Жаңа оқу жылындағы жаңалықтар

Биылғы оқу жылы Шымкент қаласындағы білім саласы үшін айтарлықтай жаңалықтарға толы болмақ. Жаңа мектептердің салынуы мен отыз мыңға жуық бүлдіршіннің оқу табалдырығын аттағаны соның бір дәлелі. Осы тұста жыл көлемінде қаламызда жасалып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталып өтсек.

         «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Балалар еш алаңсыз оқып, тәлім алуы үшін оларға арналған білім мекені де барлық заманауи талаптарға сай болуы керек. Осы орайда Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып, оның аясында қалада 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған еді. Бүгінде оның 12-сінің құрылысы басталды. Ал жалпы қала көлемінде биыл 18 500 орынға  арналған 18 мектеп пайдалануға тапсырылады.

         Оқу-ағартау саласындағы түйінді мәселелердің бірі – бірнеше ауысыммен оқитын мектептердің санын азайту. Бұл тұрғыдан келгенде де бөлісер жаңалығымыз жетерлік. Жаңа оқу жылында 600 орындық жаңа білім ғимараты пайдалануға беріліп, қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесі өз шешімін тапты.

         Жаңа мектептердің көбейгенінен бөлек, білім сапасында да қуана айтар хабарлардың легі толастар емес. Мысалы биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Ал осы жаңа оқу жылында қалада 28 мыңнан астам бала 1-сынып табылдырығын аттап отыр.

260-қа жуық мектепте алғашқы қоңырау соғылды

         1 қыркүйек – оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар үшін ең маңызды да ерекше күн. Өйткені дәл осы күні қалада 28 048 бала 1-сыныпқа қабылданды. Білім күні мерекесіне орай №65 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияда алғашқы қоңырау мерекелік іс-шарасы өткен еді. Салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов арнайы қатысып, құттықтау сөзін сөйледі.

– Баршаңызды «Білім күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз осы мектепке тұңғыш рет қадам басатын 250 бүлдіршінге арналған шараға жиналып отырмыз. Бұл естен кетпейтін ерекше сәт болары белгілі. Сіздермен бөлісер жағымды жаңалығымыз бар. Осы мектепке 600 орындық жаңа ғимарат салынды. 24 оқу кабинеті, 260 орындық асхана, спорт залы, футбол және баскетбол алаңдары, информатика мен ағылшын лингафон кабинеттері, заманауи кітапхана қосымша қолданысқа берілді. Енді бұл мектепте 1000 оқушы білім алады. Еске сала кетсем, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен өткен спорттық жарыста оқушылар жүлделі орындарды иеленді. Футбол сайысынан І орын, шахматтан ІІ орын, ал баскетболдан ІІІ орын иегері атанды. 20 миллион теңге сертификатын алған шәкірттеріміз мектепке автобус сыйлады. Құрметті оқушылар, өздеріңіздей өрелі ұрпағы барда еліміздің мәртебесі биік, айбыны асқақ боларына күмән жоқ. Жаңа оқу жылы жетістіктерге толы жыл болсын. Ұстаздардың игі қызметтеріне табыс тілеймін, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.

         Ал Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияда болып, оқушыларды мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ мәслихат хатшысы салтанатты шарада 148 жылдық тарихы бар білім ордасының тарихына тоқталып, мектептің жаңа ғимаратының тұсаукесер рәсіміне қатысты. 1100 орындық мектеп ғимараты заманау үлгіге сәйкес салынған. Білім ұясы 2022-2023 оқу жылында  республикалық ең үздік олимпиадалық мектебі мәртебесіне ие болды. Гимназияның баскетбол құрамасы үш жыл қатарынан «Шымкент Жастар лигасының» жеңімпазы атанған.

         Жалпы қала көлемінде 2025 жылға дейін 54 мектеп салу жоспарда бар. Биылдың өзінде 18 500 орынға арналған 18 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде үш ауысымда оқитын 4 мектептің мәселесі толығымен шешіліп, 9 мекеменің ғимараты күрделі жөндеуден өтті.

         Сонымен қатар балалардың сапалы біліммен қамтылуы үшін жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарына 100% арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары орнатылып, Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Сондай-ақ І дәрежелі мамандандырылған күзетпен келісім-шарт жасалды.

Білім саласы үшін ІТ жүйенің маңызы жоғары

         Қаламыздағы жаңа мектептер мен жаңа оқу жылындағы жетістіктердің реті осындай. Енді Шымкенттегі білім орындарының қаншалықты қазіргі заман талабына сай жабдықталғаны жайлы айтып өтсек. Елдегі кез келген сала сияқты білім бағыты үшін де ІТ жүйесінің маңызы ерекше. Осы тұста Оқу-ағар­ту вице-ми­нистрі Айбат Ілия­сов қа­тыс­қан Тамыз кеңесіндегі арнайы көрменің ойға оралары сөзсіз. Онда цифрлық техноло­гия­­лар бойынша тәрбие­лену­шілер, яғни шығар­машылық үйірме қаты­сушыларының жұмыстары қойылып, қонақтарға таныстырылған еді. Сонымен қатар әртүрлі цифрлық білім беру платформалары келушілер назарына ұсынылды.

         Кеңесте білім беруді цифр­лан­дыру, ақпараттық-ком­му­­ника­тивтік технологиялар, электронды оқулықтар, көп­мәдениетті ортаны қалып­тастыру, дәстүрлер мен инновацияларды синтездеу жайында сөз қозғалды.

         – Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың­ сай­лауалды бағдар­лама­сын­да­ғы тапсырмасына орай, оқу құралда­рын цифрлық фор­матқа көшіріп, білім берудің инновациялық жолдарын қа­растыру міндеттелді. Бұл – өте маңызды қадам. Ол білім беру сапасын жақсартуға ба­ғыт­талған. Осы ретте қала мен ауылдағы орта бі­лім алшақ­тығын қысқарту мақ­саты тұр. Сонымен бірге педагогтер­дің цифрлық білімді оқу барысында қолдану үшін біліктілікте­рін арттыру көз­деліп отыр. Ол бірінші кезекте балалардың зейінін ашу, білімге деген құш­тарлығын ояту үшін қажет. Осы­лайша елімізде адам капиталы дами­ды. Сондай-ақ тапсырма бо­йынша балабақшалар­ға бір­ыңғай кезек платформа­сын енгізу жоспарда бар. Соның кө­мегімен ашықтық пайда бо­лып, жемқорлықтың жо­лы ке­­сіледі. Әрі ата-ана алдын­да төрт балабақшаны өз ың­ғайына қа­рай таңдауға мүм­кіндік туады. Кезек саны, жағдайы мен бос орны бар балабақшалардың ті­зі­мі жасақталады. Бұдан бөлек, оқу­шыларды оқу құралдары­на қол жеткізу, мектепке кіру және асханадан төлем жасау үшін бірыңғай картамен қам­тамасыз ету жұмыстары жал­ғасып жатыр. Мұны бар­лық мектепке енгізу қажет. Мұн­дай тәжірибе қазірдің өзінде Астанада бар. Шымкент ша­һарында да сәтті жүзеге асып келеді. Бұл өз кезегінде балалар тамағына бөлінетін бюд­жет қар­­­­жысын үнемдеуге, ата-ана­ларға ұл-қыздарының қай жер­де жүргенінен хабардар бо­­лып отыруға көмектеседі. Осы бас­тамалардың барлы­­ғы жергі­лікті ат­қарушы орган­дармен және платформа жасау­шы ком­паниялармен бірле­сіп іске асырылып жатыр, – деді Айбат Ілиясов.

         Оқу-ағар­ту вице-ми­нистрінің айтуынша, әрбір жергілікті ат­қа­­рушы билік конкурстық не­гізде цифр­лық платформа ұсы­нушы компа­ниялардың сер­вистік қызметін сатып ала­ды. Ал ел ішінде ІТ ком­па­ния­лар өте көп. Мұның өзі ІТ өнімдер нарығының рес­пуб­ликада жоғары қар­қын­мен дамып жатқанын көрсе­те­ді. Өз кезегінде бұл ортада бәсекелестік тудырып, мек­теп­тердің сапалы цифрлық платформаларды сатып алуға мүмкіндік береді.

         Сондай-ақ А.Ілиясов жергілікті әкім­дік­тер­мен бірлесіп, интернет мәсе­лесін де шешіп жатқанын мәлім­деді. Ел бойынша 7 600 мектеп сапалы интернетке қо­сылған. Шілде айында білім ошақтарындағы интернет жыл­дамдығы әлсіз болып, ол та­мызда өз шешімін тапқан болатын. 2024 жылы республикадағы білім ұяларында техникалық мүмкін­дік 80%-ға жақ­сарады. Ал қала мен ауыл­дардағы мектептердің айыр­машылығын азайту мақ­са­тында осы жылы Ақтөбе облысында қанатқақты жобаны бастау көзделіп отыр. Ол шағын жинақты мектептер­ді жаңғырту­ға бағытталған. Осыған байланысты 134 мек­теп таңдалған. Олардың бар­лығы компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі. Бүгінде педагогтер мен мектеп әкімшіліктері инновация­лық жолмен білім беру мен цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану бо­йынша арнайы курстан өт­кен. Сонымен бірге элек­тронды оқу­лықтарға тегін қолжетімді­лік болады. Бұл тәжірибе ке­йін рес­публика көлемінде бү­кіл мек­тепке таратылады. Яғни ком­­пьютермен жабдықталу, мұ­ға­лімдердің біліктілігін арт­тыру өңірлердегі білім ошақ­тарында кезең-кезеңмен жү­зеге асырылады. Айта ке­ту керек, Шымкент қаласы мек­тептерді цифрлан­дыру және мұғалімдердің цифр­лық әле­уетін арттыру үдерісі бо­йынша өңірлер арасында ү­здік үштікке енді.

         Қаламыздың білім саласындағы жаңалықтардың реті – осы. Заманауи үлгідегі жаңа мектептердің ашылуы оқушыларға қолайлы жағдай жасаса, техникалық жабдықтар мен жаңа инновациялық жобалардың көбеюі мұғалімдердің біліктілігі мен кәсібилігін арттыруға сеп болары анық.

 

Шымкент қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий