Балалар қауіпсіздігі: Құқықтық негіздегі жаңа заң жобасы әзірленді

«Amanat» төрағасы Ерлан ҚОШАНОВтың қатысуымен Парламент Мәжілісінде өткен аптаның бейсенбі күні партия фракциясының жиналысы ұйымдастырылды. Отырыста еліміздегі отбасы, ана мен бала құқығын қорғаудың қазіргі жағдайы талқыланды. Сондай-ақ фракцияның жұртшылықпен бірлесе әзірлеген балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа заң жобасы таныстырылды.

Жиынды ашқан спикер жас ұрпақтың балалық шағының барынша қауіпсіз әрі бақытты болуына жағдай жасау – Мемлекет басшысы саясатының және «Amanat» партиясы белгілеген басым бағыттардың бірі екендігін айрықша атап айтты. Инклюзивті білім беру жолға қойылып келеді, «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Барлық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, балаларға арналған әлеуметтік төлемдер ұлғаюда. Келер жылдан бастап бұған дейін болмаған «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы іске қосылады.

– Балалардың толыққанды әрі бақытты балалық шағы үшін мемлекеттік деңгейде барлық жағдай жасалып жатыр. Дегенмен, әлі де шешімін күтіп отырған мәселелер бар. Солардың бірі – балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырғанын білесіздер. Біздің партия халықтың ұсынысы мен пікірінің негізінде мүдделі мемлекеттік құрылымдардың қолдауы бойынша құқықтық құжаттың мәтінін әзірлеген болатын, – деді партия төрағасы.

Ерлан Қошанов бұған дейін партия әлеуметтік желілерде балаларды қорлаумен күресуге мүмкіндік беретін кибербуллингке қарсы заң шығару бастамасын көтергенін еске салды. Сондай-ақ, балаларға психологиялық және өзге де көмек көрсету үшін партия жанынан «111» сенім телефоны ұйымдастырылды. Бүгінге дейін «Амаnат – 111 жедел қызметін» қырық жеті мыңнан астам адам пайдаланған. Бұл жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру үшін осы жобаны Үкіметке беру ұйғарылды. 

Жиын барысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл,  партия жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің жетекшісі Динара Зәкиева балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасын енгізу, балалар инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс үшін жазаны қатаңдату, озбырлық жасаған адамға психологиялық көмек көрсету курсын енгізу бойынша нормалар қарастырылғанына басымдық берді.

Ол сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қатыгездікке, физикалық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар үшін тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейтіндігін еске салды. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа заң жобасында ұсынылған өзгерістердің өзектілігі мен маңыздылығын тоқталса, «Балалар қорғауында» қорының директоры Жанар Ахметова мен Түркістан облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Гүлжан Вероцкая және «Қорғау-Астана» ҚБ басшысы Анна Рыль жиынға қатысқан басқа да тұлғалар заң жобасындағы қағидаттарды қолдап, пайымды пікірлерін білдірді.

Партия хатшысы Шолпан Каринова балаларға қауіпсіз орта құру ұстанымын оң бағалап, девиантты мінез-құлықты, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетіп, мұндай балақайлардың спортпен, шығармашылықпен және қосымша біліммен қамтылуына жағдай жасау қажеттілігін айрықша атап айтты. – Осындай қызмет түрлерін ұсынатын ұйымдарға балаларды проактивті түрде тіркей алу үшін мектептерге заңды құзырет беру керек. Бұл – аса маңызды мәселе. Себебі, көп жағдайда ата-аналар балаларын дамыту орталықтарына, үйірмелер мен секцияларға өздері жаздырып, күнделікті қадағалайды. Ал әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары, қиын жағдайға тап болған, девиантты мінез құлқы бар балалар мұндай қамқорлықтан тыс қалып қойып жатады. Бұл өзгерістер балалардың пайдалы іспен айналысып, өзін-өзі дамытуына жол ашады, – деді Шолпан Таңатқызы.

– Қосымша білім беретін мекемелерді ашуға рұқсаттама тәртібін енгізіп, мемлекет тарапынан қадағалау керек. Барлық баламан жұмысты ұйымдастыратын мекемелер бала үшін қауіпсіз болуы керек. Сонымен қатар, қолданыстағы нормативтерде психологтардың штаттық бірліктер сынып-жинақтарына қарай бөлінеді: алтыншы сыныпқа дейін – 0,5 бірлік, отыздан жоғары – 2 бірлік көзделген. Ал енді елімізде қырықтан астам сынып-жинақтары бар 1200 астам мектеп қызмет етуде. Осындай ірі мектептерге тиісті норма енгізу қажет.

Мәжіліс депутаты, фракция мүшесі Еділ Жаңбыршин үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру, шалғай елді-мекендерде тұрып жатқан балаларға арнап спорттық нысандар салу қажеттілігіне екпін беріп, балалар спортын дамытуға атсалысып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың басын қосу керектігін ұсынды.

– Еліміздің бірқатар өңірінде мүмкіндігі шектеулі балаларға, аз қамтылған отбасыларға және егде жастағы қарияларға арнап жеке қаражатына спорт нысандарын тұрғызып жүрген бір ұйым бар. Аталған ұйым нысандардың күтіміне жұмсалатын шығынды да өз мойнына алып келеді. Елімізде осындай ұйымдар аз емес деп ойлаймын. Алдағы уақытта «Amanat» партиясы олардың басын қосып, Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және жауапты ведомстволармен бірге шалғай ауылдарда, қылмыс көп жасалатын моноқалаларда спорт нысандарын салу жұмысын қолға алуды ұсынамын, – деді Еділ Терекбайұлы.

– Балалар спортын дамыту – аса маңызды мәселе. Мемлекет мұны әрдайым назарда ұстап, өскелең ұрпақтың дене тәрбиесіне баса мән беруі қажет. Ұйымдар ұсынған жобалардың арасынан ұтымдысын іріктеп алып, реестр жасайық. Сондай-ақ, олардың тәжірибесін әр облыста және үш мегаполисте жоспарлы түрде бөлісуіміз керек. Ауылдық жерде тұрып жатқан балаларға арнап тегін үйірмелер ашу үшін нысандар тұрғызу керек. Бұл қадам жас буынды жат әдеттен аулақ болуға және өмірде өз жолын табуға ынталандырады.

Фракция отырысын қорытындылай келе партия төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов заң жобасын жұртшылықпен және құзырлы орындардың қатысуында жан-жақты талқылаған соң өзгерістер мен толықтырулар мақұлданған соңғы нұсқасын жедел қабылдаудың аса маңызды қадам боларын жиналғандардың қаперіне тағы бір мәрте салды. Халық қалаулылары мен жоғары атқарушы билік өкілдері және қоғамдық ұйым мүшелерінің басты тоқтамына сүйенсек бұл құқықтық құжат елімізде балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылықпен күресудің мемлекет үшін жаңа тиімді құралы болуы керек.

Арнайы бетті ресми ақпараттардың
негізінде әзірлеген Нұрлан МЕРАЛЫ

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий