Білім алушының ғана емес, білім берушінің де тәрбиесімен айналысу керек…

Қым-қуыт тірлік, жетіспейтін уақыт адамдарды ақыл жолынан адастырып бара жатқандай. Ой-пікірде тұрақ жоқ… Ұстамдылық пен табандылық та адамдардан алыстап кетті.
“Мақтанға салынба,
Мансаптың тағы үшiн.
Нәпсiңе билетпе
Басыңның бағы үшiн.
Өмiрiңдi сарп қыл өлгенiңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшiн”, дей келетін ғұлама Шәкәрім сөзін де ұмыта бастадық па, білмеймін?

Қайтпек керек, осылай кері кетіп бара жатқан қоғамға шімірікпей қарап отыра береміз бе, әлде, ұлтқа ұстын болған қайраткерлердің күрескер қалпын тірілтіп, қал-қадірімізше қам-қарекет жасаймыз ба?.. Әрине, өзіміздің алдымыздағы аға толқын ұстаздардың аманат еткен жолын ұстанамыз. Халық баласының тәрбиесіне бар мүмкіндігіміз жеткенше қат уақыттан уақыт артылдырамыз. Себебі, әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби айтқандай, “тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы!”.

Мен ғасырлық ғұмырнамаға ие арнайы оқу орнында қызмет етемін. Әріптестерімізбен бірге біз жыл сайын жүздеген болашақ педагогты үлкен өмірге, ұлы жауапкершілік жолына аттандырамыз. Бұл біздің қалау емес, бұл – біздің міндет! Осындай жауапты жұмысқа өмірімізді арнағаннан кейін, оның мәселелерін де терең түсінеміз. Жүйрік жылдар педагогикаға қадам басқан уақытымды ширек ғасырға жуықтатты. Алғаш дәрісханаға оқытушы боп кіргенімде тұтас саланың алдында бала тәрбиесі дейтін өзекті мәселе тұратын. Қазір оның ауқымы мүлдем түсініксіз деңгейде кеңейіп, қиындаған.

Қазір білім алушының ғана емес, білім берушінің де тәрбиесімен айналысу керек секілді. Бұл – ащы да болса шындық. Мұның өзектілігін мәселені қоғамның өзі бірінші сатыға жайғастырғанынан ұғуға болады. Аңшының аңшыны сөзсіз ұғынатыны секілді, кейінгі буын мұғалімдердің қалыптасуына аға толқын әріптестерден артық үлес қосатын ықпалды жоқтың қасы. Сол аға буын ардагерлер бізге “қам-құзіреттерің қай жерге дейін жетсе, сол жерге дейін ұлттық тәрбиені үндеңдер, шынайы педагогтар шоғырын қалыптастырыңдар” деп тапсырма берген.

Сол жолда мен Facebook деген қоғамдық пікір қалыптасатын алаңның бір кірпіші боп қаланады деген ниетпен Абай мен Шәкәрімнің адамдық борыш, кісілік қалып туралы нұсқамаларынан, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық білім беру жүйесінің негізі деп ұсынған идеяларынан, ұлт қайраткері Мағжан Жұмабаевтың “Педагогика” атты еңбегінен, байтақ отанымызда алғашқы жоғары оқу орындары мен арнаулы кәсіби білім беру жүйелерін қалыптастыруға зор үлес қосқан Темірбек Жүргеновтің өмір жолынан, қаһарман Мәншүктің сөнбес рухты өмірбаянынан, Ақселеу Сейдімбек секілді рухани құндылықтарымыздың қорықшыларының зерттеулерінен, Шәмшә Көпбаева, Қанипа Бітібаева, Күләш Шәмшидинова, Аягүл Миразова сынды даңқты педагогтардың ұстанымдарынан тұрақты түрде жазбалар жариялай бастауды ұйғардым.

Замандастарым нағыз педагог пен педагогикаға шынайы жанашырлардың, ұлттық ұстанымдар мен ұғымдарға мойынұсынған адамдардың қандай болатынын, бала тәрбиесі туралы сөз қозғауға, ақ парақ секілді аппақ көңілдерге ұстаз болуға кімдердің моральдық құқығы барын сол ұлылардың ой-тұжырымдарынан ұқса деймін. Бұқаралық ақпарат құралдары саналатын газет-журналлдар мен әлеуметтік желідегі барша оқырман назарын көпірме көп сөзден маңызды мәселелерге аударатын уақыт келген секілді.

“Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім!” Бұл – алаштың ардақтысы, ағартушы ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тұжырымдамасы. Біз бұл дөп ойдың бірінші сөйлемін ғана жиірек пайдаланып, соған сүйеніп жүрміз. Рас, мұғалім – мектептің жаны.

Нақты қандай мұғалім мектептің жаны? Әрине, пайымнан ада, парасаттан алыс “педагогтар” емес, мұғалім деген мәртебелі атауға тағдырын байлаған жандар ғана мектептің бары, ары, жаны! Ұмытпайық, біз өмір сүріп жатқан тұрлауы жоқ тіршілікте адамдар тек жақсы мен жаманға ғана бөлінбейді. Ол қатарға Абай кескіндеген “бүтін адамды” қосуымыз керек, әсіресе, мұғалімдер, біздер! Болмасаң да, ұқсап бағуды айтқан да Абай.

Мектепке кірер алдында қарт әке мен әзиз шеше отырған қарашаңыраққа кірердей жан мен тәнді тазалап, оң қадам басуға, жұрт баласына тәрбие берерде ел алдында сөз бастағалы отырған данагөйдей қамдануға, әзір болуға немесе жалғыз баласына ақыл айтып отырған ана секілді адастырмас жол таңдауға және сөзіміз бен ісімізді кәміл, тең қылуға дағдылануымыз керек. Өмір сапарымызды да шалғай-шеттен туған жерге оралтатын сапардай көріп, сақтықпен сүру де абзал. Қорыта айтқанда, әрбір мұғалім сөз естімеуге, өз атына сөз келтірмеуге тырысу керек!

Жақсыгүл Қоханқызы ТОҒАНОВА,
Маншүк Мәметова атындағы Қызылорда
педагогикалық жоғары колледжінің директоры,
педагогика ғылымдарының магистрі,
«Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері (2017)

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий