Білім мен тәрбие мәселесіне бір министрлік емес, бүкіл ел болып атсалысу керек

1 қыркүйек – Білім күні мерекесі қарсаңында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Асқарбекқызы мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Психология, тәрбе және тұлғаны дамыту» орталығы директоры Анар Шымболатқызы «Білімді ел» студиясында қонақта болды. Педагогика саласында сан жылдан бері қызмет етіп келе жатқан білікті мамандар елдегі білім мен тәрбие мәселесіне қатысты пайымды ой, терең толғаныстарымен бөліскен еді. Сол сұхбатты алдарыңызға ұсынып отырмыз.

–Құрметті қонақтар, газетіміздің атынан келіп жатқан мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Жаңа оқу жылы жағымды жаңалықтарға толы болсын дейміз. «Биыл 382 мың оқушы 1 сыныпқа барады екен» деп қуанып жатырмыз. Осы тұста білім саласында болып жатқан өзгерістер туралы айта отырсаңыздар.

–Биылғы ең ерекше өзгешелік ­ – ­ҚР Оқу­­ ағарту министрлігі жанынан жаңадан Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің ашылуы. Осыған дейін ол басқарма ретінде болған. Білім мен тәрбие егіз ұғым ғой негізі. Сондықтан да тәрбиені барынша қолға алып, келешек ұрпаққа саналы тәлім беру мақсатында Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмасымен министрлік жанынан осындай департамент ашылды. Бұл департаментке басшы боп келгеніме небәрі бір жарым айдың жүзі болды.

Жаңа қызметіңіз құтты болсын, Меруерт ханым. Бұл Сіздің білім саласында жеткен бір белесіңіз ғана шығар.

–  Рақмет. Иә, жалпы осыған дейін де педагогика саласында қырық жылға жуық еңбек өтіліміз бар. Мектептен бастап колледжге дейін әр түрлі әдістемелік бағыттарда, жеке жоғары оқу орындарында, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында жұмыс істедім. Осындай жерлерден мол тәжірибе жинағандықтан артылған жүк пен берілген көшбасшылық рөлдің бәрі – мен үшін үлкен мүмкіндік. Кеше ғана халыққа адал, білікті, білімді маман ретінде барымызды салып жұмыс істейтінімізді айтып, мемлекеттік қызметші статусында ант бердік. Бұл бізге терең жауапкершілікті сезіндірді. Қазір Оқу-ағарту министрлігі үлкен мерекелік көңіл күйді кешіп жүр. 1 қыркүйек – бүкіл ел үшін Білім күні. Біздің біраз бүлдіршініміз мектеп табалдырығын аттаса, білім саласындағы әріптестерімізге тағы да бір жаңа оқу жылының тұсауы кесілгелі тұр. Сондықтан да сұрағыңызға сөйкес, департаменттегі жаңалықтар туралы айтып өткенім жөн болар. Ең маңыздысы, ұлттық құндылыққа негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыруды мақсат етіп отырмыз. Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан сөзін ескеретін болсақ, «Тәрбиеге айрықша мән беріп, ұлттық мүддені алға қою арқылы жастардың бойында елжандылық, ар-намыс пен адалдық, әділдік туралы қасиеттерін қалыптастыруымыз керек».

– Бұл бағдарлама тек мектеп шеңберін қамти ма?

– Жоқ, негізі ол жалпы барлық білім беру ұйымына арналған. Яғни, балалардың жас ерекшелігіне қарай, балабақша, мектеп, колледж деп алып отырмыз. Жалпы балаға үш жастан бастап ата-ана мен педагог тарапынан қандай тәрбие беріп, оған қалай ықпал ету керек деген мәселелердің барлығын жасап, күні кеше сол жоспардың жобасын мекемелерге жолдадық. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының маңыздылығы мынада: біріншіден, жас ерекшелігіне сай білім беру ұйымдарының барлығын қамтуы. Екіншіден, жалпы адамзаттық құндылыққа негіздей отырып, саналы ұлт қалыптастыру. Үшіншіден, бала тәрбиесіне қатысты міндетті жауапкершілікті тек білім саласы, Оқу-ағарту министрлігі емес, барлық қоғам боп қолға алу мәселесі көтеру. Яғни, білім мен тәлім мәселесін тек бір ғана мектеп, жалғыз сынып жетекшісі мен тәрбие орынбасарларына жүктеп қоймау керек. Қазір осы мақсатта бүкіл мемлекеттік құзырлы органмен, яғни, 8 министрлікпен ортақ жол картасын жасадық. Мысалы, Денсаулық сақтау, Қорғаныс, Төтенше жағдай, Ішкі істер т.б. министрліктер өздерінің тарапынан тақырыптар ұсынды. Сол тақырыптарды мектептің, колледждің бағдарламасына енгізе отырып, ортаға жоспар түздік. Тағы бір үлкен жаңалығымыз жақында ғана министрліктің жанынан ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылды. Бұл орталық білім беру ұйымдарына баратын әрбір өкілдің педагогикалық, психологиялық біліктілігін арттырып, оларға арнайы сертификат береді.

Келесі сауал, Анар ханым, өзіңізге жолданбақ. Сіз қызмет ететін орталық білім беру жүйесіндегі психологияға көбірек маңыз беретінін білеміз. Нақтырақ айтып өтсеңіз, мұнда қай сала мамандарына көбірек басымдық беріледі? Мұғалімдер мен педагогтерге ме әлде тәрбиешілер мен психологтарға ма?

–Жалпы «Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту» орталығы білім беру ұйымдарындағы психологиялық бағытта, одан кейін тәрбие жұмысына әдістемелік қолдау көрсету бойынша қызмет атқарады. Яғни, орталығымыз «Мектеп-колледждерде қандай жұмыстар жүру керек?», «Оның бағыт-бағдары қандай болу керек?» деген сияқты сұрақтарға жауап беріп, осы мәселелерге әдістемелік ұсынымдар әзірлейді.

– Білім беру орындарында бұл әдістемелік ұсынымдармен жұмыс істеу міндетті ме? Әлде педагогтер мен психологтардың өз қалаулары бойынша қолданыла ма?

Бәрі ерікті түрде.Ұсынымдар кімді қызықтырады, сол қолдана алады. Негізінен бұл білім беру ұйымдарындағы педагогтер мен психологтарға бағытталған. Осы салада білім алып жатқан студенттерге де алып, пайдалануға болады. Әдістемелік ұсыным деп аты айтып тұрғандай, ұсыныстық сипатқа ие. Әрбір педагог өзінің қызметінде белгілі бір тақырып бойынша ізденеді. Мысалы, ата-ана, баламен қарым-қатынасты әрі қарай жетілдіре түсуді мақсат етуі мүмкін. Ұсынымдар сол ізденіс жолында әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсету үшін беріледі. Онда көрсетілген дүниелердің барлығын бұлжытпай орындау міндетті емес. Себебі әрбір білім алушының жеке қажеттілігі бар, танымдық қызығушылығы бар әрі әр өңірдің ерекшелігі бар. Осы дүниелердің барлығы ескерілген. Әрбір жыл бойынша әзірленген әдістемелердің барлығы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сайтында тұр. Жаңа әдістемелік ұсыным арналған тақырыпқа сәйкес теориялық және халықаралық тәжірибелер жүйеленген. Сонымен қатар оны қалай жүзеге асыруға болатыны туралы нақты ұсынымдар мен алгоритмдер сипатталады.

–Меруерт ханым, сіз жаңа ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары айып өттіңіз. Демек, ол өзі атап тұрғандай, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты күшейту мақсатында жүзеге асатынына анық. Жалпы, енді бұл процесс қалай болады? Бұрын, мысалы, мектептерде тәрбие сағаттары мен ата-аналар жиналысы болатын. Бұл соған ұқсас па, әлде бұл басқаша жүйе ме?

–Иә, сұрағыңыз өте орынды. Осыған дейін де негізі мектепте үштік одақ деген болған. Ата-ана, мектеп, оқушы арасындағы байланысты күшейту мақсатында түрлі шаралар жоспары қолға алынған. Дегенмен де мына дүниені есте ұстаған абзал. «Тәрбие тал бесіктен» дейтін сөз бар. Негізінде  тәрбиені бермейді, керісінше көрсетеді екен. Ал тәрбиені көрсететін кім? Егер ата-ананың өзі көргенді болса, оның өсіріп отырған ұрпағы да тәрбиелі болады. «Ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жонар» деген тәмсілді де білеміз. Жаһандану заманында әлеуметтік желілер өмір салтымызбен біте қайнасып барады. Балалардың барлығы телефонда отырады. Оларға еркін ақпараттың барлығы ешқандай да шектеусіз беріледі.Соның әсерінен тәрбиеде қиындықтар туындап, жастардың психологиясы өзгерістерге ұшырап жатыр. Әрине, оған жастарды кінәлауға болмайды. Бұл жерде кінәлі – біз, үлкендер. Үлкендер деген кім? Ең бірінші әкесі мен анасы, қоршаған ортасы, сосын ұстазы. Сондықтан да біз тәрбиені ата-анадан бастап, олардың санасы мен құқықтық мәдениетін, білік дағдысын қалыптастыру үшін осындай бір мектеп қажет деген ұйғарымға келдік.

Бұрындары сынып сағаттарына шақырған кезде ата-аналардың бәрі келмейтін. «Уақытым жоқ» дейді, «жұмыстан босамаймыз» дейді. Ал енді қазір сол ата-ана жауапкершілікті сезіну керек. Олар көз алдарында өсіп жатқан ұл-қыздарының ертенгі күні жемісін өздеріне жегізетінін түсіну керек. Яғни балаларын өзін де, өзгені де құрметтеп, кішіге ізеп көрсететін, ешкімнің ала жібін аттамайтын етіп тәрбиелеуі тиіс. Абайша айтқанда, өсек, өтірік, мақтаншақтықтан қашық, талап, еңбек, терең ойға асық ұрпақ өсіру парыз боп тұр. Осындай дүниелердің барлығын бойына сіңірген хәкімнің «толық адам»  ілімі – осы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізгі идеясы. Қазіргі біздің басты кемшілігіміз ата-ана да, бала да материалдық құндылықты жоғары қойып отыр. Яғни біреудің сыртқы киіміне, көлігіне, үйіне не болмаса қолындағы телефонына қарап баға беру. Бұл – біздің рухымызды өлтіріп жатқан қасіретті дүние. Кезінде ата-бабаларымыздың басынан не өтпеді?! Жаугершілік заманнан ашаршылыққа дейін. Сонда да олардың рухы мықты еді.Ал рухы өлмеген халықты ешқашан, ешкім де бағындыра алмайды. Сондықтан да біз сол рухты жоғалтып алмауымыз керек. Әр ұлттың өзіндік бір ерекшелігі, ерлігі, ұлттық коды болады. Біздің қазақи ерекшеліктің бірі – шешендік өнер. Ол біздің ата-бабамыздан қалған, мылтықсыз, қарусыз-ақ жесірін жылатып, жетімін қаңғыртпаған тамаша көшбасшылық. Айтатын болсақ, үш биіміздің өзі неге тұрады?! Бір ауыз аталы сөздің қасиетін ұғынатын ұлтымыздың деңгейін қазір қайтадан қалпына келтіруіміз керек. Жастар қызығатын пікірталас, дебат дегендеріміз біздің шешендік өнердің дәл өзі ғой. Біздегі Тәрбие және қосымша білім беру департаменті құрылған кездегі басты мақсат та осындай әдемі дүниелерді қайта жаңғырта отырып, ұрпаққа саналы түрде жеткізу болатын.

–Ойға алған жобаларыңыз жүзеге аса берсін дейміз. Жалпы тәрбиенің түп негізінде психология жатады. Анар ханым, сіз басшылық ететін орталық осы салаға қатысты қызметкерлердің біліктілігін арттырумен айналысады екен. Сонда мамандарға академия атынан арнайы курстар өткізіле ме?

– Иә, тәрбие психологиямен тығыз байланысты. Ол белгілі бір кезеңде тоқтап қалмай, тал бесіктен жер бесікке дейін жалғасады. Жалпы қазақтың ұлттық тәрбиесінде аксиома секілді түсіндіруді қажет етпейтін бір үлкен феномен бар. Бірақ біз соны ұстанамыз. Ол – «обал болады», «жаман болады», «ұят болады». Кейде бірақ тәрбие дегенді «балам айтқанымнан шықпай, бұйрығымды бұлжытпай орындауы керек» деп түсініп жатамыз. Бірақ ол – қате. Себебі заман өзгеріп, қарыштап дамыған технология бізден гөрі ілгері жүріп кетіп жатыр. Ал біз уақыт ағымынан қалыспай, ұлттық қайнардағы құнды қасиеттерді қайтара отырып, баланың бойындағы жеке шешім қабылдау, сыни ойлау, командамен жұмыс істей алу сияқты қабілеттерін де қалыптастыруымыз керек. Балаға әрбір сөзіне берік, ісіне адал болуға біз баулимыз. Бізде осы бағыттағы жұмыстар қарастырылады. Келесі кезекте жалпы қоғамда айтылып жүрген отбасы құндылықтарымен сабақтасады. Отбасының татулық берекесін бағалайтын, перзенттік парызын түсінетін бала Отан алдындағы борышын да сезіне алады. Осы дүниелерге мән бере отырып, біз негізгі үш құндылықты шығардық. Біріншісі – ұлттық мүдде. Себебі біз болашақ ұлт болып ұйысып, тәуелсіздігімізді әрі қарай нығайтуға атсалысатын азаматтарды жаттанды жауыр сөздермен емес, елдік мүдденің рухын ұқтыратын қасиетті құндылықтармен сусындатуымыз керек.

Екінші құндылық – ар-ұят. Абай ұяттың өзін екіге бөліп қарайды ғой. Біреуі кісілік келбетті сақтауға көмектесіп тұратын қасиеттер болса, екіншісі адамды шектеп тұратын деп. Біз ол шектеу жағын емес, кісілік келбетті, ар-ұятты сақтап тұратын жағын қарастырдық. Оның ішіне адамгершілік, адалдық, әділдік пен бірлік, татулық барлығы кіріп кетеді. Сонымен қатар үшінші, талап құндылығын қойып отырмыз. Шәкәрім Құдайбердіұлы айтады ғой «Талапқа алты түрлі ноқта тақтық» деп. Бұл жерде біз балаға талап қоюды меңзеп отырған жоқпыз. Қайта оның білім алып, тұлға ретінде қалыптасуға, қоғамда өзінің орнын дұрыс тауып, кірпіш болып қалануға талаптануын айттық. Яғни біз баланың бойына жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіре отырып, қазір айтылып жүрген hard skills, soft skills сияқты ХХІ ғасыр дағдыларын дарытуды қалаймыз.

Қазір айтылып жүрген көп сындардың бірі: «Сынып сағаттары формалды ғана, мерекелік іс-шара түрінде өтеді» деген сарында. Иә, олардың барлығы қажет. Сонымен қатар, балалар өзін осы ортаның бір мүшесі ретінде сезіну үшін түрлі әлеуметтік тәжірибелер жасап жатырмыз. Мысалы, олардың қатарында «Еңбегі адал жас өрен», «Жеткіншектің 7 жарғысы», «Ұрпаққа аманат» сияқты бағдарлама аясында іске асырылатын жобалар бар.

–Демек, мұның барлығы мектептегі білім беру процесінен бөлек, тәрбие үшін де үлкен маңыз берілетінін білдіреді ғой. Негізі көбіне басты назар балалардың оқу көрсеткішіне қойылып кетіп жататын еді.

–Жалпы білім деген ұғымның өзі оқыту, тәрбие және дамыту тәрізді үш негізден құралады. Ұлы ұстаз Әл-Фарабидің өзі «Тәриесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп айтып кеткен ғой. Яғни осы жұмыстардың барлығы оқыту мен тәрбиені біртұтастандыру мақсатында жасалып жатыр. Тағы бір білім берудегі ерекшелікті айта кетсем деп отырмын. Қазір тәрбие мәселесі бұрынғыдай тек сынып жетекшісінің мойнына жүктеліп қоймайды. Ол туралы әдістемелік ұсынымда да жазылған.

Мысалы, химия болсын, физика болсын барлық пәннің барысында тәрбиені қарастырады. Оны қалай қарастырады? Мысалы Қаныш Сәтпаевтың туған күні болатын болса, сол күні сабақтарда оның қандай ғалым болғаны, қандай химиялық элеметтерді тапқаны немесе қазақ ғылымына қандай үлес қосқаны туралы 1-2 минуттық тәрбиелік-тағылымдық түсіндірме жасайды. Енді оны әр мұғалім өзінің шеберлігіне байланысты ары қарай дамытып, сол жоспарды мектептің ішкі ережесімен бекітіп алады. Мысалы, 10 сәуір – Ғылым күні деп алатын болсақ, сол күні әр пән осы тақырыпта барлық сыныптарда насихат жұмысын жүргізеді. Сонда бұл жауапкершілік тек бір ғана сынып жетекшісіне жүктелмей, сол күні сабақ өтетін барлық сыныптағы мұғалімге артылады.

–Алтын уақыттарыңызды бөліп келіп, біздің газетіміздің студиясында ой бөліскендеріңізге көп рақмет, Меруерт, Анар ханым. Сіздер сияқты білім мен тәрбиені қатар алып жүріп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу мәселесін көтеріп жүретін педагогтарымыз көп болсын дейміз.

 

Сұхбаттасқан Әсем Бектемірқызы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий