Құндылықтар жүйесі– ұлт сапасының қалыптасуына тұғыр
Әлемдегі геосаяси ықпалдар мен экономикалық қақтығыстар еліміздің экономикалық, әлеуметтік жағдайына, адамдардың мәдениеті мен рухани дүниесіне әсер етіп, құндылықтар жүйесін шарпып өтті. Интернет пен әлеуметтік желілердің ашықтығы және ақпараттың еркін таралуы мен қол жетімділігі, ата-аналардың жұмысы мен отбасы арасындағы баланстың сақталмауы бала тәрбиесінің жаңа парадигмасын әзірлеуді қажет етті.
Осы жылғы 17 маусымдағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан құруда қоғамдық сана мен азаматтардың ниетінің өзгеруі маңызды екендігіне баса назар аударып, бала тәрбиесіне ерекше мән берді. Бұл мәселе ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында да сабақтасып үндесті. Қ.К.Тоқаев: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы» Мұндағы түйінді сөз «сапа», – деді. Ал, сапалы білімнің арқауы – тәрбие екендігі мәлім. Сол үшін де Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеп жатқан Біртұтас тәрбие бағдарламасынының өзектілігі маңызды. Аталған құжат Абайдың «Толық адам» ілімін, «Әділетті Қазақстан», «Еңбек адамы», «Адал адам» идеологияларын қамтитын және адамгершілік, тұлғалық қасиеттерге тұғыр болатын құндылықтарды балалар мен жасөспірімдердің бойына дарытуды көздейді. Себебі ұлттық құндылықтарға сусындап өскен ұрпақ ұлттың келбеті мен сапасын қалыптастырады.
Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт сапасын қалыптастыратын басты факторлардың бірі. Ол туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, өнері, күйлері, жырлары, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйелененетін сезім. Ұлттың болмысын, психологиялық өзіндік ерекшелігін түсінуге мүмкіндік береді. Сол себепті де қазіргі балалар мен жасөспірімдер тәрбиесі ұлттық идеямен сусындап, қазіргі заманауи білімдермен интеграциялануы қажет. Ал мазмұны ұлттық тәрбиенің тамыры болған әл-Фарабидің парасатты адам, Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік», Яссауидің хәл туралы, Абай Құнанбаевтың «Толық адам», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ар-ұждан» ілімдерімен, Ахмет Байтұрсыновтың «Баулу» мектебінің және басқада ұлт зиялылары мен ағартушыларының ұлттық идеяларымен өрілуі аса маңызды болмақ.
Демек, ұлттық мүддеміз бен бабалардан қалған мирасты жадымызда ұстағанымыз абзал. Сондықтан білім беру ұйымдарында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеуге ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ, АР-ҰЯТ, ТАЛАП құндылықтары ұстын болмақ. Себебі ұлттық дәстүр мен құндылықтарымыз қазіргі мәдени үрдістермен және жаңашыл технологиялармен өзара үйлесім тапқан жағдайда үлкен жетістікке жетеріміз анық.
Цифрлық ғасырда өскен оқушылардың жаңа буындары бізден интерактивті және оларды шабыттандыратын білім мен тәрбиені күтеді. Олар заманауи құрылғыларды, әлеуметтік желілерді және онлайн платформаларды белсенді пайдаланады, ал біз білім беру көшбасшылары ретінде олардың форматтарын барынша зерделеп, оны оқыту мен тәрбиелеу процесіне оңтайлы қолдана білуіміз керек.
Сондай-ақ тәрбие құндылықтарын дарытуда әлеуметтік тәжірибелерге, жобаларға оқушыларды тарту маңызды. Өйткені, әлеуметтік тәжірибелер мен жобалар – бұл әлеуметтік мәселелерді шешуге, адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартуға, қоғамды дамытуға және оған оң үлес қосуға бағытталған іс-шаралардан тұрады.
Сол себепті біртұтас тәрбие бағдарламасы шеңберінде «Өр талапты, озық ойлы ұлан», «Еңбегі адал жас өрен», «Ұрпаққа аманат», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Ұлттық мектеп лигасы» жобаларын жүзеге асыру ұсынылады.
Демек, мектеп тәжірибесінде оқушыға өзін белсенді қатысушы екенін сезінуге мүмкіндік беретін әлеуметтік тәжірибелер, жобалар, волонтерлік, краудсорсинг, краудфандинг, флешмобтар мен челлендждер секілді тәрбиенің тартымды формаларын арттырып, ескі форматтардан арылуды қажет етеді.
Қорыта келгенде, адамзаттың арманы әділетті қоғам орнату және өзін сол қоғамды алға дамуына үлес қосатын белсенді мүшесі болу, бақытты ғұмыр кешу. Ғасырлар бойы қоғамды осы арман жетелеп келеді, талай зұлмат жылдарынан аман қалуға тірек болды. Сол себепті заман қалай өзгерсе де ұрпақ тәрбиесінде өзгермейтін ұстанымдар, құндылықтар қалады. Ананы ардақтау, үлкенді құрметтеу, татулық пен бірлік, қамқорлық пен мейірімділік, әділдік пен адалдық қасиеттері, ана тілін сүю, өнеге-салтымызды сақтау, елдігіміз бен тәуелсіздігімізді қастерлеу, ата-бабадан қалған мирасты қадірлеу қуатты қоғамға күш беріп, ұлттың сапасын қалыптастыруға тұғыр болады.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту» орталығының басшысы Анар Тәңірбергенова
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Педагогикалық квалиметрия және халықаралық зерттеулер» орталығының бас сарапшысы Исатай Сағындықов
Загрузка...