштен бөлек, Жаһаншадай Алаш қайраткерінің атын иеленген оқу ордасының түп тарихы да тереңде жатқан шығар… – Иә, дұрыс айтасыз. Біздің колледжге биыл 110 жыл толып отыр. 1913 жылы құрылған колледж алғашында мұғалімдер семинариясы ретінде танылса, кейін ол педагогикалық техникумға ауысты. Одан соң педагогикалық училище статусын алды. Ал 1994 жылы колледж дәрежесін иеленді. 2018 жылдан бастап біздің колледжіміз жоғары педагогикалық колледж деп атала бастады.

Айта кететін жайт, оқу орнына Жаһанша Досмұхамедовтың есімін беру үшін де үлкен жұмыстар жасалды. Тың идеялар айтылды. 1997 жылы Орал әскери реалды училищесінде оқыған Алаш қайраткерлеріне арнап ескерткіш тақта қойылды. Алаштың тарихын зерттеп, Жаһанша туралы тың деректерді жарыққа шығарған Сүлейменова Дәметкен Досмұханқызының рөлі зор. Нәтижесінде 1998 жылы колледжге ресми түрде Алаш қайраткерінің атауы берілді. Бұл училищеде ертеректе 300-дей бала оқыған. Сол студенттердің 18-і ғана қазақ ұлтының перзенттері екен.

Олардың арасындағы үздік шәкірттердің қатарында Жаһанша Досмұхамедов те болыпты. Ол кездегі оқу орны Орал әскери реалдық училищесі деп аталған. Сол жерде Жаһаншамен бірге Халел Досмұхамедов бірге қатар оқыған екен. Одан кейін Нұрғали Ипмағамбетов, Сабыр Сарығожин, Уәлитхан Танашев, Дәулетше Күсепқалиев сияқты бір ғана емес, бірнеше ғылымның саласын игерген мықты азаматтарымыз, ел қаймақтары арнайы білім алған. Сол тарихи тұлғаларымыз кейін ел игілігі үшін үлкен қызмет еткені баршамызға мәлім.

Жаһанша Досмұхамедов осы колледжді үздік бітіргеннен кейін Мәскеудегі заң факультетіне оқуға түседі. Оның осы колледжден алған аттестаты қазіргі кезде біздің мұражайдың төріндегі қастерлі орында тұр.

Ұлы қайраткеріміздің бұл білім ордасы үшін есімі де, ескерткіші де маңызды екені сөзсіз. Барлық маңызды мереке осы алаңда ұйымдастырылатын шығар? – Иә, бұл жерде көптеген білім мен тәрбие бағытындағы түрлі мәдени іс-шаралар жиі өткізіледі. Колледжімізде 1600-ге жуық студент бар. Білім күніне байланысты студент жастарды жаңа оқу жылының басталғанымен құттықтап болған соң біз барлық топтағы білімгерлерге Жаһанша Досмұхамедовке арналған тарихи-танымдық сабақ көрсетеміз.

Сондай-ақ, мемлекетіміздің тәуелсіздігін жақындатуға жарты ғасырлық ғұмырында (1887 жылы, Орал облысы, Орал уезі, Жымпиты болысы, №1 ауыл – 1937 жылы, Мәскеу облысы) сүбелі үлес қосып, артына терең әрі жіті зерттеуді қажет ететін мол мұра қалдырған тарихи тұлғаның өнегелі өмірі мен ел үшін еткен ерлікпен еншілес ерен еңбегін, қажырлы қоғамдық қызметін тек жас буын өкілдеріне ғана емес, ата-аналар жиналыстарында арнайы зерттеу ретінде ұсынып, кеңінен насихаттаймыз.

Солайша оларға өздерінің түрлі мамандықты таңдаған ұл-қыздары қай колледжде, кімнің атындағы арнаулы оқу орнында заманауи талаптарға сай білім алып жатқанын барынша жете таныстыру мақсатындағы жүйелі жұмыстарды жаңашылдықпен жүргізіп отырамыз.

«Жаһанша жолымен» тақырыбында жыл сайын тарихи әрі танымдық экспедициясы ұйымдастырылатындығын естіген едім. Ендігі сөздің арнасын осы бағытқа бұрсақ? – Иә, дұрыс айтасыз, соңғы кезде осы өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу үшін осы бастаманы қолға алып, игі үрдісті дәстүрлі түрде жалғастырып келеміз. Былтырғы сапарымыз қазан айының ортасында алаш астанасы атанған тарихи мекен Семей өңірінде жалғасын тапты. Бұған дейін студент жастарымыз Орынбор, Жымпиты, Ақтөбе қалаларындағы тарихи орындарға арнайы барып, тағылымдарымен танысып қайтқан еді.

Абай облысының орталығындағы Алаш зиялыларының білім ордасы болған Мұхтар Әуезов атындағы жоғары педагогикалық колледжі ұйымдастырған «Әуезов әлемі» атты республикалық фестиваліне колледж экспедициясы бойынша төрт білімгерге жолдама берілді. Биылғы экспедициялық құрам мамырдың екінші онкүндігінде Ақмола облысының аумағындағы «Алжир» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалдық-мұражай кешеніне барып, «Алашорданың Батыс бөлімі қайраткерлерінің ұлттық идеология жолындағы күресі» тақырыбында арнайы ұйымдастырылған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, ғылыми тұрғыдан зерттелген құнды деректерді ғылыми сарапшылардың назарына ұсынылған арнайы баяндама арқылы қорғап шықты.

Алқалы жүздесудің ашылу салтанаты кезінде Жаһанша Досмұхамедовтың Мәскеудегі Бутово зиратынан әкелінген бір уыс топырақты Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев келмеске кеткен кеңестік кезеңдегі тоталитаризм дәуірінің саяси қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне арналған «Алжир» музейінің жетекшісі Самат Ильясұлына яғни мұражай қорына табыстады. Мемлекеттік маңызы зор тарихи тақырыптар қозғалған конференция барысында Д.Сүлейменова, Т.Жұртбай, Ө.Озғынбай, А.Байбулсинова сынды белгілі алаштанушы тарихшылар тарапынан Батыс Алашорда өлкесіне байланысты бұрын ерекше белгімен құпия саналған тың мәліметтер жарияланып, көптеген ақтаңдақтардың беті ашылды.

«Алжир» мемориалды кешеніндегі (Отанын сатқандар әйелдерінің лагері) түпнұсқа мұрағаттар 1937-1939 жылдар аралығында түрлі негізсіз айыптаулармен қуғын-сүргінге ұшыраған кінәсіз әйелдер мен бейкүнә балалардың бастан кешкен азапты күндерінен қайғылы мұң шертеді. Елордасына жақын маңайда орналасқан осы мұңлы мұражайдағы қапалы көріністер жазықсыз жандарды азаптаулардың қаншалықты қатыгездікпен жүзеге асырылғанын көз алдыңа қапысыз келтіретіндіктен де аралаған әрбір адамның тұла бойын сұмдық үрей билеп, денеңді суық ызғар тітіркендіргендей жүрегіңді тіліп түсетіндігі даусыз.

Ұлт бостандық пен ел еркіндігі үшін басын бәйгеге тіккен сол тұғырлы тұлғалардың аманатқа қалдырған ұлан-ғайыр жердің тұтастығын көздің қарашығындай қорғап, еңселі жұртымыздың тәуелсіздігін тұғырландыра түсу бүгінгі таңда біздің барша отандастарымыздың перзенттік парызы әрі биік борышымыз.

Ашық әңгімеңізге көп рақмет. Жаңа оқу жылы құтты болсын! Сіздің білікті басшылығыңызбен ұйымшыл ұстаздар ұжымының қолға алған бірегей бастамалары мен жаңа жобаларға сәттілік тілейміз!

Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,
Нұрлан МЕРАЛЫ,
Астана – Орал – Астана

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий